Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • Таң 04:02
  • Күн 05:51
  • Бесін 13:24
  • Екінті 18:29
  • Шам 20:46
  • Құптан 22:34
  • 13
  • тамыз

    бейсенбі

  • 23
  • Зуль-хиджа

    1441

Пайғамбар өнегесі - адамзаттың асыл мұрасы


Бісміллә! Бір Аллаһтың атымен қаламымды қолыма алып ақ қағаз бетіне ыңғайланбақпын.  Әлеуметтік желі  «В Контакте»  арқылы  осы  сайыстан  хабардар болуыммен-ақ, асыл  пайғамбарымыз  Мұхаммед  Мұстафа (с.а.с) жайлы ой тербеуге ниет еттім. Жалғыз Хақтың қалауымен бұл ниетім де орындалмақ Әлһәмдулилләһ!

Адам баласы өмірге келіп, бойын түзеп, есін жиып, оң мен солын ажырата бастағаннан түрлі тылсым ойлар мазалайды екен. Ол ойлар сансыз сұрақтарға ұласып, жаныңа тыным бермейді. Сұрақтарға  жауап іздеп біраз арпалыс ойлар ішінде қалып қоятының тағы бар. Бала кезімізде  Халық  педагогикасы  біздерге «Судың  да  сұрауы  бар» деп  үйретіп  жататын.  Сол  кезде сұрақтар туындайтын.  «Судың?  Кім сұрайды? Қалай сұрайды? Не үшін сұрайды?»(бала ойлар ғой)

Жас өскен сайын сұрақтар да күрделене түспек. «Өмір?! Не үшін өмір сүреміз? Адамзат баласының өмірге келудегі мақсаты не? ..Ееее...!!! Тіпті, арықта аққан судың  да  сұрауы  бар  болса,  демек,  мен  әр  ісіме  жауап  бермекпін  ғой  Хақтың алдында.  Бұл  өмірді  сынақ дейді, демек, сыннан өте алу немесе құлау өзіме тікелей  байланысты  ғой!!!» Сааансыз  сұрақтар  және  сұраққа  ілескен  ішімде қандай  да бір  жауаптар. 

Жалғыз Раббысын еске алғанда ғана тыным табушы жүрегім, Аллаһтың мұғжизаларын  көруші  көзім,  Аллаһты  еске  салушы  үнді  есітер құлағым, күллі  жаратылысты  тану  үшін  ақылым, санам, ойым бар.  Демек, мен адаммын!

Мен Адам әлейһисалламның ұрпағымын! Жәннат үшін жаратылған адам баласынымын.  Ендеше, Хакім  Абай  атам айтқандай «Атымды  Адам  қойған  соң, қалай  надан  болайын.?!»

Аллаһ  Тағала   адамдар  мен  жындарды  не  үшін  жаратты?  Күдіксіз жауап.  Әрине, өзіне  құлшылық  ету үшін! Демек, мен  құлмын!  Әлемдердің  Раббысы  Рахман  иесінің  құлымын!  Өмірдегі  ең  үлкен  тәуелсіздік- бір Аллаһқа тәуелділікті сезіне алған және мақтаныш тұтқан құлмын! Себебі, мен Мұсылманмын. Мен бүкіл жаратылыстың ішіндегі ең үстемі, ең қадірлісі және ең көркемі  болған  пайғамбар  Мұхаммедтің  (с.а.с.)  үмметімін!  Сезінген жанға қандай  бақыт!

Мұхаммед  пайғамбар- Ұлы шапағатшы!

Қасиетті  Құранда Хақ Та'ала  «Сені  әлемдерге  рақымдылық  етіп  жібердік»  (Әнбия сүресі, 107) және  1хадис  хұдсиде «Сен болмағанда, сен болмағанда еш нәрсені  жаратпас едім,» -дейді.  Я, РасулАллаһ,  демек  бүкіл  жаратылыс  тек  сіздің  құрметіңізге  жаратылғаны   ғой!  Осы бір  аят пен хадис сіздің  Аллаһ алдында дәрежеңіздің қаншалықты  үстемдігін көрсеткендей, сіздің қаншалықты ардақты екендігіңізді  пайымдау  үшін  біз  үмметтерге   жетерлік-ақ.  Бірақ, Аллаһ  алдында сондай  үстем  болғаныңызбен,  бұл  фәнидегі өмір  жолыңыз  басқалардыкінен  аса ауыр  болды  және мойныңыздағы жауапкершілігіңіз аса күрделі болды.  Я, Расулаллаһ,  біз  сіздің  ғасырыңызда  өмір сүрмедік, сіздің мүбәрак жүзіңізді көрмедік, сізбен тілдесе алмадық. Бұл  нығмет  біздерге бұйырмады.  Дегенмен,  арамызды  сан  ғасырлар  бөлсе  де,  сізге  деген махаббат, сағыныш әр мұсылманның  жүрегінде. Бірде сахабаларыңызбен отырғанда «Бауырларымды сағындым» деп көзіңізге жас алып едіңіз, сонда  сахабалар: «Я,  Расулаллаһ, біз  емес пе бауырларыңыз »- деп  сұрағада, сіз: «Жоқ, сендер менің достарымсыңдар,  ал  бауырларым  менен  кейінгі келетін, Ислам дінін берік ұстайтын нәсіл, менің үмметім»- деген жауабыңыз бізге бір тірек іспеттес  Я, Расуллалаһ.   «Көбейіңдер, қияметте сендердің көптіктеріңмен мақтанамын»-деген  сіздің  өсиетіңіз  әр мұсылманның  жүрегінде  Пайғамбарлар  сұлтаны.   

