Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • 22
  • қазан

    сейсенбі

  • 22
  • Сафар

    1441

Өтпенов Наурызбай Тағанұлы

«Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы

  • 4538
  • 23
  • 05.07.14

Өмірбаян

Ассаламуғалайкум, құрметті жамағат! Сіздерге Алланың игілігі мен сәлемі болсын! "Сәдуақас қажы Ғылмани" мешітіміздің ресми поpталы арқылы сіздермен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. «sunna.kz» порталы, жұртшылық назарына Құран мен Сүннеттер, Хадистер мен Қазақ ғалымдарының өнегелі сөздері арқылы Ислам діні туралы шынайы білім ұсынып отыр.

Сонымен қатар, халқымды толғандырып жүрген сауалдарға қанағаттандырарлық жауап беруге әзір екенімді білдіргім келеді.

Құрметпен Наурызбай Өтпенов 

Пікірлер (23)

  • Құрметті Наурызбай Тағанұлы. Соңғы уақытта ислам дінінің үкімдері туралы көп тартыстың арасында болғанымды жасыра алмаймын. Осындай пікір талас алаңдарында болғанымда "Фиқх" дан көп әңгіме болады,Содан менде Фиқх кітаптарын интернеттен қарастырып отырсам барлығында бірінші "дәреттің" үкімімен басталған екен осының сыррын айтып бересізба? Алла Сізден және отбасыңыздан разы болсын.

  • Дәрет – Асыл дініміз Исламда кейбір құлшылық-ғибадаттарды іске асыру үшін және жеке басы ғибадат саналатын арнайы тазалану түрі. Жабир ибн Абдуллаһтан (р.а.) риуаят етілді: Расулулаһ (с.ғ.с.) бір хадисінде былай деген: «Жәннаттың кілті – намаз, намаздың кілті- дәрет». Сондықтанда ғалымдар өздерінің фиқһи еңбектерін дәрет тақырыбымен бастаған. Таһарат белгілі бір мүшелерді жуу және мәсіх етуден тұрады. Дәрет - негізінде дененің ең көп кірленетін мүшелерін тазалауды көздеген Исламдағы маңызды ғибадат. Сондықтан да Дәретсіз намаз оқып, Қағбаға тауап ете алмайды. Құранды да жалаң қолмен ұстай алмайды. Бірақ ашық тұрған Құранның бетіне қарап оқи алады. Дәреттің осы дүниелік әрі ақыреттік пайдалары көп. Пайғамбарымыз (с.а.c.) бұл тұрғыда:
    «Кімде-кім әмір етілгендей дәрет алып, әмір етілгендей намаз оқыса өткен күнәлары кешіріледі» (Бухари, Уду /28).
    «Кімде-кім дәрет алып, жүзін жуғанда, бет мүшелері жасаған күнәлары, аяқ-қолдарын жуғанда, сол мүшелермен жасаған күнәлары су тамшыларымен бірге ағып, өзі тап-таза болады» (Муслим, Таһарат / 32), дейді.

  • Үкіметтің жұмысында күнделікті тіршіліктің қамымен көп нәрсені ұмытып кетеміз. Жақында осы ораза айы басталғанда ауылда болатынмын. Ауыл молдасынан "пітірді кімдер береді" десем барлық мұсылман деді. Сонда балиғат жасқа толмағандарға да парыз ба. Осыны түсіндіріп бересіз ба?

  • Пітір садақасы өз уақытында, яғни, Рамазан айының ішінде немесе соңғы күні айт намазына дейін беріледі. Айт намазы оқылғаннан кейін берілген пітір жәй садақа болып есептеледі. Дінімізде пітір, зекет сияқты садақалар Алланың ризалығы үшінжасалатын ғибадаттың бір түрі саналады
    Пайғамбарымыз(с.ғ.с.): «Пітір садақа-сәһу сәждесі сияқты, яғни сәһу сәжде намаздың жаңылысқан жеріне каффарат болса, пітір садақа тұтқан оразаның кемшіліктерінің өтеуі» -деді. Пітір садақа пітір сөзі араб тілінде - «жаратылыс» деген мағынаны білдіргендіктен, кейбір ғұламалар пітір садақасын «дененің зекеті» деп атаған. Пайғамбар (с.ғ.с.) пітір садақаны: «Әр адам үшін, қожайын немесе құл болып, кішкентай бала немесе үлкен адам болса да беріңдер»,- деп айтқан.

