Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • Таң 03:10
  • Күн 04:57
  • Бесін 13:23
  • Екінті 18:59
  • Шам 21:38
  • Құптан 23:25
  • 30
  • маусым

    бейсенбі

  • 30
  • Зуль-ка’да

    1443

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ: ИМАНДЫЛЫҚ – БӘРІНЕН ЖОҒАРЫ ТҰРАТЫН ҚҰНДЫЛЫҚ

  • 589
  • 0
  • 24.02.17

 Біздің қоғамға озық ойлы иманды жастар қажет

  Қадірменді, Ержан қажы Малғажыұлы, Аллаға шүкір дейміз, еліміз тәуелсіздік алғалы асыл дініміз Исламға кең жол ашылды. Ешкім үгіттемей-ақ халық имандылыққа өзі бұрылды. Әсіресе, жастардың имандылыққа деген айрықша құлшынысы жақсылықтың нышаны емес пе, қалай ойлайсыз?

– Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Әрине, жастардың имандылыққа бет бұруы – үлкен жақсылықтың нышаны. Жастайынан ізгілік пен ізеттілікке тәрбиеленген адам өскенде мейірімді, қайырымды, иманды жанға айналады. Иманды адам өзінің өскен ортасы мен отбасына, жалпы қоғамға көбірек пайдасын, шарапатын тигізеді.

Бірде пайғамбарымыз Мұхаммедтен () бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі, ең жақсы адам кім?» – деп сұрайды. Сонда ол: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде», – деп жауап берген. Демек, қазір біздің қоғамға өз ісінің майталман маманы бола білген иманды, жанашыр, дәстүрлі құндылықтарды құрметтейтін парасатты жастар қажет. Білім мен көркем мінезді, ар мен ұятты өз бойына ұялатқан адам еліміздің өркендеуіне үлкен үлес қоспақ. Біз жастарымызды осыған тәрбиелеуіміз керек.

Мектеп мұғалімі балаға сабақ берумен қатар оны ізгілікке баулыса, ата-ана ұлы мен қызының тәрбиесін жіті қадағаласа, дін қызметкерлері көркем уағыздарымен имандылыққа ұйытса, қарияларымыз бен зиялы ағаларымыз тәлімін айтса – бала көргені мен естігеніне амал ете бастайды. Сондықтан, ізгі ғұламалар «баланы тәрбиелегің келсе – әуелі өзіңді тәрбиеле» деген.

 Демек, жастар тәрбиесіне барлық саладағы қызметкерлер жауапты дейсіз ғой.

– Иә, дұрыс айтасыз. Бала болашағына баршамыз жауапты екенімізді сәт сайын сезінуіміз тиіс. Бүгінгі аға буын, орта буын өкілдерінің негізгі миссиясы – жастардың көкірек көзін ашып қана қоймай, олардың рухани дүниетанымын байытып, мемлекетшіл, толерантты, ұлтжанды ұрпақ сабақтастығын қалыптастыру. Өресі биік, пайымы кең, салмақты, байыпты, иманды ұрпақ ұлттың ұлы мақсаты мен мұратын орындауға үлкен үлес қоспақ. Қазақ – ұлын ұлағатты, қызын ибалы етіп өсіруге ерекше көңіл бөлген халық.  

 Құрметті мүфти-хазрет, сіздің сөзіңізден кейін бүгінгі жастардың отбасы мен Отан алдындағы жауапкершілігі қандай деңгейде деген сауал туындайды?

– Әр дәуірдің әр буынына артылар жүк пен өзіне тән жауапкершілігі болады. Өткен тарихты еске алсақ, кешегі ХХ ғасырдың басында өмір сүрген жастарды «оқыған азамат», «хат танитын бала» деп жоғары бағалайтын. Расында, хат тану – сол дәуірдің жас буыны үшін үлкен мәртебе, айрықша атақ еді.

Ал қазіргі ХХІ ғасырдың жас толқыны кешегі «оқу», «хат тану» сынды жауапкершіліктен жоғары тұр. Қазір біздің елімізге оқитын, оны көңіліне тоқитын, жаңа технологияны игеру ғана емес, оны жасап шығаратын озық ойлы, өр рухты, алғыр, сауатты да салмақты, иманды да ибалы жастар қажет.

