Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • 17
  • маусым

    дүйсенбі

  • 13
  • Шавва́ль

    1440

Мырзаев Балғабек Әбдіқайымұлы

ҚМДБ-ның Аппарат басшысы 

  • 3254
  • 33
  • 30.11.12

Өмірбаян

Құрметті оқырмандар, Жұртшылық назарына Құран мен Сүннеттер, Хадистер мен Қазақ ғалымдарының өнегелі сөздері арқылы Ислам діні туралы шынайы білім ұсынып отырған «sunna.kz» порталының Интернет конференциясында кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Сонымен қатар, қазақ тілді оқырман халқымды толғандырып жүрген сауалдарға қанағаттандырарлық жауап беруге әзір екенімді білдіргім келеді.

Құрметпен Балғабек Мырзаев

Пікірлер (33)

  • Балғабек Әбдіқайымұлы, осыдан бір жыл бұрын қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына недей өзгерістер әкелді?

  • Қазақстан Республикасының Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы Заңында: «халықымыздың мәдениетінің дамуы мен рухани өмірінде ханафи бағытындағы исламның тарихи рөлін танитыны»,- көрсетілген.
    Бұл жағдай, қазақстандық қоғамның дәстүрі мен тарихын есекеретін ағартушы исламның дамуын қамтамасыз ету және ислам дінінің негізгі ілімдерін саяси пайда үшін бұрмалауға жол бермеуде маңызды рөл ойнайды.
    Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміз үшін дәстүрлі болып саналатын исламның ханафиттік мазхабын ұстанатын Отандық жалғыз діни басқарма екені баршамызға белгілі.
    Бүгінгі күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы республикамыздағы дәстүрлі исламдық құндылықтарды жаңғырту мен дамыту, қазақстандық мұсылман қауымын шоғырландыру тұрғысында елеулі маңызға ие болды.
    ҚМДБ құрылған кезінен бастап мемлекетпен өзара ынтымақтастық жасап келеді, ҚМДБ өкілдері, имамдар Үкімет және әкімдердің жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестердің құрамында мүше болып отыр, сонымен қатар мемлекеттік органдар өткізетін ақпараттық-насихаттық топтардың жұмыстарына, конференцияларға, семинарлар мен дөңгелек үстелдерге қатысуда.
    Тұтас алғанда, қазіргі уақытта ислам Қазақстанда барынша таралып отыр және қоғамға жағымды моральдық-имандылық тұрғыда ықпал етуде, дінге сенушілердің саны арта түсуде. Бұдан басқа, полиэтникалық және поликонфессиялық қоғамдағы исламның рөлі басымдыққа ие конфессия ретінде едәуір тұрақтандырушы маңыздылыққа ие.
    Мұсылмандар көпшілік жиналатын мекендерде Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабын және Имам Матуриди ақидасын ұстануды насихаттау, медреселер мен университет, институттарда Ханафи мәзһабы мен Матуриди ақидасы бойынша дәрістер өткізу Діни басқарманың басым бағыты болып қала береді.
    Сонымен қтар, Қазақстандық мұсылман қауымының тұрақтылығы мен игілігіне нұқсан келтіретін, республикамызға ислам атын жамылып жалған ілімдерді насихаттайтын топтар мен діни ұйымдардың әрекет етуінің алдын алуға осы Заң көп мүмкіндік жасайды деп сенемін.

  • Діни көзқарас тұрғысынан бөліну, діни көзқарастың әралуандылығы қоғам үшін қаншалықты қауіпті?

  • Сәлеметсізбе, дінге бөлінген ұлт ешқашан тұтас халық бола алмайды. Мысал ретінде Серб, Хорват, Боснияны алалық. Негізі бұлар Славян халқы, тілі, түрі бір, мекендейтін жері ортақ. Серб – православ, Хорват – католик, Босния – ислам дінінде. Үш дінге бөлінуіне байланысты үш түрлі этнос болып қалыптасты. Бір сәт тарихымызға үңіліп қарар болсақ, жалпы ислам дінінің 1400 жылдық тарихының қазақ жеріндегі ғұмыры 1200 жылдай уақыт өткендігін көреміз. Қазақ топырағында жеке мүфтилік құрылғанының өзіне 100 жылдан аса уақыт өткенін байқауға болады. Қазақ халқы небір қиыншылық, зобалаң заманда да ислам дінін тастап, басқа дінге кеткен жоқ. Ұлтының келешегін ойлаған әрбір азамат әлемдік жаһанданудың құрбаны болмас үшін өз туған тілі мен ата-бабамыздың сан ғасыр бойы ұстанып келген діні мен ділін көзінің қарашығындай сақтап, бар жан тәнімен білуге тиіс. Егер де тілімізден, дінімізден және ділімізден ажырайтын болсақ, келешекте қазақ ұлты жер бетінен жоғалып кететіні айдан анық.