  • Қажылықта "Миқат" тың мағынасы қандай. Қажылық барысында миқат жерлер қай жерлер?

  • Миқат - қажылық рәсімдерін бастау үшін ихрам халіне өтетін орын. Қажылық жасау ниетімен Меккеге бағыт алған адамдар осы орындарға жеткенде, күнделікті киімдерін шешіп, ихрам киімін киіп, қажылық рәсімдерін орындауды бастауға ниет етулері керек.
    Пайғамбарымыз (с.а.с.) қажылық пен ұмра орындалатын, ихрам халіне өтетін, 5 миқатты белгіледі: Ибн Аббас (Аллаһ əкесі екеуіне разы болсын): «Аллаһ елшісі (с.а.с.) Медине тұрғындары үшін Зул-Хулəйфаны, Шам тұрғындары үшін Жухфаны, Нəжд тұрғындары үшін Қарнул-Мəнəзилді, Йемен тұрғындары үшін Ялəмлəмді миқат етіп: «Ол (миқаттар) - сол жердегілер үшін жəне сол жерлерге келіп, қажылық не ұмра жасауды қалаған басқалар үшін. Оларға жетпейтін жерде тұрғандарға ихрамға тұрған жерінен кіреді. Осы секілді Мекке тұрғындары сол жерден (яғни Меккеден) ихрамға кіреді», - деп айтқан.

  • Рамазан айында түнгі Үтір намазы не үшін жамағатпен оқылады?

  • Себебі, сахабалардың заманынан бері тарауих намазымен қатар үтір намазыда жамағатпен бірге оқылуда. Сахабалардың істері біздер үшін айғақ құжат екендігінде дау жоқ.

  • Халқымызда "Аяғыңды Құбыла жаққа жіберіп жатпа", "Құранға аяғыңды қаратпа", "Жайнамызды баспа", т.б дінімізге қатысты жәдігерлерге құрмет көрсетуге қатысты керемет тыйымдар бар. Бүгінгі таңда осы тыйымдарды елемейтін, керісінше, бидғат санайтын бауырларды жиі көремін. Оларға не дейсіз? Осы тыйымдарды дініміз шынымен құптамай ма?

  • Алла Тағала қасиетті Құрандағы Хаж сүресінің 32-ші аятында:

    «Кім Алланың белгілерін ұлықтаса; күдіксіз ол, жүректің тақуалығынан»,-деп айтқан. Демек, Алланың қасиет тұтқан белгілеріне құрмет көрсету тақуалықтың белгісі. Осы орайда, Құбыла, қасиетті Құран Кәрім т.б қасиет тұтылған нәрселерді құрметтеу имандылық пен тақуалықтың нышаны екендігі сөзсіз.

  • Ханафи мәзһабының басқа мәзһабтардан қандай артықшылықтары бар?

  • Ж. Ханафи мәзһабының басқа мәзһабтардан ерекшеліктерінің бірі – сахих хадиске қатысты мәселені келтірсек болады.

    Әуелі, Әбу Ханифа хадис ілімін жете меңгерген заманының шоқтығы биік ғалымы екенін ұмытпауымыз қажет. Бұл жайлы хадис ілімінің сұлтаны әл-Бухаридің шейхы саналатын Йахия ибн Адам: «Нұғман (Әбу Ханифа) өлкесіндегі барлық хадистерді жинады. Пайғамбарымыздан (с.а.у.) қандай нәрсе алынса да, ақырына дейін зерттейтін», – десе, Әл-Бухаридің рауилерінен Хасан ибн Салих: «Әбу Ханифа насих пен мәнсұхты өте жақсы зерттеген, әрі куфалықтардың арасында хадистерді ең жақсы меңгерген, сондай-ақ, көпшілік жамағаттың ұйыған нәрселерін берік ұстанатын және өлкесіне жеткен барлық хадистер мен әсәрларды жаттайтын адам еді» [1], – деп Әбу Ханифаның хадис ғылымындағы ерекше орнын айтқан.