Бүкіл  адамзатқа  үлгі  боларлық   ғибратты   өмір  өнегесін   қалдырдыңыз.  Сіздей  аса мәртебелі  Аллаһтың   Хабибінің  өмір  жолын  білу,  танысу,  үйрену  және  үйрету біз  үмметке  үлкен  бақыт.

Тарихқа  көз  жүгіртсек,  бірде  сахабалардан  Жабир бин  Абдуллаһ:   «Я, Расуллалаһ!  Аллаһу  Та'ала  ең  әуелі  нені  жаратты?»- деп  сұрағанда: «Бәрінен    бұрын  сенің  пайғамбарыңның,  яғни  менің  нұрымды өз нұрынан жаратты.   Ол  кезде  ләуһ,  қалам, жұмақ, тозақ ,  періште,  көктер  мен   жер,  күн   мен  ай,  адамдар  мен   жындар  жоқ  болатын,»- деген  едіңіз.     

 Адам  әлейһиссаламның  жүрегі  мен денесі жаратылғаннан соң, екі қасының ортасына   қонған  «Нұр-ул  Мухаммади»  шолпан   жұлдыз  секілді  жарқыраған.  Бұл нұр  сонау  Адам  атадан  сізге  жетуі  үшін  таза аталар мен аналардан өтті. Бұл жөнінде Аллаһу Та'ала 1 аятта: «Сен, яғни, сенің нұрың әрдайым сәжде жасайтындардан   өтіп, саған жеткен  (Шу'ара ,219)» деп  қасиетті Құранда келтіреді.

Әлемдерге  рақымдылық   етіп  жіберілген  пайғамбарым  Мұхаммед!

Сіздің   өмірге   келуіңізді  сонау   Адам   әлейһиссаламнан  бастап  124мың  пайғамбар  өз  үмметтеріне  сүйіншілеп келген. Мұса әлейһиссаламға келген, кейіннен  өзгертілген  Тәуратта: «Ол  сондай  қасиетті   жан, өте мейірімді, көмекшіл. Кедейлердің  қалаулы адамы, байлардың емшісі. Ол көркемдердің көркемі,  тазалардың   тазасы.  Сөйлескенде  жылы  сөзді, бөлістіру ісінде әділ барлық әрекетте адал.  Кәпірлерге  қатал. Үлкендерді  құрметтейді, кішілерге  рақымдылық  көрсетеді. Аз  нәрсеге  шүкіршілік  етеді. Тұтқындарға  жанашырлық  танытады.  Әрдайым  жылы жүзді әрі күлімдеп жүреді. Ол-Аллаһу Та'аланың  Расулы. Оның  үмметінің  мінез-құлқы  жақсы.  Олар  биік   жерлерде   тұрып  Аллаһу  Та'аланың  есімін  естеріне  алады. Азаншылары  мұнараларда  халықты  намазға  шақырады.  Дәрет  алып  намаз  оқиды. Ол  Меккеде дүниеге келеді. Мәдинадан   Шамға   дейінгі  жер оның билігінде болады. Есімі-Мұхаммед. Бұзылған діндерді жойып, дұрыс дінді орнықтырмайынша  оны  дүниеден  шығармаймын.  Ол   халықты   Хаққа  шақырады. Оның берекесімен көрмейтіндердің көздері ашылады, көреді, естімейтіндердің құлақтары естиді, жүректерден  жаңсақтық  кетеді»

Иса  әлейһиссаламға  келген,  кейіннен   өзгертілген  Інжілде:  «Ол  көп  жемейді, сараң  емес.  Қулық   жасамайды.  Ешкімді   жамандамайды, асықпайды.  Өзі  үшін   өш  алмайды.   Жалқау  емес.  Ешкімнің  артынан  ғайбаттамайды,»- деп айтып кеткен.