Халқымыз: «Жастар – ұлт болашағы», – дейді. Бұл сөздің үлкен мәні мен мағынасы бар. Баяғыда бір кісі көпті көрген қариядан елдің болашағын болжап беруді сұрапты. Әлгі ақсақал: «Жастарыңды әкеліп көрсет, айтып берейін», – депті. Жастардың беталысын байқаған дуалы ауыз қария: «Боламын деп тұр екен, болар, озамын деп тұр екен озар, бетінен қақпасаң, еліңнің ертеңі баянды болғалы тұр», – деген екен. Расында, біздің елде болайын деп тұрған бала аз емес. Аллаға шүкір, қазір талапты жас буын өкілдері өсіп келеді. Елбасының қолдауымен шетел асып, «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген азаматтар жоғары лауазымды қызметтер атқаруда. Тек соларға дұрыс бағыт беріп, отаншыл, адамгершіл сезімін оятып, рухани дүниетанымын байтып жіберсек болғаны...

 Дінді ұстану – қоғамнан оқшаулану деген сөз емес

  Жастар дегеннен шығады, Сіздің Діни басқарма жанынан арнайы Жастар бөлімін ашқаныңызды әрі намазхан әрі мешіт жамағаты ретінде жақсы білеміз. Уақыттың талабынан туындаған бұл шешім қаншалықты өз жемісі мен пайдасын беруде?

– Рас, өзіңіз айтқандай, қазіргі заманның осынау талабы мен жауапкершілігін ескеріп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан арнайы Жастар бөлімін аштық. Бүгінде ҚМДБ жанындағы Жастар бөлімі, оның облыстардағы өкілдері еліміздегі жастар ұйымдарымен бірлесіп, игі жобалар мен сауапты да салауатты іс-шараларды бірлесе атқаруда. Жастар арасында тренингтер, семинарлар, кездесулер жүйелі жүзеге асып келеді. Есептеп көрсек, 2016 жылы республика бойынша жастар арасында 20 мыңнан астам түрлі деңгейде іс-шаралар ұйымдастырылыпты. Жастарға дінді дұрыс жеткізу, Ислам туралы дұрыс ақпарат беру – өте маңызды.

Асыл дініміз Исламда жастар қауымына үлкен мәртебе берілгенін айрықша атап өткеніміз абзал. Алла Елшісі () өзінің бір сөзінде:«Маған жастар көмектесті...» деп жас буынның ұлы істерді атқарудағы рөлі мен орнын, олардың жігері мен қайратын атап өткен.

 Сұхбат барысында: «Ең жақсы адам дегеніміз – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде», – деген пайғамбар өсиетін сөз еттіңіз. Осы хадистің мәні мен мақсатын жастарымызға, жалпы жұртшылыққа қалай тарқатып түсіндіріп берер едіңіз?

– Дінді ұстану – қоғамнан оқшаулану деген сөз емес. Әрбір адам мемлекеттің дамуына белсенді үлес қосып, бейнебір «Қазақстан» атты алып ғимараттың бір кірпіші болып қалануы қажет.  

Алаштың ардақты ұлдарының бірі Ахаңның, Ахмет Байтұрсынұлының:

«Дегендер: мен жақсымын, толып жатыр,

Жақсылық өз басынан артылмаған.

...Не пайда өнерің мен біліміңнен

Тиісті жерлеріне сарп ұрмаған?!..» деген жалынды жыры ойға оралады.

Әрбір азамат өзінің саласы бойынша елдің өркендеуіне үлес қосса, болашағымыз баянды болмақ.

Егер Сіз бен біздің өз отбасымыздан бастап, көрші-қолаң, ағайын-туыстарға, жалпы жұртқа дейін шарапатымыз, қайырымыз тимесе, Ахаң айтқандай, ондай білім мен өнерден пайда жоқ екен. Жақсылыққа жақсылық жасау – мұсылманның міндеті.

Мемлекеттің қамқорлығымен оқып-тоқып, белгілі дәрежеге жетіп, қызметке орналасқан соң, осы игіліктің баршасын елді өркендету жолында жұмсауымыз керек. Өйткені, Алла Тағала Құранда «Әли-Ғимран» сүресінде: «Жақсы көрген нәрселеріңді, (мысалы дүние-мүлік, күш-қуат, ақыл, білім, т.б.) Алла жолында жұмсамайынша, шынайы түрде жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар», – деп баяндаған.

Еліміздің кейбір жомарт жігіттері өзінің туып-өскен ауылына бала-бақша, мешіт, көпір, жол, спорт кешенін, т.б. салып беріп, халықтың ықыласына бөленуде. Әрбір азамат елдің игілігі үшін осылайша қолдан келген көмегін көрсететін болса, біздің қоғамда әлеуметтік мәселелер өздігінен шешіле бастайды.

Алла Тағаланың бір адамның ризығы мен нығметін өзге кісілерден артық не кем беріп қоюында үлкен хикмет бар. Демек, байдың малында мұқтаждың хақысы бар деген сөз. Дәулетті кісі Алланың берген нығметін Оның разылығы жолында садақа етсе, қоғамда материалдық теңсіздік жойылады. Қоғамға пайдалы мұсылман болу отбасыға, туған-туыстарға, көршілерге қамқорлық жасаудан басталады.

