Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • Таң 03:10
  • Күн 04:57
  • Бесін 13:23
  • Екінті 18:59
  • Шам 21:38
  • Құптан 23:25
  • 30
  • маусым

    бейсенбі

  • 30
  • Зуль-ка’да

    1443

БАЛАНЫҢ ПСИХОДЕЛИКАЛЫҚ КҮЙГЕ ТҮСКЕНІН ҚАЛАЙ БІЛЕМІЗ?

  • 560
  • 0
  • 02.03.17

Осыдан бір жыл бұрын Ресейді дүрліктірген ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі суицидке үндейтін топтардың әкімшісі Филип Лис деген бүркеншік атты қолданатын азамат жақында ғана тұтқындалды. Кезінде журналистерге берген сұхбатында ол әлеуметтік желідегі парақшасы мен жалпы топтарында «психоделикалық контентті» қолданатынын жеткізген еді. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда Қазақстанның БАҚ-тары мен мессенджерлері, әлеуметтік желі қолданушылары ресейлік әріптестерінің қателігін қайталап, «Вертер синдромының», яғни, жағдайдың ушығуына әкелетін дүрлікпе ақпараттың кеңінен тарауына себепші болып отыр. Ең өкініштісі, бұрын-соңды «өлім топтары» туралы естімеген жас жеткіншектердің қызығушылығын оятып, тіпті ғаламтордан бұл топтарды өз беттерінше іздеуіне жол ашуда.

* * *

Әлеуметтік желі қолданушылары «Синий кит», «Тихий дом» сияқты ойындардың жасөспірімдерге әсері зор дегенді бірауыздан қолдап отыр. Тіпті кейбір ата-аналар «Масқара болғанда, баламыз бұл ойынның бірінші, екінші сатысынан өтіпті, ал соңғы сатысының талабы – өз-өзіне қол жұмсау екен. Біз мұны байқамай қалыппыз» деп шырылдаса, енді бірі – тәрбие тыйым салудан емес, баланың өн бойына ненің жаман, ненің жақсы екенін үйретуден тұратынын жеткізуде. Ал сарапшылар бұл ойындардағы «психоделикалық контентке» мән беру керектігін, баланың көңіл күйін, бойындағы өзгерістерін дер кезінде байқау қажеттігін баса айтады. Адамды мұндай күйге психоделикалық музыка (поп, рок, транс, фолк) немесе дәрігердің нұсқауынсыз берілетін дәрілер, тыйым салынған есірткі түрлері арқылы да жеткізуге болады екен. Сондықтан психологтардың өтпелі кезеңдегі баланың қандай музыка тыңдаудан бастап, не қабылдап жүргеніне дейін ата-ананың біліп отыруын міндет деп санайды. Жалпы, мұндай топтарға көбіне-көп өмірден түңілген, басынан қиын жағдайды өткізген адамдар көбірек қосылатынын алға тартады. Бұл орайда мамандардың ақыл-кеңестері төмендегідей:

Біріншіден, БАҚ-тар байыбына бармай жатып, дүрлікпе ақпаратты таратудан бас тартуы керек. Ақпарат тексерілген, шынайы, дәйекті, сенімді болуы керек. Мәселен, Ресейде таратылған «Синий кит» ойынынан кейін 130 бала өз-өзіне қол жұмсады» деген ақпарат бос даурықпа боп шықты. Бірақ дәстүрлі БАҚ-тарда таралған соң, елді үрей мен қорқыныш жайлады.

Екіншіден, мамандардың ойынша, қазір ата-аналар бала тәрбиесін мектепке, телевизияға, әлеуметтік желілерге, ғаламторға беріп қойғаны жасырын емес. Көптеген ата-аналар баласының әлеуметтік желіде кіммен дос боп жүргенін, қандай мессенджерлерде қандай ақпаратпен алмасып отырғанын да білмейді. Нағыз қауіпті жағдай осы жерде. Ата-ана баласымен ашық сөйлесіп, ең жақын досы, сырласы екенін аңғартуы керек.
Үшіншіден, құзырлы билік органдары да ақпараттық қауіпсіздікке мән беруі керек. Ресейлік контент – тек қана басқа елдің идеологиясы ғана емес, бұл сондай-ақ сол елдің мәдениеті мен саясаты. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін Қазақстан шетелдік әлеуметтік желілер мен пошталық тораптарды да қолдануға мәжбүр. Осы күнге дейін дербес контент құру бастамалары кең қолданысқа ие болмады.

