Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • Таң 03:12
  • Күн 05:00
  • Бесін 13:23
  • Екінті 18:58
  • Шам 21:37
  • Құптан 23:25
  • 4
  • шілде

    сенбі

  • 13
  • Зуль-ка’да

    1441

Оразаның парыз болу шарттары


1. Мұсылман болу: Ораза мұсылмандарға парыз. Сондықтан  жаңа  мұсылман  болған  жандарға  өткен жылдардағы ораза секілді ғибадаттарына  қаза керек емес. Олардың бейне бір жаңа туған сәбидей барлық күнәсі кешіріледі: Құранда Аллаһ Тағала: (Мұхаммед) «Күпірлік еткендерге егер олар жамандықтан тыйыл- са, өткен күнәлары кешіріледі. Ал егер олар қайталаса, сонда өткендегілердің де үкімі орындалады» де».

2. Балиғат жасында болуы және ақыл-есі түзу болу: Бала мен ақыл-есі ауысқан, талған адамға немесе мас адамға ораза ұстау парыз емес. Бұлардың санасы толық болмағандықтан, мұндай әмір оларға жүктелмейді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Үш адамға қалам жазылмайды: Балиғат жасына жетпейінше балаға, ақыл- есі түзу болғанга дейін ақылы кеміске, оянғанға дейін ұйқыда жатқан адамға329. Яғни, сана аса маңызды. Аллаһтың әмірі саналы жандарға келген. Жеті жасқа кірген кезден оразаға күші жететін қыз бала мен ер балаға ата-анасы ораза ұстатып үйрету керек. Мақсат– балаларды оразаға баулу. Ақыл-есі кемтар не есінен танып қалған адамдарға уақытша болса да ораза парыз емес. Ақылға орнына келсе, қазасы өтелмейді.

3. Ораза ұстауға күші жету және тұрғын болу: Науқас немесе жолаушыларға ораза парыз емес. Бірақ ораза ұстаса, оразасы дұрыс. Ал ораза ұстамаса, басқа күндері оразасын қаза етеді. Құранда олар жөнінде былай дейді: «Ораза санаулы күндерде. Кімде-кім науқастанса яки жолаушы болса, басқа күндері өтесін»330. Кәрілік жасқа келіп, ораза ұстауға шамалары келмеген жандарға ораза парыз емес. Сонымен қатар хайыз, нифас кезіндегі әйелдер және өзі немесе баласына зиян тиуі ықтимал екі қабат әйелдер мен бала емізген әйелдерге де парыз емес. Кәрі адамдар ораза орнына пидия береді. Олар оразаның қазасын да өтемейді. Жолаушыға келсек, ол 90 шақырымнан астам жерге жолаушылап шықса, жолаушы саналып, ораза ұстамауына рұқсат. Бірақ кейін ұстамаған күндерінің қазасын өтейді.

 

Оразаның дұрыс орындалу шарттары

1. Хайыз бен нифастан таза болу: Хайыз бен нифас жағдайындағы әйелдер уақыты өткеннен кейін оразаның қазасын өтейді. Бірақ бір адамның түнде немесе күндіз жүніп күйінде болуы, ораза ұстауына кедергі емес. Бірақ мүмкіндігіне қарай, ауыз бекітпес бұрын, ғұсыл алу – абзал.

