





Астана қаласы Қабанбай батыр даңғылында (№36) орналасқан. Құрылысы 2002 жылы басталып, 2005 жылы пайдалануға берілді. Бұл мешіт Қатар мемлекетінің Әмірі шейх Хамад бин Халифа әл-Санидың қайтарымсыз сый ретінде бөлген қаржысына тұрғызылды. Мешіттің жобасын ливандық сәулетші Чарльз Хафиза жасаса, құрылысының бас мердігері – Түркияның «Пасинер» компаниясы. Ішкі әрлендіру жұмыстарына отандық сәулетшілер мен дизайнерлер атсалысып, жазулар ислам каллиграфиясы мен араб графикасына сәйкес өрнектелген. Әрлендіріп, безендіру кезінде ұлттық нақыштармен астастырылып, оған ашық жасыл түсті бояулар пайдаланылған. Безендіру және көркемдеу жұмыстарының авторы Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Ғазиз Ешкенов. Қажетті материалдар мен бояулар Санкт-Петербург, Испания және еліміздің өз кәсіпорындарынан алынды. Ою-өрнектеріне үлгі етіп өсімдік және ғарыштық стиль алынған. Бұл ою-өрнектер ұлттық нақыштармен астастырылған.
Михраб жақтауларына «Бақара» сүресінің 255 аяты, яғни «аятул курси» жазылса, ал маңдайшасына «Бақара» сүресінің 144 аяты нақышталған. Бұл мешіттің тағы бір ерекшелігі – михрабы. Мешіт михрабы балкон тәрізді жасалған. Мешіттің ішінде көздің жауын алып адамзат баласының жан дүниесіне шапағат шуағын шашып тұратын басқа да қасиетті жазбалар бар. Михрабтың ең үстіндегі шаңырақ төбеде: оң жақтағы үлкен шеңберде «Аллаһ. Алла ұлық», сол жақтағы үлкен шеңберде «Мұхаммед. Алланың оған сәлемі мен салауаты болсын», одан төмендегі төрт шеңберде Ислам халифалары Әбубәкір, Омар, Осман, Әли есімдері жазылған. Михраб маңдайшасының екі жағындағы алты шеңберде (оңнан солға қарай) төмендегі сөздер нақышталған. Бірінші шеңберде: «Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!». Екінші шеңберде «Тақуалық пен игі істерде бірігіңдер». Үшінші шеңберде «Алладан басқа тәңір жоқ!». Төртінші шеңберде «Мұхаммед (с.а.с.) Алланың елшісі». Бесінші шеңберде «Кеңшілік деген тақуалыққа тән нәрсе. Демек, өзара кешірімділікті де ұмытпаңдар. Алла сендердің істеріңді көріп тұрады». Алтыншы шеңберде «Барлық мақтау әлемдердің раббысы Аллаға тән». Михрабтың оң жақтауынан солға қарай «Алладан басқа еш тәңір жоқ. Ол тірі, толық меңгеріп тұрушы, Ол қалғымайды да, ұйықтамайды. Көктегі және жердегі нәрселер Оған тән. Оның құзырында Өзінің рұқсатынсыз кім шапағат етеді? Олардың алдындағысын (дүниедегі) да, кейінгісін (қияметте) де біледі. Оның қалауынан басқа еш нәрсе білмейді. Оның күрсісі (білімі) көк пен жерді сыйдырады. Оған ол екеуін қорғау ауыр келмейді. Және Ол өте биік, аса зор», - делінген Аятул күрси жазылған. Тіреу діңгектерді бір-бірімен байланыстырып тұрған арқалықтың Қыбла жақ бетінде «Әл-Имран» сүресінің 133-135 аяттары жазылған. Есіктен кіргенде оң жақ бетте «Тәубә» сүресінің 18-аяты жазылса, сол жақ бетте «Әл-Имран» сүресінің 189-192-аяттары өрнектелген.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы мешіттің ашылу салтанатында барша мұсылман халқын елордадағы үлкен имандылық үйінің ашылуымен құттықтап, 1994 жылы Сауд Арабияға барған сапарында Король Фаһд бин Әбдел Азиздің сыйға тартқан қасиетті Қағбаның жабуы қисуаның бір бөлігін және қасиетті құран кәрімді мешітке сыйға тарту етті. Ол қисуа бүгінде мешітіміздің төрінде дәлірек айтсақ, михрабта ілулі тұр. Қисуада «Хаж» сүресінің 27 аяты жазылған. Аятта «Адамдарды қажылық етуге шақыр. Олар жаяу және көлік үстінде әрбір алыс жолдардан саған келеді» - деп жазылған.
Есілдің сол жағалауындағы «Нұр Астана» мешітінің алтынмен апталған бас күмбезінің биіктігі 43 метр болса, одан өзге 25 кіші күмбездері де бар. Қабырғалары табиғи мәрмәрмен көмкерілген бұл мешіттің биіктігі 63 метрлік төрт мұнарасы бар. Оның күмбездерін тіреп тұрған 8 тіреу-діңгектер бекітілген. Мұнда бір мезгілде 7000 адам намаз оқи алады. Жоғарғы қабатта әйел кісілерге арналған 2000 орынды балкон орнатылған. Мешіттің негізгі есігінен бөлек қосалқы қоңыр түсті 4 есігі бар. Бірінші қабатта Бас имам және наиб имамдардың қызметтік бөлмелері орналасқан.Төменгі қабатта ерлер мен әйел кісілерге арналған дәретханалары бар. Мешіт орналасқан жердің көлемі 6,7 гектар. Төрт жолдың торабында орын тепкен ғибадатхананың жалпы алаңы 3930 шаршы метр. Мешіттің сыртқы алаңы көгалдандырылып, әр түрлі ағаштар отырғызылған. Адамдардың демалуы үшін мешіт маңында арнайы отыратын орындар жасалған. Қарсы алдында үлкен айналмалы тасы бар субұрқағы орналасқан. 2005 жылы Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының шешімі бойынша Астана қаласынан бой көтерген бұл мешіт «Нұр Астана» орталық мешіті деп аталды. Сондай-ақ, мешіт жанында оқу базасымен толықтай жабдықталған 100 шәкіртке арналған «Астана» медресесі бар. Елордамыздан тұңғыш ашылған бұл діни оқу орны бүгінде ресми тіркеліп, өз жұмысын атқаруда.