Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • Таң 05:19
  • Күн 06:47
  • Бесін 13:14
  • Екінті 17:30
  • Шам 19:29
  • Құптан 20:57
  • 18
  • қыркүйек

    сенбі

  • 10
  • Сафар

    1443

Ислам жалқаулықты құптамайды


Бір күні үйінде ішер асы жоқ бір кедей адам пайғамбарымыздан (с.а.с.) азын-аулақ қаражат сұрап келеді. Сонда пайғамбарымыз (с.а.с.) оған: «Сенің үйіңде ешнәрсе жоқ па еді?» – деді. Ол: «Уа, Аллаһтың елшісі, менде жамылғыдан басқа ештеңе жоқ, оның жартысымен төсенеміз, жартысымен жамыламыз. Әрі менде су ішетін ыдыс қана бар»,– деген. Аллаһ елшісі (с.а.с.) оған: «Сол екеуін алып кел»,– дейді. Ол алып келеді. Пайғамбар (с.а.с.): «Кім бұл екеуін сатып алады?» – деп сұрайды, сол кезде бір кісі: «Мен оларды бір дирхамға сатып аламын»,– дейді. Пайғамбар (с.а.с.): «Кім бір дирхам қосады?» – дегенде, бір адам: «Мен оларды екі дирхамға сатып аламын»,– дейді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) кедейге: «Осы екі дирхамның біреуіне тамақ алып, өзіңнің үй-ішіңе бер, ал екінші дирхамға балта сатып алып, маған кел»,– деген екен. Ол Аллаһ елшісінің (с.а.с.) бұйрығын орындап, балта сатып алып келеді. Пайғамбар (с.а.с.) қолын балтаға қойып: «Балтаны алып, отын жинауға бар, сосын он бес күннен кейін кел»,– дейді. Яғни, ағаштарды кесіп, отын жинап, сатуын бұйырады. Әлгі кісі пайғамбардың (с.а.с.) бұйрығын орындап, он бес күннен кейін келеді. Сол кезде одан молшылықтың белгілері көрініп, қажетіне сай байлыққа қол жеткізгені байқалады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) оған: «Бұл сен үшін адамдардан сұрағаннанжақсы, олардың ішінде саған беретіні де, бермейтіні де бар»,– дейді. Пайғамбар (с.а.с.) оған бір немесе екі дирхам беруіге шамасы келетін еді. Ол болса оны тамаққа жұмсап, қайтадан адамдардан қайыр сұрауға кірісуі мүмкін еді. Сондықтан да Аллаһ елшісі (с.а.с.) бұл адам қайта тіленшілікке түспеуі үшін мәселесін түбегейлі шешкісі келіп, оған адамдарға алақан жаймайтын жұмыс істеуге жол көрсетті.

Сол секілді Пайғамбарымыз (с.а.с.) жұмыстың әсерінен екі қолы жарылған сахабасына қарап: «Бұл қолды Аллаһ және Оның елшісі жақсы көреді»,– десе, басқа бір сөзінде: «Шын мәнінде Аллаһ бір іспен айналысушы құлды жақсы көреді»,– деп, жұмыс істеп, қиыншылық көрген және қандайда бір мамандық не кәсіп иесін Аллаһтың жақсы көретіндігін баяндаған. 
Құран Кәрімде Аллаһ тағаланың әрбір мақұлықты ризықсыз қалдырмайтындығын айтқан «Жер бетіндегі әр жәндіктің (дәббә) ризығы Аллаһқа ғана тән» (Һуд сүресі, 6) аятында «дәббә», яғни жәндік сөзінің қолданылуында үлкен мән бар. Өйткені жәндіктер өз қорегін табу жолында әрдайым тынымсыз әрекет ететіндігі белгілі. Сол себепті аяттың мағынасын егер тіршілік иесі тіршілігін жасайтын болса, Аллаһ оны ризық несібесіз қалдырмайды деп түсінуге болады.

Яғни, Ислам ешбір адамды жұмыс істеуден немесе қандайда бір кәсіппен шұғылданудан тыймайды, керісінше, оған құлшындырып, адал жолда еңбек етуге баулиды. Оны «амал ету», «іс-әрекет жасау» сөздерінің Құран Кәрімде 400-ден астам жерде келгендігінен және пайғамбарымыздың жоғарыда келген секілді бірнеше хадистерінен анық байқауға болады.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.