Тарихтан тағылым алған адам жат ағымға алданбайды

 Бір сөзіңізде Алаш деп қалдыңыз. Биыл Алаш ұлттық автономиясының құрылғанына 100 жыл толды. Еліміздегі кейбір партия өкілдері Алашорда үкіметінің 100 жылдығын Үкімет деңгейінде атап өтуді ұсынуда. Айтулы дата мемлекеттік деңгейде аталып өтеді деген жақсы жаңалықтарды да естіп жатырмыз. Сіздердің тараптарыңыздан осы мерейтойға орай игілікті іс-шаралар ұйымдастыру жоспарларланды ма?

– Елбасы бір сөзінде: «Біздің тарихтан ұялатын тұсымыз жоқ», – деген еді. Расында, қазақтың тарихы тағылымға толы. Біз ҚМДБ қызметі аясында 2016 жылды «Дін және тарих тағылымы» жылы деп жарияладық. Оны өзіңіз жақсы белесіз. Осы жылдың аясында «Дәстүрлі Ислам жауһарлары» кітабын шығардық. Кітапта қазақ даласынан шыққан шайырлар мен ғұламалардың, дін қайраткерлерінің діни, тағылымдық өлең-жырлары қамтылды. Тарихты жасау қиын, ал оны жазып қалдыру одан да қиын деген тәмсіл бар. Тарихынан тағылым алған мұсылман жат ағымның жамандыққа бастайтын құрғақ уағызына алданбайды.

Расында, мұсылмандықты мұрат еткен кешегі Алаш қайраткерлерінің ел ішіндегі сауатсыздықпен аянбай күресіп, ағартушылықпен айналысуы – өткен ғасырдың өлмес өнегесі, естен кетпес ерлігі деп айтар едік. Алла жолындағы күрес дегеніміз осы болса керек. Олар білімсіздің күні қараң екенін жете түсінді. Өздері бір емес, бірнеше саланы меңгерді, бірнеше пәндерді игерді. Олардың білім жолындағы жігеріне, халықты сауаттандыруда алған бетінен қайтпайтын қайсарлығына, ауыр сынақтарға төтеп берген табандылығына таңқалмау мүмкін емес.  

«Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болуды» армандаған кешегі 20 жастағы Сұлтанмахмұт Торайғыров секілді азаматтар қандай еді? Ал біздің қазіргі кейбір жастарымыз, өкінішке қарай, күн болу былай тұрсын, кім болуды ойлап көрді ме екен деген сауал туындайды...

«Дін және тарих тағылымы» жылы аясында тарихи тұлғаларымыздың өнегелі өмірі жамағатқа жан-жақты насихаттала береді деген сенімдемін. Өткен жылы «Дәстүрлі Ислам жауһарлары» кітабы аясында ақындар арасында діни, рухани жыр-термелерге мүшәйра  жариялағанбыз. Осындай жобаларды осы жылы да жалғастыру ниетімізде бар.

Мұсылман адам қос дүниенің қамын ойлауы тиіс

 «Біздің тегіміз – түрік, дініміз – Ислам, қасиетті кітабымыз Құран Кәрімді насихаттауды естен шығармауымыз керек. Халық Алласына, Тәңіріне сеніп, ертеңгі күнін, арғы жақтағы дүниеге барар күнін ойлап, мынау дүниедегі бүгінгі күн күйбеңімен жүре бермей, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) хадистеріне сәйкес өмір сүрсе деймін», – деген Елбасының сөзі әрбір қазақтың есінде жүрсе, есінде жүріп қана қоймай, іс жүзіне асырса нұр үстіне нұр болар еді-ау...

Сөзіңіз орынды. Алла Елшісі () бір хадисінде осы өмірде қонақ, жолаушы секілді өмір сүруді өсиет еткен. Тағы бір сөзінде осы өмірді де ұмытпай, о дүниені де естен шығармай тіршілік етуге бұйырған.

Пайғамбарымыз () дүниелік істермен бірге ақырет үшін амал етіп, дін ұстануды қатар алып жүру қажеттігі жайлы: «Сендердің жақсыларың – дүниесін ақыретке, ақыретін дүниеге тастап қойғандарың емес, бәлкім екі дүниенің арбасын бірдей ұстағандарың. Шын мәнінде дүние ақыретке жетелейді», – деген.  

Бейнелеп айтсақ, жолаушы адам жолға ең қажетті азық пен затты өзімен бірге алып шығады.

