Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • 16
  • қараша

    сенбі

  • 18
  • Раби́’у ль-авваль

    1441

“Нұр-Мүбаракты” Айман Мұсаходжаева ханым арнайы зиярат етті

ЮНЕСКО-ның шешімімен Әлемдік деңгейдегі музыкант деп танылған қазақтың аяулы қызы Айман Мұсаходжаева Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетіне арнайы ат басын тіреді.

Қазақ Ұлттық музыка академиясының ректоры, Қазақстанның халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Айман ханым доктор, профессор “Нұр-Мүбарак” ректоры Жуда Абдулғани Басюнидің арнайы қабылдауында болып, оқу орындарының даму стратегиясы жайлы жан-жақты талқылады.

- Біздің университетке қош келдіңіз! Сіздің классикалық музыка саласында, халықаралық деңгейде қазақ елін танытып, эстетикалық әлемнің, қазақ ұлттық өнерінің дамуына қосып жатқан үлесіңіз жайлы жақсы білеміз. Әрі өзіңіздің Ұлттық оқу ордасының басшысы, әріптесім ретінде оқу орындарымыз екі бағытта болса да саналы ұрпақ тәрбиесінде бөлісер ойымыз, талқылайтын тәжірибеміз де екі жақты пайдасы болады деген үміттеміз. Біз қашанда іскерлік пен шынайы еңбекқорлықты жоғары бағалап, өзіңізге тілектеспіз,-деді профессор Жуда Абдулғани Басюни.

Айман Қожабекқызы ханым да өз кезегінде ректор ретінде, еліміздегі жоғары оқу орындарының даму деңгейін назарда ұстап, жетістіктерге қуанатынын айта келе, “Нұр-Мүбарак”  университетінің атқарып жатқан еңбегіне сырттай қанық екенін жеткізді. Ата дініміздің дұрыс ғылыми бағытта дамуы қазақ елінің азаматы ретінде өзін қуантатынын жасырмады. Себебі, есті әнге, әсем әуенге құмар қазақ елінің рухани байлығының өзегі имандылықта екенін айтқан академик Айман ханым “Адам баласының жаны қашанда тазалыққа құмар. Ал тазалықты мен әуелі осы музыка үнінен таныдым, халқымыздың да қасиетті кітабы Құранның кереметі өз алдына,”-деп өзінің жан-жақтылығын байқатты.

Отандық педагогиканың озық дәстүрiн әлемдiк бiлiм беру үрдiсiнiң қазiргi заманғы жетiстiктерiмен шебер ұштастырып отырған ҚҰМА-ның ректоры, академик Айман Мұсаходжаеваның қазақ руханиятын әлемдік деңгейде насихаттауы әрдайым өз жемісін беріп келеді.  Еліміздің түкпір-түкпіріндегі дарынды балаларға көңiл бөліп, жан-жақты бiлiмдi өнер шеберлерiнiң жаңа буынын тәрбиелеуде бүкіл жағдайларды жасап жүрген білікті басшы “Нұр-Мүбарактың” бағыт-бағдарымен жіті танысты. Жаны кәусар қазақ қызының бұл қадамына “Нұр-Мүбарак” университетінің ректоры, профессор Жуда Басюни ризалығын білдіріп, ізгі тілектерімен, алғысын жаудырды.   

Айша КЕҢЕСБАЙ,

“Нұр-Мүбарак” университетінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.