ОЙТОҒЫС
***
Менің кейде өзімнің өмір сүріп жүргеніме, тіпті, өмірге келгеніме - Алланың жолымен жүрмейтін, оны сезініп - білмейтін адамның Мешітке дәрет алмай кіргеніндей көңіл-күймен қарайтыным бар. Ішім сезеді, бұл - қауіпті синдром.
***
Жақында біреу Абайға ескерткіш қойдық деп мақтанды. Қызық. Абайға ескерткішті Абай үшін қоймау керек, Абайға қарап өзімізді түзеп, түзелу үшін қою керек. Әйтпесе, Абайға ескерткіш керек емес, ол оны өзіне, өзінің өлең-сөзімен, данышпандығы және поступкасымен қойып қойған. Біз соны орындаушы ғанамыз. Ендеше,ескерткіш қойдым деп орынсыз да, жон-жосықсыз мақтануға бола ма?!..
***
Поэзияның көзі - өмірдің (тыныс-тіршіліктің) ырғағын (Ритм) сезіну, сезу. Ал, оларды қорытып, қорытынды шығару ақылдың (сананың) шаруасы.
***
Ақындық - көбелек қанатының дірілін және оның қанатының жұқалығын жүрекпен (көзбен көру бөлек әңгіме) сезініп, сезу құбылысы, ол - әлемге түскен жағымсыз жарықшақты сезініп, сезумен үндескенде ірі шығармашылық тұлға қалыптасады.
***
Поэзия - ақын ойлаған жерден емес, тіпті, басқа, ол ойламаған жерден туса ғана поэзия. Оның құбылыс болатынының сыры сонда.
***
Шабытсыз жазылған өлең - ШЕБЕРЛІК, ойланып-толғанбаған жерден туған өлең - ШАБЫТ.
Аманхан Әлімұлының фейзбук парақшасынан
Пікірлер (0)