2. Ниет: Барлық  оразаға  жүрекпен  ниет  ету – жеткілікті.  Бір адам түн жарымында  ертеңгі күннің ораза екенін біліп, бұл айда ораза ұстайтынын жүректен өткізсе немесе сәреге тұрса, бұл ісі ораза ұстауға ниет са- налады. Бірақ тілмен айту мәндүп. Барлық оразаға түнде немесе таң уақыты кірмей тұрып ниет ету – абзал. Рама- зан оразасына ниет етерде әрбір күніне жеке-жеке ниет ету шарт. Себебі, әрқайсысы өз алдына жеке ғибадат. Бұл – фақиһтердің басым көпшілігінің пікірі. Оразаға ниет ету екіге бөлінеді. Бірінші – түнде ниет ету. Бұларға қарыз болған оразалар жатады. Яғни, Рамазан қазасы ұстап, бірақ аяқталмай қалған нәпіл оразаның қазасы және кәффәрат оразасы мен жалпы атау (нәзір) оразасы осы топқа жатады. Міне, мұндай оразаны ұстайтын адамдар түнде немесе таң атпай тұрып ниет ету шарт. Ақшам уақытында шешім қабылдау мен сәреге тұру да ниетке жатады. Екінші – түнде ниеттену мен анықтау шарт емес оразалар: Бұған Рамазан оразасы, уақыты белгіленген атау оразасы және мұстахап, мәкрүһ, сонымен қатар, барлық нәпіл оразалар жатады. Мұндай оразаларға ақшамнан бастап, ертесі күні түске дейін ниет ете алады. Бірақ бесіннен бұрын мұндай оразаға ниет ететін адам екінші шапақтан бері еш нәрсе ішіп-жемеген болуы керек. Бесіннен бұрын нәпіл оразаға ниет ете алуға мына хадис дәлел: Аллаһ Елшісі бір күні Айшаға былай деді: «Бесінге тамақ бар ма?». Айша: «Жоқ», – деп жауап қайтарды. Сонда Аллаһ Елшісі: «Онда мен ораза ұстаймын», – деді. Кісі түнде қандай да бір оразаға ниет етсе, бірақ екінші шапақ атпай тұрып, ниетінен бас тартса, бұл бас тартуы дұрыс саналады. Сол секілді оразасын бұзуға ниет етіп, аузын ашпаса, оразасы дұрыс болып санала ды. Ниет еткенде екі ойлы немесе шарт қою арқылы ниет етпеу керек. Мысалы: «Ертең пәленше қонаққа шақыра қалса, аузымды ашуға, егерде шақырмаса, ораза ұстауға ниет еттім» дегендей ниет жарамсыз. Рамазан түні немесе күндіз есінен танып қалып, түс уақытынан бұрын айығып ниет етсе, оразасы жарамды. Бір адам Рамазан айында уәжіп немесе нәпіл оразаға ниет етсе, ол Рамазан оразасына ниет еткен болып саналады. Бұл мәселеде мейлі тұрғын, мейлі жолаушы, тіпті науқас адам болсын ешқандай айырмашылық жоқ. Сол секілді бір оразамен әрі кәффарат, әрі нәпіл оразаға ниет етсе, оразасы кәффарат ниеті үшін жарамды. Бірақ бір ораз- амен әрі қазаға, әрі ант кәффаратына ниет етсе, екеуі де жарамсыз. Мұндай ораза нәпіл оразаға айналады. Бір әйел хайыз кезінде түнде оразаға ниеттенсе, екінші шапақтың атуынан бұрын хайыз мерзімі аяқталса, оразасы жарам- ды. Қапастағы жандар Рамазан айының келгенін біле алмай күмәнданса, өздерінің иштиһаттар – болжамдары бойынша, шешім қабылдап, бір ай ораза ұстайды. Бұл – құбыла мен намаз уақытының анықталуына ұқсайды. Кейіннен рамазан күнінен кем ұстаған болса, ұстамай қалған күндерінің  қазасын өтейді. Егер Рамазаннан бұрын ұстаған болса, бұл тек нәпіл оразаға жатады.

 

Ораза ұстағандар үшін мұстахап нәрселер

Ораза ұстағандарға мына нәрселерді жасау– мұстахап.

1. Бір жұтым су да болса сәресіде тұрып, ішіп- жеу. Пайғамбарымыз  (с.а.у.) бұл тұрғыда: «Сәресіге тұрыңдар. Өйткені, сәренің тамағында берекет бар»331. Басқа бір хадисінде: «Сәресі тамағы берекет. Бір жұтым су да болса, оны тастамаңдар. Өйткені, Аллаһ сәресіде тамақтанғандарға рақымдылық етіп, періштелері де олар үшін кешірім тілейді»332, – дейді.

