Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • 22
  • қазан

    сейсенбі

  • 22
  • Сафар

    1441

Балғабек МЫРЗАЕВ, теология ғылымының докторы, дінтанушы:

Мешіттердегі уағыз мәселесі төңірегіндегі пікірталас толастамай тұр. Бәзбіреулер уағыздар тек қазақ тілінде өту керек деген қағиданы алға тартып жатыр. Енді бір топ, негізінен орыс тілді аудитория уағыз екі тілде де жүргізілгенін қалайды. Осындай маңызды мәселелерде ілгергі ислам ғұламаларының айтқандарына құлақ асуымыз керек деп ойлаймын. Бірқатар ғалымдар уағыздың бірінші бөлігін араб тілінде өткізу уәжіп болса, екінші бөлігін кез-келген тілде жүргізуге болады десе, кейбірі уағыздың өткізіліп жатқан халықтың тілінде өткізілуіне тыйым салынбады дейді. Өйткені, пайғамбарымыздың (с.а.с.) дәуірінде, пайғамбарымыз бен жамағаты араб тілінен басқа тілдерді білмеген. Көпшіліктің пікірі осындай.  Беделді мұсылман ғалымдары былай дейді: хұтба сол ел тұрғындарының тілінде жүргізілуі тиіс екендігінің дәлелі барлық пайғамбарлар жіберілген қауым тілінде ғана сөйлегендері. Хұтбадан шыққан адам соны түсінбесе дұрыс емес. Құран аяттарын ғана араб тілінде айтып, кейін соның аудармасын беруге болады. Егер мұсылмандар арасында әртүрлі ұлт өкілдері отырса, хұтбаны сол тілдерде, яғни екі немесе одан да көп тілде жүргізуге әбден болады. Бұл бастама арқылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының саясаты түбегейлі өзгереді деген сөз емес. Орыс тілінде түсініктеме беруді қажет ететін елді мекендер онсыз да аса көп емес.  Республика халқының басым бөлігі өздерін мұсылман санайды әрі жұма намазына келушілер легі де артып келеді. Сондықтан мешіт имамдары осы мүмкіндікті тиімді пайдалануы керек. Жастарға ұғынықты уағыз айтуға тырысу керек. Орыс тілді азаматтарымызға жол таба білуіміз қажет...

  • 1107
  • 0
  • 28.09.16

Өмірбаян


Жалғас САДУАХАСҰЛЫ, филос.ғ.к., исламтанушы, «E-islam.kz» интернет-порталының бас редакторы:

Елімізде өзге ұлт өкілдері шоғырланған мешіттерде немесе жамағаттың белгілі бөлігін орыс тілді азаматтар құрайтын орталық мешіттерде имам айтылған ресми уағыздан соң түйіндемені қысқа да болса орыс тілінде түсіндіріп өтсе пайдалы болмақ. Сонда жамағат арасында имамның айтқан ислам негіздері, адамгершілік құндылықтар туралы уағыз-насихаттарын «я не понял» деген пенде қалмас еді. Бұл мәселені ел азаматтары дұрыс түсінулері керек. Мұның себебі көп, мәселен солардың кейбірін атап өтер болсақ: Біріншіден, еліміздің бірқатар аймақтарында жастарымыз қазақ тіліне қарағанда орыс тіліне жүйрік. Ал имамдарымыз керісінше, орыс тіліне әлсіз. Нәтижесінде, мешітке ислам туралы насихат тыңдауға келген жамағаттың бірқатар орыс тілді бөлігі бес уақыт намазда, айт және жұма намаздарында мешіттен имамның айтқан уағызын түсінбей шығады. Өйткені уағыз қазақ тілінде ғана. Көкіректе сұрақ көп сияқты, бірақ жауаптар жоқ... Екіншіден, түрлі теріс ағымдардың, радикалды ұйымдардың артынан ерген азаматтарымыздың басым бөлігі орыс тілді жастар екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Демек, елдегі орыс тілді аудитория – теріс ағым өкілдері мен миссионерлері үшін таптырмас алаң. ҚМДБ осы алаңды бөтен біреулерге емес, өздері игеріп, дінге қызығушылық танытқан жастарымызбен жұмыс жасауы керек. Ал ол үшін оларға ислам туралы дұрыс ақпаратты, уағыз-насихатты солардың тілімен жеткізу – заман талабы. Үшіншіден, адам бойындағы рухани сұранысы мен ізденісін қанағаттандыру үшін орыс тілінде ақпарат іздеген азамат Интернетке кіреді. Ол жердегі шынайы ислам туралы ақпараттар сүзгіден өтпеген. Мәлімет көп, бірақ оның дұрысы мен бұрысы қайсысы екені белгісіз. Исламнан хабары жоқ адам орыс тіліндегі радикалды ағымдардың сайттары мен порталдарына оп-оңай кіріп кету қауіпі бар. Егер отандық имамдарымыз ресми уағыздарының түйінді қорытындыларын немесе түсіндірмелерін қысқа түрде болса да орыс тілінде айтып отырса, орыс тілді азаматтарымызға үлкен көмегін тигізер еді. Төртіншіден, тарихи және мәдени қалыптасқан дініміз ислам және оның ішіндегі Әбу Ханифа мәзһабы, Матуриди ақидасы туралы орыс тілді шығармалар жоқтың қасы. Ал имамдарымыздың мешітте айтатын уағыздары осы мәселелерді қамтиды. Орыс тіліндегі түйіндемелер осындай олқылықтың біршама орнын толтырады.

 

Сауалнама әзірлеген: Жайық НАҒЫМАШ

 Дереккөзі:-http://qamshy.kz/home/show/10623


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.