  Хижреттен  53жыл  бұрын,  Піл  оқиғасынан  2 ай  өтіп, рәбиуләууәл айының  12-сі дүйсенбі күні  Әлем қайта жаңғырды.  Қараңғлыққа нұр төгілді. Аллаһу Та'аланың нұры Cіз Мұхаммед Мұстафа (с.а.с) дүниеге келдіңіз.

Әлемнің тірегі! Болмыстардың негізі! Адамдардың мырзасы Пайғамбарым! Сіз туылған  сәтіңізден  сәжде  жасап , «Лә  илләһә  илләлаһ  инни  расулиллаһ» деп  анық  тілде  айтқаныңызды   Бибі  Сафия  риуаят  етеді.  Туыла  сала  сәжде  жасап «Уммәти, Уммәти» деп тіл қатқаныңыз сіздің  Үмметіңізге  деген  махаббатыңыз  таусылмас   бір теңіздей  екенін  көрсеткендей. Дүниеге келуіңіздің де мәні үмметіңіз болғаны ғой.  Әкеңіздің  мейірімін көрмедіңіз, ана махаббатынан да жастай айырылдыңыз,  бірақ бір Аллаһ сізге қорған болған. Мейірімділігіңізбен, әділдігіңізбен, адалдығыңызбен Мекке халқына «әл-Әмин» есімімен  танымал болдыңыз.

Рамазан айы. Хира тауы. 40жас. Алғашқы уахи келген мезет.

 -Оқы!

-Мен оқымағанмын!

-Оқы!

-Мен оқыған емесін!

-Жаратушы  Аллаһтың  атымен  оқы! Ол  адамды  ұйыған  қаннан  жаратты.  Оқы. Аллаһ өте қайырымды. Ол қаламмен үйретеді. Білмегендеріңді үйретеді.(Алақ сүресінің алғашқы 5аяты)

Күллі Әлемді жарқыратқан Исламның күні осылай  туды! Қараңғылықта қалған, көздері  көрмей, көкіректері бітеліп қалған  жұртты хақ  дінге шақыру  сізге  оңай соқпағаны  анық.  Қала  жұртынан  қаншама  қорлық көрсеңіз де бәріне шыдап бақтыңыз, кешіріммен қарадыңыз. Аллаһтан көп дұға тіледіңіз. Сол бір дұғаңыздың арқасына қаншама жанның жүректері жібіп, ақиқатты тануға, тура жолда жүруіне себепкер болған жалғыз адам -пайғамбарым Мұхаммед!  Исламды  біздерге  қалдыру  үшін  Бәдір, Ухуд,  Хандек, Хунәйн соғыстарында, Таиф, Тәбүк жорықтарында аса ерлік  көрсеткен  сізге  және  сахабаларыңызға  біз  кейінгі  ұрпақ  қарыздармыз.

Менің  жүрегімнен орын алған оқиғалардың бірі ол-Миғраж түні. Сүйікті пайғамбарым  Мұхаммед(саллалаһу алейһи уә сәлләм)! Әлемдерге  рақымдылық  етіп жіберілген  сізді мүшріктер қадірлемеді, мазақ  етті, тіпті  зиянын  тигізу үшін  барын салды.  Сізді  ренжітті.  Сол түні  жан –жақтан  дұшпандарыңыздан мазақ  есітіп,  барар  жеріңіз болмай  көкеңіз Әбу Тәліптің қызы Умми  Ханидың үйіне кіріп, Аллаһқа  дұға  еттіңіз!  Қала  халқына  қатты ренжісеңіз де, қаншама қорлық көрсеңіз де құлдардың  иманға  келуін  Аллаһтан  сұрап  жалбарындыңыз.

