Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • Таң 06:04
  • Күн 07:30
  • Бесін 13:05
  • Екінті 16:38
  • Шам 18:30
  • Құптан 19:56
  • 15
  • қазан

    сейсенбі

  • 15
  • Сафар

    1441

Рәтбек қажы НЫСАНБАЙҰЛЫ: Мәзһабты мойындамай, дінді білмейсің! (СҰХБАТ)

  • 1495
  • 0
  • 13.02.17

Еліміздегі мұсылмандар діни басқармасының құрылуына мұрындық болып, діни ахуалдың жақсаруына бір кісідей атсалысқан сол кездегі бас мүфти Рəтбек қажы Нысанбайұлы болатын. Діни басқарманы ұзақ жыл басқарып, қазір ел назарынан тыс жүрген Рəтбек қажымен кездесіп, қазіргі діни ахуал, жастардың дінге бет бұруы, түрлі ағымдар төңірегінде пікірін сұраған болатынбыз.

– Кезінде еліміздің дін саласында талай істер атқардыңыз. Алайда бас мүфтиліктен түскелі бері, ел назарынан тыс қалдыңыз. Неге? Қазір қайдасыз? Нендей іспен айналысып жүрсіз?

– Бисмилахир-рахмани-рахим! 1969-1975 жылдар аралығында Ливия университетінде «Шариғат жəне халықаралық заң» факультетінде оқып келіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын құрып, оны 20 жылдан аса басқарып, бас мүфти болдым. Кеңес заманында сол кездері республика бойынша елімізде бар болғаны 25 мешіт бар еді. Алты аймақта, Қостанай, Торғай, Жезқазған, Маңғыстау, Өскемен жəне Талдықорған облыстарында мүлде мешіт болмады. Осыны ескеріп, тағы 68 мешіт ашып, Кеңес заманының өзінде мешіт санын 93-ке жеткіздім. Ол кезде бір мешіт ашудың өзі қиямет-қайым шаруа болатын. Сонау Мəскеуден рұқсат алу керек. Діни басқарма 1990 жылы 12 қаңтарда, жұма күні құрылды. Бұл уақытта Кремльді Горбачев, біздің елімізді Колбин басқаратын. Соңғысының біздің елімізге көзқарасының қандай болғаны белгілі. Рұқсат сұрай барғанымда маған «сіз енді үкіметтен қол қойдырып жіберіңіз» деді. Сол кездегі министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев болатын. Мен ол кісіге əлі күнге үлкен алғысымды айтамын. «Неге?» деп бірауыз сұрамастан, «қағазыңызды əкеліңіз» деді де, қол қойып берді. Бұл – оның үлкен ерлігі. Діни басқарма құрылған соң мешіттер мыңдап ашыла бастады. Ұзын саны 5500-ге жетті. Халық тығыз тұратын аймақтарда, қала мен облыс орталықтарында күніне мыңдаған адам келіп намаз оқитын «жаме» мешіттер аштым, жүздеген адамдар барып, құлшылық жасайтын, ауылдық мешіттерге арналған шағын «забие» мешіттердің ашылуына мұрындық болдық. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарында, теміржол вокзалдарында, əуежайларда арнайы намазханалар аштық. Сол кездері Заречный түрмесінде де əуелі намазхана ашып, кейін оны мешітке айналдырдық. Алматы облысына қарасты Талғардағы жəне қазіргі Белбұлақ (бұрынғы Мичурин) пен Жетіген (бұрынғы Николаевка) ауылдық округтеріндегі үш мешітті түріктерге салғыздым. Арабтарға Алматы қаласы мен облысына жəне Оңтүстік Қазақстан облысына жиырмадан асам мешіт салғыздым. 30-дан аса мешітті осылайша шетелдіктерге салғыздым. Менің туған ауылыма Кувейт министрі мешіт салып берді. Он бес шақты кітабым шыққан. Қазақ қазақ болғалы, Құранды алғаш Халифа арабшадан қазақшаға аударған адаммын. Жасыратыны жоқ, ол 1991 жылы 200 мың данамен тарады. «Аға, осыны аударсаңыз» деп, ұсыныс жасаған Өзбекəлі Жəнібеков болатын. 30-дан аса мемлекеттің президенттерінің қабылдауында болдым, 80-нен аса мемлекетті араладым. Көрген-білгенімнің барлығын еліміздегі дін саласының қалыптасуына, дұрыс бағытта дамуына жұмсадым. Діни басқарманы 20 жылдан аса уақыт басқарып, 2000 жылы үшінші құрылтайда бəрін тапсырып, орнымнан кеттім. Бұрын осындай сүбелі істер атқарып жүрген соң халық əлі де болса ауыз толтырып айтарлықтай еңбектер күтеді. Бос уақытымда кітап жазамын. Есік қаласындағы орталық мешітті басқарып отырмын. Жұма күндері мыңнан астам адам осы мешітке жиналып намаз оқиды. Аллаға шүкір деймін. Айналып келгенде, сол исламның дамуына шамамыздың келгенінше үлес қосып келеміз. Менің бұрынғы мақсатым осы еді, қазір де осы бағыттан айнығам жоқ, кейінгі мақсатым да осы бола бермек. Еліміздің егемендігі нығайып, Тəуелсіз еліміздің абыройы асқақтай берсе менің бар тілегімнің орындалғаны деп білемін.

