Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • Таң 03:12
  • Күн 05:00
  • Бесін 13:23
  • Екінті 18:58
  • Шам 21:37
  • Құптан 23:25
  • 4
  • шілде

    сенбі

  • 13
  • Зуль-ка’да

    1441

МАМЛЮК МҰСАЕВ: МҰСЫЛМАН – МҰСЫЛМАННЫҢ ТІЛЕКШІСІ

  • 780
  • 0
  • 21.10.16

Қазіргі таңда біз өмір сүріп отырған ортада ғана емес, әлем бойынша мейірімге мұқтаждық байқалады. Кезіндегі отарлау саясатының салдарынан қазақылығымыздан, ұлттығымыздан ажырап қалдық деп жатамыз. Ал, дінге бет бұрдық деген кей жастарымыздың өз ата-анасын кәпірге балап, ағайыннан алшақтауы мұсылмандыққа жатады ма? Біз бүгін осы тілеулестік, бауырмалдық тақырыбында дінтанушы Мамлюк Мұсаевпен сұхбаттасқан едік.

– Мамлюк аға, исламда мұсылман мен мұсылман арасындағы тілеулестік жайында не айтылған, әңгімемізді осыдан бастасақ?

– Қазақ дүниетанымында да, мұсылманшылықта да тілеулестіктің орны айырықша. Зерделеп отырсақ, Құранның «Хужурат» деген сүренің оныншы аятында айтылған «Шын мәнінде мүміндер (бір-біріне) бауырлар» деген иләһи шамшырақ, тілеулестікке үндеп тұрған жоқ па.

Адамдар арасында Алла елшісінің (с.ғ.с.) сөзінен өткен ұлы сөз жоқ шығар. Одан асырып не айтуға болады. Бұқар жыраудың бір сөзі бар еді ғой: «Ер жігітке жарасар қолындағы найзасы, би жігітке жарасар еліне тиген пайдасы, келіншекке жарасар емшектегі баласы, бәйбішеге жарасар еміздіктенген сабасы, ақсақалға жарасар тілеуқорлық айласы» дейді. Бұрын ата-әжелеріміздің тобасын айтып, жұрт біткенге тілеуқор болып отыратын еді, біз соны көріп өстік. Қазіргі капиталистік, техногарттық қоғамда өмір сүріп отырған өтпелі кеңістіктің кептелісіне келіп тоқтаған елдің қарияларынан ондай риясыз тілеулестікті дәметудің өзі қиын. «Үмітсіз – шайтан» ғой. Ендігі арман-тілек өскелең ұрпақта. Солардың бауырмалдығы мен бір-біріне деген тілеулес болуына ақыл-кеңесімізді сауатты түрде түсіндіріп, ата жолын жадына сіңіруіміз керек қой деп ойлаймын.

 Осы тілеулестік дегеніміз қандай іс-әрекеттерден көрінеді?

– Тілеулестік ұғымы – жалпы адам баласында болатын қызғаныш сезімінің антонимдік мәні. Сондықтан, оның өмірімізде көрініс беретін жері көп. Мысалы, бір көршіңнің баласы оқуға тапсырғалы отыр, сен соған қазақтың бір баласы білімді болсын деп көршіңді шағын болса да шайға шақырып, шын ниетіңмен тілектестігіңді білдірсең... Міне, осындай көріністері болады. Кейде адамның қолынан келмейтін бір жағдайлар орын алады, мысалы бір жақын танысың хал үстінде жатыр делік, оның мүшкіл жағдайы бірінші Алланың құзыретінде, екінші білікті дәрігерлердің қолында. Соған сырттай Алладан шын ниетіңмен аман қалуын тілесең, міне, тілеулестік осындай нәзік нәрселермен байланысып жатады. Ал, бейнелей айтатын болсақ, айналамызда қаншама мұқтаж жандар бар, ал, көктемде су тасқынында қалатын ауылдар бар, соған көмек қолын созу да бір тілеулестік емес пе. Үйі бітпей жатқан жақындарымызға асарлатып барайық. Мұндай көрініс беретін тілеулестік амалдар ата-бабаларымызда өте көп болған. Яғни, тілеулестік – мұсылмандық мінездегі біздің ата салтымыз. Әсіресе, бай, мырза, сақи адамдар кедей-жатақ, батырақтарға сауын, мініс ат берген мұндай дәстүрлі құндылықтар жібін үзбей жалғаса берсе, тілеулестік деген сол болады.

Сөзіме тиянақ ретінде айтайын, өткен жылы Қарағанды облысында, биыл СҚО-да көктемде су тасқынынан біраз ауылдар зардап шеккенін білесіздер. Осы ауылдарға ҚМДБ-ның ұйымдастыруымен ағайынгершілік танытып асарлатып бардық. Ішінде өзім де болдым. Өз көзіммен көріп, куә болдым. Шын мұқтаж ағайынға тілеулестік, бауырмалдық танытқан шараны көріп, халқымыздың әлі де болса ниеті түзу екен деген ойға қалдым. Бұл жерде Діни басқарма игі іске ұйытқы ғана болды. Ешқандай ауадан ақша келген жоқ, осы халықтан жинап халыққа берді. Қай мекеме осылай батпақ кешіп жүріп, көмек таратты? Бұдан әрі асырып айтсақ рия болар, осы жерден доғарайын. Міне, осындай істерден көрініс береді.

