Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • Таң 03:12
  • Күн 05:00
  • Бесін 13:23
  • Екінті 18:58
  • Шам 21:37
  • Құптан 23:25
  • 4
  • шілде

    сенбі

  • 13
  • Зуль-ка’да

    1441

Діни экстремизм рия үшін жасалған амал


Қоғамымызда айрандай ұйыған береке-бірлігіміз үшін сәт сайын шүкір етіп, Жаратқанға мадақ айтқан мұсылмандардың қатары көбейіп келе жатқаны көңілді қуантып, сана түкпіріне «Мәңгілік елдің» болашағына деген сенім отын жағады. Дегенмен, соңғы жылдары діни бостандық пен сенім еркіндігін желеу еткен әсіре діни ұйымдардың экстремизм мен терроризмдік пиғылдарының бар екенін тиісті құзырлы мекемелер растап отыр.

«Хизбут-таһрир», «Әт-такбир уәл хижра», «Табихшылар», т.б жат пиғылдары расталып, экстремистік бағыттары анықталған кейбір топтардың қызметіне заң бойынша тыйым салынғаны да белгілі.

Тақырыбымызға тұздық болып отырған «экстремизм» сөзіне тоқталсақ, «Энциклопедиялық анықтамалықта» «жалпы түрде ешбір мөлшерді, тәртіпті мойындамайтын, өзінің шектен шыққан пікірі мен іс-әрекеттері арқылы ерекшеленген адамдарды білдіреді» деп анықтама берілген. Ал, Ислам дінінде бұлайша ерекшеленудің үкімі рия амалына жатады.

Алла Тағала қасиетті Құранда «Ниса» сүресі, 48-аят:

إِنَّ اللَّهَ لَا يَغْفِرُ أَنْ يُشْرَكَ بِهِ وَيَغْفِرُ مَا دُونَ ذَلِكَ لِمَنْ يَشَاءُ وَمَنْ يُشْرِكْ بِاللَّهِ فَقَدْ افْتَرَى إِثْمًا عَظِيمًا

«Алла Тағала өзіне серік қосуды кешірмейді. Ал, бұдан өзгенің бәрін қалаған адамына кешіреді»,-деген. Осы аятта тілге тиек болған «Аллаға серік қосу» екі түрге бөлінеді: Біріншісі – үлкен ширк, екіншісі – кіші ширк.

Үлкен ширк дегеніміз жарату, басқару, билеу, ризықтандыру, тірілту, өлтіру, т.б Алла Тағаланың сипаттарын жаратылғанға телу, яғни құлшылығын, сенімін Алладан басқа біреуге немесе бір нәрсеге байлау, Алла лайықты құлшылықты сол затқа лайықты деп есептеу. Сол затқа Алла Тағаланың есімдері мен сипаттарын таңу арқылы, оны Құдай дәрежесіне шығару.

Ал, кіші ширкке рия амалы жатады. «Рия» дегеніміз көзге түсуге тырысу, құлшылықтарды көзбояушылық үшін, біреудің мақтауы, дәріптеуі үшін орындау сияқты жеккөрінішті амалдар жатады.

Имран ибн Хусайн адамзаттың Ардақтысының (с.ғ.с.) хадистерінің бірін баяндап былай дейді: «Шын мәнінде сендер үшін қорқатын нәрселерімнің ішіндегі ең қорқыныштысы – сендер кіші ширк жасап қоя ма деп алаңдауым». Сонда адамдар оның не екенін сұрағанда: «Бір істі көзге көріну үшін жасау»,-деп жауап берген.

Иә, адам баласының өміріндегі барлық істері құлшылық саналатынын ескерсек, басқа түскен қиыншылық пен қалыптасқан жағдайларға сабыр ету, кез-келген істе жат пиғылдан аулақ болуға тырысу, төзімділік таныту да құлшылық саналмақ. Белгілі топ пен кейбір адамдардың аздыруына еріп өзін жару, сол арқылы топ ішінде өз иманын дәлелдеуге, өзінің батылдығын көрсетуге ұрыну, ұйым мүшелері алдында бедел жинауға бой алдыру да рия амалына жатпақ. Себебі, рия дегеніміз – Алла үшін орындалу керек болған амалдарды «адамдар көрсін немесе көрсе екен» деген секілді пейілмен жасау. Мұны қазақ: «Қожа көрсін», «көз бояушылық» деп те айтады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кішкентай ширктен сақтаныңдар!» – деп ескерте келе, «кіші ширктің» не екенін сұраған сахабарына: «Ол – рия», – деп жауап береді. Тағы бір хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.) тағы бірде хадисінде Қиямет күні амалына ширк қосқан адамға: «Кім үшін істесең, сауабыңды содан ал!», – деп айтылатыны баяндалады. Демек, бір топтың мүддесі үшін немесе әлдебір ағымның сойылын соғып экстремистік әрекеттерге барудың ақыры кіші ширкке ұрындыратынын білген абзал.

Мұны тіпті кейбір бауырларымыз білмеуі де мүмкін. Адам баласы «мен амалымды Бір Алла үшін ғана жасап жатырмын» деп ойлағанымен де, өзі білмейтін «рия» амалы араласуы мүмкін. Мұны байқамай, сезбей қалу қаупі тағы бар. Ол жайында Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) бір хадисінде: «Қараңғы түндегі қара тастың үстінде өрмелеген қара құмырсқаның байқалмағаны сияқты, рияның да ғибадатқа араласып кеткенін байқамай қаласыңдар»,-деп ерекше сақтандырады. Сондықтан адам баласы әр ісінде толық ықыласты болып, кіші ширкке жататын рия амалдардан, өзгелерден ерекшеленуден қатты сақ болған абзал.

Ата заңымызда діни наным-сенім еркіндігі берілгенімен, бұл еркіндіктің тыныштықты бұзып, халық бірлігіне қарсы әрекеттерге себеп болатын діни наным-сенімге қаратылмағанын да ескерген жөн. Сондықтан, Ата дініміз бен басқа да құқытқық нормаларда тыйым салынған, дінімізде шектелген экстремистік әрекеттерден барынша сақтанғанымыз дұрыс. 

 

Жұманазар Садырханов,

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің Бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.