Сол сәтте Аллаһу Та'ала Жәбрейіл әлейһиссаламға: «Сүйікті пайғамбарымды қатты ренжіттім.  Мүбәрәк  денесіне,  нәзік  жүрегіне  ауыртпалық  түсірдім. Ол сонда да маған жалбарынуда. Менен басқа ештеңе ойламайды. Бар да, оны алып кел. Жаннатымды,  Жаһаннамды  көрсет. Оған  және оны  жақсы  көретіндерге  дайындаған нығметімді  көрсет.  Оған  сенбегендерге,  сөздерімен,  әрекеттерімен, жазуларымен оны  ренжіткендерге  дайындаған  азаптарымды  көрсін. Оны  мен  жұбатамын.  Оның нәзік жүрегінің жарасын мен емдеймін»-деп бұйырды. Жәбрейіл әлейһиссалам келгенде сіздің ұйықтап жатқаныңызды көріп оятып алмау үшін мүбәрак аяқтарыңыздан сүйді.  Жүрегі, қаны жоқ, ерні суық болған  Жәбірейіл  періштенің сүйгенінен оянып кеткен сіз: «Ей, Жәбрейіл  бауырым! Беймезгіл  уақыт  неге  келдің? Әлде  қате бірдеңе істеп қойдым ба? Раббымды ашуландырдым ба? Маған жаман хабар  әкелдің  бе?»-деп  уайымдадыңыз. Жәбрейіл  періште  сізді  7қабат  көкке  алып кету  үшін дайындады. Аспан  әлемі  сіздің  мүбәрак  жүзіңізді  көру  үшін  ынтық болып дайындық үстінде еді. 1-қабатта Адам  алейһиссаламмен , 2-қабатта  Иса мен Яхия бин  Зәкәриямен(алейһиссалам), 3-қабатта Юсуф  алейһиссаламмен, 4-қабатта Идрис  алейһиссаламмен кездестіңіз.  Әзрейіл періштемен кездесіп одан: «Сенен бір өтінішім бар, үмметім өте әлсіз. Олармен  жұмсақ  мәміледе  бол. Рухтарын  қинамай әрі оңай ал»-деп үмметіңіздің қамын жедіңіз. 5-қабатта Харунмен, 6-қабатта Мұса әлейһиссаламмен, 7-қабатта Ибрахим  әлейһиссаламмен  жүздесіп жөн сұрастыңыз. Одан  кейінгі қабатта Аллаһ Тағаламен қауышқан  сізден  Раббымыз: «Я, Хабибім, бұл түн  менің  қонағымсың, менен не тілейсің?»-деп жеті жүз рет сұрады. Ал, сіз бәрінде «Үмметімнің  ғафу  етілуін  сұраймын»-деп тағы да біздерді жанынан да артық ойлаған  шапағатшы  пайғамбарым  Мұхаммед,  жүрегіңіз  қандай  кең еді?! 1Аллаһтың  қалауымен  Жаннаттың  8есігін,  Жаһаннамның  7есігін  көрдіңіз. Тозақтың 7-есігі сіздің үмметіңіздің күнаһарларына арналғанын біліп, қатты жыладыңыз, Аллаһқа жалбарынып шапағат етуін тіледіңіз. Қатты жылағаныңыз соншалық, көктегі періштелер сізбен қосыла жылады. Аллаһ мейірімді, сіздің сұрауыңызды орындап: «Кімде-кім менің бұйрығымды орындаса, азап және жазадан құтылады. Рахымыма қауышады. Саған  және үмметіңе 5уақыт намазды парыз еттім»-деп сізді қуантты. Міне, мұсылман бауырлар! Жәннаттың  кілті  болған  намазды  пайғамбарымыз  біздер үшін осылай тілеп алды.  Ал, бүгінде, намаздан қашып,оның қадірін  білмей  жүрген  жан  қаншама?!

Пайғамбарым!  Бүкіл  өмір  барысында  күллі  мұсылмандарға  үлгі  бола  білдіңіз. Ислам үшін аянбай еңбек еттіңіз! 63 мүбәрак  жасыңызда  жалғыз  Хақтың қалауымен жан тапсырдыңыз. Қабірге денеңізді қойып болған соң, қабірден ең  соңғы  шыққан Хазіреті  Аббастың  баласы  Құсәм(радиаллаһу анһ)былай дейді: «Расуллалаһтың жүзін  ең  соңғы  көрген  адам-менмін. Оның  еріндері  қимылдап жатқан еді. Оған иіліп құлақ тостым. Ол «Ия, Раббым! Үмметім! .... Ия, Раббым! Үмметім! ... »  деп жалбарынып жатқан еді»

Асыл пайғамбарым! Үмметіңізге деген, маған деген махаббатыңызды сезінемін! Қиямет күні Махшарда сіздің шапағатыңызға ілігуді Аллаһ Та'алам нәсіп етсін! Мәртебелі төрт өзенмен әсемделген «Фирдаус ЖӘННАТТА» өзіңізбен қауышуды Хақтан сұраймыз! Сізді сағындық, Я, Расуллалаһ!

 

Ақыретін үмметінің ойлап қамын

Діңгек дінім Ислам үшін салған бәрін

Аллаһтың сәлемі мен игілігі

Сізге болсын сүйікті пайғамбарым

Көп мақтаушы Раббысын  Нәби Ахмед

Хабибі жалғыз Хақтың  Я, Мұхаммед

Ұлы кітап Құранды жеткізуші

Рақымдылық Расулы сізге рақмет!

Сара жол сүннетті тарту еткен

Адамдардың  асылы  Нұр Мұхаммед!

Құрақ Фариза Полатбекқызы,

Алматы қаласы, ҚазҰУ,3-курс студенті,

"Пайғамбар өнегесі - адамзаттың асыл мұрасы" ІІ орын жүлдегері

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.