Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • Таң 06:13
  • Күн 07:39
  • Бесін 13:04
  • Екінті 16:28
  • Шам 18:19
  • Құптан 19:45
  • 20
  • қазан

    сенбі

  • 9
  • Сафар

    1440

Дін ілімі – екі дүниенің шамшырағы!

  • 374
  • 0
  • 30.06.17

Жұманазар Садырханов,

«Сәдуақас Ғылмани» мешітінің бас имамы

    Дін ілімі – екі дүниенің шамшырағы!

 Сан-сапат бейдауа тіршіліктегі рухани ләззаты мол, тұма-бастау ол – ілім жолы! Ілім жолы тауқыметі мол, ауыр жол. Қайсібір сала болмасын қас маманы болу үшін оған ынта-ықыласыңды беріп, төзіміңді түгесіп, қашан ілім бойға сіңгенше, күндіз-түні тек сонымен шұғылдануың қажет. Әлбетте, көздеген мақсатқа иек арту үшін махаббатыңды сол жолға арнауың шарт. Махаббатсыз ілім қамалы алынбайды. Яғни, жан-тәніңмен қалап, ден қойған салаңды игеру үшін оған деген көңіл әлемінде атқақтаған аяулы сезімің болуы тиіс.

Имам Ғазали айтпақшы «Ілімдердің ішінде зүбәражат ілім, ол – дін ілімі». Фәни ілімнің фазилиеті тек бұл дүниемен шектелсе, діни ілім екі дүниедегі бақыттың тұма-бастауы! Әрине, бар күш-жігер мен қабілет-қарымын төксе, адам фәни һәм діни  ілімді де қатар игере алады. Ұлы Жаратушы ақыл-есі бүтін, қол-аяғы сау әрбір пенде бұл дүниеде нан талап қылып, нәпақасын тауып жеуі үшін оларды белгілі-бір қасиеттер мен қабілеттер беріп жаратқан. Жұмырбасты пенде Жаббар-Хақ берген қасиет пен қабілетті тап басып танып, сонымен хареткет қылып, сонымен өмір сүретін болса, онда сөзсіз марқадам табады.

Ислам – ғылым мен білімге негізделген хақиқат дін. Аса қамқор, ерекше мейірімді Алла Тағаланың ардақты етіп жаратқан Пайғамбарымызға (с.а.у) алғашқы аяты:  «Оқы! Жаратқан Рабыңның атымен оқы!» деп нәзіл болған еді. Алла өзінің жаратқандарына тек жақсылық қалаушы. Сондықтан да исі мұсылман жанға ілім һәм тағылым алу әрдайым бастапқы орында тұратын, ешқашан белгілі бір деңгеймен шектелмейтін, адамзаттың бұл дүниелік  және ақыреттегі өміріне дұрыс жол сілтейтін басты бағдар, асыл қазына болып табылары сөзсіз.

  Ислам дінінің қасиетті кітабы Құранды зер сала оқыған адам одан бостандыққа, ғылыми ізденістерге кедергі келтіретін бірде-бір нәрсе таба алмайды. Керісінше, көптеген аяттардан жерді өңдеу, кен өңдіру, Алла Тағала жаратқан нәрселердің барлығын да адам игілігі үшін зерттеуге мүмкіндіктер берілгендігін кездестіреді. Тарихта ешқашан да Ислам мемлекеттерінде ғалымдардың еркін ойлауына кедергі болу, зерттеу мен жаңа нәрселерді ойлап табуларына тыйым салатын жайттар болған емес. Керісінше, ондай адамдарға материалдық жағынан сый-сыяпаттар көрсетіліп, қоғамдық ортада мәртебелерін көтеріп отырды.

  Алла Елшісі (с.а.у) өзінің алғашқы діни қызметін сахабаларға Құран аяттарын оқытудан бастады. Мәдинаға қоныс аударғанда, ондағы қолға алған реформаларының бірі – асхаба-суффа медресесін ашуы еді. «Асхаба-суффа» медресесінде шамамен үш жүздей сахаба ілім алып, олар Ислам діні жаңа қадам басқан өлкелерге ұстаз ретінде жіберілетін. Хақ Елшісінің (с.а.у) ілім алуға маңыз бергені соншалықты, ол (с.а.у) «Бәдір» соғысында тұтқынға түскен сауатты мүшріктерді сахабаларға арабша хат таныту шартымен босатқан болаты. Сондай-ақ, Алла Елшісі (с.а.у) айтты дейтін мәшһүр хадистердің бірі: «Ілімді Қытайда болса да, барып алыңдар» деген тағылымды өсиеті еді.    

