Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • Таң 04:02
  • Күн 05:51
  • Бесін 13:24
  • Екінті 18:29
  • Шам 20:46
  • Құптан 22:34
  • 13
  • тамыз

    бейсенбі

  • 23
  • Зуль-хиджа

    1441

Алла Елшісінің Нәжашиге жолдаған хаты


Ислам тарихында ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.с.) Эфиопия (Хабаш) патшасы, христиан билеушісіне жолдаған, оны Исламға шақырған хаттың мазмұны төмендегідей:

«Рахман әрі Рахим Аллаһтың атымен! Аллаһтың елшісі Мұхаммедтен Хабаш Нәжашиі (басшысы) Асхамға! Саған сәлем болсын! Мен сенің себепкерлігіңмен Мәлик, Құддус, Мүмин әрі Мүхәймин Аллаһқа мақтау айтамын! (Одан басқа тәңір жоқ). Мәриямұлы Исаның Рухуллаһ әрі Аллаһтың кіршіксіз, пәк әрі Мәриям қызға жолықтырған кәлимасы екеніне куәлік етемін. Адамды (құдіретті) қолымен әрі үрлеуімен жаратқанындай, Аллаһ оны рухынан әрі үрлеуімен жаратқан. Сені серігі жоқ бір Аллаһқа шақырамын. Және Оған мойынсұнуға шақырамын. Мен Аллаһтың елшісімін, сені маған әрі маған түсірілген кітапқа (Құран) мойынсұнуға шақырамын. Саған көкемнің баласы Жағфар мен бір топ мұсылмандарды жіберіп отырмын. Саған келгенінде оларды қадірле. Тәкаппарлықты қой, дандайсыма. Сені де, әскерлеріңді де Аллаһқа шақырамын. Өзіңе насихат айтып, дінімді жеткіздім. Насихатымды қабыл алыңдар. Тура жолға түскендерге сәлем болсын!». 

Алдымен айта кету керек, қазіргі күні қолымызда бар еңбектерде Аллаһ елшісінің Хабаш билеушісі Нәжашиге жіберген бір емес, бірнеше хат үлгілері бар. Бұдан Аллаһ елшісінің Нәжашиға бірнеше рет хат жолдағанын білуге болады. Тарихи деректер де осыны қуаттауда. Негізі Мәдина кезеңінде өте тығыз дипломатиялық қатынастар орнаған.

Өте-мөте айта кететін жайт, бұл дипломатиялық қатынастардың барлығын да Пайғамбарымыз өзі басқарып, таңғаларлықтай оң нәтижелерге қол жеткізген. Осы жемісті басқару нәтижесінде көршілес мемлекеттер Мәдинаны дербес бір мемлекет ретінде мойындай бастаған. Дипломатиялық қатынастармен қатар әскери адымдардың да пысықталуы мемлекет ретінде қалыптасу жолында маңызды рөл атқарған.

Аллаһ елшісінің Хабаш Нәжашиі (билеушісі) Асхамға жіберген хатын талдайтын болсақ, мына жайттарға қанығамыз.

1. Хат Гераклийге жіберілген хат тәрізді бисмиллаһпен басталған. Хаттың жалпы мазмұнын осы сөз айқындаған. Аллаһтың атымен басталып, Пайғамбар тарапынан Аллаһ атынан жолданған.

2. Хатта айтылған Аллаһтың Мәлик, Құддус, Мүмин, Мүхәймин секілді ерекше есімдері хат алушыны иманға келуге тарту әрекетін байқатады. Бұған қоса, хат алушы адамды Аллаһтың осы есімдері негізінде танитынын білдіру, Аллаһты осы есімдермен тануға мүмкін екендігін білдіру, алайда бұлардың барлығына қарамастан Исламның хидаят нұрына олардың мұқтаж екендіктеріне баса назар аудартылған.

3. Нәжаши христиандықты берік ұстанатын кісі болатын. Аллаһ елшісі бұдан хабардар болғандықтан, хатта хазірет Иса мен Мәриям жайында қысқа да нұсқа кейбір Құрандағы мәліметтерді келтірген. Яғни, Нәжашидің ойына келуі мүмкін мәселелер күн ілгері қозғалып, соған қажетті байыпты қадамдар жасалған. Хатта хазірет Иса мен Мәриям жайында айтылған мәліметтер де өте сыршыл әрі ерекшелігімен көзге түсуде. Өте мұқиятты түрде хазірет Исаның Рухуллаһ әрі Аллаһтың Мәриямға салған кәлимасы екені, Мәриямның кіршіксіз, пәк, қыз екендігі айтылып, хат жіберушінің қаншалықты байыпты әрі мәселеге қаншалықты қанық екендігі ұқтырылған.

4.Хатта кісіні мойындататындай өте ерекше әрі сыршыл мәліметтер өте мұқият тәсілмен айтылғаннан кейін дереу айтылатын негізгі ойға өтіп, алдын ала жұмсартылған көңіл күйдің ізін ала айтылмақшы болған иман турасындағы ойға негіз қалаған. Бір христианның Исламды қабылдауы хазірет Иса мен Мәриям арқылы жүзеге асатыны да көрсетілген.