Екінші  шапақ  атқанға  дейін  сәресіні  кешіктіру де – мұстахап. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Үмбетім ауыз ашарда асығып, сәресіні кешіктірген уақытта әрқашан жақсылықта»333, – деген.

2. Ауызды ақшам намазынан бұрын ашу. Намазда адамның көңілі ауыз ашуға ауып тұратындықтан, ауыз ашуға асығу – мұстахап. Бұған жоғарыда айтылған хадис куә. Сонымен қатар, ауызды құрма немесе сумен ашу  сүннет. Пайғамбарымыз (с.а.у.) осылай ашқан.

3. Ауыз ашарда мына дұғаны оқу – сүннет:

Оқылуы: «Аллаһуммә ләкә сумту уә бикә әәмәнту уә‘аләйкә тәуәккәлту уә ‘ала ризқикә әфтарту уә саумәл- ғади мин шәһри Рамадана нәуәйту, фәғфирлии мәә қаддамту уә мәә аххарту». «Аллаһым! Сенің ризалығың үшін ораза ұстадым. Сенің берген ризығыңмен аузым- ды аштым. Саған иман етіп, саған тәуекел жасадым. Рамазан айының ертеңгі күніне де ауыз бекітуге ниет еттім. Сен менің өткен және келешек күнәларымды кешір».

4. Аузы берік жандармен бірге ауыз ашу және жоқ- жітіктер мен кедейлерге қол ұшын беру – мұстахап. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Аузы берік жанды ауызашарға  шақырып  тамақ берген – ораза ұстаған адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді.

5. Таң уақыты кірмей жүніптік, хайыз және нифас- тан тазалану: Мұндағы мақсат – оразаны таза бастау. Бірақ аузы берік тұрып, жуынуға да болатынын ескерте кетейік. Мұндай кезде судың тамаққа кетіп қалмауын қатты қадағалау керек. Әйелдің хайыз яки нифас мерзімі түнде аяқталып, оразаға ниет етсе, және де жүніп кісі жуынбай ораза ұстаса, оразасы жарамды.

6. Аузы берік адамның жақсы сөздер сөйлеуі, бос сөз бен орынсыз іс-қимылдардан бойын аулақ ұстап байсалдылық  танытуы  – мұстахап.  Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Жалған сөйлеу мен жалған сөздермен әрекет етуді қоймаған адамның ішіп-жеуді ғана доғаруы Аллаһқа қажет емес. Басқа бір хадисінде: «Небір ораза ұстағандар бар. Олардың оразасында шөлдеу мен аштықтан басқа ешқандай пайдасы болмайды. Небір түнде тұрып, нәпіл ғибадат еткендер бар. Бірақ бұл әрекетінен ұйқысыздықтан басқа ешқандай пайда таппайды». Сонымен қатар, Рамазанда «Мен оразамын» деу – сүннет. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Кімде-кім аузы берік болса, жаман сөз сөйлемесін. Дауыс көтеріп, айқай шығармасын. Біреу оған тіл тигізсе немесе онымен керіскісі келсе оған: «Мен оразамын» десін.

7. Аузы берік адам бос уақыттарын нәпіл ғибадаттармен, ғылыммен, Құран оқумен, зікір, салауат айтумен өткізу керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Рамазанда Жебірейіл екеуі бір-біріне кезекпе-кезек Құран оқып, тыңдасатын».

8. Жалпы Рамазан айының ең соңғы он күнінде иғтиқафқа кіру – сүннет. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Рамазанның ең соңғы он күнінде көп ғидабат жасай- тын.

