Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • Таң 06:13
  • Күн 07:39
  • Бесін 13:04
  • Екінті 16:28
  • Шам 18:19
  • Құптан 19:45
  • 20
  • қазан

    сенбі

  • 9
  • Сафар

    1440

Ораза айт намазы оқылды (ФОТО)

25-маусым. Астана. Sunna.kz – Астана жамағаты айт намазын оқыды.

Бүгін иісі мұсылман қауымы үшін қасиетті болған Ораза айт мейрамының бірінші күні. Осыған орай, ел мешіттерімен бірге «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде де, екі рәкәғат Ораза айт намазы оқылды.

Ұлық мерекенің ұлтымыз үшін жыл санап қадірі артып келе жатқандығы көңілге мол қуаныш ұялатады. Таң білінер-білінбестен мешітке ағылған халықтың қарасы биыл тіптен көп болды. Ораза айт намазын оқу үшін мешітке келген елордалықтардың көптігі соншалық, құлшылық ордасының атшаптырым ауласында иін тірескен жұрттың арасынан ине шаншар орын табылмады.

Жиналған жамағатқа мешітіміздің найб имамы Рашид Алпысбаев Ораза айттың қадір-қасиеті мен осы күні атқарылатын сәлихалы амалдар жайлы танымдық уағыз-насихат айтып, жиналған жамағатты қасиетті мейраммен құттықтады.

Екі рәкәғат айт намазы оқылғаннан кейін, арнаулы Ораза айт құтпасы оқылып, құтпа соңынан мешітіміздің Бас имамы Жұманазар Садырханов елімізге амандық, халқымызға бақ-береке, Отанымызға тыныштық, азаматтарымызға екі дүниенің жақсылығын тілеп дұға жасады.

Мешітімізде оқылған айт намазына елімізге танымал алаштанушы, академик Дихан Қамзабекұлы бастаған ғалымдар және ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері де қатысты. Алаштың арқасүйері болған ағаларымыз намаз соңында мешіт жамағатын айт мейрамымен құттықтай отырып, ел-жұртқа ақжарма тілектерін арнады.

Сонымен қатар, Сәдуақас Ғылмани ақсақалдың тікелей ұрпағы 95 жастағы кейуана Үкіжан Сәдуақасқызы айт намазына қатысып, еліміз бен жерімізге тыныштық тілеп дұға жасады.

Осылайша, қасиетті Рамазан айына орай ұсталатын бір айлық парыз ораза аяқталып, халқымыз үшін қасиетті Ораза айт мейрамы басталды.

Айт құтты болсын, ағайын!

 «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің баспасөз қызметі








Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.