5. Хаттағы тағы бір маңызды тұс – Аллаһқа иман етуге шақырумен қатар, Пайғамбар мен оған түскен қасиетті кітапқа да иман етуге шақыруы. Иманға шақырғанда Пайғамбар мен Құранға да мойынсұну керектігін жалпылама білдіру кейде адамның жеке жағдайына да қарайлауы мүмкін. Өйткені, Нәжаши Асхам онсыз да христиандықты ұстанатын, күнделікті құлшылықпен айналысатын кісі болған. Сондықтан адамның жеке жағдайларын да негізге ала отырып, иманмен бірге иман шарттарына мойынсұну да қатар ұсынылуы керек.

Аллаһ елшісінің Нәжашиге жіберген хаты кітап иелеріне дінді қалай жеткізу керектігі тұрғысынан да бізге дәріс беруде. Бүгінгі күні өзге кітап иелерімен қалай диалог орнату керек, диалогтың негізгі аясы неге негізделуі керек деген сұрақтарға жауап іздегендер Пайғамбарымыздың хаттарын мұқият зерттеуі қажет.

6. Аллаһ елшісінің Нәжашиге елші етіп жіберуге таңдаған адамы да ерекше еді. Амр ибн Үмәйя ибн Хуайлид әд-Дамри (р.а.) араб қоғамында және мұсылмандар арасында мығым, батыл әрі іске тындырымдығымен көзге түскен абыройлы кісі еді. Осындай қасиеттеріне қарап Аллаһ елшісі оның жеке өзін Құрайыштықтарға тыңшы ретінде жіберген. Ептілік пен батылдық қажет ететін бірқатар істерге соны жұмсаған. Осындай ерекше тапсырмалардың бірі Аллаһ елшісінің өкілі ретінде Үммү Хабибаға үйлену турасы ұсынысты жеткізуі, әрі сол некені қиюды Нәжашиден сұрауы.

7. Нәжаши хатты алу үшін тағынан түсіп, хатты сүйіп, маңдайына тигізіп, хатты оқып бітер-бітпес Исламды қабылдағанын жариялап, уақыт өткізбестен көмекшісіне мына хатты жазғызған:

«Рахман әрі Рахим Аллаһтың атымен! Аллаһтың елшісі Мұхаммедке Нәжаши Асхам ибн Әбжардан:

Уа, Аллаһтың елшісі, мені тура жолға салған әрі жалғыз Аллаһтың сәлемі мен  берекетін тілеймін. Уа, Аллаһтың пайғамбары, хазірет Исаның туылуын баяндаған хатың маған жетті. Жер мен көкті жаратқан Аллаһқа ант етейін, Иса туралы хаттағыдан асырып ештеңе айта алмаймыз. Иса хатта өзің айтқаныңдай. Жанымызда мұһажир ретінде көкеңнің баласы Жағфар ибн Әбу Талиб пен жолдастарын барынша күтіп, құрметтеудемін. Мен куәлік етемін, сен Аллаһтың жаңылмайтын, жаңылыстырмайтын сенімді елшісісің. Саған серт берем, сенің көкеңнің баласы мен жолдастарына серт берем. Көкеңнің баласының дәнекерлігімен әлемдердің раббы Аллаһқа мойынсұндым. Өзіңе ұлым Әрха ибн Асхам ибн Әбжарды жіберіп отырмын. Егер бұйырсаң, бірден сонда барайын. Алайда мен тек өзіме жауап бере алам. Дәл қазір қарамағымдағыларға сөзім өтпейді. Айтқандарыңның барлығының растығына куәлік етемін. Уа, Аллаһтың елшісі, Аллаһтың саған сәлемі болсын...».

Нәжашидің Пайғамбарымызға жолдаған хаты аса құрметпен әрі сүйіспеншілікпен қолға алынған. Аллаһқа иман, Пайғамбарға құрмет пен сүйіспеншілік хатта өте сыпайы тілмен, шын жүректен өрнектелген. Хаттың кіріспе сөйлемі ретінде бисмилланың жазылғаны көңіл аударарлық. Аллаһ елшісінің ұсынысын қабыл алғанын алдымен бисмилламен білдірген. Хатта Аллаһ елшісінің есімін өз есімінен бұрын атауы болса, мемлекет басшысының Аллаһ елшісіне деген терең құрметін байқатады.

Пайғамбарымыз Нәжашидың иман, құрмет пен сүйіспеншілігіне бір мұғжизамен жауап берген. Әбу Хұрайра (р.а.) былай дейді: «Пайғамбарымызға Нәжашидің қайтыс болған хабары жеткенде, сахабаларын ертіп жаназа оқылатын жерге барды. Бәрін жамағат қып артына тұрғызып, Нәжаши үшін төрт тәкбірден тұратын жаназа намазын оқытты».

Құдайберді Бағашар

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.