Алайда мұсылман адам материалдық тұрғыдан да мықты болу керек. Туысқанға көмектесу, мұқтажға қайырымдылық жасау, отбасын асырау, баланы оқыту секілді нәрселер қаржыны қажет етеді. Бай адамның мұсылман әрі иманды болғаны қайырлы.

Өкінішке қарай, сананы тұрмыс билеген мына заманда кейбір кісілер отбасылық, туысқандық, адамгершілік құндылықтарды ақшамен өлшейді. Материалдық көзқарас моральдан жоғары тұрса қоғамда мейірімділік азаяды. Қоғам қатыгездене бастайды. Адамдардың бір-біріне деген жанашырлығы мен қамқорлығы азая бастаса, ол қоғамда жамандықтың түрлері көрініс табады. Біз осындай нарық заманында адамдар арасындағы мейірімділік пен қайырымдылықты көбірек насихаттауымыз керек. Имандылық – бәрінен жоғары тұратын құндылық. Мұны жақсы білетін дініміздің үлкен жанашыры Елбасының қамқорлығымен еліміздің әрбір аймағынан сәні мен салтанаты жарасқан бүгінгі сәулеткерлік өнердің жетістігіне сай, зәулім мешіттер мен медреселер бой көтеріп жатқаны жүрегімізге ерекше қуаныш ұялатады. Алла ол кісіге разы болсын!

Оқу бағдарламасына «Шешендік өнер» пәні енгізілді

 Намазған әрі жамағат ретінде жұма намазы алдында айтылатын уағыздарды жібермеуге тырысам. Айтары жоқ, уағыздар жақсы, тағылымы мол. Өкінішке қарай, көп жағдайда уағыз айтушы имамның шешен, жатық, әдемі сөйлеуі кемшін соғып жатады. Осы олқылықтың орнын қалай толтыруға болады? Имамдар білімді болса, тарих, әдебиет, мәдениет, салт-дәстүр, т.б. салаларды да өз уағыздарында айтып отырса деген тілегіміз бар.

Бір сөзбен айтқанда, мешіт имамдары жан-жақты білімді, әдемі, шешен сөйлейтін эрудит деңгейге қашан көтеріледі? Бұл тұрғыда жоспарларыңыз бар ма?

– Тілегіңіз орынды. 2016 жылдың жаңа оқу жылынан бастап еліміз бойынша 9 медресенің оқу бағдарламасына «Шешендік өнер» пәні енгізілді. Қазір шәкірттеріміз осы пәннен дәріс тыңдауда. Ал Діни басқарма қызметкерлерінен бастап, аймақтағы имам-молдаларға дейін шешендік өнерден арнайы семинарлар өткізіліп келеді. Дәрісті Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының профессоры, елімізге танымал дикторлардың ұстазы Мұрат Әбзелбаев өткізуде. Сонымен қатар ҚМДБ Баспасөз бөлімінің жетекшісі, журналист Ағабек Қонарбайұлы да облыстардағы имам-молдаларымызға «Шешендік өнер және көркем уағыз» тақырыбында теориялық әрі тәжірибелік тұрғыда тренинг жүргізіп келеді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде имамдарымыз біраз шыңдалып қалды.

Сөйлеу өнері – сонау пайғамбарымыз Мұхаммедтен (), ат сүрінгенше сөз тапқан ата-бабаларымыз бен би-шешендерімізден қалған мұра. Бүгінгі дін қызметкерлері пайғамбарлар мен кешегі дуалы ауыз абыз ақсақалдарымыздың мұрагерлері деп есептеймін.

Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресінің 63-аятында: «...Оларға үгіт бер де, әсерлі сөз сөйле», – деп бұйырған. Сонымен қатар Мұса (ғ.с.) пайғамбардың тілінде айтылатын аятта: «Бауырым Һарун маған қарағанда шешенірек...» («Қасас» сүресі, 34-аят) деп баяндалған.

Жүсіп Баласағұни бабамыз бір өлеңінде:

«Айтар сөзді сайлап алғын ақылмен,

Жауабың дөп қатар түссін нақылмен», – деп жырлайтыны бар. Расында, адам баласының талғамы өсіп, таңдауы артқан мына заманда біздің имамдарымыз да әсерлі сөз сөйлеп, халықты өзіне қарата білуі керек. Наполеон Бонапарттың: «Кім әсерлі сөйлей алмайды, сол жетістікке жете алмайды», – деген сөзінде жан бар. Облыстарға жасаған сапарларымда шешен сөйлейтін имамдарды кездестірсем, оны Астана немесе Алматы қалаларындағы мешіттерге қызметке тағайындаймын. Көркем сөйлей алатын, тұщымды уағыз жүргізіп, ойын түйіндеп жеткізе алатын дін қызметкері үлкен мінберлерден көрінуі тиіс.

