Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • Таң 04:02
  • Күн 05:51
  • Бесін 13:24
  • Екінті 18:29
  • Шам 20:46
  • Құптан 22:34
  • 13
  • тамыз

    бейсенбі

  • 23
  • Зуль-хиджа

    1441

Туыстық қатынасты үзген адам Жаннатқа кірмейді


Құранда: «Әй адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата мен Хауа анадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттарға және руларға жіктеп қойдық. Шынында, Алланың құзырында құрметтілерің тақуалы болғандарың. Алла шексіз білгір, бәрінен хабардар» – делінген («Хұжурат» сүресі 13-аятта). Бұл аят «Әй адам баласы!» деп барша адамзатқа қарай үндеу тастаған. Адамзаттың бәріде әуелбаста, бір ата-анадан, бір құрсақтан тараған, түбі біріне-бірі туыс.

Құранда: «Әй адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата мен Хауа анадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттарға және руларға жіктеп қойдық. Шынында, Алланың құзырында құрметтілерің тақуалы болғандарың. Алла шексіз білгір, бәрінен хабардар» – делінген («Хұжурат» сүресі 13-аятта). Бұл аят «Әй адам баласы!» деп барша адамзатқа қарай үндеу тастаған. Адамзаттың бәріде әуелбаста, бір ата-анадан, бір құрсақтан тараған, түбі біріне-бірі туыс.

Құдай әр бір адамды бір ұлт пен рудың өкілі етіп жаратқан. Ұлт рулардан тұрады. Ру – туысқан адамдардың жиынтығы. Мұсылман халықтар руды жақсы ұстанып, оны дамытып, туыстармен қатынасты үзбеу мақсатында білімге айналдырып, өткендерінің тарихын үйреніп, әулеттен-әулетке жетіп келген шежірелерін жазған.

Ең бірінші болып, араб халқының арасында таралған дін ислам көнеден бері арабтар ұстанып келген руларын жоқ етіп жіберген жоқ, қайта сол рулардың басын қосып, біріктіріп, араб ұлтын көтеріп, туысқандықты нығайту арқылы үлкен мемлекетке айналып, өзгелермен терезесі тең түсіп, күллі әлемге ғылым-білімде жетекші болған жоқ па?

Мұсылман мемлекеттерінің ішінде арабтар сияқты бізде де ру мәселесін ата-бабаларымыз тиянақты жүйеге келтіріп, өте жақсы жағдайда ұстанған. Бұған көп елдің әуесі келеді. Арабтар сияқты бізде де ата-бабаларының шешіресін жазып, жаттап жүреді. Қасиетті Құранда Мұхаммед Пайғамбардың руының атында арнайы «Құрайыш» сүресі де бар. Мұның өзі руын, тегін, шежірені біліп жүру дін ислам тәлімдерінен екенінің айғағы.

Хадис шәріпте: «Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уасәлләм: «Тегіңді таны да, туысқандарыңмен қатынаста бол. Аллаға ант, бір адам мен келесі бір адамның арасында әлбетте, бірдеме болады. Егер араларында туыстық барын білгенінде, әлгінің болуынан әрине, қайтарған болар еді» – дейді.

Адамдардың арасында ыңғайсыз сөз немесе іс болмай тұрмайды. Егер тегін, руын білсе (туыс болып шығуы мүмкіндігінен) әлгі ыңғайсыздықтың алды алынады. Туысы екенін білсе, сөзге келіп, ренжісіп қалмайды. Демек, адам баласы бір жамандық істеуі мүмкін. Бірақ, «туыстық» түсінігі болса, туыс екен, деп жаман ниетінен бас тартады. Негізі, Ислам кімге болса да яғни, туысқа да немесе туыс емеске де жамандық жасауға қарсы дін. Бірақ, пенденің әдеті туысқандарға жылырақ. Сондықтан тегі қай жерге барып тақалады, кім қандай туыс болады – оны біліп алған абзал. Өйткені, бір адам біреуге ұзақ туысы болса да тегі мәлім болса, сол нәрсе оларды жақындастырады. Әркім өз шежіресін, тегін, руын жақсылап үйреніп жүруі, біліп алуы, білмесе, аталарынан, үлкен қариялардан сұрап, анықтап, жаттап алуы, қатынастарын жақсы жолға қоюуы шариғатта құпталған іс.