 

Аузы берік кісіге мәкрүһ және мәкрүһ емес нәрселер

1.  Себепсіз бір нәрсенің дәмін тату немесе шайнау  – мәкрүһ. Бұл оразаның бұзылуына себеп болуы мүмкін. Бірақ көп кісіге пісірілген тамақтың дәмін қадағалау үшін, тамақтың дәмін көріп, түкіріп тастауға болады. Дәмін татқан уақытта тамаққа кетпеуі шарт.

2. Аузы берік кісіге сулы мисуакты  қолдану  –мәкрүһ.

3. Дәрет алған кезде аузына, мұрнына суды көп пайдалану – мәкрүһ.

4. Бал немесе май секілді сатып алатын нәрселердің қандай екенін білу үшін дәмін татып көру – мәкрүһ.

5. Шайналып тәттісі кеткен ақ сағызды шайнау –мәкрүһ. Ал, жаңасын шайнауға мүлдем болмайды.

6. Аузы берік адам әлсіреп өзін сақтай алмайтындай болса, қан алдыруы – мәкрүһ. Егер көтере алса, мәкрүһ емес. Ең жақсысы, күн батқан соң қан алдыру.

7. Рамазанда қатты ыстықтап салқындау үшін ауыз бен мұрынды сулау және суық сумен жуыну – Әбу Юсуп бойынша, мәкрүһ емес. Өйткені, мұндай уақытта адамға жеңілдік туады. Фәтуа осы үкімге берілген.

8. Өзіне сене алмаған аузы берік жанның әйелін сүюі  – мәкрүһ.  Өзіне  сенсе,  мәкрүһ  емес.  Хадисте Пайғамбарымыздың (с.а.у.) зайыбын сүйгені және әзілдегені жайлы айтылады.

9. Аузы берік адамның жүніп күйінде таң атыруы немесе күндіз ихтилам болуы оразаға зияны жоқ.

10. Аузы берік жанның гүл не әтір секілділерді иіскеуі, сүрме жағуы, мұртын майлауы – мәкрүһ емес.

 

Ораза бұзылғанда қазасы ғана өтелетін жағдайлар

Емдік мақсатта денеге бір нәрсе кірсе, ораза бұзылады. Қазасын өтеу керек. Қателесіп, бір нәрсе ішіп-жеу оразаны бұзады. Яғни бір адам ораза екенін біле тұрып, қателесіп бір нәрсе ішіп-жесе,  оразасы  бұзылады.  Мысалы,  дәрет алып жатқан кезде байқаусызда  тамағына су кетіп қалса, қарды аузына салып, ол да тамағынан өтсе, оразасы бұзылады. Қазасы өтеледі. Егер де ораза екенін ұмытып істесе, ораза бұзылмайды. Тістерінің арасынан шыққан қан түкірікпен бірдей немесе одан көп болып тамақтан өтсе ораза бұзылады. Аз болса, бұзылмайды. Өйткені, көлемі аз қаннан сақтану қиын. Ұмытып  бір  нәрсе  ішіп-жеу  немесе  ұмытып ерлі-зайыптылардың  бір-біріне жақындауымен ораза бұзылмайды. Өзінің ораза екенін білмей бір нәрсе жеген адамның есіне ораза екендігін салмау – мәкрүһ. Егер әлсіз, кәрі біреу болса, есіне салмау абзал. Сол секілді өздігінен іштен келген ауыз толмаған құсық өздігінен қайта кері қайтса, ораза бұзылмайды. Бірақ адамның өзі жұтса, ораза бұзылады. Және аузы берік адам өз қалауымен ауыз толтырып құсса, ораза бұзылады. Өйткені, бұл дәретті бұзумен қатар, аз немесе көбі ішке қайта кетеді. Бұның қазасы керек. Яғни, мейлі аз, мейлі көп, әдейі ішке құсық жұтылған кезде ораза бұзылады. Ауыз толы құсық қақырық  болса, Әбу Ханифа мен Имам Мұхаммед бойынша, оразаға ешқандай зиян тигізбейді. Жоғарыдағы мәселеге мына хадис дәлел: «Аузы берік адам құсқысы келіп, өзіне ие бола алмаса, оған қазасын өтеу міндетті емес. Өз қалауымен құсатын болса, оразасын қаза етсін». Жеуге жарамайтын әрі ұзақ тұру мүмкіндігі жоқ нәрселердің тамақтан өтуі оразаны бұзбайды. Мысалы, ауаға жайылған түтін, шаң оразаны бұзбайды. Көз бен құлаққа сұйық дәрі тамызса, ораза бұзылмайды. Ал, мұрынға тамызылса, бұзылады. Қазасы өтеледі.