    Ал енді оның кейбір сахих хадистермен амал етпеуіне келер болсақ, ханафи мәзһабында әр сахих хадис дәлелге жатпайды. Яғни, сахих хадистердің өзі арнайы шарттар арқылы ғана дәлелге саналады. Осы шарттардың кейбіреуін бірер мысал бере отырып түсіндірмес бұрын мына терминдерге түсінік бере кетейік:

    Сахих хадис – «әділет (тақуалық пен адамгершілік қасиеттер) және дабт (жақсы есте сақтау мен терең түсінік) сипаттарына ие кісілердің үзілмеген шежіре бойынша риуаят еткен және шәәзз [2] бен міндерден аман хадистері;

    Мутауатир хадис – әдейі немесе білместіктен жалған ақпаратта бірігулері мүмкін емес бір үлкен жамағаттың, екінші бір сондай жамағатқа риуаят еткен хабары;

    Ахад хадис – мутауатир хадисте талап етілген көлем-ге жетпейтін аз ғана кісілердің риуаят еткен хабары.

    Ханафи мәзһабында сахих хадистердің қабылдану шарттарының кейбірі мынандай:

    Бірінші шарт:

    «Ахад» жолмен жеткен сахих хадистің дәлелге саналуы үшін ондай хадистің Құранның және мутауатир хадистердің жалпылықты білдіретін үкімдеріне қайшы келмеуі керек. Яғни, «ахад» жолмен жеткен сахих хадис – Құранның, яки, басқа «мутауатир» сахих хадистердің білдірген үкімдерінің жалпылығын (ъамм) кейбір жағдайларға байланысты жалқылай (тахсис) алмайды.

    Мысалы, Құранда: «Сөзсіз намаз мүміндерге арнайы белгіленген уақыттарда (оқылуы) парыз етілді» [3], – деп, әрбір намаздың жеке уақытының бар екендігі білдірілген. Сондай-ақ, көптеген мутауатир сахих хадистерде де әр намаздың жеке уақытының бар екендігі әрі әрқайсысының белгіленген өз уақытында оқылуы керектігі жайлы айтылған. Яғни, Құранда да, мутауатир хадистерде де әр намаздың жеке уақытының бар екендігі білдірілген. Ал енді осы үкімнің жалпылығын, яғни әр намаздың жеке уақытта оқылуының парыздығын жолаушылық секілді кейбір жағдайларға

    байланысты өзгерту үшін өте қуатты дәлел керек. Дәлел ретінде қолданылатын хадистің тек қана сахих болуы жеткіліксіз. Себебі, ахад жолмен жеткен сахих хадис «занни» болғандықтан өте аз болса да шүбә бар. Ал мутауатирде тозаңдай күмән жоқ. Сондықтан, мутауатир жолмен бекітілген жалпы үкімді ахад жолмен жеткен хадистер арқылы өзгертуге болмайды. Міне, сондықтан Ханафи мәзһабында сапар кезінде екі намазды қосып оқуға рұқсат етілмейді. Себебі, сапар кезінде намаздарды қосып оқудың болатындығын білдірген хадис – сахих болғанымен, ахад жолымен жеткен. Яғни, мутауатир емес. Осыған байланысты ханафи ғұламалары сапар кезінде екі намазды қосып оқудың болатындығын білдіріп келген сахих хадисті Құран мен мутауатир хадистердің жалпы үкіміне сай етіп жорамалдаған. Мысалы, хадистегі бесін мен екінді намаздарының қосылып оқылуын – бесінді өз уақытының соңғы сәтінде, ал екінді намазын алғашқы уақытында оқыды деп жорамал жасаған. Яғни, хадистегі қосып оқу – сырттай қосып оқуға жатқанымен, шын мәнінде, қосып оқуға саналмайды деп тұжырым жасаған.

    Ханафи мәзһабында қажылық кезінде Арафатта бесін мен екінді намаздарын, Муздалифада ақшам мен құптан намаздарын қосып оқу сүннет. Өйткені пайғамбарымыздың (с.а.у.) Арафатта және Муздалифада аталмыш намаздарды қосып оқығандығын білдіретін хадистер мутауатирге жақын жолмен жеткен.

    Міне, сондықтан, «Ханафи мәзһабында неліктен екі намазды қосып оқуға болмайды? Сахих хадис тұр ғой. Демек, Әбу Ханифа бұл сахих хадисті білмеген»,– деп асығыс үкім беру қате. Себебі, Әбу Ханифаның мұндай үкімге баруы – сахих хадисті білмегендігінен емес, керісінше, «Құран немесе мутауатир хадистермен дәлелденген жалпы үкімдерді ахад хадистермен жалқылауға (тахсис) болмайды» деген үкім шығарудағы қатаң ұстанымында жатыр. Яғни, Әбу Ханифа Құран немесе мутауатир хадистердің білдірген үкімдерін «занни» (өте аз да болса күмәнға ие) дәлелдермен өзгертпеу үшін ахад хадистерге сахих болса да аса сақтықпен қараған.

