

Орал облыстық орталық мешіті облыс орталығында Еуразия даңғылы мен Әйтиев көшесі қиылысында орналасқан. Мешіт ораза айттың бірінші күні, яғни 3 қараша 2005 жылы ресми түрде ашылды.
Мешіттің жобасын «ПСК Оралтехнопроект ЖШС» фирмасы жасап, құрылысын «Адал-Арна ЖШС» фирмасы бір жыл көлемінде жүргізіп, мұсылмандар игілігіне берді.
Алла үйі 3 қабаттан тұрады. Жалпы көлемі 1170 шаршы метр, 1800 орындық, ғимараттың көлемі 11960 шаршы метр. Мешіттің бас есігі Еуразия даңғылына қараған, оның биіктігі 2,90, ені 2,88 метр. Кіргенде оң жақта әйелдер, сол жақта ер кісілерге арналған сырт киім ілетін орын бар. Екі жақта биіктігі 6,5 метрлік үлкен терезе. Үлкен залға негізгі есіктен кейін 3 есік арқылы өтеді.
Мешіт ғимаратының негізін үлкен зал құрайды. Үлкен залдың биіктігі 11 метр, күмбезі 8 қырлы Германияда жасалынған шыныдан тұрады, михраб, 6 терезе (биіктігі 6,5 м) және өрт кезінде шығатын есік бар. Ұзындығы 22,65 метр, ені 20 метр. Әйелдердің ғибадат ете білулері үшін үшінші қабатта орын қарастырылған. Бұл залдың ұзындығы 20, ені 5,50 метр.
Бірінші қабаттағы кіші залдың биіктігі 3,45, ұзындығы 24, ені 24 метр, 3 терезесі, сыртқа шығатын 2 есік және имамның қабылдау бөлмесі мен есепші бөлмесі орын алған.
Бірінші қабатта кіші залға өтетін жерде ұзындығы 14,48, ені 5,30 метр, бір терезесі болған Құран оқу бөлмесі бар. Кіші зал мен Құран оқу залына үлкен залдан баспалдақпен түседі.
Мешіт жеке жылу орталығы арқылы табиғи газбен еден астынан және батареялармен жылытылады.
Ғимараттың сырты ақ түсті сырмен боялған. 41 метрлік екі мұнара, 20 мәрмәр бағана және негізгі есік пен кіші залға кіретін екі есік бар. Мешіттің сыртқы қабырғалары қызыл кірпіштен өрілген, ішкі қабырғалары темір қаңқадан құрылып, гипсакартонмен қапталынды да түс қағаз жапсырылынған. Терезелері ағаштан, шынылары түсті италян витражымен әшекейленсе, есіктері сапалы ағаштан жасалынған. Ал бағаналары темірден құралынып, сырты мәрмәрмен қапталған. Арқалалық мәткелері де (балка) темірден қойылған.
Жалпы мешітке бөлінген жер көлемі 0,5989 га. Соның ішінде құрылыс алаңы – 1067 шаршы метр, үсті төмелген қатты алаң көлемі 2775, жө\ол төсеніш – 855, тротуар төсеніш 2041, көгалдандырылған жер көлемі – 2147 шаршы метр.
2003 жылы осы мешітті салу жоспарланып, жоба жасалынған-ды. Кейіннен облысқа әкім болып тағайындалған Нұрғали Садуақасұлы Әшімов осы мәселені қайта көтеріп, жаңа жоба жасатып, нәтижесінде облыс мұсылмандары жаңа мешітке ие болды.