Аллаға шүкір, бүгінде сөзге шешен, тәжірибелі имам-молдаларымыз тек діннің ғана емес, дәстүрдің де насихатшысына айналды. Уағыздарда ақын-жырауларымыздың тағылымды тұжырымдары, өнегелі өлеңдері қоса айтылатын болды.

533 тұлға дәстүрлі дінге бет бұрды

 Өзіңіз жақсы білесіз, біздің қоғамдағы кейбір жастарға жат ағымдардың теріс идеологиясы әсер етуде. Уаһабилік, яғни «сәләфилік» тек Қазақстанда ғана емес, әлемде болып жатқан құбылыс. Өкінішке қарай, дінімізді, тілімізді, салт-дәстүрімізді, тарихымызды, әдебиетіміз бен мәдениетімізді, руханиятты шала, үстірт білетін, ашықауыз, сенгіш, иланғыш, еліктегіш кейбір жастарымыздың аталмыш теріс ағымға өткендігін білеміз. Сондай жастармен қандай жұмыстар жүргізілуде?

 – Идеология – қолға ұсталмайтын, көзге де көріне бермейтін күшті қару. Адам санасына жылдармен кірген идеологияны күндермен тазарта алмасымыз анық. Сіз айтып отырған уаһабилік, яғни «сәләфилік» идеологиясын қолдайтын жастардың діни таным-түсінігін түзету ең әуелі уақыт пен жүйелі жұмысты қажет етеді. Бұл бір күннің немесе бір аптаның жұмысы емес. Бірнеше жылдан бері мешіт жамағаттары мен жастарды бір игі мақсатқа біріктіретін спорттық, рухани, мерекелік шаралар ұйымдастырылып келеді. Атап айтқанда, футбол, теннис, дәстүрлі спорт жарыстары, пікіралмасу басқосулары, т.б. салауатты да сауапты іс-шаралар жүзеге асуда. Біздің имамдар жат ағымның жетегінде кеткен жастармен сағаттап сұхбаттасады, көңіл-күйіне үңіледі, мүмкіндігінше моральдық және материалдық тұрғыда көмектесіп, байланысты үзбеуге тырысады.

Жыл соңында жүргізілген жұмыс нәтижелерінің қорытынды есебін жасаймыз. Атап айтсақ, 2016 жылы 1 398 жат ағымдағы тұлғаларға жеке түсіндіру жұмысы жүргізілді. Жүйелі дәрістер мен кездесулердің нәтижесінде нақты 533 тұлға дәстүрлі дінге бет бұрды.

Сонымен қатар, 96 дін қызметкері еліміз бойынша 67 түзеу мекемесінде терроризм және діни экстремизм бабы бойынша жазасын өтеп жатқан сотталушыларға жүйелі дәріс өткізеді. Өткен бір жылдың ішінде 1410 сотталушыға түсіндірме, оңалту жұмыстары жүргізілді. Оның 186-сы дәстүрлі дінімізге оралды. Ал сол түзеу мекемесінде отырған 96 азамат өздерінің радикалды көзқарастарынан қайтты. Бұл – нақты жұмыс нәтижесі.

Қазір жастардың көпшілігі діни мәліметтерді ғаламтор мен әлеуметтік желілерден, баспасөздерден алады. Ғаламтор, баспасөз бағыты бойынша жұмыстарымыз белсенді жүргізілуде. Muftyat.kz, muslim.kz, ummet.kz, ihsan.kz, mazhab.kz, azan.kz. т.б. сайттарымыз діни ақпараттық кеңістікте жетекші порталға айналды. Көрілім жағынан да рейтингісі көтеріліп келеді.

Жастар ғаламторды көбірек пайдаланады дегеннен шығады, 2016 жылы оқырмандар тарапынан тек fatua.kz cайтымызға келіп түскен 4 186 сұраққа дін мамандары жауап берді. Бұдан бөлек, Діни басқармаға келіп, пәтуа сұраған 678 адамға пәтуа берілді. Діни мәселелер төңірегінде телефон арқылы да сұрақ қоятындар аз емес. Өткен жылы 815 телефон қоңырауына жауап берілді. ҚМДБ-ға қарасты 21 сайтымыз жүмыс істеп тұр. Бұдан басқа екі газет-журналымыз, «Хикмет» телерадиостудиямыз діни ақпараттық кеңістікті дәстүрлі аудио, видео уағыздармен толтыруда.  