    Екінші шарт:

    Ахад жолмен жеткен сахих хадистің дәлелге саналуы үшін оны жеткізген кісі өзі риуаят еткен хадиске қайшы амал етпеуі қажет. Мысалы, сахих хадисті риуаят еткен сахаба егер өзі жеткізген хадиске қарама-қайшы әрекет етер болса, ондай жағдайда Ханафи мәзһабы бойынша оның жеткізген хадисі емес, амалы негізге алынады. Себебі, хадисті жеткізушінің өзі жеткізген хадис бойынша емес, басқаша амал етуі – ол хадистің үкімінің мәнсұх болғандығынан болуы әбден ықтимал. Олай болмағанда, жеткізушінің өзі риуаят еткен хадиске қарама-қайшы әрекет етуі – хадистің сахих болуы үшін қосылған жеткізушінің бойында болуы тиіс «әділет» шартына қайшы болғандықтан, хадис сахихтығын жоғалтады. Мысалы, Ханафи мәзһабында Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Әбу Һурайрадан риуаят етілген «Ыдыстарыңызды ит жаласа, онда оның тазалығы ыдысты жеті рет жуу әрі

    біріншісін топырақпен ысқылау арқылы жүзеге асады» [4] деген хадисі бойынша амал етілмейді. Себебі, хадисті жеткізген Әбу Һурайраның өзі іс жүзінде ит жалаған ыдысын үш рет жуғандығы жайлы дәйекті риуаят бар. Ендеше, Әбу Һурайраның өзі риуаят еткен хадиске қарама-қайшы әрекет етуі – Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бұл мәселеге байланысты кейіннен айтқан басқа бір хадисін білгендігінен туындауы ықтимал. Яғни, Әбу Һурайра өзі риуаят еткен хадис үкімінің мәнсұх болғандығы үшін басқаша амал жасаған. Сондықтан сөзі емес, ісі негізге алынады.

    Үшінші шарт:

    Сахих хадис дәлел ретінде қабылдануы үшін хадисті риуаят еткен кісі егер фақиһ, яғни шариғи мағыналарды терең түсінетін әрі ижтиһадымен танылған адам болмаса, ондай кісінің риуаят еткен хадисі – сол мәселеге байланысты фиқһ ілімінде одан да тереңірек басқа бір адамның риуаят еткен хадисіне қайшы келмеуі керек.

    Демек, Ханафи мәзһабында ахад жолмен жеткен сахих хадис діндегі жалпы ережеге және басқа сахих хадиске қайшы келген жағдайда, хадисті риуаят еткен кісілердің фиқһ ілімін меңгеріп-меңгермегендігі, пәтуа берумен шұғылданып-шұғылданбағандығы ескеріледі. Егер хадисті жеткізген кісілер фақиһ болмаса, яғни, хадистердегі сөздердің шариғи мағынасын терең түсінетін болмаса, ондай кісілер риуаят еткен хадисі – басқа сахих хадистермен қайшылыққа түскен жағдайда негізге алынбайды. Себебі, хадистерді сөзбе-сөз емес, мағынасы бойынша риуаят ету жиі болғандықтан, хадис сөздерінің шариғи мағынасын жетік түсінбеген адам Пайғамбарымыз (с.а.у.) қолданған сөздің дәл мағынасын білдіретін сөзді таңдап қолданбауы ықтимал. Ал бір сөздің, тіпті, бір әріптің өзі дұрыс таңдалмаған жағдайда, көптеген үкімдерге әсер етуі мүмкін. Сондықтан сахих хадистер арасында қайшылық туған жағдайда, сөздердің мағынасын жақсы түсінетін фақиһ рауилердің риуаяттары негізге алынады. Ханафи мәзһабындағы осы ұстанымға байланысты Әбу Ханифа мен әл-Әузағидың арасында болған мына бір қызық оқиғаны бере кетейік:

    Суфиян ибн Ъуиайна риуат етті: «Әбу Ханифа мен Әл-Әузағи Мекке қаласында Дарул-хаййатинде кездесті.