Дегенмен, басқа ұлтты, руды төмен санау дұрыс емес. Алла мұнан қайтарған. Жоғарыдағы «Хұжурат» сүресі 13-аятта адамзат қарым-қатынасының өлшемі нақты баяндалды. Онда: «Әй адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттарға және руларға жіктеп қойдық. Шынында, Алланың құзырында құрметтілерің тақуалы болғандарың. Алла шексіз білгір, бәрінен хабардар» – делінгенді. Хадис шәріпте: «Алла тағала сендердің рең-түстеріңе, киім-кешектеріңе, байлықтарыңа, тегіңе қарамайды, бәлкім, жүректеріңе және амалдарыңа қарайды», дейді (Имам Мүслім риуаяты). Демек, Алла тағала пендесін руына, тіпті ұлтына, нәсіліне, рең-түсіне қарап қадірлемейді. Алла тағала үшін адам баласының ардақтысы, абройлысы тақуалы болғаны. Олай екен, ұлт пен руға бөлуден көзделген мақсат жерге немесе байлыққа, яки таққа, не баққа таласып бір-бірімен жаға жыртысу үшін емес, бәлкім, бірімен-бірі дос-жаран болу үшін, туған-туысқа айналуы үшін келісіп, бірлесіп жұмыс жүргізу үшін, мына жердің бетін көркейту үшін амалға асқанын баяндаған. Демек, ұлтқа, руға бөлінуден таныс, біліс арттыру ғана мақсат екенін түсіну шарт. Олай екен, ұлтқа немесе руға бөлінуді Алланың қалаған мақсатынан басқа пиғылда қолдану Алланың ирадасы-қалауына қарсы шыққанмен тең күнә боп табылады.

Исламда өз туыстарымен қатынас жасауға бұйырылған. Бірақ, өзгелердің қақ-құқықтарын аяқ асты етіп алмай абайлап, амал жасау шарт.

Мұсылмандардың өмiр сүрген ортасында өз туыстары болады. Туысқандар ата-анаға жақын ағайын адамдар. Сондықтан да дін ислам тұжырымы бойынша, ата-анадан кейiнгi орын соларға тиесiлi. Олармен қатынасты үзбей керiсiнше нығайту, қарайласу мұсылманның дiни мiндетi. Дiнiмiз  туыстарға жылы шырайлы болып сәлемiмiз, әңгiмемiз түзу болуды, көрген жерде жағдайын, денсаулығын сұрауды, олардың амандығын тiлеудi, қолынан келгенше әртүрлi тiрлiгiне көмек көрсетудi, әсiресе қариялардың көңiл күйiн бiлiп тұруды, ризашылығын алуды, олар дүниеден өткен болса, үнемi жақсы жақтарын еске түсiрудi, жағдайы нашар туыстарға қаржылай көмек көрсетудi, жағдайларын жақсарту үшiн мүмкiндiгiнше қол ұшын берудi уәжiп дәрежесiнде бұйырады.

Бірде, Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уасәлләмнан: «Кімге жақсылық жасайық (жақсылыққа лайықты жандардың ретін айтыңызшы), деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уасәлләм: «(Бірінші) Анаңа, кейін әкеңе, содан әпке-қарындастарыңа, сосын аға-інілеріңе және олардан кейін тұратын жақындарыңа (туыстық жақындығына қарай жақсылық жасау, араларыңдағы) уәжіп ақы һәм туыстық қатынас», деп айтыпты.

Туыстық қатынас адамдардың арасында мейір-шапағатты оятады. Туысқандар біріне-бірі барыс-келіс жасаса, бірі-бірінен хабар алып тұрса, жағдайы жақсысы нашарына көмек қолын созса, сырқат болғанда қалынан хабар алса, ауыр ісін жеңіл етсе, мәселелерін шешіп берсе, өз-өзінен арада мейірімділік, сүйіспеншілік, сыйластық орнайды. «Пәленше туысым маған жақсылық жасаған еді, ауырып қалғанымда келген еді, қиналғанда жәрдем берген еді», деп есінен шығармай, ескеріп жүреді.

