Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • Таң 04:02
  • Күн 05:51
  • Бесін 13:24
  • Екінті 18:29
  • Шам 20:46
  • Құптан 22:34
  • 13
  • тамыз

    бейсенбі

  • 23
  • Зуль-хиджа

    1441

Имам мен ғалым айтысып жатыр


Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, филолог, әдебиет тарихшысы, ф.ғ.д., профессор (2004), алаштанушы Дихан Қамзабекұлы мен «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің найб имамы Мамлюк Мусаевтің whatsapp  әлеуметтік желісініде жазысқан өлең хаттары санамызда тарихымызды жаңғыртып, «өшкенімізді» тірілткендей елестеді. Айтып-айтпай, ұмытылуға айналған үрдіс.

Ағаларымыздың өнегелі whatsapp хаттасуын назарларыңызға ұсынып отырмыз. Төрелік өздеріңізде...

ТӘСПІ МЕН ТАСПА

(whatsapp хаттасу)

 

Дихан:

Мәке, сен мұрындарды түгендейсің,

Көзіңе таңқыларды түк ілмейсің.

Ән шырқап, шетел әуен безілдесе,

Бастық боп былай жұртты жүгендейсің.

 

Мамлюк:

Жүгендедім қай жұртты?

Күлкі-керуен жай ұтты.

Көз шырақтан май кетті,

Жұмбақтарың – «тай тепті».

 

Дихан:

Мұрын десе, ол біздерге тиеді,

Біз дегенім – Сайын, Мәмлүк* киелі.

Ән шырқасақ Жанайханмен шетелше,

«Бұл қалай?» деп өзге жұрттар түйеді.

 

Мамлюк:

Е, солай де, білімдегі жақын дос,

Аңлағанша дәл осылай ақыл қос.

 

Дихан:

Атаң қайда, бауырым?

Қайын тапқан тәуірін.

Сейсенбіде сейілдеп,

Жазылар де жауырың.

 

Мамлюк:

Ауа райы өзгерді,

Аяздарды көз көрді.

Сәрсенбіде барармыз,

Жолығатын кез келді.

 

Дихан:

Райынан ауамыздың неге көрдің?

Қайын деп, достарыңа жеке келдің.

Атаңызды қинамай ерте жүрсең,

Болашақта боларсың көкесі елдің.

 

Мамлюк:

Иншалла, болам елдің көкесі,

Имам адам - осы елдің еркесі.

Қиналмаймын, ерте жүрем атамды,

Өйткені одан шексіз алам батамды.

 

Дихан:

Халық ерген молдамыз,

Қайын жұртты қолдаңыз.

Содан уақыт табылса,

СМС-ты жолдаңыз.

 

Мамлюк:

Жалғанда молда болу мақсат емес,

Халық ерсе, имамдар жақсы-ақ елес.

Қайын жұрт мүмін жүрсе жаман емес,

Мазаны алса, «нелерден» аман емес.

 

Дихан:

Мәкем-ай, жұрт бағасын анық білген,

Қараны ақ қанжармен жарып тілген.

Шапанды орныменен шешкен кезде,

Бүркітше қызыл түлкі алып ілген...

 

Мамлюк:

Зымырап жылдар өтеді,

Әңкір-Мүңкір күтеді.

Оқыған деп аямас,

Болған істі боямас.

 

Дихан:

Уа, Алла, кешіре гөр пенделерді,

Аша гөр санадағы перделерді.

Иманға сенім артқан жан боламыз,

Сипаттап жаза алман кеуделерді.

 

Мамлюк:

Жаратқан Ием кешірер пенделерді,

Намазға зиялылар кем келеді.

Кремнен жалтыраған маңдайларын,

Сәждеге қойса, Алла дем береді.

 

Дихан:

Ол, рас, сәжде жолы аз болып тұр,

Зиялық зайырлыққа саз болып тұр.

Оқыған пенделікке бой алғанда,

Шайтандар біз сорлыға мәз болып тұр.

 

Мамлюк:

Жаратты Алла адамды,

Қолдады иман қадамды.

Құран сыйлап пендеге,

Мысал етті наданды.

 

Дихан:

Мәмүлік, ақиқат қой жазғандарың,

Олжа боп қалар деймін қазғандарың.

Өткендер талай шұқып көрсетті ғой,

Адамның өмір жолда азғандарын.

 

Мамлюк:

Ыбырай, Абай, Шәкәрім -

Зиялылар аяғы.

Бар ма содан жұқана –

Ғұламалар саяғы.

Қалмай ма деп қорқамын,

Даналардың тұяғы.

 

Дихан:

Шәкәрім жолы бір бөлек,

Ыбырай зайыр сойдан-дүр.

Абай жолы – жыр керек ...

Ақынды таңдап қойған бір.

Ұлтымыз тұрса аман боп,

Қалмас дейміз жаман боп!

 

26-27.01.2015

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.