    Әл-Әузағи Әбу Ханифаға:

    – Сендер, рүкүғқа бара жатқанда және одан қайтқанда қолдарыңды неліктен көтермейсіңдер?, – деді.

    Әбу Ханифа:

    – Себебі, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) намазға кірерде және рүкүғқа бара жатқанда әрі одан қайтқанда қолын көтергендігіне байланысты хадисі сахих емес, – деп жауап берді.

    Әл-Әузағи:

    – Қалайша? Маған Зүһри Сәлімнен, ал Сәлім әкесінен (Абдуллаһ ибн Омардан), ал әкесі: «Пайғамбарымыздың намазға бастарда және рүкіғқа бара жатқанда әрі одан қайтқанда қолын көтергендігін» риуаят етті, – деді.

    Әбу Ханифа:

    – Ал бізге Хаммад Ибраһимнен, ал ол Алқама және әл-Әсуадтан, ал олар Ибн Мәсғудттан: «Пайғамбарымыздың (с.а.у.) намазға бастағанда ғана қолын көтергендігін және бұл ісін намазда қайта қайталамайтындығын» риуаят етті, – деді.

    Әл-Әузағи:

    – Мен саған Сәлімнен және оның әкесінен (Абдулла ибн Омардан) хадис риуаят етіп отырмын. Ал сен болсаң Хаммад Ибраһимнен риуаят етті дейсің, – дейді.

    Әбу Ханифа:

    – Хаммад фиқһта Зүһриден де терең, Ал Ибраһим Нәхаъи болса, Сәлімнен де терең, Алқамә да Абдулла ибн Омардан кем емес. Абдулла ибн Омардың сахабалық артықшылығы бар болса, әл-Әсуадтың да көптеген артықшылықтары бар. Ал Ибн Масғудтқа аты аталғандардың ешқайсысы жете алмайды, – деп жауап берді» [5].

    Жоғарыдағы оқиғадан байқағанымыздай Ханафи мәзһабында бір мәселеге байланысты сахих хадистер арасында қайшылық туған жағдайда, қай сахих хадистің жеткізушілері фиқһта тереңірек болса, солардың риуаяты негізге алынады.

    Төртінші шарт:

    Ахад жолмен жеткен сахих хадистің негізге алынуы үшін оның күнделікті өмірде жиі қайталанатын әрбір мұсылманның білуі тиіс мәселелерге байланысты болмауы керек. Мысалы, «Пайғамбарымыз (с.а.у.) намазда «Фатиха» сүресін оқыған уақытта «бисмилланы» да дауыстап оқитын» деген хадис бойынша Ханафи мәзһабында амал етілмейді. Себебі, намазда оқылған қырағат әрбір мұсылманның күнделікті намазда естіп, білетін мәселесі. Егер Пайғамбарымыз (с.а.у.) шынымен-ақ «бисмилланы» дауыстап оқығанда, онда бұл хадис ахад жолмен емес, барлық сахабалар еститін болғандықтан, мутауатир жолымен жететін еді. Мутауатир жолымен жетпегендігіне қарағанда, бұл хадис негізге алынатындай сахих емес [6].

    Бұл мысалға намазда «әминді» жария айту мәселесін де кіргізуге болады. Яғни, Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен сахабалары «әминді» үнемі жария айтқанда, «Пайғамбарымыздың (с.а.у.) әминді жария айтты» деген хадисі ахад жолмен емес, мутауатир жолмен жетер еді.

    Жоғарыда келтірілген шарттарда түсіндірілгендей, Ханафи мәзһабында әрбір сахих хадис дәлелге жатпайды. Ендеше, Әбу Ханифаның кейбір

