Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • Таң 03:12
  • Күн 05:00
  • Бесін 13:23
  • Екінті 18:58
  • Шам 21:37
  • Құптан 23:25
  • 4
  • шілде

    сенбі

  • 13
  • Зуль-ка’да

    1441

Ауыз аштырудың мол сауабы


Қасиетті рамазан айы мұсылман үшін Аллаһтың рақымы мен шапағатына бөленетін, сауабы мен берекесі мол ай. Рамазан айының рамазан айы болуының өзіндік себептері бар. Біріншіден, бұл айда Құран түсті. Екіншіден, исламның бес парызының бірі болған оразаны осы айда ұстауға әмір етілді. Үшіншіден, мың айға тең келетін Қадір түні осы айдың еншісінде. Рамазан айының шарапаты мен сауабы тек ораза ұстаумен ғана шектелмейді. Бұл айда жасалған амалдарымызға еселеп сауаптан жазылмақ. Сол сауабы мол амалдың бірі — аузы берік жанға ауыз аштыру.

Ауыз аштырудың сауабы мол. Аузы берік жанға бір құрма немесе зәйтун ұсынып, ауыз аштырса, ауыз ашар сауабын алады және күнәсі кешіріледі. Бұл жайында ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бір адам осы айда аузы берік бір адамға ауыз аштырса, күнәлары кешіріледі. Ораза ұстағанның сауабындай сауап алады», — дегенде сахабалардың кейбіреулері ораза ұстаған жанға ауыз аштыратындай жағдайлары жоқтығын айтады. Сонда оларға: «Бір құрмамен ауыз аштырғанға да, тек сумен ауыз аштырғанға да, аз ғана сүтпен ауыз аштырғанға да осы сауап беріледі», — дейді (Бәйхақи риуаяты).

Дініміз бойынша, өзгелерге ас-су беру сауапты амал екендігін баршамыз білеміз. Ал рамазан айында аузын бекіткен бауырларымызға тамақ беру одан да сауапты іс. Демек, мұсылман адам өзі ораза ұстап, шексіз сауапқа кенелгендей өзгелерге ауыз аштырып, солардың ұстаған оразаларындай тағы да сауапқа қол жеткізеді. Бұл қандай ғажап амал?! Мұндай сауабы мол амал ешбір дінде жоқ.

Хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде былай дейді: «Кім бір мұсылман бауырын ауыз ашар уақытында тамақтандырса, оның сауабындай сауап алады. Аузы берік жанның сауабынан ешнәрсе кемімейді» (Тирмизи риуаяты). Осыған ұқсас тағы бір хадисінде де: «Бір қажыны немесе мужаһидті (Аллаһ жолында күресуші) қамтамасыз еткен және олардың жанұясына қарайласқан немесе ораза ұстаған бір кісіге ауыз аштырған, солардың сауабындай сауап алады. Олардың сауабынан ештеңе кемімейді», — деген. (Бәйхақи риуаяты).

Рамазан айы кірісімен мұсылмандар бір-бірлерін ауызашарға шақыра бас-тайды. Әсіресе міскін мен жағдайы төмен жандарды қонақ етуге тырысады. Мұсылмандар негізінен ағайын-туыс, жора-жолдас, дос-жарандарын ауызашарға шақырып, рамазан айының сауапты да игілікті амалдарының бірін орындауға ниет білідіріп жатады. Қонаққа шақырумен адамдар қарым-қатынастарын жақсарта түсері сөзсіз. Мұндай игілікті іс өзгелердің жомарттық сезімдерін оятары анық.

Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) дастарқанымызда жетімдер, жағдайы төмендер мен ізгі жандар үшін орын айыруымызды өсиет еткен. Өкінішке орай, қоғамымызда ауызашар деген кезде құстың сүтінен басқаның бәрі бар дастарқан елестейді. Қонақтан ұят болмасын деген ниетпен осылай дастарқан жаюға тырысып жатады. Ал ондайға жағдайы келмеген жандар ауызашар беруге ыңғайсызданып, тіпті, бере алмай қалатыны жасырын емес. Мұндай әрекеттер үкімі парыз болған ағайын-туыспен арақатынасымызды жақсартуға кедергі келтіреді. Әрине, бұлай дастарқан жасау Аллаһ Елшісінің (с.ғ.с.) сүннетіне де қайшы. Сондықтан ауызашар бергенде шектен шықпайық, ысырап етпейік.

