Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • Таң 05:19
  • Күн 06:47
  • Бесін 13:14
  • Екінті 17:30
  • Шам 19:29
  • Құптан 20:57
  • 18
  • қыркүйек

    сенбі

  • 10
  • Сафар

    1443

Исламның Құран мен сүннеттен басқа үкім шығару тәсілдері


Ислам дінінің үкім берудегі өзіндік ерекшеліктері мен жолдары, тәсілдері бар. Әрбір мәселеге жолыққан мұсылман өзіне ең әуелі Алланың сөзі болған Құран үкімдері мен Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) сүннетін басшылыққа алады. Осы орайда заңды сұрақ туындайды. Бүнгі ғасырдың Алла Елшісінің дәуірінен материалды һәм рухани тұрғыда басқаша тұстары баршылық. Бетпе-бет келген ісіміз жоғарыдағы Исламның ең негізгі екі қайнарынан табылмаған жағдайлар мен құбылыстарға қалай үкім шығармақ керек?

Міне, осы сұрақтың жауабы тақырыбымыздың тақиясын киіп отырған мәселеге қатысты. Яғни, біз дүп келген іс пен жағдайдың үкімі Құран мен сүннеттен табылмаса, Ғалымдардың ижмағы мен қиясқа сүйенеміз.

Ғалымдардың пікірі бойынша, Ислам шариғатындағы үкімдер жалпылама абсолюттік және рационалистік үкімдерден құралады. Құран мен Сүннеттегі соңғы бекіген құқықтық үкімдер абсолюттік нормаларға негізінен жататын болса, Құран мен Сүннетте үкімі кездеспейтін мәселелерге фақиһи жолмен берілген үкімдер рационалистік үкімдерге жатады..

Фиқһ мәзһабтарындағы осындай рационалистік құқықтық үкімдердің кең тараған, танымал түрлерінің бірі – ижмағ. Ижмағ – ғұламалардың бір мәселеге байланысты ортақ шешімі. Үкім шығарудың бұл түрі сонау сахабалар дәуірінде мұсылман әлемінде шешім шығарудың негізі тәсілдерінің бірі ретінде қалыптасты.

Алланың Елшісінен (с.ғ.с) білім нәрімен сусындап, қайсыбір діни үкім болмасын жалпылық, жалқылық, хал мен кеңістік мәселелерін айқын ажырата алатын ғұлама сахабалардың үкім берудегі көзқарастарының бір арнаға тоғысуынан фиқһ ілімінің сара жолы ретінде ижмағ қайнар-көзі болып қалыптасты.

Бүгінгі таңда қолданыста жүрген үкімдердің ішінде ижмағпен шығарылған үкімдер аз емес. Мәселен, «Қажылық ғибадатын орындауға асығыңыздар. Себебі, өлімнің қай мезгілде келетінін білмейсіңдер» – деген хадисті негізге алған мәзһаб ғұламалары «қажылық жасауға толық мүмкіндігі бар мұсылманның бұл парызды орындауды кешіктіруі күнә саналады», т.б

Келесі бір үкім шығарудың түрі «Қияс» деп аталмақ. Қияс дегеніміз – әлдебір тақырып немесе амалға қатысты үкімді соған ұқсас тағы бір амалмен салыстыра отырып белгілеу. Мәселен, ғалымардың мына үкімін қиясқа жатқызуға болады; Құран кәрім аралары бұзылған ерлі-зайыптылардың араларын қайта жарастыру үшін өзара қазы тағайындауды кеңес ете отырып, «Ниса» сүресі, 28-аятында «Ең дұрысы бейбіт бітім» деп, екі жақты келісімге шақырады. Сол секілді «Хужурат» сүресінде қақтығысқан екі жақтың араларының қайта жақсартылуы әмір етіледі. Осы аяттарды негізге алып, бүгінде біз мемлекет арасындағы келіспеушіліктерді бейбітшілік жолымен шешуіміз керек. Екі адам арасындағы татулықты әмір еткен дініміз мемлекет аралық келісімді әлбетте қайырлы деп табады. Ерлі-зайыптылар ажырасып жатса, екі ортада қалған балаларға обал, сол секілді мемлекетаралық қақтығыстарда да қарапайым халықтың көбі жапа шегеді.

Ал, «истиһсан» болса, сөздік мағынасы «бас тарту» дегенді білдіргенімен, фиқһ ілімінде екі нәрсені таңдау кезінде бірінен бас тартуды білдіреді.

Құран мен сүннеттен нақты шешім болмаған нәрселерде екі түрлі қияс жасау мүмкіндігі бар болған кезде, басым тартқан қолайлы қиясты үкім ретінде қарастыруды истиһсан деп айтамыз. Яғни, әлсіз қиясты тәрк ету мағынасына келетін бұл әдіс бойынша факиһтер үкімді ақылымен береді.

Ханафи мәзһабындағы истиһсан әдісімен үкім берілуі үшін қарастырып отырған мәселе бойынша Құран Сүннетте нақты үкім болмауы тиіс. Яғни, туындаған мәселеге Құран және Сүннеттен нақты шешім болмағандықтан жасалады.

Жасұлан АБУТӘЛІП

"Сәдуақас қажы Ғылмани" мешітінің найб имамы 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.