    мәселелерде сахих хадис-ке қайшы әрекет етуі, сол хадисті білмегендігінен емес, керісінше, ахад жолмен риуаят етілген сахих хадистерді қабылдаудағы аса сақтығынан. Яки сол хадиске қайшы басқа бір сахих хадисті негізге алғандығынан. Немесе ол сахих хадисті басқа бір қырынан түсінгендігінен деп білуіміз қажет. Ал енді белгілі бір мәселеге байланысты кейбір сахих хадистер Әбу Ханифаға жетпеуі де мүмкін ғой деген уәжге жиырма бір томдық «Иълааус-сунан» атты мәшһүр кітаптың авторы Зафар Ахмад әл-Ъусмани әт-Таһанауи былай деп жауап береді: «Ханафи мәзһабы дегеніміз – Әбу Ханифаның берген пәтуалары мен пікірлерінің жиынтығы ғана емес, Әбу Ханифаның пәтуа шығаруда қолданған негізгі ережелер бойынша ғасырлар бойы мүжтаһид ғалымдардың шығарған пәтуларының жиынтығы екені сөзсіз. Белгілі бір мәселеге байланысты амал етілуге тиісті риуаят етілген сахих хадис Әбу Ханифаға жетпеген күннің өзінде Мұхаммед, Әбу Юсуф, Зуфар ибн Һузайл, ибн Мүбәрак секілді шәкірттері хадис ілімінің жазылған шағына үлгерді. Одан кейінгі уақыттарда Ханафи мәзһабын ұстанған әт-Тахауи, әл-Кархи, «әл-Кафидің» авторы әл-Хаким, Абдул-Бақи ибн Қаниъ, әл-Мустағфири, ибнуш-Шарқи, әз-Зайлаъи секілді басқа да хадис ілімінің білгірлері мен сыншылары хадис ғылымының кемелденіп, нақтыланған заманында өмір сүрген. Сондықтан, олар хадистердің сахихы мен әлсізіне, мәшһүрі мен ахадына көз жеткізді. Міне, сондықтан Әбу Ханифаның сахих хадистерге қайшы қияс жолымен берген барлық пәтуаларын Мұхаммед, Әбу Юсуф, Зуфар, әл-Хасан секілді шәкірттері тәрк қылды. Тіпті, бұлар Әбу Ханифаның берген пәтуларының жартысында басқаша пікір білдірген. Міне, сондықтан Ханафи мәзһабы Әбу Ханифа мен қоса осы кісілердің берген пәтуаларының жиынтығы болмақ. Тіпті, ханафи мәзһабын ұстанған кейінгі хадис ілімінің білгірлері кейбір мәселеде Имам Шафиғидың, енді бірінде Имам Мәликтің, тағы бірінде Имам Ахметтің көзқарастарын таңдаған. Бірақ мұның бәрі Ханафи мәзһабына жатады. Өйткені бұл мәселелер таңдалған уақытта Әбу Ханифаның үкім шығаруда қолданған негіздері бойынша жүзеге асты. Қазір енді «әлхамдулиллаһ» біздің мәзһабымызда қияс жолымен берілген ешбір үкім Пайғамбарымыздың хадисіне қайшы емес. Кейбірі қайшы болғанымен, ол үкімімізді қуаттайтын басқа хадиске сүйенеміз. Немесе берілген үкім хадиске сырттай қайшы болғанымен, ол хадисті басқаша жорамалдаймыз. Барлық мәзһаб имамдары мен олардың шәкірттері осылай жасаған» [7].

    («Дін мен діл» кітабынан келтірілген).

    [1] Исмайл Хаккы Унал, Имам Әбу Ханифенің хадис анлайышы ве ханафи мезһебинин хадис методы, 56-57 бет. «Дианет ишлери башканлыгы иайынлары», Анкара, 1994 ж. 2] Шәәзз - сенімді бір риуаятшының өзінен де сенімді басқа хадис жеткізушілердің риуаят еткен хадистеріне қарама-қайшы мағынада жеткізген оқшау хадисі. [3] «Ниса» сүресі, 103-бет. [4] Сахих Муслим, 1-том, 234-бет, «Дәру Ихиа’ит-турасил-араби» баспасы, Бәйрут. [5] Мұхаммед Әбу Зәһра, Әбу Ханифа, 244-бет. «Дарул-фикрил-араби» баспасы. Египет, Каир қаласы, 1997

    ж. [6] Зәкиюд-Дин Шаъбан, Усулул-фиқһил-ислами (Ислам Һукук илминин есаслары, 88-89 бет. Түркие дианет вакфы иаиынлары, 2006ж. ауд: Ибраһим Кафи Дөнмез). [7] Зафар Ахмад әл-Ъусмани әт-Таһанауи, Қауағиду фи ъулумул-хадис, 455-456-бет. «Дәрус-сәлам» баспасы, Каир қаласы, 2000ж.

  • Қасиетті Рамазан айында оқылатын Тарауих намазы жайлы "Тарауих намазын 8 ракағат өтесе де болады" деп естідім. Осы дұрыс па?

