Рамазан айының халық арасында «Құран айы» деген кеңінен танымал екінші аты бар. Яғни, бұл айдың қасиетті кітабымыз Құран Кәріммен байланысы ерекше.
Алла Тағала «Бақара» сүресiнiң 185-аятында:
"شَهْرُ رَمَضَانَ الَّذِي أُنْزِلَ فِيهِ الْقُرْآنُ هُدًى لِلنَّاسِ وَبَيِّنَاتٍ مِنَ الْهُدَى وَالْفُرْقَانِ فَمَن شَهِدَ مِنْكُمُ الشَّهْرَ فَلْيَصُمْهُ"
«Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, бекем тұтынатын жолбасшы, ақ пен қараны айырушы ретiнде Құран түсiрiлген ай»,-деген.
Ал, «Қадір» сүресінің 1-аятында:
إِنَّا أَنزَلْنَاهُ فِي لَيْلَةِ الْقَدْرِ
«Ақиқатында Біз оны Қадір түнінде түсірдік»,-дейді. Яғни, Құран Кәрім осы айдың ең қасиетті түнінде уахи болып, түсе бастаған. Осылайша, Алла Тағаның дінінің негізі болған асыл құндылық, адамзаттың шамшырағы, тура жол бастаушысы, насихат пен шипа болған Құран Кәрім осы айда түсе бастаған және көп аяттар уахи болған.
Айлардың сұлтанының «Құран айы» деп аталуы да, ең әуелі, адамзат тарихындағы осы бір елеулі уақиға байланысты. Әр жылдың Рамазан айында Жәбірайыл (ғ.с.) Пайғамбарымыз Мухаммадтың (с.ғ.с.) қасиеттi Құранды дұрыс, рет-ретiмен жаттауын тексеретiн болған. Яғни, Алла Елшісі (с.ғ.с.) уахиді жеткізуші, ұлық періштенің бірі Жәбірайылге (ғ.с.) Құранды Хатым етіп тапсыратын болған.
Бұл да азамзат тарихында алтын әріптермен жазылуға тиісті өнеге, ғибраты мол айырықша уақиға. Рамазан айы осымен де ерекше. Сондықтан та, Құранды бетінен оқи алатын сауатты кез-келген мұсылман Рамазан айында Құранды толық хатым жасауға құлшынады.
Көп жағдайларда, Құран отыз парадан тұратындықтан күніге бір пара (немесе одан сәл көбірек) оқу арқылы қасиетті айда Құранды толықтай хатым жасау үрдісі қалыптасқан.
Имам Ахмад риуаят еткен хадисте Алланың ақырғы Елшісі (с.ғ.с) былай дейді:
الصِّيَامُ وَالْقُرْآنُ يَشْفَعَانِ لِلْعَبْدِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ يَقُولُ الصِّيَامُ أَيْ رَبِّ مَنَعْتُهُ الطَّعَامَ وَالشَّهَوَاتِ بِالنَّهَارِ فَشَفِّعْنِي فِيهِ وَيَقُولُ الْقُرْآنُ مَنَعْتُهُ النَّوْمَ بِاللَّيْلِ فَشَفِّعْنِي فِيهِ قَالَ فَيُشَفَّعَانِ
«Қияметтің күні Раббының алдында ораза мен Құран пендеге арашашы болады. Ораза: «Раббым! Мен оны күндіз ішіп-жемнен тыйған едім. Енді мен оған арашашы болайын», – дейді. Құран болса:
«Мен оны түнде ұйқысынан айырып едім сол үшін оған арашашы болайын», – дейді. Сөйтіп, екеуінің де шапағаты қабыл етіледі».
Ислам тарихындағы ғұламалар, ізгі пенделер рамазан айында Құран Кәрімге ерекше ден қойып, түгел оқып, зерделейтін болған. Тарихи деректерге сүйенсек, мазһабымыздың көшбасшысы, ұлық имам Әбу Ханифа рамазан айында Құранды бірнеше мәрте хатым еткені айтылады.
Рамазан айында тарауық намаздарының жиырма ракағат болып жамағатпен оқылуының мәнісіне зер салатын болсақ, бұл айда мұсылмандардың намазда Құранды көбірек оқылатындығын көреміз. Намазда оқылған Құранның сауабы айырықша. Сондықтан әлемде болсын, еліміз мешіттерінде болсын, Рамазан айында тарауық намазында Құранды Хатым жасау үрдісі қалыптасқан. Бұның өзі – мұсылмандардың бойында ынтымақ сезiмiн тәрбиелеу, бір-біріне деген бауырмашылдықты сезіну, қоғам мүшелері арасында береке-бірілік орнатып, адамдарды жарасымды қоғам құруға талпындыру, ортақ ниетте, талаптарын бiрiктiру, мансап және ұлтқа бөлiнбес-тен бiр уақытта бiр құлшылықты орындау. Осылайша, қоғамда қалыптасқан алтыбақан алауыздықтар мен келеңсіздіктерге Құранның «шипасын» алу болып табылады.
Сонымен қатар, ұлық айдың «Сабыр айы», «Құлшылық айы», «Жеңіс айы», т.б сипаттары бар. Дегенмен, бұл сипаттардың барлығы да Құранның мұраты мен рухы болғандықтан бұл ай – шын мәнісінде, Құран айы.
Сондықтан, да Құранды көптеп оқып, мүмкіндігінше хатым жасап, сауабымызды еселеуге тырысқанымыз абзал.
Жасұлан ӘБӘТӘЛІП
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің найб имамы
Пікірлер (0)