– Халқымыздың дінге бет бұруы қандай деңгейде? Бұрынғымен салыстыра аламыз ба?

– Мешіттерге үлкен-кішілі адамдардың келуіне қарағанда халқымыздың діни сауаты артып келеді. Дінге бетбұрыс бар. Дегенмен, исламды əлі де толық түсінбеген жастарды өзге секталар, ағымдар, діндер жарты жолдан бұрып алып жатыр. Бұл – жақсылық емес. Осының қалайда алдын алуымыз керек. Қазір көптеген ата-аналар балаларын мешітке жіберуге қорқып қалған. «Мешітке барамыз» деп кетіп, балалары əлдеқандай бір ағымдардың жетегінде кетіп қала ма деген қорқыныш бар. Осы салада туындап жатқан мəселелерді шешу керек. Тиісті орындардың қадағалауын күшейтуіміз қажет.

– Қазір мəзһабқа қырын қарайтындар «мəзһабпен жүрсің бе, əлде сүннетпен жүрсің бе» деген сияқты қитұртқы сұрақтар қойып, түзу жолдағыларды адастыруда. Осы ретте өзіңіз мəзһаб пен сүннеттің аражігін ажыратып, түсіндіріп берсеңіз...

– Дінге бет бұрған қандастарымыз осының ара-жігін ажырата алмай, рухани шөлде жүр. Мəзһабтың бірнеше мағынасы бар. Мəзһаб – ілім, жол деген сөз. Жақсы жолмен жүрсең – баратын жеріңе адаспай жетесің. Қалың ну орманның ішіне тастап кеткен адам жолсызда сөзсіз адасады. Осы секілді мəзһаб тура жолы бар, адастырмай өзгелерді алып жүре алатын ілім. Əбу-Ханифа ең бірінші мəзһабтың негізін қалаған, сахабаларды көрген ислам ғұламаларының бірі. Ал сүннет – қорытылмаған нəрсе. Мəзһабта бəрін қорытып, түсіндіріп берген. Сүннет əдет, ғұрып, заң деген сөз. Жалғыз хадиспен немесе Құранмен түзу жол тауып кету қиындау. Мəзһабты білмеген адам дінді білмейді деген сөз. Сондықтан, ең алдымен адам мəзһабты білуі керек.

– «Əруаққа сыйынуға, оған дұға қылуға болмайды» деп ислам мен ата-дəстүрдің арасына сына қағушылар да бар. Бұған не айтасыз?

– Қазақ халқы ешқашан əруаққа сыйынбаған, сыйлаған. Құрметтеп, қастер тұтқан. Ата-бабаның рухын көтеріп, оған құран бағыштау сыйынғанға жатпайды. Мəселен, мен талай рет Ясауидің, Арыстан бабтың басына бардым. Алайда, мен оларға жалынып емес, Құран оқып, дұға етіп бардым ғой. Алланың сүйіктісі болғандардың басына барып, «Е, Алла, бізге де осылардың жақсылығынан, жолынан бере көр» деп тілек етудің несі айып. Оны тікелей əруаққа сыйынып кетті деу үлкен қателік. Ол, тіпті, жала. Əрине, мұндай нəрселер адамдарды шатастырады. Сондықтан, абай болуымыз керек.

– Дінге бет бұра бастағанына көп бола қоймаған кей жастардың мінезі күрт өзгеріп, туған-туыстарымен діни көзқарас қайшылығына байланысты араласпай кетуі жиі байқалады. Бұған қалай тап болдық? Əлде мұндай жағдай бұрында да болушы ма еді?

– Сан ғасырлар қалыптасқан əдет-ғұрпымыздан алшақтаудың соңы осындай келеңсіздіктерге əкеледі. Жүрегімді ауыртатыны да осы. Жас буынның бойына білім мен тəлім тəрбие қатар берілуі керек. Ұлттық əдет-ғұрып сіңірілуі керек. Балабақша мен мектептен бастап осы нəрселерді санасына құйсақ, қыздарымыз кəмелетке толмай жатып, оң жақта отырып аяғы ауыр болып қалмас еді. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйретсек, олар өзге діннің жетегінде кетпес еді.

