Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • 22
  • қазан

    сейсенбі

  • 22
  • Сафар

    1441

Садырханов Жұманазар Өсерханұлы

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің Бас имамы

  • 4586
  • 16
  • 06.01.14

Өмірбаян

Ассаламуғалайкүм, құрметті жамағат! Мешітіміздің ресми сайты арқылы сіздермен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Асыл дініміздің төңірегіндегі көкейлеріңізде жүрген түйткілді мәселелер бойынша сұрақтарыңызға бар күш-жігеріммен жауап беруге тырысамын.
Алла Тағала  баршамызды тура жолдан адастырмай, береке-бірлікте болуды нәсіп еткей!

Пікірлер (16)

  • Құрметті Жұманазар имам, қадамыңыз құтты болсын! Жаз күндері мешітке барғанда көп көріп жүрміз, кей жігіттер қысқа шортикпен намазға келеді. Осы дұрыс бола ма?

  • Егерде шортиктің балағы тізеден төмен жіліншікке түсіп тұратын болса, ол киіммен намаз оқу харам емес. Десе де, Киім киюдегі негізгі өлшемі туралы пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадистерінің бірінде былай деп түсіндірген: «Ысырапқа және паңданып, тәкаппарлануға жол берместен ішіп-жеңдер, киініңдер әрі садақа беріңдер!». Бұл хадис әл-Бухариде келген. Ибн Мәсғуд бұл хадиске «Қалағаныңды ішіп-же, қалағаныңды ки. Тек екі нәрсе сені жаңылтпасын: мыналар: ысырап және паңданып, тәкаппаралану» деп түсіндірме береді. Демек, киім киюдегі негізгі тыйылған нәрсе – тәкаппарлық пен ысырап. Осы екі нәрсе қадағаланғаннан кейін қалаған киімді киюуге дініміз рұқсат етеді. Тек шариғат белгілеген әурет жерлердің жабылуы шарт. Ал, мешітке келгенде әдеп тұрғысынан шама бар шалбармен келген абзал болады.
    Әрдайым Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Алла Тағала сендердің келбеттерің мен дене-пішімдеріңе емес, жүректерің мен істеген амалдарыңа қарайды», «Барлық амалдар ниетке қарай бағаланады...» делінген хадистеріндегі өміршең қағидаларды ұстана отырып, мешітке келген кезде маңайымыздағы адамдарға жақсы әсер беретін, мұсылманның ізгі әдебі мен көркем іс-әрекеттерін әйгілейтіндей жарасымды киініп келген дұрыс.

  • Қазақ халқының дәстүрін жоққа шығарып, араб халқының киім кигені мен өмір салтын ғана нағыз ислам діні ретінде қабылдап жүргендер бар. Сонда дінде дәстүрдің орны жоқ па?

  • Салт-дәстүр – әр ұлттың, әр халықтың ұстанған діні мен тарих қойнауынан келе жатқан наным-сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, қоршаған ортасына, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы екшеліп қалыптасқан өмір салтының жиынтығы; қоғам мен халық арасында қалыптасқан мінез-құлықтың үлгілері. Орналасқан ортасына, табиғатына қарай әрбір мұсылман халқының өзіндік айырма белгілері, мәдениеті, тілі бар. Шариғат бұл айырмашылықтарды теріске шығармайды. Керісінше, заманы мен мекеніне қарай пәтуалардың өзгеруі мүмкіндігін ескертеді. Біздің халқымыздың салт-дәстүрлері Исламмен тығыз байланысты. Мәселен, бала туылғандағы азан шақырып ат қою, сүйінші сұрау, құрбан шалу (ақиқа құрбанын) секілді дәстүрлерден бастап, обал мен сауап ұғымын санаға сіңіре отырып беретін бала тәрбиесі; күнделікті өмірдегі сәлем беріп, сәлем алу, туыс-туғанмен жақсы қарым-қатынас жасау, ата-ананы құрметтеу, т.т толып жатқан құнды дәстүрлеріміздің барлығы Ислам дініне алынған. Сондықтан дін деп бір ұлттың дәстүрін жоққа шығаруға болмайды. Асыл дінімізде діннің негізі ұстанымдарына қайшы келмейтін, адам болмысы мен өміріне пайдалық құндылықтарға тыйым салынбайды.

  • Мешіт әдептері туралы айтып берсеңіз.