 

Ораза кезінде ине салдыруға бола ма?

Ине ектірудің оразаны бұзып-бұзбауына байланы- сты кейінгі Ханафи ғұламалары арасында екі түрлі үкім бар.

А) Әбу Ханифаның «терең жараға жағылған дәрілік майдың оразаны бұзатындығы» жайлы пікірін негізге алған ғалымдар, ине арқылы тамырмен денеге бір нәрсенің тарайтындығын алға тартып, ораза бұзылады деген. Қоректік жағы дау тудырғанмен, қабылданған ондай заттың денені күшейтетіндігі белгілі. Ендеше,  дәрі  мейлі  ауызбен  ішілсе  де, инемен қабылданса да кәффаратты қажет етпейді, бірақ, ораз- аны бұзады және қазасы өтеледі. Ине ектірген адам не сол күні ораза ұстамауы не инені сәресі мен ауызашар уақыттарына қалдырғаны жөн.

Ә) Ал Әбу Ханифаның шәкірттері Әбу Юсуф пен Мұхаммедтің «терең жараға жағылған дәрілік май ораз- аны бұзбайды» деген пікірін негізге алған ғалымдар, ине ектірудің оразаны бұзбайтындығын айтқан. 1948 жылы Әл-Әзһар университетінің  Фәтуа Комиссиясы ине ектірудің оразаны бұзбайтындығы жөнінде фәтуа берген. Өйткені бұл емдік тәсілінің ауызға дәрі салып жұтуға ұқсамайтындығы анық. Сондай-ақ демікпе не тыныс жүйелерінде ақауы барлар да ауызға дәрі ша- шыратса, ол өкпеден өтіп, асқазанға жетпейтіндіктен оразаны бұзбайтындығы алға тартылған. Кейбір аурулар- дан қорғану мақсатында ине ектіру де оразаны бұзбайды. Өйткені бұндай жағдайда денеге қорек алу көзделмейді делінуде. Бірақ, қоректену мақсатында денеге қуат беретін арнайы гемоглобин секілді нәрселерді ине арқылы қабылдау оразаны бұзады. Жоғарыдағы  қай пікірді таңдаса  да, ұстанса  да негізгі  жауапкершілік таңдаушыға тән. Негізі, дініміз сырқаттанған немесе ем қабылдап жүрген кісілердің ораза ұстамауына рұқсат еткен. Сондықтан емдікке ине қабылдап жүрген адамның жақсы емделіп, болашақта құлшылықтарын үлкен ықыласпен атқаруы мақсатында Рамазан кезінде ораза ұстамағаны жөн. Бұл көзқарас сақтық тұрғысынан да абзал екені сөзсіз. Ендеше бұл – өздері шешетін мәселе. Ал, ауырса да көпшілікпен бірге ораза ұстап, Ра- мазан айының қасиетінен құр қалғысы келмеген кісі екінші топтағы фиқһ ғалымдарының пікіріне сүйеніп, ораза кезінде қоректік емес инелерді қабылдай беруіне болады. Бірақ, сәресі уақыты шықпай тұрып немесе ауыз ашардан кейін ине салдыру мүмкін болса, онда  күндіз салдырмағаны жөн.