  • Ханафи және Шафиғи мазхабы бойынша 20 рәкағат. Бұған негіз Саиб бин Язид (р.а.): «Адамдар Омар бин Хаттаб (р.а.) дәуірінде рамазан айында (тарауихты) 20 рәкағат оқитын», – деген риуаят жеткізген. Және Язид бин Румана (р.а.): «Адамдар Омар бин Хаттаб (р.а.) заманында 23 (3 рәкағат үтір уәжіп) рәкағат намаз оқитын»,-дейді.

  • Суға жүзу, семсерлесу, т.б кейбір спорттық ойындар сүннет болып саналады деп естідім. Салауатты өмір салтын ұстану үшін спортпен айналыссам деймін. Сұрайын дегенім, Исламда қандай спорттық ойындарға тыйым салынады?

  • Ислам діні  спортқа ерекше көңіл аударып, онымен айналысуға шақырады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Расында, сенің Раббыңда сенен ақысы бар және сенің денеңнің сенен ақысы бар, және сенің әйеліңнің сенен ақысы бар, және сенің қонағыңның сенен ақысы бар, сол үшін сен ақысы барлардың ақысына жауап бер», –дейді. Осы орайда, спорт – ағзаларымыздың ақысы.


    Омар Әл-Хаттаб: «Өз балаларыңа садақтан оқ атуды, суда жүзуді және атқа мінуді үйретіңдер», – деген.


    Дінімізде  тыйым салынған спорттық ойындарға адам ауыр жарақаттармен қоса, миын зақымдайтын, бірін-бірі ұрып соғатын ойындар жатады. Ондайда, кейбір жағдайда екеуінің бірі өлімге ұшырауы да мүмкін. 


    Алайда осы жерде асыл дініміз ислам бокс тәрізді спорттың түрлеріне тыйым салады дегенді білдірмейді. Қазақта: «Шынықсаң – шымыр боласың», - деген сөз бар. Адам денсаулығы шынығу, жаттығу арқылы жақсаратыны анық.


    Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Әлсіз мұсылманнан мықты мұсылман қайырлы, яғни жақсырақ. Бірақ екеуінде де қайыр бар», - деген. Осы орайда бокс тәрізді спорттың да денені шынықтырып, денсаулығы мықты мұсылман болып қалыптасуға өз септігін тигізері белгілі. Дегенмен ислам ғалымдары бокс тәрізді спорттың түрлеріне рұқсат бергенімен жоғарыда айтылғандай ауыр жарақат пен өлімге апаруына және спортшылардың бір-біріне деген өшпенділікке жол берілмеу керектігін ескертеді.

  • Ассаламу алейкум! Жаңа үйге көшіп барғанда кандай дұға оқиды? Жусанмен аластау деген рас па?  Рахмет!

  • Уағалейкум ассалам! Жалпы ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үйге кіргенде мына дұғаны айтуды үйреткен:


    أَللَّهُمَّ إِنِّي أَسْأَلُكَ خَيْرَ الْمَوْلِجِ وَخَيْرَ الْمَخْرَجِ، بِسْمِ اللهِ وَلَجْنَا وَبِسْمِ اللهِ خَرَجْنَا وَعَلَى اللهِ رَبِّنَا تَوَكَّلْنَا


    Мағынасы: «Уа Раббым, сенен кіретін қайырлы мекен және шығатын қайырлы мекен сұраймын! Аллаһтың атымен кіреміз. Аллаһтың атымен шығамыз. Және Раббымыз бір Аллаһқа ғана тәуекел еттік».


    Ал, жусан деп отырғаныңыз адыраспан шөбі болар.


    – Адыраспан − ежелгі сақ, түркі, т.б. ата-бабаларымыздың салт-дәстүрінен, медицинасынан белгілі емдік өсімдіктердің бірі.


    – «Адыраспан жамандықтан қорғайды» деген пікір қателесу. Адыраспан улы шөп болғандықтан, киіз үйді мекен еткен халқымыз құрт, құмырсқа, ауруларды соның көмегімен тазартып отырғандығы айтылады. Ал, қазіргі таңда бұл нәрсені жасаудың еш қажеттілігі жоқ. Бәлкім қасиетті Құран Кәрім аяттары мен дұға сөздерін оқу арқылы үйімізді  тазартсақ сол дұрыс болады.


