Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • Таң 04:02
  • Күн 05:51
  • Бесін 13:24
  • Екінті 18:29
  • Шам 20:46
  • Құптан 22:34
  • 13
  • тамыз

    бейсенбі

  • 23
  • Зуль-хиджа

    1441

Пайғамбар жолымен ...


Пайғамбар өнегесі - адамзаттың асыл мұрасы. Мұхаммед (с.ғ.с) өмір мектебінде - ұлы ұстаз, отбасында - қамқор әке әрі адал жар, дінде - иманы берік тақуа, ғылымда - ғұлама дана, мусибатта - сабырлы, байлықта - қанағатшыл,  кәсіпте–еңбекқор, басқаруда - әділ, зекетте - жомарт.

Қаншама биіктен аққан сарқырама да төменге құлайтыны тәрізді Әлемдердің Ұстазының қасиеттері де қарапайымдылыққа келіп құйылады. Ары қарай көркем мінез атты ағыспен аға отырып Адамзаттың асылы атты мұхитқа айналады...

Пайғамбар өнегесі - шөл даласына біткен қанша адамның шөлін қандырса да ортаймаған қайнар іспеттес. Бәрін қамтуға қаламның сиясы, парақтың саны жетпейтіні кәміл. Сондықтан Адамилықтың шырқау шегі - Көркем мінез болса, Оның бастауы - сау  жүрекке табан тіредім. Ол жөнінде Расулуллаһ (с.ғ.с.): “Мүминдердің абзалы–жүрегі таза, тілі шыншыл болған мүмин”,–деді. Адамдар: “Таза жүрек қандай болады?”,–деп сұрағанда Ол (с.ғ.с.): “Тақуа, күпірліктен таза, күнә істеу ниеті мен әділетсіздіктен аулақ, кек сақтамаған және күншіл болмаған жүрек”,–деді.

-          Ондай жүректің иесі кім?

-          Дүниені ұмытып Ақыретті қалағандар.

-          Одан кейін кім?

-          Мінез–құлығы жақсы болған мүмин.”

Жүректі кір шалдырмай ұстағанның мұраты - Жәннат. Ал керісінше болған жағдайда, Бақара сүресінде "Олардың жүректерінде дерт бар. (Күншілдік дерті). Сонда Алла олардың дертін арттыра түсті. (Мұсылмандар дамыған сайын күншілдіктері қоза түсті). Сондай-ақ оларға өтіріктіліктерінің салдарынан күйзелтуші азап бар(10)" делінген. Мұнда сол дерттен айығудың жолын іздемеген адамның халі мүшкіл болатыны анық жазылған. Әрине, оның шипасы - бес парыздың өз дәрежесінде өтелуі мен Расулуллаһ (с.ғ.с.) сүннетін өмір ағымына қосу болмақ.

Тағы бір хадисте: «Жүрегінде зәредей тәкәппарлығы бар адам жәннәтқа кермейді» делінген. Ғибадатың орнында болғанымен, бойыңнан өзімшілдіктің ұшқыны байқалса, "Тілің қанша тыраштанғанымен, жүрек бойынсұнбаса, оның бәрі әурешілік" дегеннің кебі емес пе?!

Соның бәрін салмақтай келе, Жәннәттің кілті - көркем мінез, ал оған апаратын жол - сау жүрек деген ойға қаламын...

Ислам дінін бізге толық жеткізген тұлғаны танымаған адам  Ислам дінін толық түсінбейді.  Жүрегімізде Алла Тағалаға деген шын махаббат Алла Елшісін шынайы танып, басынан өткерген тауқыметін сезініп, ата-анамыздан артық жақсы көре  алғанда  ғана  оянары хақ. Сонда ғана Исламдағы сұлулықты көріп, мұсылмандықтың ләззатын тата аламыз, ин ша Аллаһ, Аллам осыны әрбір мұсылманға нәсіп еткей! Адам баласы қияметте жауапқа тартылғанда Аллаһ Тағала оның сыртқы кескін келбетіне емес, жүрегі мен амалына қарайды. Сондықтан, жинаған мал-дүниең мен ешбір жақыныңнан қайыр жоқ сол бір ұлы күнге сау жүрекпен баруды Аллаһ Тағала барша мұсылман пендеге нәсіп еткей! Алла біздің жүрегіміздегі Өзінің Мейірім нұры кіретін есіктерді мәңгілік ашық қылғай, сарқылмас сабыр, көркем мінез, айнымас иман, Пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһи уәссаламның құлшылығындай құлшылық нәсіп еткей, Оның (с.ә.у) Ақиретте шапағатшы болуын жазғай! Әмин.

 Арапбаева Сымбат Әмірханқызы,

«Пайғамбар өнегесі – адамзаттың асыл мұрасы»

тақырыбындағы мақалалар байқауының

І орын иегері

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.