Ораза ұстаған жанның әрбір ісі сауабы мол амал болса, дұғасы да қабыл болады. Бұл жайында Хз. Әбу Һурайраның риуаяты бойынша Пайғамбарымыз (с.ғ.c.): «Дұғалары кері қайтарылмайтын үш кісі бар: ораза ұстаған жанның ауыз ашарда жасаған дұғасы; әділдікпен ел басқарған патшаның дұғасы; зұлымдыққа ұшыраған жанның дұғасы (қарғысы). Аллаһ зұлымдыққа ұшыраған жанның дұғасын сол сәтте қабыл етеді. Оған аспанның есіктері ашылады», — деген (Тирмизи риуаяты).

Періштелер де көктен құралақан түспейді

Ауызашар кезінде үй иесіне астан соң дұға ету — сүннет. Бірде Соңғы елші (с.ғ.с.) Сағд ибн Муаз есімді сахабасының үйінде ауыз ашады да оларға: «Қасыңызда үнемі аузы берік жандар ауыз ашсын. Асыңызды жақсы адамдар жесін. Періштелер де сендерге дұға мен истиғфар етсін», — деп дұға етеді (Ахмад ибн Ханбал, Муснад). Иә, олай болса, біз де қонаққа барғанда әуелі Аллаһқа шүкіршілігімізді айтып, дастарқан иесіне осылай дұға етейік.

Ауызашар берген жан үшін періштелер де дұға ететіндігін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мына бір хадисімен хабар беріп кеткен: «Рамазан айында кім адал табысынан аузы берік жанға ауыз аштырса, рамазанның барлық түнінде періштелер оған дұға етеді. Қадір түнінде Жәбірейіл онымен амандасады. Жәбірейіл кіммен амандасса, оның жүрегі жұмсарып, көздерінің жасы көбейеді». Сонда риуаят етуші сахаба: «Уа, Аллаһтың Елшісі! Ораза ұстағанға ауыз аштыратын ештеңе болмаса не істейді? Маған айтыңызшы», — дегенде: «Бір уыс тағам да жеткілікті», — деді. Ол: «Бір үзім нан да таба алмаса ше?» — дегенде: «Аз суға араластырған сүт берсін», — деді. Ол: «Қасында ол да болмаса ше?» — дегенде мейірімділік Жаршысы (с.ғ.с.): «Бір жұтым су бер», — деген еді. Рамазан айы келгенде періштелер ораза ұстағандарға дұға ететіндігі жайында Хз. Әли былай дейді: «Рамазан айы келгенде Аллаһ Тағала Аршты көтеріп жүретін періштелерге былай деп бұйырады: «Енді өздеріңнің тәспихтарыңды тоқтатып, Мұхаммед үмметі үшін истиғфар етіңдер» (Рамузул-әхадис).

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде: «Қонақ дастарқанда отырғанша періштелер үй иесіне дұға етеді», — дейді.

Ауызашар демекші, бір күнде бірнеше кісі конаққа шақырып, ауыз аштырып, сауап алуға ниет етері сөзсіз. Алайда мұндай жағдайда біз: «Екі адам бірдей шақырса, есігі жақын болғанға барыңыз. Өйткені есігі жақын болғанның ақысы бірінші кезекте келеді» (Бухари риуаяты) деген хадисіне сай амал етейік.

Ауызашар сәтте немен ауыз ашу қажеттігі жайында көбіне пікір қайшылығына түсіп жатамыз. Бұл жайында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетін орындай алсақ, нұр үстіне нұр болмақ. Хз. Әнәс былай дейді: «Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) (шам) намаз оқымастан алдын бірнеше жаңа піскен құрмамен ауыз ашатын. Егер ондай құрма болмаса, құрғақ құрмамен ашатын. Ол да болмаса, бірнеше жұтым су ішетін» (Әбу Дауд, саум; Тирмизи, саум).

Иә, қадірменді бауырлар! Рамазан, он бір айдың сұлтаны болумен қатар, сауабы шексіз амалға толы ай. Сондықтан ораза ұстаған жанға ауыз аштырып, сауапты істе жарысайық!

Смайыл Сейтбеков,

ҚМДБ-ның Діни оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.