Әбу Айюб әл-Әнсарийдің риуаятында: «Бір ағроби (сахаралық яғни, тәләм-тәрбиесі төмен) адам жол бойында Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уасәлләмның алдынан шыға келді де: «Мені жаннатқа жақындататын һәм мені тозақтан ұзақтататын амалдың маған хабарын айтыңыз» – деді. «Аллаға ғибадат-құлшылық жасағын. Оған еш нәрсені ортақ етіп қоспағын (яғни, ширк келтірме). Намазды оқы. Зекет бергейсің. Туысқандық қатынаста болғайсың» – деді» – делінген. Хадис шәріптің мағынасы төңірегіндегі басқа да риуаяттарға қарағанда, Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уасәлләм көлік үстінде бара жатқан, кенет бір бейтаныс жолды тосып, Оның көлігінің жүгенінен ұстап, тоқтатып, жоғарыдағы сауалды қойған. Яғни, «Мені жаннатқа жақындататын һәм мені тозақтан ұзақтататын амалдың маған хабарын айтыңыз» – деген. Әдетте, сауалды олай қоймайды. Ыңғайлы уақытты, сәтті тауап, сосын сауалға көшеді. Дегенмен, сауал қойған кісінің әрекеті жөнсіз болғанмен, Алла Елшісі әдеттегідей кішіпейілділікпен мәмілеге көшіп, сұраушының талабын кейінге қалдырмады. Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уасәлләм: «Аллаға ғибадат-құлшылық жасағын. Оған еш нәрсені ортақ етіп қоспағайсың (яғни, ширк келтірмегін). Намазды оқы. Зекетіңді бер. Туысқандық қатынаста бол» – деп, Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уасәлләм туыстық қатынасты бес парыздың ішіндегі намаз, зекет сияқты ислам дінінің тіректерінің қатарына қосып отыр. Жаннатқа жетелейтін һәм тозақтан алыстататын амалдардың тізіміне қосып отыр.

Әбу Айюб Сүлейманнан жеткен риуаятта: «Бейсенбіден жұмаға өтетін кеште құзырымызға Әбу Хурайра келді де: «Кім туыстық қатынасты үзген болса, орнынан тұрсын оның жағдайының ауырлығын білдіріп қояйын», деді. Үш рет қайталасада ешкім орнынан тұрмады. Сол жиыннан бір жігіт шығып кетті де, әкесімен туыс әпкесінің үйіне барды. Ол екі жылдан бері әлгі әпкесімен қатынас жасамай қойған екен. Әпкесі ол жігітке: «Ей, ағамның баласы! Келуіңе не түрткі болды?», деп сұрайды. Ол: «Әбу Хурайра (туыстық қатынасты үзген адам бар ма, орнынан тұрсын, деп ызаланып) айтып еді, содан (қателік істеп жүргенімді түсініп) қасыңызға келдім» – деп жауап берді. Сонда әпкесі «Әбу Хурайраның қасына барда неге бұлай айтқанын сұрашы?», деп өтініш білдірді. (Кейін әпкесінің өтініші бойынша, келген жігітке Әбу Хурайра былай деген екен): «Мен Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уасәлләмның «Әр бейсенбі жұмаға өтер кеште Адам ұрпағының (апта бойы жасаған) амалдары Алла тағалаға көрсетіледі. Сонда тустық қатынасты үзген адамның амалы қабыл етілмейді» дегенін есіткенмін» – деді», деп айтылған.

Демек, ислам дінінің тұжырымы бойынша, жасаған ғибадат-құлшылықтарымыз яғни, оқыған намаздарымыз, берген қайыр-садақаларымыз, істеген ізгі амалдарымыздың қабыл болуына туыстық қатынастың жақсы болуы шарт етiліп қойылған. Әркiм қолынан келгенше туыстарына жақсылық жасауы керек екен. Әйтпесе, Алла құзырында амалдарымыздың салмағы болмайды. Олай екен, ғибадаттарымыздың Алланың құзырында қабыл болуы үшiн туыстарымызбен қатынасты нығайта түсуге көңiл бөлейiк.

