Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • Таң 04:02
  • Күн 05:51
  • Бесін 13:24
  • Екінті 18:29
  • Шам 20:46
  • Құптан 22:34
  • 13
  • тамыз

    бейсенбі

  • 23
  • Зуль-хиджа

    1441

«Әзірет Сұлтан» мешітінің әйел шәкірттері арасында «Құран жарысы» өтті (ФОТО)

Кеше, қасиетті жұма күні республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің әйел шәкірттері арасында «Құран жарысы» болып өтті. Бұған дейін шәкірттер арасында арнайы іріктеу сынағы ұйымдастырылып, оған «Әзірет Сұлтан» мешітінің Эльмира Бұхарбаева, Аягөз Абдраманова сынды білікті ұстаздарынан дәріс алатын 40-қа жуық қыз-келіншектер, ақжаулықты әжелеріміз қатысқан болатын. Қасиетті Құран аяттарын қатесіз жаттап, қырағатымен де көзге түскен 13 үміткер ақтық айналымға шығып, бүгін жамағат алдында өз бақтарын сынады.

Оқу-білімнің ошағына айналған «Әзірет Сұлтан» мешітінің шәкірттері арасындағы Құран жарыстары бұған дейін де бірнеше өткізілген болатын. Алайда ол жарыстардың барлығы да мешіттің ер шәкірттері арасында ұйымдастырылып келген еді. Осы орайда, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Серікбай қажы Сатыбалдыұлының бастамасымен, Бас мешіттің 5 жылдығы аясында алғаш рет әйел шәкірттер арасында өткен «Құран жарысы» көңіл қуантты. Іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, ақтық айналымға үмітін үкілеп келген 13 үміткердің арасында мектеп оқушысынан бастап, аппақ жаулығы секілді зейінін де кір шалмаған апа-әжелеріміздің болуы – тұтас бір қоғам буынының қасиетті Құранға деген махаббатын білдіргейдей.

Үш номинация бойынша: 1) «Фил» мен «Нас» сүрелерінің аралығы; 2) «Духа» мен «Нас» сүрелерінің аралығы және 30-пара бойынша сынға түскен шәкірттердің жаттау қабілетімен қатар, қатесіз қырағатын бағалап, арасынан шын жүйрікті анықтау төрелігі ҚМДБ-ның "Әйелдер-қыздар" секторының меңгерушісі Ақбөпе Тілегенова, «Нұр Астана» Орталық мешітінің ұстазы Нұрғалиева Динара, Ғылмани мешітінің ұстазы Аусағатова Әлия сынды білікті мамандардан құралған әділқазылар алқасына жүктелді. Әр қатысушының көрсеткен өнерін әділқазылар алқасы «жаттау, қырағат, тәжуид» бойынша бағалап, олардың ортақ қорытындысы шығарылып отырды.

Нәтижесінде, Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің 5 жылдығына орай ұйымдастырылған «Құран жарысында «Фил мен «Нас» сүрелерінің аралығы» аталымы бойынша жүлделі ІІІ-орын (8 000 теңге) Әміржанова Гаухар апамызға бұйырды. Ал, жүлде қоры 10 000 болатын ІІ-орынды Мырзаева Салтанат апамыз еншіледі. Аталым бойынша І-орын жүлдесін (20 000 теңге) Шекербек Айдана иеленді.

«Духа» мен «Нас» сүрелерінің аралығы бойынша сынға түскен шәкірттер арасында үздік деп танылған Рысбек Гүлнұрге І-орын беріліп, 30 000 теңгемен марапатталды. Ал, жүлде қоры 20 000 теңге болатын ІІ-орынға Жасталап Дарина табан тіреді. Бәсекелестерінен сәл ғана осал түскен Көшербаева Жанат ІІІ-орынды (10 000) місе тұтты.

Сайыстың ең салмақты аталымы – 30-пара бойынша ІІІ-орынға (20 000 теңге) Есім Айкүнім лайық деп танылса, ІІ-орын (30 000 теңге) Ахмет Аминаға бұйырды. Ал, сайыстың І-орын жүлдесі Шынәділ Салтанатқа беріліп, 50 000 теңгелік сертификатка ие болды. Іріктеу кезеңіндегі 40 шәкірт арасынан суырылып шығып, ақтық айналымда бақ сынаған қалған төрт шәкірт ынталандыру сыйлығымен (5 000) марапатталды.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.