Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • Таң 04:02
  • Күн 05:51
  • Бесін 13:24
  • Екінті 18:29
  • Шам 20:46
  • Құптан 22:34
  • 13
  • тамыз

    бейсенбі

  • 23
  • Зуль-хиджа

    1441

Атадан қалған мұра бізге аманат


Азамзат баласын шексіз даналықпен әртүрлі ұлттарға бөліп жаратқан Алла Тағаланың өзі қасиетті Құранда «...Бір-бірлеріңді танып-білулерің үшін сендерді ұлттар мен ұлыстар етіп жараттық» («Хұжурат» сүресі, 13-аят), – деп баяндағаны тектен-тек емес. Пәни дүниенің есігін ашпастан бұрын ешкім де ұлтын таңдай алмайды. Демек, ұлттық болмыс – Алланың қалауымен берілетін иләһи сыр, шексіз даналық, зор нығмет.

Аталмыш аятының төңірегінде тереңірек ойланар болсақ, Алланың қалауымен қазақ деген халықтың өкілі болғанымыз үшін ғасырлар бойына қалыптасқан ата мұрамыздың қазақ халқын басқа ұлттардан айырқаша бөгенаймен бөліп тұрған дәстүрлеріміз бен мұраларымызды ардақтағанымыз жөн екенін аңғарамыз. Бұл да болса Алланың нығметіне болған шүкіршілік болмақ.

Ұлттың бір-бірінен ажыратылып тұратын белгілерінің бірі де, бір егейі – салт-дәстүрлері мен рухани һәм затты мұралары. Қазақ халқы ғасырлар бойына адамзат өркениетіне өзінің бай мәдени, әдеби, рухани мұраларымен зор үлес қосып келген дегдар болмысты, бекзат бітімді, бекзада халық. Міне, осындай қазақ халқының қайсыбір дәстүрін, өнерін, дүниетанымын алсақ та, Ислам дінінен алшақ емес екенін байқаймыз. Сәбидің іңгәләп дүние есігін ашқаннан бастап, өмірден өтіп жер қойнына тапсырылғанға дейінгі маңызды өмір жоралғылары, оның бойына даритын болмыс пен дүниетанымы, ұстаған өнері мен сусындаған руханиятының барлығы ата дінімізбен қабысып жатыр.

Қазақ халқының атадан қалған мұрасы дегенде көз алдымызға абыз ақсақал, мейірбан ана, жетелі бала, тәрбиелі қыз, ибалы келін, әділетті қоғам, берекелі отбасы, бейбіт отан елестейді. Қазақылықтың көшпелі өмір салтынан жинақтап, ғасырлар тезінен өткізе отырып қалыптастырға бекзат болмысы мен халықтық өнер туындылары да қамтылады. Шын мәнінде, біздің атадан қалған мұрамыз осылар арасындағы қарым-қатынастың жарасымдылығы мен береке-бірлігінен құралған қоғамдық өмір үрдісі. Өмірге келу мен өмірден өтудің арасындағы материалдық және рухани құндылықтар энциклопедиясы.

Өкінішке орай, соңғы кездері ата салттан бет бұрып, қазақы болмыс пен ұлттық дүниетанымнан уаз кешуді дегдар діндарлық санап жүрген бауырларымыз аз емес. Олардың ойынша, біздің көптеген дәстүрлеріміз ширк пен бидғатқа жатады екен.

Бірақ, біз Құран құндылықтары мен Алла Елшісінің (с.ғ.с) өнеге мектебіне қарап отырып, біздің ұлттың болмысына туа бітті, әдет-ғұрыптарымыздың көп бөлімі Ислам шариғатының аясында екенін аңдаймыз. Қазақ халқында бала туылмастан бұрынғы құдалық салт-жоралғылар, үйлену салттары, үйленгеннен кейінгі салт-дәстүрлердің көбі Ислам діні талап ететін шарттарға сай рәсімделіп жатады. Өткен ғасырға дейін жалғасып келген құдалық жоралғыларында қалыптасқан бел құда, бесік құда, атастыру, уәделесіп құда болу сынды құдылық тәсілдерінің барлығы Адамзат ұстазының (с.ғ.с) насихат еткен құда түсу, қалыңдық таңдау пренциптеріне қайшы деп айта алмас едік. Мәселен, ата-бабаларымыз да тегіне асыл діннің әмірі сіңген, тақуадар, білімді әуелттің қызын айттырып, Құдай десіп құда болған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл мәселеде қалыңдықтың төрт түрлі шартын, қыздың тегін, сұлулығын, байлығын, тақуалығын айта келіп, діндарлықты таңдауға кеңес бергені белгілі. Ал, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қалыңдықты бір рет болса да көруге кеңес берсе, халқымызда осы әмірге сай күйеудің қалыңдықты көру үшін «Ұрын бару» деген салт болғаны баршамызға белгілі.

Арқы қарай баланың құлағына азан шақырылып, аты қойылғаннан бастап, ақ кебінге оралып, жаназасы оқылғанға дейінгі аралықтағы өмір дәстүрлерінің Ислам құндылықтарына сай екенін жоққа шығара алмаймыз. Ал, харамнан қашып, адал еңбектің бодауынан қалыптасқан малшаруашылық, ағашшылық, теміршілік, егіншілік, т.б кәсібінен тартып, діндарлық кезеңде қалыптасқан аңшылық, саятшылық дәстүрлері, атбегілік пен құспегілік, есепшілік, ұсталық, т.б өнерлерінің, адамдық қағидаттарға құрылған мәдениеті мен дүниетанымдық болмысының барлығы шариға рұхсат берген, құптаған шеңберден шығып кетті деуге негіз жоқ.

Ал, бүгінгі жастар санасында ұлттық дүниетанымды, дүние мәдениетінде қайталанбайтын төл мәдениетті, қазақы болмысты, тіпті атадан қалған қазақы ойлау жүйесін жаңғыртудың өзі – біздің ата дінімізді жаңғыртудың бір көрінісі болмақ. Соңғы жылдары Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен ҚМДБ тарапынан қолға алынып жатқан дін мен дәстүрдің сабақтастығына байланысты іс-шаралар осындай ізгі мұрат пен қоғамдық қажетсінуден туған игі бастама екенін уақыттың өзі дәлелдеп келеді.

Осылайша, шариғаттың тыйымы мен әмірінен қуат алып, сан ғасырлық сынақтарға төтеп берген ата дәстүрімізді ардақтау – біздің мемлекеттілігімізді сақтап, ұлт болып қалуымыздың кепілі. Дінге қайшы келмейтін рухани-заттық мұраларымыз, кәсіп-шаруашылығымыз, дүниетанымымыз – Алланың қалауымен берілген болмысымызға сіңген бай рухани құндылық, материалдық мүмкіндік, ұрпақтарымызды Аллаға қалаулы құл болуына жол бастайтын Аллаберді амат екенін сезінуіміз керек. Ол үшін, ұлт болып ұйысып, жаһанданудың шаңына көміліп, батыстық кертартпа мәдениеттің жетегінде жүрген жастарымыздың санасына ата мұраның шамын жағуымыз керек. Сонда ғана олар мемлекетшіл санада, отаншылдық рухта, бейбіт сүйгіш, дінаралық түсіністікке бай, «Мәңгілік елдің» мұрагерлеріне айналады.

Оразбек САПАРХАН

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.