Туысы болса, оған еш жақсылық жасамаған болса, оны іздемеген болса, көңілін сұрап бармаған болса, еш болмағанда дұғасына қосып, Құдайдан жақсылық тілеп отырмаған болса, демек, тустық қатынас жасамағаны.

 Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын):  «Туысқандық қарым-қатынасты үзген кiсi жәннәтқа кiре алмайды», – деп туыстан қол үзудің үлкен күнә екенін білдіріп, ол күнәні арқалаған жаннатқа кіре алмайтынын ескертеді.

Құрметті мұсылман қауым! Туыстық қатынасты үзуге ешқандай себеп, желеу болуы мүмкін емес. «Маған зұлымдық жасады, сол үшін залым туысыммен қатынаспай қойдым, пәленше туыс ақымды жеп кетті, ақымды бермей онымен араласпаймын, ол кәпір, сол себепті тустық қатынасты үземін, сияқты түрлі себептер туыстық қатынасты үзуге себеп бола алмайды. Мұны ауадан алып отырған жоқпыз. Бұл пайғамбарымыздың үмбетіне көрсеткен жолы. Бұл үкім жаратушы Алланың әмірі.

Маймұн ибн Михран риуаятында: «Үш нәрсе де мұсылман да, кәпір де бірдей: Кімге уәде берген болсаң, мұсылман болса да, кәпір болса да уәдеңде тұр. Өйткені, уәде Алла тағала үшін. Кімнің туысы болса, мұсылман болса да, кәпір болса да туыстық қатынаста бол. Кім саған аманатын сенсе, мұсылман болса да, кәпір болса да, аманатын қайтар»- делінген. Аманатқа бауырлар қиянат жасаудың күнәсі ауыр. Затын аманаттаған адам мұсылман ба, кәпір ма парқы жоқ аманатына қиянат жасамау керек. Кәпірдің аманаты еді, оны қайтарып бермесем де болады деп пәтуа шығаруға ешкімнің ақысы жоқ. Аманатқа жауапты адам иесіне тапсыруы парыз.

Кімге уәде берсең де, сол уәденің үстінде тұру керек. Оның кім болуының айырмашылығы жоқ. Мен уәде берген едім, білсем кәпір екен, немесе намаз оқымайды екен уәдемнің үстінен шықпасамда бола береді, деп өз-өзіне пәтуа шығарып алуға ешкімнің ақысы жоқ.

Туыс адамның да мұсылман немесе кәпір болуында парық жоқ. Ол сенің туысың, таңдап туыс болу жоқ, Құдай туыс қылып жаратады. Сондықтан, туысың кім болсадағы онымен қатынаста бол. Оның істеген ісі күнә, өзі кәпір, намаз оқымайды, арақ ішеді одан туыстық қатынасымды үздім, деуге ешкімнің ақысы жоқ. Туыс мұсылман ба, кәпір ма, жақсы ма, жаман ба бәрі бір туыс, туыстық ақысы бар, оны орындауға міндеттелгенбіз.

Туыстық қатынас сөзіміз аят-хадисте арабша нұсқада «силат әр-рахм» деп қолданылады. «Силат» сөзі «қосу», «байлау», «біріктіру» яғни, «жақса қарым қатынас орнату» мағынасына сай келсе, «әр-рахм»нан ананың құрсағын түсінеміз. Бір қарыннан шыққан туысымызды қарындасым, демейміз бе? Сондай-ақ, қазақта: «Сұраса келе қарын бөле шығамыз» деген сөз бара емес пе? «Қарын», «құрсақ» сөздерінің арабшасы «әр-рахым», дедік.  Хадис құдусида: «Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уасәлләм: «Алла тағала: «Мен Рахманмын (өте рахымдымын). «Рахымды» (яғни, ана құрсағын) мен жаратқанмын, әрі Өз атымды оған («рахым», деп) есім етіп қойғанмын. Кім онымен (құрсақпен, яғни, бірге тарағандармен) бірге  болса, менде онымен біргемін. Ал, кім оны (құрсақты) кессе (туғаннан қол үзсе), менде оны кесемін (яғни онымен байланысымды үземін)», деген», – дейді» – делінген.  Сондықтан, бір құрсақтан тараған қарындастарымызға, әпкелерімізге, аға-інілерімізбен байланыста, қатынаста болу, мейір-шапағат көрсету, жақсылық жасап отыру, мұқтаждарына көмектесу, туыстық міндеттерді атқарып жүру уәжіп амал.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын):  «Жарлыға жасалған садақа да бiр ғана сауап бар. Осы садақа туысыңа берiлсе, екi сауапқа кенелесін. Бiрі, садақа сауабы, екiншi, туысыңа қарайласқанның сауабы» -деген (Имам Термизий риуаяты).