– Іштегі тілеулестік пен істегі тілеулестіктің парқы қандай?

– Жақсы сауал. Жалпы тілеулестік деген сөзің түпкі мағынасы – тіле, тілек дегеннен шығып отыр. Яғни, бұл тілдегі нәрсе. Жоғарыда көрінісін айттық. Базар жырау өте қарапайым: «Мұсылмандық кімде жоқ? Тілде барда ділде жоқ» дейді ғой. Осы біздің тілеулестігімізде тіліміздің ұшында ғана сияқты. Ол ділде болғанда тіптен қоғамда жатбауырлық, қатыгездік секілді келеңсіздікке кез болмас пе едік?! Сондықтан сұрағың өте орынды, бәрі осы «іштен» басталады. Ішімізде «ит мерез өліп, қасқыр ұлып» жатса, насқа толы болса мұсылмандығымыз жуыр маңда көгере қоймайды!

– Адамзаттың ардақты пайғамбары (с.ғ.с)-ның ғибратты қиссалары мен өнегелі өсиеттерінде бұл жайлы не айтылған?

– Тілеулестік ұғымы ардақты Расулымыздың (с.ғ.с.) өсиеттерінде де ерекше дәріптелген. Айталық, Бұһари бабамыздың хадис жинағында: «Ең жылдам қабыл болатын дұға – мұсылманның бауыры үшін жасаған жасырын дұғасы» деген хадисі келген екен. Бұл – оның көзінше жасалған дұғадан жетпіс есе артық. Сонымен қатар, Термизи: «Екі түрлі дұғаның Алламен арада бөгеті болмайды. Біріншісі – жәбір көрген адамның жасаған дұғасы. Екіншісі – мұсылманның бауыры үшін жасаған жасырын дұғасы» деген хадисті келтіреді.

Алла елшісінің (с.ғ.с.) өнегелі өмірінде тілеулестікке үлгі болатын мыңдаған мысалдар табуға болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Туыстық қатынасты үзген адам жәннатқа кірмейді» деген екен.

Туыстықтан бас тартудың құлшылыққа зияны бар. Бір күні Әбу Һурайра (р.а.) жұма күні мешітке кіріп «Біздің мешітімізге жоламасын!»  деп үш рет қайталап айтты. Сонда одан:

– Ей, Әбу Һурайра, ол кім біздің мешітке жоламайтын, - деп жамағат ішіндегі кісі сұрады.

– Апа-қарындасынан, тума-туыстан қол үзген адам, - деп жауап берді ол. Сонда бір жас жігіт мешіттен шығып кетіпті. Ол өз туыстарымен екі жыл араласпай, хабарсыз кеткен екен. Кейіннен ол туыстарынан кешірім сұрап үйіне барады. Сонда одан туыстары:

– Сені қай жел айдап келді? — деп сұрайды.

– Мені айдап келген Әбу Һурайраның аузынан шыққан жел, - деді.

– Ол кісі не деді?

– Ол кісі (р.а.) туыстарынан қол үзген адам мешітке жоламасын, - деді. Ол (р.а.) пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бір нәрсе естіген болар, оны нақтылап сұрайық, – деп Әбу Һурайраның (р.а.) алдына барады. Сонда Әбу Һурайра айтты:
– Мен Алланың елшісінен (с.ғ.с.) естідім. Бейсенбі күні екінті намазынан кейін бүкіл жақсы амалдар айрықша көтеріледі. Жұма күнгі бір сағат тілек қабыл болады. Тек тума-туыстан, апа-қарындастан қол үзген адамдардың жақсы амалдары өзіне қайтады, - деді.

Әбу Аюб Әл Ансариден (р.а.) риуаят етілген хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) алдына бір далалық адам келіп:

– Қай амал мені жәннатқа жақындатып, тозақтан ұзақ етеді, - деп сұрады. Сонда Алланың елшісі (с.ғ.с.):

– Аллаға құлшылық ет! Оған серік қоспа, намаз оқып, зекет бер және тума-туыстармен қарым-қатынаста бол! - деп бұйырды. 

Ибн Мәжәнің риуаятында келтірілген хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір күні Аббастың үйіне келді де, туыстарын жинап шапанын жауып тұрып: «Ей, Раббым, бұлар менің туыстарым, мен бұларды жапқан сияқты, Сен де туыстарымды тозақ отынан құтқар» деп дұға етті» дейді. Сонда үйдің бұрышынан төрт-бес адамның «Әмин» деген дауыстары естілді. Оның ішінде Аббас ұлдары Файз Абдулла, Убайдулла, Хусам, Мағбад, Абдурахман, Саид, Умму Хабиба бар болатын.

