Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • Таң 04:02
  • Күн 05:51
  • Бесін 13:24
  • Екінті 18:29
  • Шам 20:46
  • Құптан 22:34
  • 13
  • тамыз

    бейсенбі

  • 23
  • Зуль-хиджа

    1441

Алтыннан да асыл жан


Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Барша мақтау мен мадақтар әлемдердің Раббысы Аллаға ғана тән. Алланың салауаты мен сәлемі Пайғамбарымызға, оның отбасына, сахабаларына және барша үмметіне болсын.

Әлемде жуықтап алғанда жеті млрдтан астам адм бар. Ал ең алғашқы адамнан бастап есептесек санына жетпесіміз анық. Бұл уақыт аралығында дүниеден талай азаматтар, пайғамбарлар, ғалымдар мен атақтылар өтті. Солардың ішінде Алланың қалауымен ең асылы сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) екенін сіз білесіз бе? Не себепті екенін ойланып көрдіңіз бе?!

Құранда «Сендерге аяттарымызды оқу мақсатында әрі сендерді рухани тазартып, кітабымызды және хикметті һәм басқа да білмеген нәрселеріңді үйрету үшін араларыңнан бір кісіні пайғамбар етіп жібердік» делінгендей Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.) жер бетіне адамдарға тура жолды көрсетуші етіп жіберілгендігі айтылады. Сонымен қоса Құранның бірқатар аяттарында Алла тағала құлдарын Өзіне және Пайғамбарға бағынып, бойұсыну керектігін ерекше талап еткен.

Әр адам алдына мақсат қойса, оған жетудің жолдарын қарастырады, амал етеді. Мұсылманның мақсаты Алла разылығына бөлену болғандықтан ол мақсатқа жетудің жолын Құраннан табады. Мысалға «Әл Ғимран» сүресінің 31-аятында «(Уа, Пайғамбарым!) оларға былай деп айт: «Егер Алланы жақсы көрсеңдер, онда маған еріңдер. Сонда Алла да сендерді жақсы көріп, күналарыңды жарылқайды»,-деп шынайы «мен мұсылманмын» деушілерге бақыттың кілті айқын ұсынылып тұр. Яғни, Алланың разылығын алу үшін Алланың бұйрықтарына және Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннетіне бағыну – біздің міндетіміз. Мұндағы бағыну деген өте ауқымды мағынадағы сөз. Себебі Құранда «Алла елшісінде сендер үшін керемет өнеге бар» делінгендіктен, біз Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өсиет қылып айтқан әр сөзінен, істеген амалдарынан, мінезінен, адамдармен қарым-қатынасынан, тіпті ішіп-жеу мен отырып-тұруынан үлгі-өнеге алуымыз керек.

Ол (с.а.с.) бағаланбас жомарттық пен кеңпейілділігімен ерекшеленді. Адамдарға сыйлық беріп, жүздеріне күлкі ұялататын. Жабир, оған Алла разы болсын, «Одан не сұрасаң да, ешқашан «Жоқ» демейтін» деп жеткізген.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) адамдардың ең ұяттысы, әрі өзгелерден қарағанда көзін жиі төмен қарататыны еді. Адамдардың кемшілігін іздемейтін, көріп тұрса да бетіне баспай тұспалдап көркем жеткізе білетін.

Адамзаттың ең шыншылы, ең сенімдісі болған ол ешқашан өтірік айтпаған, біреудің мүлкіне, тәніне де, жанына да зиян тигізбеген. Тіпті пайғамбарлық міндет жүктелмеген кездің өзінде халық оны «Әмин», яғни «сенімді, шыншыл» деп атап, соттың туралығын шешуге жүгінетін.

Қарапайымдылығы соншалық, Айша (р.а.) айтқан: «Киімдерін өзі тігетін, аяқ киімін жөндеп алатын, үй шаруасына көмектесетін». Қандай шаруа жасаса да, үйде не болмаса сахабалармен болғанда елден ерекшеленбейтін. Кедеймен де, құлмен де, патшамен де, баймен де, отбасымен де көркем қатынаста болған.  Балаларға да ерекше көңіл бөліп, ойнап, оларға қуаныш сыйлайтын. Оған байланысты хадистер өте көп.

«Имандылық екі жартыдан құралады. Бір жартысы – сабырлық, екінші жартысы – шүкірлік» екені рас. «Әлхамдулилля, мұсылманмын» дейтін әр пенде Пайғамьарымыздың осы хадисін үнемі есте сақтағаны жөн. Қазіргі кезде заманның өзгерісте болуы, әлемнің күннен-күнге күналы іске жақын боп бара жатқаны және тағы да басқа Аланың сынақтарын бастан кешіп жүрміз.  Иманымыздың ләззатын тата алмай, имандылығымыздың артпай жатқанын сезе бастаймыз. Сол сәтте адамзаттың асыл тәжі болған әз Пайғамбарымыздың (с.а.с.) амалын еске түсіреміз. Алланың қалауымен ислам дінін таратуда адамдар оған таспен атқылағанда мүбарак денесі қанға малынса да, намаз оқып тұрғанда түйенің жаңа сойылған ішек-қарнын үстіне тастай салса да, өз Отанынан қуса да түрлі сынақтарға сабыр етті. Алла Тағала пайғамбар қылып, барша күнадан пәк қылса да, ол күндіз кешірім сұрап, түнімен аяғы іскенше Аллаға шүкірлік етіп намаз оқыды.

Алтыннан да асыл Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мінезінің көркемділігі сонша, бір шығарма түгілі 14 ғасыр бойы сан ғалым сансыз еңбек жазса да айтып тауыса алмаған. Сол себепті шығармамды қорытындылай келе айтарым: Ол (с.а.с.) сізді де, мені де жақсы көрді, біздің әрқайсымызды уайымдап, Алладан көп дұға тіледі. Оның тәні өлсе де, арамыздағы махабат өлмеді. Алла Тағала әрқайсымыздың жүректегі махабатымызды мәңгі қылсын. Себебі «Адам Алла мен Оның Елшісін барлық нәрседен жақсы көрмейінше, мұсылман бауырын тек қана Алла Разылығы үшін жақсы көрмейінше, Алла тура жолға салғаннан кейін имансыздыққа қайтуды тозақ отына түсуді қаламағанындай жек көрмейінше иман дәмін татпайды деп айтты» және Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Кім мені сүйсе, менімен жаннатта бірге болады» деген.

Шығарманы жазғанға, оны оқығанға Алла разы болсын. Раббымыз баршамызды тура жолға салып, ақыретте Алланың сүйікті құлы, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) үмметінен болуымызды нәсіп етсін.

 Аманолла Гүлзат Нұроллақызы,

"Пайғамбар өнегесі - адамзаттың асыл мұрасы" ІІI орын жүлдегері

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.