 

Қойшы мен алма ағашы

Қойшы қарт қойларын өрістетіп, жайылымға жайған сайын дөңге жақын өскен бір алма ағашының түбіне барып дем алатын, егер жеміс піскен мезгіл болса, алма ағашымен тілдесіп: - Қане, балам, қарттың алмасын бере ғой,- дейтін. Сөйткенше болмай дәмі тіл үйіретін, исі аңқыған, балбырап піскен бір алма жерге топ ете түсетін. Қарт болса, кішкене бәкісімен әлгі алманы асықпай тілімдеп кесіп, өзімен бірге ала келген торсығындағы айранымен қоса сәл жүрек жалғағаннан кейін әкесінен қалған Құранын баппен қолға  алып, жайлап оқи ба- стайтын. Қойшы қарт бұл алма ағашын осыдан жиырма жыл бұрын отырғызған кезде жиі-жиі суғарып, намаз алдында беті-қолын шайған дәрет суының қалғанын да ырымдап соның түбіне төгетін. Қарт жүзін шайған сол судың шарапаты тиді ме, әйтеуір, алма ағашының тамыры тез жан алып, аз уақытта-ақ бой көтеріп, жеміс бере бастады. Қойшы қарт ол кезде жас болғандықтан қай әдемі алмаға көзі түспесін, кішкене ғана ұмсынып қол созғаны жетіп жатыр еді. Алайда, одан бергі қаншама жыл ішінде қарттың бойы аласарып, белі бүгілді, ал алма ағашының болса, керісінше бойы барынша биіктеп, шынар ағашындай жайқалып кеткен-ді. Бірақ алма ағашы қанша жайқалып өскенімен мәпелеп өсірген баланың аты бала емес пе? Оны баласындай көретін қарт  ағаш бұтақтарын алақанымен жай ғана сипап тұрып: - Қане, балам, - дейтін, - бүгінгі несібемді түсіре ғой? Айтқанындай, көп пәлсінбестен бір алма түсуші еді. Бұл көрініс дәл осы қалпында бірнеше жылдан бері қайталанып келе жатқан-ды. Тіпті қарт сұрағанда, алманың түспей қалған бір де бір күні кездескен емес. Ауыл адамдары болса, таңғажайып бұл құбылысты сырттай бірнеше мәрте байқап, қойшы қартты «әулиеге» жорысып қойғалы қашан. Қарт кісі ағаш көлеңкесінде аздап тынығып, нама- зын оқығаннан кейін  әдеттегідей сол күнгі алмасын сұрады. Алайда, бір таңғаларлығы,  ағаш бұтақтары жеміске толып тұрса да, қарт қолына ештеңе түспеді. Қарт өз қалауын қанша қайталағанымен бәрібір ештеңе бола қоймады. Күткені орындалмай, кірпігі мен сақалы тарам-тарам  жасқа оранған қарт үнсіз ғана алыстап қойларына кетіп бара жатты. Жеміс бергелі «баласы» қарттың көңілін еш қалдырып көрген емес еді. Мәпелеп өсірген баласына дәл осы жолы көңлі қатты қалды. Көңілі құлазыған қарт бойы бұл жолы тіпті шөкімдей боп, бұрыңғыдан да ала- сарып, белі де бұрыңғыдан бетер бүкшие түскендей. Малдарын қайырып, ауылға бет алғанда мешіттен әуелеп шыққан азанға құлақ түрді. Азан өте бір ерекше, әуезді үнмен оқылып жатқандай. Тіпті астарынан өзгеше қуаныш та сезілетін секілді. Бірден іркіліп, бойын жинап ала қойды. Қарт байғұс өмірге қайта келгендей күй кешті. Өйткені есіне бір нәрсе түскен болатын. Бұл жолы көзіне қуаныштан жас алып, балаша мәз болған қарт бірден әлгіндегі алма ағашына қайтадан жеткенше асықты. Келе сала оны айналып-толғанып, кең құшағын төсей құшақтаған қарт:- Күнім, әшейін,- деді иегі кемсеңдеп жылаған күйі,- айналайын, балам, жарығым! Ұмытшақ мен байғұсты ренжітпей тұрып-ақ білдірсең болмас па еді?! Бүгін Ораза айының алғашқы күні екен ғой?!..

