Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • Таң 04:02
  • Күн 05:51
  • Бесін 13:24
  • Екінті 18:29
  • Шам 20:46
  • Құптан 22:34
  • 13
  • тамыз

    бейсенбі

  • 23
  • Зуль-хиджа

    1441

Қарт адамнан алған әсерлі ой


Түні қысқа жаз айларында бір күні. Таң намазына ерте оянып мешіт жанында отыр едім. Мешітке еңсесі еңкейген, белі бүкірейген ақсақал келе жатты. Асығыс мешітке кірді де, дәрет алуға бағытталды. Үлкен кісі.. құлап қалмасын деген оймен артынан мен де бардым. Ақсақал құлайтындай емес. Ішінен әлдеқандай дұғаларды күбірлеп жүріп, сауатты дәрет алды да намаз залына беттеді. Атамыз ешқайда бұрылмастан мешіт сәлемін оқыды, кейін қолына Қасиетті Құранды алып екі аятты қайталап жаттап отырды.

Алыстан қарап қоямын. Шөгелдігі мен мұқияттылығы таңдандырды. Аздаған уақыттан кейін таң намазы да оқылды. Кейін атамның қасына жақындап қартты аздаған әңгімеге тарттым.

– Ата, жасыңыз келген уақытта үйіңізде оқып тыныш жата бермейсізбе деп сұрадым.

Сонда атам былай жауап берді.

– Е-е, балам! (Терең күрсінді). Мені жетелеп жүрген – өкініш. Сен әлі жассың ғой... Уақытыңды бағала. Сендер бақыттысыңдар! Еліміз тыныш, қалаған уақытыңда келсең, мешіттер ашық. Келгің келген уақытта сабақ та үйрене аласыңдар. Біздің кезде мешіттің маңынада жолатпады. Құран жаттамақ түгілі, оқуға мұрсат бермеді...

Мен мүлгіп тыңдап отырмын. Бекерден парқы жоқ өтіп бара жатқан жастық дәурен көз алдымнан тізбектеліп өте бастады... Өзінің Құран жаттап жүргенін айтты қарасам атам күніне екі аяттан жаттап жүр екен сөйтіп бір айда алпыс аят, бір жылда екі пара жаттайды екен. Құран жайында біраз әңгіме өрбітті, сөз соңында атамыздың жасын сұрасам 92-де болып шықты.

Құранға деген махаббаты мен бойындағы күш-қуатына таң қалдым. Әрине, медресе шәкірті ретінде Құран жаттап, намазын қаза етпей, Құдайдан қорыққан тақуалардың жүзінде нұр, бойында қайрат болатынынан хабардармын. Қарттың бойындағы күш-қуаттың сыры Құран жаттауда жатқанын түйсіндім. Шындығын айтқанда, қазіргі таңда оқимын деген адамға мүмкіншіліктер көп. Қалаған уақытта келсең де мешіттеріміз құшағын жая қарсы алады. Ал, осыған баруға да ерінетіндерімізде аз емес. «Мұысылманбыз, «Құран» оқи аламыз (бағыштау үшін)» деп масаттанамыз. Бірақ, арапша мағанасымен оқуға тырыспаймыз, жаттамаймыз. Ол үшін табандылық танытпаймыз. Алайда, өз нәпсілеріне еріп «тілім келмейді» деп сылтауратамыз.

Қасиетті Құран Кәрімде; «Ей , Адам баласы! Сендерге айдан анық нұрды Құранды түсірдік» деген («Ниса» сүресі, 174-аят). Бұл аятта адам баласына түскенін айтып тұр. Демек «анық нұр» болған, екі дүние бақытына жетелейтін Құранды неге оқып үйренбеске?! Құранның пайдасы жайында Әбу Үмәмә (р.а) жеткен хадисте «Алла елшісі (с.а.с.) «Құран оқыңдар. Өйткені, Құран қиямет күні (Құран) оқығандарға шапағатшы болады»,-деп айтқанын естідім»,-деген. Демек, қашалықты көп оқитын болсақ, өзіміздің пайдамызға болатынын айтып отыр. Ал, біз және біз секілді жастар осыны қаншалық ескеріп жүрміз?

Хакім Абай атамыз өлеңінде «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, Пайдасын біле тұра тексермедім»,-деп жас кезде алған білімнің артықшылығын айтып өткен. Ендеше, «Жасында ғылым бар» екенін ескеріп, Ислам құндылықтары мен Құраннан сабақ алу үшін қолын мезілінде сермеген кісіден ешкім ат-тонын ала қашпайды. Сол үшін де, ғұламаларымыздың «Жас кезде алған ілім тасқа қашап жазғанмен тең. Қартайғанда алған ілім құмға жазғанмен тең» деген даналық сөзін естеріңізге тағы бір мәрте салғым келді.

Дулат Қадырұлы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.