Сайып келгенде, мұның бәрі жастарымызға дұрыс діни ақпарат беру қажеттігінен туындаған бастамалар. Алла қаласа, Діни басқарманың төл баспаханасын ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл – өз кітаптарымыз бен газет-журналдарымызды өзімізден шығарудың үлкен мүмкіндігі.

Басты мақсатымыз – қазіргі қоғам талабына лайықты имам дайындау

– Имам демекші, қазіргі дін қызметкерлерінің қанша пайызының жоғары, орта діни білімдері бар?

– Бүгінгі таңда 800-ге жуық дін қызметкері, яғни 20 пайызы жоғары білімді. 27 пайызы, яғни 1033 адамның орта білімі бар. 1786 (54%) имам-молда Алматыдағы имамдардың білімін жетілдіру курсынан өтіп, арнайы семинарларға қатысып білімін жетілдірді. Өткен жылдың өзінде Ислам институтында 270 имам 2 айлық курсты тәмамдады.

Қазір барлық мүмкіндікті пайдаланып, дін қызметкерінің білімі мен тәжірибесін арттыруға күш салып жатырмыз. Осы бағытта 2016 жылы 204 семинар өткіздік. Білім жетілдіруге арналған дәріске 2 968 имам-молда қатысты. Сонымен қатар, діни кадрларымызды Мысырдың «әл-Азһар» университетінде, Түркияның «Хасеки» академиясында оқытып жатырмыз. Қазір сол шетелдік оқу орындарында тәжірибесін шыңдап, білімін арттырып келген түлектердің алғашқы легі қызметтерін жалғастыруда.

Діни басқарма 2020 жылға дейінгі діни білім саласын дамытуға арналған Тұжырымдама қабылдады. Тұжырымдаманың мақсаты – мешіт-медреселерімізді білімді де білікті діни кадрлармен көбірек қамтамасыз ету, сонымен қатар діни білім сапасын жоғары деңгейге көтеру. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының көңіл бөліп, қолға алып отырған негізгі міндеттерінің бірі – қазіргі қоғам талабына лайықты имам дайындау.

Өйткені, бүгінгі дін қызметкері заманның ағысынан, уақыттың талабынан әсте қалыс қалмауы тиіс. Бүгінгі имам үнемі өздерін дамытып, жетілдіріп, діни һәм зайырлы біліммен сусындап отыруы қажет. 2 жылдың көлемінде 3 мыңға жуық имамдарымызды қайта аттестациядан өткізіп, білім деңгейін анықтадық. Аттестациядан сүрініп, білімін дәлелдей алмаған дін мамандарын қайта оқытып жатырмыз.  

 Осы ретте Сізден білгіміз келгені, Діни басқарманың әзірлеген «500 зияткер имам» Тұжырымдамасының мақсаты не?

– Осы қабылданған Тұжырымдама негізінде дін қызметкерлерінің, яғни Бас имам, наиб имам, ұстаз, молда, азаншылардың лауазымдық міндеті мен мәртебесін айқындап бердік. Бұл Тұжырымдама ҚМДБ жанындағы Ғұламалар Кеңесінде бекітілді. Бұдан былай дін мамандары жоғары лауазымды қызметтерге кезең-кезеңімен сатылап тағайындалатын болады. Өйткені, имамдық – екі дүниеде де жауапкершілігі мол маңызды қызмет. Имам қызметі тек бес уақыт намазға имамдық етумен шектелмейді. Имамның уағыз айту, діни рәсімдерді атқару, мешітке келген әрбір жамағаттың сұрағына жауап беру, рухани іс-шараларды ұйымдастыру, т.б. сынды көзге көріне бермейтін жұмыстары көп.

«500 зияткер имам» жобасын қолға алудағы негізгі мақсаттарымыздың бірі – имамдардың білімі мен тәжірибесін одан әрі дамытып, белсенді, үздік ағартушы дін қызметкерлерін республикалық игі іс-шараларға, жұмыстарға жұмылдыру.

Өз қаражатымен ауыл мешітін ұстап отырған ақсақалдар аз емес

 Жасыратыны жоқ, ауылдағы жамағатқа тұщымды уағыз, жалпы Ислам құндылықтары жетпей жатқан сияқты. Той-томалақ арақсыз өтпейді... Мешіт жамағаттары аз, жұма намазына баратындар саны саусақпен санарлық... Уағыз айтқан ауыл имамын «ауылдағының аузы сасық» дегендей, тыңдағылары келмейді.

Жамағаты аз, жалақысы жоқ ауыл имамдары қалай күн көреді? Олардың да отбасы, бала-шағасы бар емес пе? Жоғары діни білімі бар жас маман ауыл мешітіне имам болып бармайды ғой... Халқымыздың 48 пайызын құрайтын ауыл адамдарын имандылыққа қалай тартуға болады?