  • «Сенім ұлтқа қарап бөліне ма әлде ұлт сенімге қарап бөліне ма» Бұлай сұрақ сұрауымның себебі бір көршіміз "мен ұлтқа, ұлысқа, салтқа, дәстүрге нанбаймын. Мен тек исламға қана сенем, ал ислам арабқа келген Арабтың ұлтына, ұлысына, салтына және дәстүріне сенем" деген еді.

  • Сәлеметсіз бе Аманжол. Алла тағала Қасиеті Құран Кәрімде: «Мен сендерді бір-бірлеріңді тану үшін ұлттар мен ұлыстарға бөлдім» - дейді. Яғни, біз бұл аяттан дін мен ұлттың бірінсіз бірі болмайтын бүтін жүйе екенін ұқтық. Қазақ халқының мәдениеті, дәстүрі мен ғұрыптары, салт-санасы Ислам дінінің аясында өрбіп, өніп, біте қайнасып жатқандығы көзі ашық, көкірегі ояу баршаға аян екені ақиқат.
    Діни түсініктердің және жеке адам мен ұлт тұлғасының, мінез-құлқының қалыптасу факторларының бірі – әдет-ғұрып болып табылады. Хз. Пайғамбар (с.а.у.), әсіресе, шірк (Аллаға серік қосу) сенімімен байланысты болған әдет-ғұрыптарды толығымен жойып, ал әлеуметтік және құқықтық өмірге қатысты әдет-ғұрыптардың кейбіреуін сол қалпында, ал кейбіреуін түзете отырып, қолдануды жалғастырған. Мұсылман құқығының кейінгі қалыптасу кезеңдерінде де мұсылман қоғамдар өз әдет-ғұрыптарының бір бөлігін мұсылман құқығы төңірегінде жалғастырған. Қай ұлт болмасын қандай дінге кірсе де әдет-ғұрпын толығымен жоя алмаған, керісінше әдет-ғұрыптарын жаңа діндеріне енгізген. Дүние жүзіндегі түрлі мұсылмандықтың пайда болуы тікелей осыған негізделеді. Дін де әдет-ғұрыпты өтімді дәлел ретінде есептеген.
    Зер салып, байыппен қараған жанға халқымыздың бүкіл салт-санасы, әдет-ғұрпы, мақал-мәтелі, жыр-дастандары мен ұлттық өнері т.б. барлығының түптеп келгенде тәрбиелік астары бар. Бұлар адамды парасаттылыққа, адамгершілікке, көргенділікке шақырып, имандылыққа баулитыны ақиқат. Бұған мысалдар толып жатыр, қазақ шыр етіп дүние есігін ашқан баласының құлағына азан шақырып ат қоюы, өмірге келген сәбиіне Алланың бергеніне шүкір етіп ақиқа құрбанын шалып, ел жұртты жинап шілдехана жасап, ас беруі, ер баласын сүннетке отырғызуы пайғамбарлардан келе жатқан сүннет екендігі ақиқат. Тіпті, өмірден қайтқан адамды жақсылап жуындырып, ақ матаға кебіндеп арулап апарып жерлеген. Мұның барлығы қазақ халқының діннен хабардар болғандығын, ұлтымыздағы әрбір әдет ғұрпы исламмен етене байланысып жатқанын көрсетеді.

  • Сіздің ислам діні саласындағы алаңыңыз «Ислам тарихы» екен. Айтыңызшы Ислам тарихы мен Пайғамбар тарихы бір ма әлде бөлекпа?

  • Ислам тарихы өз алдына үлкен бір ғылым саласы болып табылады. Ислам тарихы мен Пайғамбар (с.ғ.с.) тарихы екеуі ажырамас тұтас бір тарих болып табылады. Ислам тарихы тікелей Мұхамед Пайғамбардан (с.ғ.с.) басталады.
    Жалпы ислам тарихы негізінен хронологиялық кезеңдер мен географиялық аймақтарға байланысты бірнеше кезеңдерге бөлінеді. Олар Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) дәуірі, Сахабалар дәуірі Омеядтар дәуірі, Аббаситтер дәуірі, Османлы дәуірі және де мұсылман әулеттерінің дәуірі т.б.
    Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) дәуірі Ислам тарихының негізін қалады. Пайғамбар дәуірі ислам тарихында негізінен Мекке кезеңі, Мәдина кезеңі болып екі бөлімнен тұрады. Екі кезеңнің өзіне тән ерекшеліктері бар. Мекке кезеңі Хз. Мұхаммед (с.а.у.)-ге уахи жіберіле бастаған милади (біздің жыл санауымыз бойынша) 610 жылдан бастап, Мәдинаға көшкен 622 жылға дейін созылады. Екінші Мәдина кезеңі, Мұхаммед (с.а.у.)-ның 622 жылы Меккеден Мәдинаға көшуінен басталып, 632 жылы қайтыс болуына байланысты аяқталады.

