Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • Таң 05:19
  • Күн 06:47
  • Бесін 13:14
  • Екінті 17:30
  • Шам 19:29
  • Құптан 20:57
  • 18
  • қыркүйек

    сенбі

  • 10
  • Сафар

    1443

Жастар діни ағымға еніп кетпеуі үшін не істеуіміз қажет?


Жастардың радикалды діни ағымға еніп кетпеуі үшін не істеуіміз қажет?

Алдан СМАЙЫЛ, Мәжіліс депутаты: 

– Қазіргі күні исламның сан алуан тармақтары Қазақстанда көрініс табуда. Бұған қоса, діни бағыттағы бірқатар ұйымдар мен секталар да жұмыс істеуде.Мұның кейбір нышандарын күнделікті өмірде өзіміз де байқап жүрміз. Ең қиыны, мұсылман баласына жат ді­ни ағымдар жастарымызды сонау ғасырлар қойнауынан бүгінге жеткен әдет-ғұрыптарымыз бен салт-дәс­түр­лерімізден бас тартуға үгіттеуде. Мысалы, бабалардың басына баруға тыйым салу қажет дегенді естіп жүрміз. Мұндай жайт Батыс өңірлерінде, Орталық Қазақстан аймағында орын алуда. Сондықтан мұндай ұйымдардың жұмысына тез арада тоқтау салуымыз керек. Мысалы, 90-жылдары діни ағымдар туралы арнайы заң қабылдадық. Тіпті сол заңды бірнеше мәрте толықтырдық. Соңғы уақытта зияны мен зардабы көп діни ағымдарға байланысты біздер, депутаттар айтқан ұсыныстардың бір­қатары заңға енгізілді. Бірақ қазіргі жағдайда мұның өзі аз екендігін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Сондықтан «Діни бірлестіктер туралы заңға» тағы да толықтырулар енгізіп, елдің ішкі бейбіт тірлігіне нұқсан келтіретін ағымдарға біржолата тоқтау салатын толыққанды заң қабылдауымыз керек. Әйтпесе радикалдық ағымның құрамына енген жастарды түрмеге жабу, олармен алуан түрлі кездесулер өткізу арқылы мұны жою қиын. Өйткені діни ұйымдар мен секталардың сыртында үлкен алпауыт күштер және миллиардтаған қаржы тұр. Тіпті бұл мәселе қазіргі күні діни ағымның аясынан шығып, үлкен саяси ағымға айналып кетті. Сондықтан мұны діни және саяси ағым ретінде қарастыруымыз керек. Сөйтіп, заңға қажетінше батыл өзгерістер енгізіп, мұсылман еліне жат діни ағымдарға үзілді-кесілді тыйым салуымыз қажет.  

Арықбай АҒЫБАЕВ, заң ғылымдарының докторы, профессор: 

– Біздің мемлекет тәуелсіздіктің алғашқы жылынан бастап заңдық тұрғыдан діни ағым атулының барлығына есікті айқара ашып қойды. Соның салдарынан Еуро­па­дағысы бар, Араб елдеріндегісі бар елімізге сан түрлі діни ағымдар емін-еркін енді. Ал олардың арасында не­ше түрлі радикалды діни ағымдар да, түрлі секталар да бар. Ақыр соңы жұртшылық сол діни ағымдардың зардабын шеге бастады. Мысалы, осыдан бірер жыл бұ­рын Атырауда болған жарылысты бізге жат діни ағымдардың ұйым­дастырғаны анықталды. Өкініштісі сол, радикалды діни ағымдар жарылысты тепсе темір үзетін қазақ жігіттерінің қолымен жасауда. Сайып кел­генде, мұ­ның барлығы қолданылып жүрген заңның әлсіздігі, шикілігі. Сон­дықтан Пар­ламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттары шұғыл түрде қол­да­нылып жүр­ген заңдарға батыл шараларды енгізіп, құқық қорғау органдары оның жүзеге асы­рылуын қатаң түрде қадағалағаны жөн. Сонда ғана кез-келген радикалды діни ұйымдардың жолы кесіледі. Әйтпесе құры сөзден еш пайда жоқ.  

Нұрбек ЕСМАҒАНБЕТ, Алматы қалалық орталық мешітінің бас имамы: 

– Жастарымыздың жат ағымның жетегінде кетіп қалуының басты себебі, діни сауатсыздық. Сондықтан біз ең алдымен, барлық аймақта олардың діни сауатын ашуға барынша назар аударып, оларды ислам дінінің қағидаттарына жалықпай үйретуіміз қажет. Ислам діні бізге сонау ғасырлардан, бабаларымыздан жеткен. Қуаныштысы сол, қазір ұл-қыздарымыздың бойында дінді үйренуге құлшыныс басым. 

Өкінішке қарай, кейбір жастар діни сауатсыздықтың салдарынан бөгде діннің шырмауында жүр. Жалпы, мұсылман қауымы үшін ислам дінінен басқа дін қажет емес. Міне, іні-қарындастарымыз, ағайын-бауырларымыз осыны жүрекпен сезініп, түсінулері тиіс. Әйтпесе жастарды қорқытып-үркітіп дін жолына салу мүмкін емес. Оларды тек ақыл-кеңеспен ғана дұрыс жолға салуымыз қажет. Реті келгенде айта кетейін, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының осы жылды «Дін және дәстүр» жылы деп жариялауының маңызы зор. Себебі осы жыл аясында біз жастарымыздың, жалпы барша мұсылмандардың діни сауаттылығын арттыруды, діни сауатсыздықты жоюды қолға алып отырмыз. Мұның жастар үшін пайдасы зор болмақ. 

 Сауалнаманы жүргізген: Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.