– Ауылдағы жағдай маған жақсы таныс. Ауыл имамы болып қызмет еткен соң, ондағы молдалардың да жағдайын жақсы білемін. Алайда Алла разылығы үшін зейнетақысын мешіттің жылуы мен жарығына жұмсап, мешітті ұстап отырған ақсақалдар да аз емес. Ондай ерлік жасап жүрген имамның талайын көрдім. Сол кісілерге, яғни өз-өзін қаражатпен қамтамасыз ете алмайтын ауыл мешіттерінің имамдарына ҚМДБ жанындағы «Зекет» қорынан 30-50 мың теңге көлемінде жалақы беріліп келеді. Әрине, қордағы қаражат бәріне бірдей жетпейді. Кейде менен кәсіпкерлер: «Қандай қайырымдылық жасайын?» – деп сұрағанда ауыл имамдарының өз зейнетақасынан жырып беріп, мешіттің шығындарына жұмсайтынын айтқанда, еріксіз елжіреп кетеді. «Соларға көмектесіңіз, мүмкіндігіңіз болса қажылыққа жіберіңіз», – дедім.

Өзінің аты-жөнін айтпауды өтінген сол кәсіпкер жігіт бір емес, бірнеше ауыл имамының қажылыққа баруына демеушілік жасап, біраз ақсақалдың батасын алды. Ол кісіге Алла разы болсын!

Бізге үлкен ұстаздарымыз: «Дінге мұқтаж жерге барып қызмет етіңдер», – деп ылғи құлағымызға құйып отыратын. Аймақтағы имамдармен кездесулерімде осы сөздің мәнісін ұғындырып отырамын. Бірнеше жылдың жүзі болды, «Нұр Мүбәрак» университетін, медресені бітірген шәкірттерді өздерінің ауылдарына қызметке тағайындап келеміз. Астана, Алматы секілді ірі қалаларда қызмет еткен тәжірибелі имамдарды ротациялық жүйемен ауылға ауыстырып отырамыз.

Ауылдағы адамдарда рухани байлықтың азайып бара жатқанын айтып қалдыңыз. Мен Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Ақмола облысы, т.б. аймақтарға жасаған сапарымда тойларына арақ қойылмайтын, тіпті дүкендерінде спиртті ішімдік сатылмайтын ауылдарды көргенде үлкен толғаныста болдым. Әуелі Алланың қалауымен, содан кейін ауыл ақсақалдары мен имамдарының нәтижелі жұмысы мен тұщымды уағыздарының арқасында ауылда арақ сатылмайды.

Егер Алматы облысындағы Керімағаш, Ақмола облысындағы Мәдениет ауылдарында болсаңыз бұған көзіңіз жетеді. Бұл туралы кезінде телеарналардан да айтылды. Игілікке ұмтылған осындай ауылдар көбейе берсе, болашағымыз баянды боларына сенімдімін.

 

«Жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі...» 

 

 Дұрыс айтасыз, адам имандылыққа ұмтылған сайын оның өмірі жақсылыққа қарай өзгере береді. Отбасы, ауыл өмірі түзелсе – қоғам түзеледі емес пе? «...Қай қауым болсын, өз жағдайын өзі өзгертпесе, олардың жағдайын Алла өзгертпейді», – дейді («Рағыд» сүресі, 11-аят) қасиетті Құран Кәрім. Адам өзін түзеу үшін ең алдымен нені ескеру керек?

– Ойыма «Фуссилат» сүресінің 34-аяты келіп отыр. Алла Тағала Құранда: «Жақсылық пен жамандық тең болмайды. Жамандықты жақсы ісіңмен жолға сал. Сонда ғана сенімен дұшпандығы бар адам, өзіңнің сырлас (өте жақын) досыңдай болып кетеді», – деген.

Бұл аят адамзат баласын жамандықты жақсылыққа айналдыруға үндейді. Жамандықты жақсылыққа ауыстыру дегеніміз не? Әрине, жамандық істеген адамға жамандықпен жауап қайтару оңай. Ал жамандыққа жақсылықпен жауап беру – нағыз мұсылманның қолынан келетін іс. Мұндайда халқымыз: «Жақсылыққа жақсылық – әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі», – демей ме? «Таспен ұрғанды аспен ұр», – деген нақыл сөз де бар.

Келеңсіз сәттерде ашуды баса білу, әр істе ұстамды болу, жамандықты көркем мінез арқылы жақсылыққа ауыстыру – адамның екі дүниеде де дәрежесін арттырып, жетістікке жетуіне септігін тигізеді.