    Әбу Муса әл-Ашғари (р.ғ.) жеткізген бір хадисте: «Аллаһ тағала еске алынатын үй мен Аллаһ еске алынбайтын үй – тірі мен өлі сияқты»  делінген.


    Алланың аяттарын оқылған үйде құт-береке болады. Ұрыс-жанжал тыйылып, татулық, ынтымақ-бірлік нығаяды.


    Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Үйлеріңді мазаратқа айналдырмаңдар! Расында шайтан «Бақара» сүресі оқылған үйден безеді»  деп айтқан. Сонымен қатар, әрдайым Алла Тағаланы еске алып, зікір-дұға жасап тұратын үйлерден жын-шайтандар қашады. Себебі, Алланың аты әрдайым айтылатын үйде шайтанға орын жоқ. Бір хадисте Алланың Елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Егер адам үйіне кіргенде және тамағын жер кезінде Аллаһтың атын айтатын болса, шайтан жендеттеріне: «Бұл үйде сендерге жататын жер, жейтін тамақ жоқ» дейді. Ал егер адам үйіне кіргенде және тамақ жегенде, Алланың атын айтпаса, «келіңдер, бұл үйде сендерге жататын орын бар, кешкі асқа да үлгердіңдер» дейді».

  • Түиенің етін жеу дәретті бұзады ма?

  • Ғұламалардың басым көпшілігі (жумһур ғалымдар) соның ішінде әділетті төрт халифа Әбу Бәкір (р.ғ), Омар (р.ғ), Осман (р.ғ), Әли (р.ғ) және ибн Масғуд (р.ғ), Убай ибн Кағб (р.ғ), ибн Аббас (р.ғ), Әбу Дарда (р.ғ), Әбу Талха (р.ғ), Амир ибн Рабиға (р.ғ) секілді т.б сахабалар мен табиғиндер де сонымен қатар, имам Әбу Ханифа, имам Шафиғи, имам Мәлики (Алла оларға разы болғай!) ғалымдар түиенің етін жеу дәретті бұзбайды деген. Алайда, аталмыш жануардың етін жеу дәретті бұзады деген де ғалымдар болған. Олардың қатарында имам Ахмад (р.х) да бар. Дегенмен, түие етін жегеннен кейін дәрет алу міндетті делінбесе де, абзалы талас-тартыстан іргені аулақ ұстап, дәретті жаңарту мүстахаб амалына жататындығын ескерейік!.
    Бірде Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бір кісі келіп түйенің етін жеген соң дәреттің алынатыны-алынбайтыны турасында сұраған екен. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жеп болған соң дәрет алыңдар!»-деген екен. Сонда адамдар қойдың еті турасында сұраған кезде: «Оған дәрет алмай-ақ қойыңдар!»-деп жауап береді. Сонда адамдар түйе тұратын жерде намаз оқу турасында сұраған кезде: «Ол жерде намаз оқымаңдар! Ол шайтанның көптеп жүретін жері»-деп жауап беріп, қойдың қорасында намаз оқу турасында сұраған кезде: «Сол жерде намаз оқыңдар! Ол жер береке жауған жер!»-дейді. (Абу Дауд, Ат-Тирмизий, Ибн Маджаһ).
    Жоғарыдағы хадистің үкімі жайында ілім иелері оның «мәнсұх» екендігін алға тартқан. Себебі ардақты Алла елшісі (с.ғ.с)-нан кейіннен жеткен хадистерде отқа піскен астың дәретті бұзбайтындығы турасында айтылған. Яғни, соның ішінде пісірілген түиенің еті де жататындығы анық. Сондай-ақ, бұл хадистегі «Жеп болған соң дәрет алыңдар!» делінген сөзді ғалымдар құлшылық-ғибадатты жүзеге асыру үшін алынатын дәрет жайында емес бәлкім түиенің етінің ерекше майлылығын ескеріп беті-қолды жууды меңзеді деген тұжырымдарын айтқан. Өйткені пайғамбарымыз (с.ғ.с) шаян тектес жәндіктерден сақтану мақсатында кісінің қолы немесе аузы май күйінде түнеуден қайтарған.

  • Әссәләму аләйкум! Хабашилер деген кім? Олар әһлис сунна уал жамағаттан ба?

  • Тәубаның қабыл болуы үшін қандай шарттар қажет?


  • Ассаламу алейкум! Менің сұрайын дегенім, туыстарының, жақындарының келуін күтіп жаназа намазын кешіктіруге болады ма?

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.