Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • Таң 03:12
  • Күн 05:00
  • Бесін 13:23
  • Екінті 18:58
  • Шам 21:37
  • Құптан 23:25
  • 4
  • шілде

    сенбі

  • 13
  • Зуль-ка’да

    1441

Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ: САЛАФИЗМ ҰЙЫМ ЕМЕС – ОЛ ДІНИ АҒЫМ, КӨЗҚАРАСТАР ЖҮЙЕСІ

  • 444
  • 0
  • 19.10.16

2016 жылдың 14 қазанында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев мырза салафизмді ұстанушылар өз идеялары мен құндылықтарын біздің ұлттық мәдениетімізден, рухани дәстүрлерімізден жоғары қояды деумен қатар «салафизм ұйым емес – ол  діни ағым, көзқарастар жүйесі» деп айтуы өте орынды айтылған сөз деп есептейміз.

Расында да салафизмді ұстанушылар өз идеялары мен құндылықтарын біздің ұлттық мәдениетімізден, рухани дәстүрлерімізден жоғары қоятындығы хақ. Өйткені қазіргі таңда кейбір жастар арасында салт-дәстүрімізге қырын қарап, бұрынғы өткендерге адасушылар деп кінә артатындар кездесуде. Тіпті ата-анаға, үлкенге, ұстазға, басшыға, мешіттегі имамдарымызға дейін қарсы шығып, олардың сөзін тыңдамай, ата-анасын намаз оқымаған үшін тамағын ішпей кәпірге балайтын әрекеттер байқалуда. Ондай жастардың ата-анасын кәпірге балап үкім шығаруы аятқа да, хадиске де сай келмейді.

Салафизмді ұстанушылар өз идеялары мен құндылықтарын біздің ұлттық мәдениетімізден, рухани дәстүрлерімізден жоғары қоюы да құран мен хадиске қарама қайшы ұстаным болып табылады. Мәселен Ата-ананы кәпірге шығаратындығына бір мысал берер болсақ Құранда: «Раббың тек қана өзіне құлдық жасауды, әке-шешелеріңе жақсы қарауды бұйырды. Ал егер олардың бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «түһ» деп те айтпа» деп ескертсе хадисте: «Оған (Аллаға) еш нәрсені серік қоспаңдар, ата-анаға жақсылық жасаңдар!» дейді. Ал дана халқымыздың да «Ата-анаң жынды болса байлап бақ» деуі ата-ананы қандай жағдайда болмасын қас-қабағына қарап құрметтеу міндет екенін және салафизм бағытында жүргендердің ата-ананы кәпірге балауына қарсы айтылған дәлел болып табылады. Сондай-ақ жастар арасында кездесетін мәселе егер тұрып жатқан елі шариғат талаптарымен жүрмеген жағдайда ол мемлекетті кәпірстанға балап ол мемлекеттен мұсылман мемлекетіне міндетті түрде көшу керек деп асығыста үкім шығаруы, салт дәстүрімізде бар жайттарды жоққа шығару арқылы өзінің ұстанымында болмағандарға сәлем бермеуі, келіннің үлкенге иіліп сәлем беруін шірік деп санауы, аруақтарға құран оқымауының барлығы елін, жерін, отанын, тілін, дінін, дәстүрін елбасын сүйетін ықыласы мол ұрпақ тәрбиелеуден алыстатады. Осындай санамен, оймен өскен жас ұрпақ ертеңгі күні отанын, дінін, ұятын, жанын, дүниесін қызғыштай қорғамайтын болып өседі. Ондай елдің болашағының баянды әрі Елбасымыз айтқандай мәңгі болуы мүмкін емес.

Сондықтан салафизм жетегінде кеткен жастарымыздың жат ағымнан кері қайтып дұрыс бағытқа түсуі үшін ел болып минстр мырзаның айтқанын қолдап жұмыла жұмыс істегеніміз жөн.

 

Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ,

ҚМДБ-ның Жалпы және жастар ісі бөлімінің меңгерушісі

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.