Хақ Елшісі (с.ғ.с) білім мен ғылым жайында айтқан басқа да өнеге ғибраттары аз емес. Сондай өсиеттер мен дәстүрге бой ұсынып өскен мұсылман әміршілері, әрбір мұсылман баласының өз жасына сай білім алуына және оқу орындары мен жалпы білім берудің дамуына өзіндік үлес қосуға айрықша көңіл бөлген. Ерте заманнан ислам діні барлық мұсылман баласының бастапқы білім алуына мүмкіндік жасап отырған. Мысалы, Аббасидтер дәуірінде ілім жиһадына деген ынтызарлық артқан еді. Халифа Харун-Рашид ескі ілімдерді араб тіліне тәржімалауға мемлекет қазынасынан қаржы бөлетін. Тіпті, ғұламалар ғылыми еңбектерді қанша көлемде тәржімаласа, халиф оларға сонша көлемде алтын беретін еді.

Ілім ағып жатқан дария болса, сол дариядан бір жұтым жұтқан адам өмір бойы оның нәрінен сусындай алады. Алла разылығы үшін ілім жолында ыждағаттылық танытқан ғалымның бұл дүние һәм о дүние де болсын, дәрежесі жоғары болады. Әрине, бұл ілім жолындағы талапкердің ындыны, ішкі жан дүниесіне тікелей байланысты. Алла Тағала Құран Кәрімде «Білетіндер мен білмейтіндер тең бола ма?» (Мүжадала, 11) деп бұйырады. Сондай-ақ: «Алла иман еткендер мен ілім берілгендердің дәрежесін көтереді», – деген Құран аяттары білетіндер мен білмейтіндердің, сауаттылар мен сауатсыздардың сөз сөйлеуде, өзгелермен қарым – қатынаста, ел басқаруда, бала тәрбиелеуде, тіпті қай қырынан болсын тең еместігін, тіпті Алла Тағаланың алдында да бір дәрежеде болмайтындығын ашық әйгілейді. Құран-Кәрім иман еткен жандарды әрдайым  «Ақылға салмайсыңдар ма?», «Ойланатын ақыл иелері үшін жаратылыста ғибраттар бар», «Пікір өрбітпейсіңдер ме?», – деген аяттар қашанда ақыл-оймен саралауға, ақылға жүгініп, терең пайымдауға, салмақты пікірге шақырады.

Алла Елшісі (с.а.у) «Тал бесіктен жер бесікке дейін білім алуды» мұсылман жұрағатына өсиет етті. Әсіресе, дәл қазіргі уақыттағы исламфобтық ойындар күшейген сәтте, әрбір мұсылман баласына хақиқи діни білім алу парыз десек асыра айтқандық емес. Біздің елімізде, ислами білім алудың барлық сатылары қалыптасқан. Әліпбиден бастап, орта білім (сауат ашу курстары), арнаулы орта білім (медресе-колледж), жоғары білім (университет), ғылым магистрі һәм ғылым докторы болуға дейін толық жағдай жасалған. Олай болса, отанымызда мұсылман баласының ілім жолындағы күресіне еш кедергі жоқ деген сөз.

Түйін: Шынтуайтында, дін ілімін игеруге адам талмай еңбектенетін болса, талассыз көздеген биігін бағындыра алады. Ол үшін ілім-білімге деген ынта-ықыласпен қатар жан-жақты діни білім бере алатын оқу орнын, дін ақиқатына ұластыра алатын таңдаулы жол (мәзһаб) мен сенім (ақида) мектебін, көркем-мінез һәм рухани кемелденуге (иһсан) жол көрсететін көреген ұстазбен қауышуы қажет. Аталмыш мәселелерде адасар болса, онда оның өтеуі оңай болмайды. Осы себептен де, талапкерге тап басып жөн сілтеу ата-ананың немесе оның орнын басар үлкендердің уәзипасы. Алла адасудан Алаш баласын сақтай көр! 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.