  • بسم الله الرحمن الرحيم дегенде түбірі бірдей 2-рахым сөзі өтеді. Яғни рахман мен рахим қандай мағына береді?

  • Сәлеметсіз бе Толқын.
    Бірінші «Рахман» сөзі бұл дүниеде дініне, діліне не болмаса басқада сынақтарға мойынсынбай еңбек еткен барлық адамға «рахман» болған Алла деген ұғым береді.
    Екінші «Рахим» Ақыретте Махшар майданында тек қана жүрегінде иманы болған яғни осы дүниеде «Алланың бар және бір екеніне және Мұхаммед (с.ғ.с) Алланың құлы және елшісі болғанына» сеніп мұсылман болғандарға «Рахымы» болады деген ұғым береді.

  • Құрметті Балғабек мырза!
    Сіздің осы күнгі қоғамда толық шешімін таппай, әлі күнге дейін түйткілді мәселелер қатарына кірген әйелдердің хиджаб кию мәселесіне пікіріңіз қалай? Кейбір баспасөз беттерінен бұл – өзге елдің дәстүрімен келген құбылыс екендігі айтылып жүр. Бұл қаншалықты ақиқатқа жанасады. Алайда, не үшін оқу орындарының басшылары үстіне не болса, соны киіп, ашық-шашық киініп, кіндігін ашып, санын жалтыратып, омырауын салбыратып жүрген қыздарды тәртіпке шақырып, жөнге салмайды екен?

  • Сәлеметсіз бе Радик. Аллаһ тағала Қасиетті Құран Кәрімнің Нұр сүресінің 31 аятында: «Мүмин әйелдерге де айт, (бөгде еркектерге) қадалып қарамасын, тәндерін жауып жүрсін. Сыртқы зейнеттерінен (бет қол білезіктен төмен, аяқ тобықтан төмен сияқты көрнеу мүшелерінен) басқа зейнеттерін (мүшелерін) көрсетпесін. Бүркеніштерімен омырауларын жапсын» деп бұйырады. Ислам дінінде қазіргі заманға сай етіп, сәнді, өзіне жарасымды, жалпы, эстетикаға сай киім киюге қарсылық жоқ. Қыздарымыз заманына қарай киім үлгісін өзіміздің ұлттық менталитет пен әдет-ғұрыпқа, әрі өздері тұратын аймақтың ауа райы мен ерекшеліктеріне қарай ыңғайлы киінуіне болады. Тарихқа үңіліп қарайтын болсақ, қазақ әйелдерінің өздеріне тән киім кию үлгісі болған, әрі әйелдер оны жас ерекшеліктеріне байланысты да кимешек киген. Тіпті келіндеріміз ата-енесінің, қайнағаларының алдында орамалсыз жүруді ар санаған. Ертедегі әжелеріміз ислам мен әдет-ғұрпымызды сабақтастырып, ою-өрнегімен көмкеріп, ұлттық нақыштағы төл киім үлгісін жасаған.

  • Құрметті Балғабек Әбдіқайымұлы! Менің Сізге қояр сауалым дініміздегі арақ-шарап ішуге байланысты болып отыр!!! Құдайға шүкір еліміз өз Тәуелсіздік алғаннан бері дінге бет бұрып, арақ-шараптан бойларын аулақ ұстаған жастарымызды көптеп кездестіреміз. Осы күні мешіттерімізге келуші жастардың көптігі көңіл қуантады. Дегенмен де қу арақтың атамыздан қалған ас болмаса да жиын-тойларда, мерекелерде әспеттеліп, дастарқанның төрінен орын алып, сыйлы қонақтай күтілетінін көзіміз көріп жүр. Осы шайтан судың кесірінен қаншама шаңырақтың ойранын шығарып, арқа сүйер арыстай бауырларымыздың көбінің түбіне жеткен осы қу арақ болатын. Бұл індет кезінде Кеңес дәуірінде бауыр басып, қанымызға сіңбеген жат қылықтан әлі күнге арыла алмай жүргеніміз... Бұлай болуының себебі, халықты имандылық жолына шақырудағы үгіт-насихаттың аздығы ма екен деген ой туып отыр. Өзіңіз қызмет атқарып отырған Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы осы арақ-шараптың зияндығы жөнінде, оның қоғамға, мемлекетке деген зияны мен залалын ел алдында жиі әрі үздіксіз насихаттасаңыздар екен дегім келеді. Бүгінде алкогольді ішімдіктер мен қатар алкогольсіз деген ішімдіктер, сонымен қатар адамға күш-қуат силап шаршатпайтын сусындар да пайда болды. Бұл алкогольді-алкогольсіз немесе адамға күш-қуат силап шаршатпайтын ішімдіктердің дініміздегі үкімі қандай, ислам діні келгенде мұсылмандар бұл ішімдіктек қалай арылды ?  Осы арақ-шарап мәселесі төңірегінде телеарналарда, баспасөз беттерінде, халық арасындағы үгіт-насихат жұмыстарында насихат жұмысын жандандырсаңыздар дегім келеді?!