Абдулла ибн Ұмар (р.а.) риуаят етуі бойынша: «бір кісі өзі және бала-шағасына сауап үмітінде нәпақа жасаса, мал-дүние жұмсаса, Алла тағала міндетті түрде оған әжір-сауап береді. Өз қарамағыңнан баста. Егер артып жатса, жақыныңнан, кейін одан кейінінен. Егер олардан да артса, (өзгелерге) бере бер», дейді. Демек, нәпақа-садақаны, жақсылықты әуелі өзіңе бер, әйел, бала-шағаңа бер, кейін арасында мұқтажы бар болса, ең жақыныңнан баста. Сондықтан, бала-шағаға жегізбей, кигізбей, дүние жинап, риягершілікпен адамдар көрсін, қожакөрсін, әңгіме етіп жүрсін, деген ниетпен әр түрлі шараларға дүние жұмсау дұрыс емес. Әуелі, бала-шағаны бақ, отбасыңды түзе. Кейін туыстан хабар алып тұр. оның ішінде мұқтажы қалмаса, олардан да артып жатса, көңілге қонған жанға садақа жаса.

Кез келген адам баласы ризық-несібесінің мол болғанын қалайды, кеңшілікте өмір сүруді жақсы көреді, өмір жасының ұзақ болғанын армандайды. Осы армандарының орындалуы үшін не істемейді? Білгенінің бәрін, қолынан келгенді қалдырмай істейді. «Мынаны істесең байып кетесің», десе, соны дереу амалға асырады. «Мынадан өмір жасың ұзарады» десе оны қолданып көрмей тыным таппайды. Бірақ, осы айтылған ұсыныстардың бәрі де, шамалап айтылған, адамзат ойлап тапқан, көбінше пайдалы емес, кепілдігі жоқ шаралар. Солай болса да адам баласының қызығушылығы басым.

Адамзаттың ғасырлар бойы арман мақсаты болып келе жатқан осы нәрселерге қол жеткізудің ең оңтайлы жолы әр кім емес, Алла тағаланың сүйіктісі, соңғы пайғамбары Мұхаммед (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) уәдесін беріп, кепіл болатындығын айтып, амалға асуына күмән қалтырмай сендіріп, былай дейді: «Кiмде-кiм рызық-несiбесiнiң кең болуын, өмiрiнiң ұзақ болуын қаласа, ата-анасына жақсылық жасасын,  туған-туысқа қарайлассын».

Абдулла ибн Әбу Әуфадан риуаят етіледі: Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уасәлләм: «Туыстықты үзген бір қауымның үстінен (Алланың) рахматы жаумайды» – деді. Сол арада отырған бір жігіт: «О, Алла Елшісі!  Менің анаммен туыс әпкем бар. Мен онымен сөйлеспей жүрмін», дейді. Сонда Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уасәлләм: «Орныңнан тұр да, онымен тілдес», деп бұйырды» – делінген.

Осы хадис бәрімізге өрнек, қараңыз, Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уасәлләм әлгі сахаба жігіттен әпкесімен сөйлеспей қойғанының себебінде сұраған жоқ. Түсініктеме жасауында талап етпеді. Тіпті насихат айтыпта отырмады. Керісінше, дереу орныңнан тұр да, барып, сөйлес, деп әмір берді. Бұл хадис тустық қатынастың маңыздылығына меңзейді.