* * *

Сонымен қатар мына жағдайдағылар бұзылған оразасының тек қана қазасын өтейді

1. Дәрет алып жатқанда немесе басқа себептермен тамаққа су кету.

2. Ұйқыдағы адамға су ішкізу.

3. Ауыр жұмыста жүрген кезде ауырып қалу немесе өзіне бір зиян тиюінен қорқып оразасын бұзуы.

4. Ұмытып бір нәрсе ішіп-жеген кезде «оразам бұзылды» деген оймен ішіп-жеуді жалғастыру.

5. Түнде ниет ете алмай күндіз ниет еткен адамның бұған көңілі толмай ішіп-жеуі.

6. «Күн батты» деп жаңылысып, аузын ашса, бірақ күннің одан кейін батқанын білсе, оразасын бұзғаны үшін, тек қана қазасын өтейді. Сәресіде тамақ ішіп отырған кезде таң уақыты кірсе дереу аузындағысын шығарса, ораза бұзылмайды.

7. Түнде оразаға ниеттеніп, бірақ таң ертең жолға шығып, жолда оразасын бұзатын болса.

8. Түнде ораза ұстауға ниеттенген жолаушының тұрғын болуға ниеттенгеннен кейін жеуі. Бір адам Рамазан айынан тыс біле тұра оразасын ішіп-жеу, зайыбына жақындау арқылы бұзса, Рамазан айында болмағаны үшін тек қана қазасын өтейді.

 

Әрі қаза, әрі кәффарат қажет еттірген жағдайлар

Бұлар екіге бөлінеді:

1. Ешқандай себепсіз азық немесе азықтың ерекшелігі бар барлық заттарды әдейі біліп жеу. Мысалы: әдейі жеу, ішу, темекі шегу. Бұлардың барлығы тамаққа кеткен кезде әрі қаза, әрі кәффарат керек. Бірақ азықтар ауызда езіліп, жұтылмайтын болса, дәмі де тамақтан өтпесе, ораза бұзылмайды. Сонымен қатар біреуді ғайбаттағаны үшін қан алдырғаннан кейін немесе сүйіскеннен кейін ораза бұзылды деп ойлап, әдейі жеу де кәффаратты қажет қылады. Сол секілді аузындағы жаңбыр тамшы- ларын әдейі жұту кәффаратты қажет еттіреді. Тұз жеу де осындай. Бұл жайлы Хазреті Әлидің риуаят еткен мына хадисі дәлел: «Ораза кіргеннен ғана бұзылады, шыққаннан емес».

2. Аузы берік жанның зайыбымен жақындасуы. Мұның дәлелі Рамазанның күндізінде әйелімен жақындасқан бір адам Пайғамбарымызға (с.а.у.) білдіреді. Пайғамбарымыз оған кәффарат үшін бір құл азат ету, оған шамасы жетпесе, екі ай қатарынан үзбей ораза ұстау керектігін яки оған да күші жетпесе алпыс жоқ-жітікті тойдыру қажеттілігін айтады342. Екі ай ораза ұстауға шамасы жеткен адам жоқ-жітіктерді тойдыру мүмкіндігін кәффарат жолына пайдалана алмайды.

 

Оразаны бұзбайтын жағдайлар

1. Ұмытып  ішіп-жеу  немесе білмей жыныстық қатынаста болу. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Аузы берік адам ұмытып ішіп-жесе, оразасын бұзбай толықтырсын. Өйткені, оған жегізген де, ішкізгенде – Аллаһ»343. Басқа бір хадисте: «Рамазанда ұмытып ора- засын бұзған адамға қаза да, кәффарат та керек емес» – делінген. Ұмытқан адам есіне түскен кезде дереу тоқтатуы керек.