Біреу сізге негізсіз қатты тіл тигізіп жатса, сіз осы сәтте қандай жағдайда болуыңыз керек? Әрине, ең біріншіден ұстамдылық қажет. Өзіңізді сол кісінің дәрежесіне түсірмей, яғни оған қарсы ашу көтермей, қатты ызаланып тұрсаңыз да өзіңізді ұстай алдыңыз, демек бұл сіздің бойыңызда тақуалықтың сипаты көрініс таба бастады деген сөз. Адамның осындай келеңсіз сәттерде ашуын басуы – үлкен олжа.

Пайғамбарымыздың () өсиеттерінің бірінде: «Кім кішіпейілділік көрсетсе, Алла оның мәртебесін өсіреді...» деп сүйіншілеген. Ал тәкаппарлық – құрдымға алып баратын дерт. Шайтанның Алланың рахметінен айырылып, қуылуына себеп болған да – осы тәкаппарлық, өр көкіректік.

 

Шеттегі қандастың қажетін өтеуге тырысамыз

 

 Телеарналардың бірінде беріп жатқан сұхбатыңыздан: «Енді медресе шәкірттері мемлекеттік мекемелерде де қызмет ете алатын болады», – деген сөзіңізді естіп қалып едік...

– Өткен тарихымызға қарасақ, медреселер Ислам дінінің өркендеуі мен қазақ тұлғаларының қалыптасуына үлкен септігін тигізді. Қазір де солай. Ұлтымыздың мақтанышына айналған Абай, Шәкәрім, Міржақып, Ахмет, Бейімбет, Сәкен сынды ақын-жазушыларымыз, діни қайраткерлеріміз, халықты жақсылыққа, білім алуға бастаған ағартушы ғалымдарымыз ең алғашқы сауатын осы медреселерден ашқан еді. Қара­пайым қазақ балаларынан бастап, аты аңызға айналған танымал тұлғаларымызға дейін медреседен хат танып, діни білім алды.

Қазір еліміздегі 9 медреседе 1234 шәкірт тәлім алуда. 2016 жылы 221 шәкіртіміз медресені тәмамдады. Бүгінде барлық мүмкіндікті пайдаланып, медреселердің жұмысы мен мәртебесін көтеруге барынша күш салып келеміз. Атап айтқанда, санаулы мерзім ішінде медресе жұмыстарына елеулі реформалар жасадық. Оқу бағдарламаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Міндетті діни пәндерден бөлек, қазіргі заман талабына сай қоғамдық пәндер қосылды.

Соның нәтижесінде, медреселеріміз жаңа қабылданған Жарғы бойынша медресе-колледж деп аталады. 2016 жылы Сарыағаш, Шымкент, Алматы, Ақтөбе  қалаларындағы медреселер колледж мәртебесіне көтерілді.

Енді, сол медресе-колледжімізді бітірген шәкірт кез келген мемлекеттік мекемеде діни және зайырлы мамандықтар бойынша қызмет ете алады. Бұл – діни саладағы қол жеткізген үлкен жетістік деп санаймыз.  

– Моңғолия еліндегі және Қазақстанмен шекаралас Омбы, Түмен, Орынбор секілді жерлердегі мешіт имамдары біздің елге арқа сүйейді, атамекеніміз деп елеңдейді, көмек қолын созуымызды қалайды. Ол жақтағы мешіттермен алыс-беріс, байланыстарыңыз бар ма?

– Моңғолия мүфтиі Батырбек Хадыспен, Омбы мүфтиі Бота Бакулинмен, Түмен, Орынбордағы қазақ имамдарымен жиі кездесіп тұрамыз. Олардың өтініштері бойынша қазақша діни кітаптар, қазақы шапандар жеткізіп бердік. Қазір шеттегі қазақ имамдарын Алматыдағы Ислам институтында оқытып жатырмыз. Барлық шығынды өзіміз көтердік. Омбы облысындағы кейбір мешіттердің жылуына қажетті қаражатты да демеушілер арқылы тауып бердік. Олардың өтінішін әрдайым қанағаттандырып тұруға тырысамыз. Бұл бағыттағы қайырымдылық жұмыстар жалғаса береді.

Дін мен дәстүр – қос қанатымыз

  Ал жаңадан құрылған Дін және азаматтық қоғам министрлігімен ара-қатынастарыңыз қалай?

– Министр Нұрлан Ермекбаевтың қабылдауында болдым. Ашық әңгіме барысында діни саладағы жұмыстарды жетілдіруге қатысты ойларыммен бөлістім. Ол кісі құптады. Министр «Әзірет Сұлтан» мешітінде болып, мүфтият қызметкерлерімен де кездесіп, жұмысымызбен танысты. Ортақ ойларымыз бен игі жобаларымызды ортаға са

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.