Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • Таң 04:02
  • Күн 05:51
  • Бесін 13:24
  • Екінті 18:29
  • Шам 20:46
  • Құптан 22:34
  • 13
  • тамыз

    бейсенбі

  • 23
  • Зуль-хиджа

    1441

ЛҰТ ҚАУЫМЫНЫҢ КЕБІН КИІП ҚАЛМАЙЫҚ


Елімізде бір жыныстылардың шаңырақ көтеріп, олардың қоғамнан жасырын өмір сүріп жатқаны жөнінде соңғы кездері жиі айтылып жүр. Әсіресе, мәдениеттен жұрдай, өздерін ашық демократиялы қоғам деп санайтын батыс елдерінде мұны заңдастырып та қойды. Мәселен, АҚШ – тың Нью-Йорк, Калифорния және бірқатар қалаларында бір жұптылардың некелерін қидырғандардың саны күн санап артып барады. Еркектің еркекпен, әйелдің әйелмен жыныстық қатынасқа түсуі, бізге Лұт қауымының тағдырын тағы бір еске салады. Кезінде ерлер бір-бірімен жыныстық қатынасқа түсіп, азғындықтың шегіне жеткен. Сөйтіп Алланың азабына ұшыраған. Жаратушымыз, азғындаған бұл қауымның төбесінен отты тас жаудыртып, оларды мәңгілік жермен-жексен еткенін біреу білсе, біреулер білмес.

Ия, Лұт қауымы демекші, қасиетті Құранда бұл жөнінде былай баяндалады: Лұт сол уақытта еліне айтты: «Сендерден бұрын әлемнен ешкімнің істемеген арсыздығын істейсіңдер ме?», «Сендер әйелдерді қойып еркектерге қызығып келесіңдер ме? Әрине сендер шектен шыққан елсіңдер» (Әғраф сүресі, 80 – 81 аяттар). Құранның тағы бір жерінде: «Лұт (ғ.с) қа да (пайғамбарлық бердік). Сол уақытта еліне: “Рас өздеріңнен бұрын әлемде ешкім істемеген арсыздықты істедіңдер” деді. “Рас сендер еркектерге жақындасасыңдар да жол кесіп, және мәжілістеріңде жамандық істейсіңдер ме?”. Сонда қауымы былай деді: «Егер шыншылдардан болсаң, қане бізге Алланың азабын келтірші». Лұт: «Раббым! Бұзақы елге қарсы маған жәрдем бере көр!»,- деді. (Анкәбут сүресі, 28 – 30 аяттар) Міне, жиіркенішті істі ең алдымен осылай бастаған Лұт қауымы Құдайдың қаһарына ұшырады. Өкініштісі,  сол кездегі азғындықтың белгісі бүгінде қайталанып келуі.

Мұсылман әлеміне танымал ғалым Ибн Қайим гомосексуализм көптеген күнәлі істер мен зияндарға алып келетінін айтқан. – Ал оны істеген адам сол ісін жалғастырып жүргеннен өлгені жақсы, себебі ол азғындық жолындағы және күнәһар адам болады да, қайта түзелуге үміті қалмайды, Алланың және Оның жаратылыстары алдында ұяттан жұрдай болады», – дегені көпшілікке ой салуы тиіс. Ал, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) – тің көптеген өсиеттерінде  мұндай жайлаған елде түрлі жұқпалы аурулардың пайда болатыны және адамның екі жағы мен екі санының арасындағы мүшелерінің күнәларынан тозаққа баратыны айтылған.

Бұл ретте өз халқымыздың болашағы үшін алаңдауымыз керек. Өйткені, Қазақстанның әрбір қалаларында гомесексуалистердің  арнаулы орындары, қыдыратын түнгі клубтары бар екендігі БАҚ бетінде ашық  жарияланып жүр. Тіпті, оларды бір-бірін жақындастыратын, басын қосатын мүдделі сайттардың жұмыс істейтіні қынжылтады. Ару қала Алматының өзінде отызға жуық орталығы бар дегенді естігенде таң қалдық.  Ал,  еліміздің  «Неке және отбасы туралы» кодексінде «Араларында неке қиюға жол берілмейтін азаматтар – біржынысты адамдар» – деп тайға таңба басқандай жазылған.

Жалпы, адамзат ұстанымдары мен салт-дәстүрімізге, шариғат заңдарына қарсы шығып жатқандарды жөнге салатын уақыт келді. Өзіміз азғантай ғана халықпыз.  Еліміздің ертеңі деп жүрген жастарымыз «бір жынысты махаббатқа» айналса, ұлт болашағына балта шабылғанымен бірдей емес пе? Ел басына күн туғанда әлгі гомосексуалистер Отанды қай бетімен қорғайды? Азғындықтың шегіне жеткен мұндай ұрпақ кімге керек?

Бәрін айт та, бірін айт бұл мәселені шешуге қоғам болып атсалысқан жөн.  Адамгершіліктің бастауы болған ислам дінін жастар арасында кеңінен насихаттап, тура жолға салуда тәжірибелі мамандардың, кәсіби дінтанушылардың, психологатардың көмегі ауадай қажет.

Қай жағынан алып қарасақ та, Лұт қауымының күнәлі істерге барғаны, қалай жазаланғаны, Алланың қаһарына іліккені сабақ. Ендеше, мұны біле тұра үнсіз қалған жарамас деп ойлаймын.

Тәрбие отбасынан басталады. Баланы дұрыс азамат етіп тәрбиелуде әке-шешенің міндеті жоғары. Одан кейін білім беріп, саналы ұрпақ тәрбиелейтін ұстаздар қауымына түсер жүк те жеңіл емес. Баланы жастайынан туралыққа, тазалыққа, адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеген жанұядан ешқашан азғын ұрпақ щықпасы анық. Сондықтанда, ұл - қыздарымыздың болашағына бармақ тістеп қалмас үшін, осы мәселеге қазірден бастап кіріскеніміз жөн.

 

                                    Мамлюк  Мусаев,

 «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.