Байқасаңыз, америкалық Фейсбукті көбіне-көп 25-30-дан асқан азаматтар, яғни, мамандығы бар, әрқилы саяси, қоғамдық көзқарастарын білдіре алатын тұлғалар қолданса, жастардың дені ресейлік ВКонтакте, Одноклассники, т.б. желілерде отыратынын өткен жылы өткізілген әлеуметтанулық зерттеу көрсеткен еді. Ал ол жерде қаншама деструктивті секталар мен радикалды топ өкілдері отыр? Бұл да ойланарлық жайт. Ең бастысы, ақпараттық қауіпсіздік – уақыт күттірмей шешілуі тиіс күрделі мәселе боп тұр.


Оңғар ӨМІРБЕК, «Иман» журналының Бас редакторы:

– Өкінішке қарай, соңғы кезде елімізде өз-өзіне қол салу оқиғалары көбейді. Ең сұмдығы – бұған жасөспірімдердің баруы. Осы жағдайды ескеріп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өз-өзіне қол салуға қатысты пәтуә шығарған еді. Өзін-өзі өлтіру немесе суицид – саналы түрде өзін-өзі өлтіру. Бұл адам мінез-құлқының, яғни, ақыл-естің ауытқуының ең асқынған түрі. Мұның өзегі адамның мұндай қадамға саналы түрде баруы. Бұлайша өзін-өзі өлтіруге бүкіл тіршілік иесіндегі саналы адамға ғана тән сипаттығы кім-кімді де шошытады әрі үлкен ойға жетелейді.

Адамзат тарихында суицидті ешқашан ақтамаған, керісінше, оны барынша айыптаған. Ислам да суицидті харам санайды. Өзіне қол салған адам, оны қалай жасағанына қарамастан, Жаратушының қалауына қарсы шығып, Алла Тағала қасиетті еткен өмірге зұлымдық жасаған болады. Себебі, адам өз-өзін тіпті өзінің бір мүшесін де жаратпады, жарата да алмайды. Сондықтан адам баласына берілген өмір – Алла Тағаланың оған берген аманаты. Ешбір пенде бойындағы жанның иесі емес. Сондықтан да олар оның тіршілігін үзу былай тұрсын, тіпті оған зақым келтіруіне де болмайды. Алла Тағала «Ниса» сүресінің 29-аятында: «Уа, мүміндер! Бір-біріңді өлтірмеңдер, расында Алла сендерге ерекше мейірімді», – деген.

Асыл дініміз мұсылмандарды өмір қиыншылықтарына сабырлы болуды үгіттейді. Мұсылманның түрлі қиыншылықтан қамығып, түңіліп, тағдырда белгіленген нәрседен қашуы – жараспайтын қылық. Қандай сынақ болса да төтеп беруі тиіс. Өзін-өзі өлтірген адам екі бірдей күнә істеген болады. Ол – өлтіру және үмітсіздік. Сондықтан өзін-өзі өлтіру аса ауыр күнәға жатады. Оған қоса, өзіне қол салған адам өлгеннен соң тәубесіне келіп, аталған екі күнәдан тазара алмайды. Ислам суицидке түбегейлі қарсы. Ислам адам өмірін өте құнды деп санайды.

Ал енді әлеуметтік желі арқылы «Синий кит» деген атпен танымал өлім ойынын насихаттайтын қауіпті психикалық ойынның бізге де жетуі аса өкінішті. Мұны ойлап тапқан адамдардың ақыл-есінің бүтіндігіне күмәніміз бар. Ойынның 50-ге жуық шартын орындау әлі ақыл-есі толыспаған, өмірлік ұстаным мен көзқарастары қалыптаспаған жасөспірімдерді еліктіріп, қызықтыруына ата-анасы, туған-туысқандары, мектеп ұстаздары мүмкіндігінше жол бермеуі тиіс. Мұндай шайтани ойындардан жасөспірімдердің бойын аулақ салуына бұқаралық ақпарат құралдары, оның ішінде салауатты, ұлтына жанашыр желілер атсалысса құба-құп. Мүмкіндігі болса, жасөспірімдерге ғана емес, жалпы адам баласына зиянды желілердің қай-қайсысын болса да тиісті орындар бұғаттауы қажет деп білеміз.

«Айқын» газеті. №23, 15 ақпан

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.