  • Ислам дінінде әр нәрсенің әдебі болғанындай, мешітке кірудің, мешітте отырудың өзіндік әдептері бар. Атап айтар болсақ, жүніп кісіге және етеккір мен нифас күйдегі әйел адамдардың мешітке кіруі, мешітте түзге отыру және қан алдыру амалдарын істеуі харам болып саналады. Яғни тыйым салынады. Мешіттің тазалығын қадағалау сүннет амалдарға жататындықтан мешітке келгенде түкірік немесе нәжіс байқаған кісіге оны өздігінен алып тастауы да сүннет. Жұманың құтпасы айтылып жатқан уақыттан басқа уақыттарда мешітке кірген кісі екі рәкат намаз оқымай отыруы, азан айтылған соң қажет қыспаған кісіден басқаларға намаз аяқталмай мешіттен шығып кету, сәбиді мешітке кіргізу (сәби білместіктен мешітті былғауы мүмкін) меші ішінде түкіру, жолаушы мен иътикафтағы кісіден басқаларға мешітте ұйықтау мәкрүһ. Мешітте жанжал шығару, дауласау және дауыс көтеру, бір заттың жоғалғанын жариялау, сауда жүргізу, Пияз бен сарымсақ жеген кісіге мешітке кіруі мәкрүһ тахриман Мешітке кірерде мына дұғаны айту: (أعوذ بالله العظيم و وجهه الكريم و سلطانه القديم من الشيطان الرجيم. باسم الله و الحمد الله اللهم صل على سيدنا محمد و على آل محمد و سلم. اللهم اغفر لي ذنوبي وافتح لي أبواب رحمتك) «Рахымнан қуылған шайтаннан Ұлы Аллаһпен, Оның Ардақты жүзімен және Мәңгі үстемділігімен қорғанамын. Аллаһтың атымен және Аллаһқа мақтау. Аллаһым, жетекшіміз Мұхаммедке және Мұхаммедтің әулетіне рахымың мен есендігің болсын. Аллаһым, менің күнәләрімді кешіре гөрші және маған рахым есіктеріңді аша гөрші». Мешітте отырған кісі келесі намазды күтуі, онда Құран жаттап немесе оқып отыруы, сондай-ақ басқа да құлшылық түрлерімен шұғылданып, Алла ризалығы көздейтін амалдар істеу қажет.

  • Құран Кәрімді толық жаттау үшін нендей істерге дағдылану керек?

  • Менің ойымша, Құран Кәрімді толық жаттау үшін үлкен жақтан мына мәселерде мұқият болған жөн:
    1. Ең әуелі Құран жаттаушының ықылас-ниеті болуы керек, яғни Алла ризалығын көздеген берік мақсатта болу. Құран жаттау бір ай немесе бір жылда бағындыратын белес емес. Сондықтан, сабырлылық пен төзімділік керек;
    2. Уақытты ұтымды пайдалану керек. Құран жаттауды ниет еткен адам өзінің уақытын жіберіп алмауы, бос уақытын дүниелік құмарлық пен пендешілік істермен өткізіп алудан сақ болу керек;
    3. Білімі болуы керек. Тәжуидті және махражды (әріптердің шығу орындары) толық меңгеріп барып кіріскен абзал. Сонымен қатар, жаттаған аяттарының қазақша мағынасын біліп отырса нұр үстіне нұр болады;
    4. Міндетті түрде ұстазға тапсырып, тексеріліп отыру. Қала берді үнемі қайталап, тыңдап жүргеннің де артықшылығы жоқ. Бір сүрені жаттап жүріп, екінші бір сүрені жаттап кетпеген дұрыс. Ұқсас аяттарға мұқият көңіл бөлу қажет.
    5. Күнәлі істермен кірленіп, пәнилік қызықтарға беріліп, нәпсі құмарлығына мас болған жүректе Құран Кәрімнің нұрына орын болмайды. Сондықтан күнәлардан барынша аулақ болған жөн.

  • Мен жолаушы едім. Сізден сұрайын дегенім, сапарда жолаушының суы болмаса, оған су іздеу керек пе?

  • Егреде сіздің жақын маңда су барлығына сеніміңіз кәміл болмаса, суды іздеу уәжіп емес. Ал, жақын жерде су бар деген ойыңыз болса, судың бар жоғына көз жеткізбей таяммум алу дұрыс болмайды.

  • Ассаламуғалайкум! Мен базарда жұмыс істеймін. Сізден сұрайын дегенім; жұма намазы кезінде сауда-саттық жасауға болмайды деп естідім. Сол шын ба?

  • Шариғатымызда харам лиғайриһи деген үкім бар. Яғни, негізінде істелуі адал болғанымен сыртқы, уақытша себептерге байланысты харам болатын істер. Жұма намазы кезінде жұма намазы міндетті болып саналатын ер адамдардың сауда-саттық жасауына тыйым салынады.

  • Алтынға зекет берілетінін білеміз. Сонда әйел адамдар өздерінің алтынан жасалған әшекей бұйымдары (немесе ыдыс-аяқ) үшін зекет беруге міндетті болып санала ма?

  • Мұндай заттардан да зекет беру парыз саналады. Егер зат қоспалы болса, құрамында алтынның мөлшері көп зат алтын, ал күмісі көп зат күміс ретінде беріледі. Ал, қоспа заттың мөлшері алтын мен күмістен басым болса, ол зат саудадағы зат үкімінде зекеті беріледі.

  • Әр жылда ораза ұстауға тыйым салынған күндер бар деп естідім. Оразаға тыйым салынған күндер қай күндер екенін айтып берсеңіз?

  • Дініміздегі үкім бойынша екі айт, ташриқ күндері ораза ұстауға болмайды.

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.