Бір адамның тустық қатынасты үзген себебінен, сол адамның туыстарының бәріне де Алланың рахматы түспей қоятынын ұқтырады. Мысалы, аға-іні, әпке-қарындастардан араларынан бірі бір себеппен туыстықты үзетін болса, қалғандары да Алланың рахматынан мақрұм болып қалады екен.

Ешқандай себеппен туыстықты үзуге болмайды. Бір дүниелік себеппен, ақшаға, затқа, не малға таласып, біріне-бірінің сөзі өтіп, көңілін жаралап, ақыларына қиянат етіп қойып, біріне-бірі қол көтеріп қойсадағы туыстық қатынасты үзуге болмайды. Алланың құзырына барғанда жауабын туыстықтан қол үзген адам береді. Қол үзгенше ол, күнәсі үшін тәбе жасап, оны қайта істемесе, ізгі амалдар жасаса, Құдайдың жарылқауын тілесе, ең негізі, туыстық қатынаста болып жүрсе, Алланың рахматынан үміттеніп жүруге ақысы бар. Өйткені Алла: «кім туыстық қатынаста болса, онымен біргемін», деп тустық қатынасты нығайтып жүргенмен бірге екенін, оған жақын екенін айтты.

Туыстық қатынасты үзген кісі қандай жақсы амалдарды жасап жүрсе де ақыретте, Алла тағаланың құзырында ауыр жағдайда қалады. Өйткені, бірде-бір жақсы ісі қабыл болмайды. Барша жақсы істері тіпті қажылығы мен ұмрасының да сауабы бекерге кетеді. Ең жаманы Алланың рахматы нәсіп болмайды. Өйткені Алла: «кім туыстық қатынасты үзсе, одан қатынасымды үземін», деп ескертіп қойған. Тағы бір жаманы соның кесірінен оның басқа да жақындары, тусқандары, руластары, ауылдастары, елі де Алла тағаланың рахматынан мақрұм болуы мүмкін. Бір ақымағының кесірінен бәрі де жапа шегуі мүмкін. Сондықтан, әрбір қоғам, ауыл, ел бір-бірінен хабар алып ішімізде сондайлар пайда болып қалмасын, бәріміз оның кесірінен бір пәлеге қалмайық, деп өзара туыстық қатынасты нығайтуға шақырып тұрулары керек. Туыстық қатынастарға мықап тұрып, шақыру, «мұны істеме, бұл ісің жақсы емес», «сенің себебіңнен бізде Алла тағаланың рахматынан құры қалмайық», деп насихат айтумен қатар талап етіп отыру да қажет екен.

Өйткені, осындай жағдайда келесі жақ қандай екенінің парқы жоқ, залым ба, пасық па, тіпті кәпір ме, айырмашылығы жоқ, туыстық қатынасты үзген күнәһар саналады. Келесі жақты Алланың өзі тура жолға салуы, күнәсін кешіруі, оған мейрімін төгуі, мүмкін. Бірақ, туыстықты үзген жақ Алла тағаланың рахматынан екі дүниеде де несібесіз қалуын ойласын. Осы әңгімені естігендер дереу әлгі пайғамбардың әңгімесін естіген жігіт сияқты өз айыбын түсініп, қатынасқа көшсін. Сөйлеспей жүргендер сөйлессін, жақсылық жасамай қойғандар жақсылығын жасасын. Бұл үкімге бойсұнбағандар Алла тағалаға, Пайғамбарына бойсұнудан бас тартқандар. Қияметте Алланың рахматы, пайғамбардың шапағаты нәсіп болмауынан қорықсын.

Туыстарымыз, ел-жұртымыз аман болсын. Туыстық қатынастарымыз тек нығайсын. Туыстық қатынасты үзбей, туыстарымызбен бірге келе жатқан мына сіздер мен біздерге Алла ұзақ ғұмыр берсін, ризық-несібелерімізді молайтсын. Бір-бірімен араздасып жүрген бауырларымызға Алла ынсап-тауфиқ берсін. Алла бәрімізді жарылқасын ағайын!

Бақтыбай ҚЫДЫРБАЙҰЛЫ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.