Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • Таң 06:05
  • Күн 07:30
  • Бесін 13:05
  • Екінті 16:38
  • Шам 18:29
  • Құптан 19:55
  • 15
  • қазан

    дүйсенбі

  • 4
  • Сафар

    1440

ҰБТ-ға бара жатқан оқушыға бес кеңес

  • 413
  • 0
  • 21.06.17

ҰБТ-ға бара жатқан оқушыға бес кеңес Мақалалар 20 Маусым 2017 ҰБТ – алтын ұясынан ұзамаған бозбала мен бойжеткен үшін оңай сынақ емес.  Сіздің болашағыңыздың бір кірпіші осы ұпаймен қаланады. Ендеше ҰБТ-ға бармас бұрын мына бес кеңеске назар салыңыз.

1.  Үйден шыққанда айтылатын дұғаны ұмытпау. «Бисмилләһ, тәуәккәлту ъаләллаһ, уә лә хаулә уә лә қууата иллә билләһ» («Алланың атымен, Аллаға тәуекел еттім. Алла Тағаланың күш-қуатынан асатын ешқандай күш-қуат жоқ»). Кімде-кім үйден шығарда осы сөздерді айтса, оған: «Сен тура жолдасың, құтылдың әрі қорғаулысың» деп айтылады. Сол кезде шайтан ол адамнан қашады да басқа шайтанға барып: «Сен тура жолдағы, құтылған әрі қорғалған адамға не істей аласың?» – деп айтады». Ғалымдар осы хадистегі «құтылу» сөзіне қатысты: «Ол адам екі дүниеде уайым салатын нәрсенің бәрінен құтылады» деген [1].

2. Ниетті түзеу. «Әрбір амал ниетке байланысты..» [2]. Яғни, адамның ниеті дұрыс болған сайын Аллаға ұнамды, Алланың жәрдемі жақын. ҰБТ балы саған не үшін керек? Біріншіден, білім талап ету – әрбір мұсылманға парыз етілген. Ол осы арқылы надандықтан құтылады, өзгелерге көмектеседі. Екіншіден, білімді, мықты болған, кәсібін кемел игерген мұсылман – әлсіз мұсылманға қарағанда Аллаға сүйіктірек. Егер ол сол меңгерген кәсібі арқылы Отанына, қоғамға, туған-туысына пайда келтірсе, тағы да Аллаға ұнамды болады. Төртіншіден, ата-ана баласымен мақтанғысы, оның жетістігін көргісі келеді. Оның жоғары балл жинап, жақсы мамандықтың оқуына түсуі – ата-анасын разы ететін істерден. Ал Алланың разылығы – ата-ананың разылығында. Ендеше, бауырым, сен де ниетіңді ізгілікке қарай баста!

3.  Тәуекел ету. Құранда: «Кім Аллаға жүгініп, Оған ісін тапсырса (Тәуекел етсе), Ол оған жеткілікті. Ақиқатында, Алла – ісін соңына жеткізуші.  Алла әрбір нәрсеге өлшем белгілеген» [3] делінген. Жеткілікті! Аллаға дұрыс тәуекел жасаған адамға басқа ешнәрсе қажет емес деген сөз. Дұрыс тәуекел екі ретпен жасалады: біріншісі – себептерін орындау, екіншісі – Аллаға тапсыру. Мәселен, сапар алдында мұздақтың болуынан хабардар болған жүргізуші, сапалы әрі жаңа дөңгелегіне емес, емтихан тапсырғалы отырған студент не оқушы біліміне яки ақшасына, танысына емес, бір Аллаға сенуі тиіс. Өйткені, кейде жаңа дөңгелекті көліктер апатқа ұшырайды, жақсы оқитын, ақшасы мен танысы көп оқушылар да төмен ұпай жинайды. Сонда оқушы, бар күшін салып дайындалып болғаннан кейін: «Я, Мейірімді де Құдіретті Алла! Міне, мен қолымнан келгенін жасадым, ары қарай ешнәрсеге күшім жетпейді. Тек сен қолдасаң, сен қаласаң ғана ісім оңға баспақ! Өзіңнен ғана жәрдем сұраймын!» деп нәтижені Аллаға тапсыруы тиіс. Ал Алла Тағала оған «Мен саған жеткіліктімін, ісіңді соңына жеткіземін» деп уәде беріп қойған. Күллі әлем қазыналарының, жүректердің, істердің иесі болған Аллаға тәуекел еткеннің уайымы болмайды.

4. Тестілеуді Алланың атымен бастау. «Бисмилләһир-рахманир-рахим» (Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен) деген сөзбен басталған іс берекелі болады. Алла Тағала да Құранда Өз аяттарын осы сөзбен бастайды және Мұхаммед Пайғамар да (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) істерін Алланың атымен бастаған. Сондай-ақ, тестілеу барысында сабырлы қалыпты сақтап, уақытты күзетіп, асығыстыққа берілмеген дұрыс. Қазақ халқының «асыққан – шайтанның ісі» деген сөзі қасиетті хадис мәтіндерімен астасып жатыр. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сабыр – Алладан, асығу – шайтаннан», деген [4]. Оқушы Алланың Мейірімді, Естуші, Көруші, Әділ, Білуші екенін ұмытпасын. Сен Оған дұға жасадың ба, Оған ғана тәуекел еттің бе, онда Алла Тағаланың сен үшін қайырлы нәрсе нәсіп ететіндігіне сен. Өзіңе ғана жақсылық тілеп, басқаларға теріс ниетті болудан сақтан. Керісінше, сыныптастарың, аудиторияластарың үшін де дұға жаса. Сонда ұтасың! Өйткені, хадисте: «Мұсылманның мұсылманға жасаған дұғасы қабыл болады. Мұсылман бауыры үшін тілек айтқанда, періштелер «Әумин, Алла саған да бауырың үшін сұрағанды берсін» деп айтады [5]. Қандай керемет! Сен адам үшін дұға етсең, сен үшін періште дұға етеді!

5. Тағдырға разы болу. Қандай да біркелеңсіздік, сәтсіздік болса да бар иманыңды жинап, бұйырғанға разы болуғатырыс. «Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді». Өйткені, сен басқа жаратылыстан емес, әлемдердің Раббысынан сұрадың, Оған әлдеқашан ісіңді тапсырып қойғансың. Демек, болған істе сен үшін үлкен қайыр бар. Алайда, сен оны білмейсің. Керісінше, қиындықтың артынан келетін жақсылықты күт. Сондай-ақ, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендердің біреулерің қандайда бір қиындыққа тап болғанда, егер де мен бұлайістемегенде, бұл нәрсе болмас еді» демесін, «Бәрі де Алланың қалауымен» десін. Өйткені, «егер» шайтанға есік ашады», [6] деген. Олай болса, «Құдайсыз қурайдың да сынбайтынын» ұмытпағайсың, бауырым!

[1]Әбу Дәуд

[2] Бұхари, Муслим

[3] Талақ» сүресі, 3-аят

[4] Сахих әл-Жәми

[5] Муслим

[6] Муслим ummet.kz

ummet.kz 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.