– Өзіңізге белгілі, еліміздегі жамағаттардың арасында тілеулестік түгілі бөлшектенуге бейім тұратын неосәләфилік ағым мүшелері бар екендігі жасырын емес. Бұл мұсылмандыққа шет емес пе, қалай түсіндірер едіңіз?

– Бұл енді саясиланған мәселе деуге де болатын шығар. Себебі, бұл діни тартыс болса бір шешімін табатын уақыт болып еді. Елімізде дін мәселесін зерттеген ғалымдардан кемшін емеспіз. Ел тәуелсіздік алған жылдардан бері дін мәселесін зерделеген және жақсы түсіндіріп бере алатын ғалымдар жетерлік. Дұрыс айтасыз, «Бізден емес» деген желеумен, өзін мұсылман санаған кей жандар көз алдындағы мұсылман жығылып жатса, демеп жіберуге енжар тартып тұрады. Оны күнделікті көзіміз көріп жүр. Бірақ әңгіменің басында тілге тиек еткеніміздей, мұсылманның мұсылмандығы өзіне тілегенді өзгеге де тілеуі, өзіне жат дүниеден өзгені сақтандыруы және осы сияқты ерек мінездермен өлшенсе керек.

– Сонда билік дәрменсіздік танытып отыр ма?

– Олай деп бәріміз жауапкершіліктен жалтарсақ, азаматтығымызға сын болар. Ел болып іске енді кіріскен секілдіміз. Жақында құрылған Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінен халықтың күтері мол. Оң шешімін табуын күтіп отырған кей мәселелер енді бір жүйеге қойылатын шығар деген үміттеміз.

– Дін саласында көп жыл қызмет етіп келе жатқан имамдардың бірісіз. Көпшіліктің бел ортасында жүрсіз, бүгінгі адамдар арасындағы тілеулестік әрекетін қалай таразылап, қалай бағамдар едіңіз?

– Мұндай сақ сауалға ат үсті гипотеза айта сауға болмас. Қоғамдық мәселелерді зерттеп жүрген әлеуметтанушылар арнайы сауалнама жүргізіп, зерттеп, таразылап түйінді сөзін айтқаны дұрыс шығар. Жоғарыда айттық қой, тілеулестік деген бұл – тілде де, ділде де болатын құбылыс деп. Сондықтан сырттай тон пішіп біздің халық міне, осындай «тілеуқор» немесе «тілеуқор емес» деп кесіп айта алмаймыз. Әлі де болса бұл мінезден халық арыла қойған жоқ деп айта аламын. Ел болған соң ала-құламыз жоқ емес. Оларға Алладан иман-таупық тілейміз. Ерулік, асар сияқты дәстүрлерді күні бүгінге дейін жеткізген халықтың бойында қанмен жеткен тілеулестік сезімі жуық арада жоғалып кететініне орта буын ретінде көңіл де көз де сенбейді.

– Сіздіңше бүгінгідей нарықтық қоғамда тілеуқор мұсылманның титулы мен тұлғасы қандай болмақ?

– Титулын Алла өзі береді, бұл дүниеде абыройын асқақтатып, о дүние жақсылығымен жарылқар... Бұл дүниеге сай айтсақ, тұлғасы – тақуалық. Яғни, кемел рухты, ішкі мәдениеті жоғары адам дер едім.

– Мешіттерде тілеулестікке қаншалықты мән беріл­ген?

– Мұсылмандарға қолдау көрсету – мешіттерде бекем қалыптасқан үрдіс. Мешіттерден басқа бір жерде мұндай үрдіс мықты деңгейде дегенге өз басым сенбеймін. Шіркеулер мен храмдарда қандай екенін білмеймін. Бізде, еліміздегі әр мешіт жұма күні жұма құтпасы оқылғанша жамағаттардың қиын жағдайға ұшыраған, не ауыр науқастағы адамдарға арналған өтініш-тілектері бойынша жария дұға оқылады. Іштей тілекші болып отырған адам қанша, оны Алла біледі. Ол да жақсы үрдіс. Бұл да – мұсылмандықтың, адамгершіліктің бір белгісі. Мұсылмандардың мерекесі болсын, ұлттық мерекелеріміз болсын, барлық атаулы күндерді өзіміздің ұлттық дәстүрімізге сай өткізіп келеміз. Мұндай мейрамдар, түрлі басқосулар адамдардан, ортадан алыстап қалған кейбір бауырларымызға оң әсерін береді. Адамдар арасындағы жақсы қарым-қатынасты нығайта түсетін факторлардың бірі. Сондықтан мешіттерде бұл шаралардың жалғастығы жақсы деңгейде қалыптасқан деп айтуға да болатын шығар.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен

Шарапат БОЖБАНБАЕВА

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.