Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • Таң 04:02
  • Күн 05:51
  • Бесін 13:24
  • Екінті 18:29
  • Шам 20:46
  • Құптан 22:34
  • 13
  • тамыз

    бейсенбі

  • 23
  • Зуль-хиджа

    1441

Ахметжан Керімбек: ИМАМДАР ФОРУМЫ БІЗГЕ НЕ БЕРЕДІ?

Жуырда ғана Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткізілген «Ислам және өркениет» II республикалық имамдар форумында ел игілігі жолында бірқатар маңызды құжаттар қаралып, қабылданды. Атап айтқанда:

«Ханафи мәзһабы мен матуриди сенім мектебі – Қазақстандағы исламның дәстүрлі жолы» ұстанымы;

«ХХІ ғасырдың үздік зияткер имамы» тұжырымдамасы.

Форумның өткізілуі барысында мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев имамдар форумына қатысушы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бірқатар өкілдерін  қабылдады.

Елбасы қабылдауына дәстүрлі дін өкілдерінен 5 азамат қатысқан болса, солардың қатарында болу бізге де бұйырыпты. Бұл үшін Аллаға сансыз шүкіршіліктер.

Жалпы, бұл кездесудің маңызының өте жоғары болғандығы анық. Тұңғыш Президентіміз өз сөздерінде имамдар беделін көтеру қажеттігін, шет елдердегі дін оқу орындарында оқитын жастардың елге теріс діни идеологияны әкелу қаупін, діни экстремизм мен терроризм жайын, рухани жаңғыру, т.б. мәселелер туралы кеңінен қаузап, ғылымға, бәсекеге қабілеттілікті арттырудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Имамдарға нақтылы міндеттер жүктеді. Соларға қатысты Елбасы өз әңгімесінде былай деп нақты атап өтті: «Жиналған имамдарға сәлем айта барыңдар. Барша мұсылманға сәлемімді жеткізіңдер. Біз дүниежүзілік 1,5 млрд. мұсылмандардың бір бөлшегі болып табыламыз. Құдайға тәуба, тәуелсіздік алғаннан бері етек-қолымызды өзіміз жинап, қазақтың өз болмысы, ділі-тілі өзі бірге келеді. Барлығы түгел болмаса ұлттың болмысы белгісіз. Тәуелсіздік алғаннан кейін бізді мұсылмандар қолдады. Бүкіл мұсылман қауымының алдында біздің де міндетіміз бар. Көмектеріне ризашылығымызды білдіреміз. Рухани жаңғыруға байланысты комиссия жұмыс істейтін болады. Көптеген хат алып жатырмын», – дей келе ел тыныштығының сақталуына айырықша үлес қосу қажеттігін нақты көрсетіп берді.


Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мешіт имамдарының діни ғана емес, дүнияуи іліммен де қамтылуы қажет екендігіне ерекше тоқталды. Бұл туралы Дінбасы өз сөзінде: «Жалпы, имам деген қандай болуы керек? Бүгінгі таңда жамағатымыз сауатты болып кетті. Солардың сұрақтарына, ұсынысына сай болуы үшін бүгінгі таңда имамға тек қана діни іліммен шектеліп қалу өте қиын. Солармен қоса, зайырлы ілімді меңгерген имам болу керек. Жалпы, болашақта ХХІ ғасырдың имамы осы дегендей болуы керек. Ол тек жаңағы діни саланы білу ғана емес, сыртқы, ішкі саясатты білетін халықпен етене байланысып кететін үлкен тұлғаға айналуы керек. Осы мақсатта біз осы құжатты қабылдап отырмыз. Бұл расында бүгінгі таңда имамдарымыз үшін маңызды деп айта аламын», - деп өзінің нақты ойларын ортаға салды.

Иә, шын мәнінде 500-ден астам имам-молдалар мен дінтанушы, теологтар, т.б. қатысқан жиында осындай көптеген келелі мәселелер көтерілді. Жоғарыда айтылып өткендей, адамды имандылық пен ізгілікке тәрбиелейтін дініміз Исламды заманауи бағытта жетілдіре түсетін аталмыш құжаттар туралы форумда осылайша жан-жақты түсіндірілді, байыпты жеткізілді.

Расында да қазіргі таңда уақыт өткен сайын имам-молдаларға деген талап күшейіп келеді. Жергілікті жерлердегі дін өкілдерінің біліктіліктері, парасат-пайымдары, халықпен етене жұмыс жүргізу жайы, менеджерлік тұрғыдағы іскерліктері, теріс пиғылдағы дін атын жамылған ұйымдардың өкілдерімен жүргізілетін жұмыстарды тиісті дәрежеде өткізуге деген қабілеттілігі, т.б. қырлары ескеріліп жүр. Мұндай мәселелердің имамдарға деген жауапкершілік жүгінің арттырыла түсетіндігін тағы да дәлелдей түседі.

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көптеген келелі мәселелерге орын берілгені аян. Аталмыш мақалада елдің әлеуеті мен рухани тұтастығын көтеретін, бірігу жолы мен ғылым-білім жайында, тіл мәселесі турасында тың ойларға кезек берілген. Бұлардың қай-қайсысы болмасын, елдік, ұлттық мүдделер тұрғысынан өзара астаса, жан-жақты қабыса түсетін ойлар десек артық айтқандық емес. Бұл мақаланың көпшілік бұқараның көңілдерін күпті еткен және әрі-сәрі күйде жүргендер үшін аса қажетті дүниелердің шешімін көрсететін маңызы ерекше құжат екендігі даусыз.

Мақаладағы рухани жаңғыру сөзі әсіресе мешіт имамдары мен дін саласында жүрген азаматтарға арналғандай... Рухани тұрғыдан өз-өзімізді жаңғыртсақ – шынайы, кәміл мұсылман ретінде ең басты қажеттіліктің орындалғаны, ал ізгілікке бағытталған ортақ мұраттардың ел игілігі жолында өз дәрежесінде жүргізіліп жатқандығы деуге болар.

Жалпы, сөзімізді қорыта келгенде айтарымыз, бір мәзһабтың аясында, бір ақида-сенімнің төңірегінде жүріп, ел басшыларының, дін басшыларының нұсқаған нақтылы бағыттарымен жүрер болсақ, біздердің адаспайтындығымыз анық деп білеміз. Бұл ең алдымен өзіміз үшін қажетті мәселе болмақ. Сондықтан, қадірлі ағайын, елдігімізді екшеп, ұлттығымызды ұлықтайтын кезең келді. Бір болайық, ірі болайық, ірі болу үшін рухы асқақ, дүниетанымы кең ел болайық!

 

Ахметжан қажы Керімбек,

Қазақстан мұсылмандары діни

 басқармасы ОҚО бойынша өкіл имамы

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.