2. Бір адам  таңертең  жүніп  болып  тұрса  және кешке дейін де осылай жүніп күйінде жүрсе, оразасы бұзылмайды. Бірақ, әлбетте, намаз оқу үшін ғұсыл алу парыз. Аллаһ Құранда: «Егер жүніп болсаңдар, толық тазаланыңдар»345, – дейді.

3. Қан алдыру немесе сүлік салдыру оразаны бұзбайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) қажылықта аузы берік кезінде қан алдырған.

4. Құлаққа су кіру, бұлық ағу оразаны бұзбайды.

5. Көзге, құлаққа дәрі тамызу немесе көзге сүрме жағу оразаны бұзбайды.

6. Мисуак оразаны бұзбайды. Өйткені, мисуак қолдану – сүннет. Тіпті тіс пастасын қолдану да оразаны бұзбайды. Бірақ ішке кетіп қалса бұзылады. Ең абзалы таң намазы кірмей тұрып жуу.

7. Тіс жұлдыру оразаға кедергі жасамайды. Бірақ жұлдырған уақытта ауыздағы қанды яки дәріні жұтпау шарт.

8. Ауыз бен мұрынға су алып шайқау оразаны бұзбайды. Бірақ тамаққа кетпеуін қадағалау қажет.

9. Тамаққа түтін немесе топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшылары еріксіз кірсе, оразаға зиян бермейді. Бірақ бұларды әдейі ішіне тартса, ораза бұзылады.

10. Түкірік немесе мұрынды тарту арқылы бір нәрсе тамаққа кетсе, ораза бұзылмайды.

11. Тістердің арасында қалған тамақ қалдықтары ноқаттан кішкене болса, оны жұту оразаны бұзбайды. Гүл, әтір секілді жақсы иістерді иіскеу оразаға зиян бермейді.

12. Еріксіз құсу (ауыз толы құсық болса да) оразаға кедергі жасамайды. Және оның еріксіз ішке қайта кетуі де.

13. Салқындау үшін жуыну, жүзу немесе ылғалды бір көйлек кию оразаны бұзбайды. Бірақ су жұтпастан суға батып жүзу қиын болғандықтан түспеу абзал.

 Ораза ұстай алмайтындардың жағдайы 

Ораза ұстауға шамасы келмеген жандарға фидия беру – уәжіп. Бұлар ауруларының айығуы үміт етілмеген жандар мен ораза ұстауға шамасы жетпеген қарт кісілер. Олар оразаның  орнына әрбір күні үшін бір кедейді тамақтандырады. Фидияны ақшалай беруге де болады. Бір кедейді отыз күн таңда және кешке тамақтандыру немесе алпыс кедейді бір күн таңертең яки кешке тамақтандыру жеткілікті. Құранда Аллаһ Тағала «Ораза ұстауға шамасы келмейтіндер бір жарлының тамағын төлесін»,348 – дейді. Ибн Аббас бұл аят жайлы былай дейді: «Аят – кәрі адам- дар үшін түскен. Оразаны өтеу – парыз». Дегенмен кейбір қариялар жоқ-жітікті тамақтандыруға шамасы келмесе, Аллаһтан кешірім тілейді. «Аллаһ адамға көтере алмай- тын жүкті бермейді». Сол секілді жазылмайтын науқасқа да фидияның уәжіп болғаны жайлы Ислам фақиһтері арасында ауызбірлік бар. Мұндай адамға ораза ұстау парыз емес. Оған мына аят дәлел: «Аллаһ сендерге дінде қиыншылық жасаған емес».

Мұхитдин Исаұлы. Қайрат Жолдыбай. Ислам ғылымхалы кітабынан алынған! 258-272 беттер аралығы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.