



Қос мұнарасы аспанмен бой таластырған, сәулетті де сәнді, 750 орындық, зәулім ғибадатхана облыс орталығы Петропавл қаласында. Іргетасы 2001 жылы қаланған бұл мешіт құрылысы қаржы тапшылығынан біраз уақыт тұрып қалды. Кезінде қызылжарлық ұлтжанды, ақ ниетті адамдардың бастамасымен арнайы «Шапағат» қоғамдық қоры құрылып, 23 миллион теңге жинаған-ды. Кейін, 2004 жылдың наурызында Елбасы Н.Ә.Назарбаев Сауд Арабиясына барған сапарында Корольдіктің тақ мұрагері ханзада Сұлтан Бек Абдел Азиз екі миллион АҚШ долларын осы мешіт құрылысына сыйға тартты. Мұның сыртында жүрегі имандылыққа толы демеушілер 70 миллион теңге қаржы берді. Мешіттің құрылысына облыс әкімі Т.А.Мансұров қаржы көздерін тауып үлкен көмек жасады. Сөйтіп, 2005 жылдың қараша айында «Қызылжар Орталық мешіті» салтанатты жағдайда ашылып, оның қуанышты рәсіміне Қазақстан Дінбасы Әбсаттар қажы Дербісәлі, Шымкент және Ақмола шіркеуінің архиепископы Элеферий, облыс әкімі Тайыр Мансуров, Ресейдің Азиялық бөлігі мұсылмандары атынан омбылық Әнуарбек қажы Жүнісов қатысты.
Мешіт үш қабаттан тұрады. 1-қабатта қызмет бөлмелері (бас имам, наиб имам кабинеттері, есепші бөлмесі), асхана, дәрет алатын бөлмелер, әжетхана, неке залы, киім шешетін бөлмелер мен автогараж орналасқан. 2-қабатта ерлердің намаз оқитын залы. 3-қабатта әйелдердің намаз оқитын залы, оқу бөлмелері (екеу) және кітапхана орналасқан.
Жоба бойынша мешіт 750 адамға бір мезгілде намаз оқуға арналған, ал қажеттілік туындағанда 1000 адам намаз оқи алады.
Мешіт соңғы сәулет және архитектура талаптары негізінде салынған және безендірілген. Мешітте қос мұнара бар, әрқайсының биіктігі 44 м. Мешіт айналасы жарықтандырылған және гүлзарлар орналастырылған. Орталық жылы жүйесіне қосылған.