Этика, эстетикалық тəрбиені күшейту қажет. Бұл, негізінен, жастардың кінəсі емес. Оларға қандай тəрбие берілсе, солай қалыптасады. Сондықтан оларды тəрбиелейтін қоғамды түзеуіміз керек. Қазіргі қоғамда қалыптасқан «азаматтық неке» дегенге мүлде қарсымын. Бұл – халқымызды аздырып-тоздыратын құбылыс.

– Соңғы кездері мешіт салып, ата-бабасының атын берушілер көбейіп кетті. Бұл қаншалықты дұрыс?

– Жоқ, бұл дұрыс емес. Егер мешітті салып, өзінің туған-туысының атымен атауға тырысса, одан сауап жинауға тырыспай-ақ қойсын. Ал, Алла үшін салатын болсаң, сал да қой, одан кейінгі тірлігіне араласпа. Шымкентте сондай байшыкеш біреу мешіт салып, ішіне анасын жерлеуге тырысып, масқара болды ғой. Мұның бəрі сол мешітке ата-бабасының атын беруге тырысып, жарысқандардың көбеюі сал дарынан туындайды. Мешіттердің саны қазір 2500-ден асады. Бұл тіркелгендері. Тіркелмегендері де баршылық. Дегенмен, мешіті жоқ ауылдарда мешіттердің ашылуын, олардың санының көбеюін қолдаймын.

– Қазір елімізде түрлі діни ағымдарды ұстанушылар көбейіп кетті. Зайырлы елміз деп, оларды тым еркінсітіп жіберген жоқпыз ба? Оларды ауыздықтайтын заң керек пе?

– Зайырлы мемлекеттің де заңы бар. Зайырлы мемлекет екен деп баса көктеп кіре беруге болмайды ғой. Сондықтан, оларды ауыздықтайтын заң болуы керектігін қолдаймын. Мен бас мүфти болып тұрған кезде де ондай ағымдардың талайы келді. Оларды барынша елімізге жолатпауға тырыстым. Бұл ағымдар Өзбекстанды, одан Тəжікстанды, шешендер мен қырғыздарды алды. Дін дүрбелеңге айналды. Мəселен, Тəжікстанда қазилардың үйіне келіп өлтіріп тастады. Шешенстан əлі қырқысып жатыр. Өзбектер бір амалын тауып тоқтатты. Қазір бізге де қайта айналып келе бастағаны байқалады. Əлі де кеш емес, олардың аяғына тұсау салатын заң керек. Миссионерлерден əр қазақ, əуелі өзін, сосын отбасын, ағайын-туысы мен жора-жолдасын сақтауы тиіс. Бізді азғырушылар көп. Ел болсын деп ешкім қолдамайды. Сондықтан, қазақ халқы өзімізді-өзіміз қорғауға тиіспіз. О бас та қазіргі дін жөніндегі Заң қабылданған уақытта, мен – депутатпын. Сол уақытта діни ағымдарға тосқауыл қоятын заң шығару туралы бірнеше рет мəселе көтергем. Секталарды, діни миссионерлерді ауыздықтайық, оларға тосқауыл болатын, дінге байланысты заңды қайта қарайық, талқылайық дедім. Өкінішке қарай, депутаттар дауысқа салмады. Соны əлі күнге түсінбеймін. Діни ағымдарға тыйым салатын заң сол кезде бекіп кеткенде, үлкен жеңіс болар еді. Бірақ, қайталап айтамын, оларға қатысты заңды əлі де күшейту керек.

– «Шетелде дін оқыған жастардың бір тобы жат мəдениетті насихаттап, ел ішіне іріткі салады» деген пікір бар. Бұл мəселеде қауіп бар ма?

– Бұл орынды мəселе. Өйткені, өзіңнің тіліңде, төл мəдениетің арқылы алмаған білімді, өзгенің тілінде ала алмайсың. Мен шетелде оқығанда он сегіз жыл бойы оқуын бітіре алмай жүргендерді көргенмін. Мүфти болып тұрған кезде жүз баланы Түркияға, сексен баланы Египетке, жиырма баланы Пəкістанға оқуға жібергенмін. Содан дипломын əкеліп көрсеткен біреуін көрген жоқпын. Бірақ, ол балаларды оқуға жіберіп, артынан тексеріп отырдым. Өзге ағымға бүйрегі бұрғандарын дереу оқудан шығарып, елге қайтаруға бұйырдым. Жастарды шетелге оқуға жіберіп қана қоймай, ізінен қадағалап отыру керек. Сондықтан, діни мамандарды өз елімізде, өз тілімізде мықтап дайындағанымыз абзал. Əркім азаматтарымызды өзге дінге жетектеп кете берсе, айналдырған 16 миллион халықпыз, өз ішімізден бүлініп бітеміз ғой. Сондықтан, барлық жағынан абай болу керек.

– Əңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Қуаныш ƏБІЛДƏҚЫЗЫ
E-islam.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.