  • Адам баласы үшiн зиянды заттың бiрi - алкогольды iшiмдiктер. Бұған қатысты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Iшімдік - барлық жамандықтың көзi» деген (хадистi Ибн Аббастан имам Хаким және имам Байһақи риуаят еткен). «Аллаһ Тағала харам еткен нәрсенi азық ету бізге жараспайды!» Ішімдік ішкеннен кейін: науқасынан сауығып кеткен, кедейшіліктен құтылған, ел арасында абыройға ие болған пенде бар ма, бұл дүниеде? Ондай адам жоқ. Өйткені, iшімдік - сау адамды ауру, байды кедей, абыройлыны жексұрын етедi. Сондықтан да Аллаһ Тағала: «Ей, адам баласы, арақ iшпе! Бұл дүниеде қор болып, ақыретте азапқа душар боласың!» деп ескерткен.

    Кейбiр көкелер: «Шамаңды байқап, мас болмайтындай мөлшерде iшсең болады!» деп ақыл айтады. Осыған қатысты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Мас етушi нәрсенiң азы да харам» (хадисті Жәбардан имам Ахмад, имам Әбу Дауд, имам Насай, имам Тирмизи риуаят еткен) деді емес пе.
    Арақ харам етілгендіктен пендені адамгершiлiктен айырады, иманын әлсiретеді. Иманнан қалған жүрек өлi жүрекке айналады. Сананы иман емес, нәпсi билейдi. Халал мен харамның айырмасы болмай қалады. Күнәға ойланбай барған пендеге шайтан Аллаһ Тағаланың азабын ұмыттырады. Нәпсiнiң құлы болу дегенiмiз - осы.
    «Аллаһ Тағала арақты iшушi мен жәрдем берушiнi, сатушы және сатып алушыны, дайындаушы мен дайындатушыны, алып келушi мен алып келтiрушiнi және арақтан күн көргендi лағынеттедi» (хадисті ибн Омардан имам Әл-Хаким және имам Әбу Дауд риуаят еткен) дейдi сүйікті Пайғамбармыз. Әлбетте, көкiрегiнде иманы бар адам Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл ескертпесіне құлақ асып, Аллаһ Тағаланың қаһарынан сақтануы керек.
    Арақтың зияны iшкенге ғана емес ұрпағын да тиеді. Әйел арақ iшсе, аналық жұмыртқа клеткалары зақымданып, бала кемiс туады. Әсiресе, аяғы ауыр кезiнде арақ iшкен әйелдің баласы сөзсіз кемшін болады. Атақты дәрiгер Альфина Дебруч iшiмдiктiң зияндылығын зерттей келiп: «Iшкiлiктi көп пайдаланатын халықта өлiм көбейiп, бала өсiмi күрт төмендейдi. Себебi, дүниеге спирттiң әсерiнен әлсiз ұрпақ келедi. Iшкiлiк себебiнен қылмыстың саны көбейедi. Ұрпағын апаттан сақтап қаламын деген әрбiр саналы адам iшкiлiкке қарсы тұруы қажет» дейді.
    Алғам мұсылмандарды ислам діні ішімдікті қалай тыйды деген сауалыңызға келер болсақ. Ислам діні келгенде Араб халқы Жаһилият (Ислам діні келгенге дейінгі уақыт) заманында арабтар араққа қатты берілген. Тіпті сол кездің өзінде арақтың 100 түрлі аты болғаны айтылады. Ислам діні келуімен араб жазирасында арақ ішу бірте-бірте жойылды. Алдымен арақтың зияны көп екені туралы аят түсті. («Бақара» сүресі, 219-аят). Одан кейін мас күйінде намазға жақындамау («Ниса» сүресі, 43-аят) туралы бұйрық келді. Ең соңында Алланың: «Ей, иман келтіргендер! Арақ, құмар, бұтқа табыну, бал ашу - лас, нәжіс шайтанның тірлігінен. Шайтан, арақ және құмармен араларыңа дұшпандық, бір-бірлеріңді көре алмаушылықты салып, Алланы еске алумен намаз оқып, сауап алудан тосқысы келеді. Әлі де тоқтамайсыңдар ма?» («Маида» сүресі, 90-91-аяттар) деген үкімі арқылы түбегейлі тыйым салынды. Осыдан соң мұсылмандардың басым көпшілігі арақтан тиылды.
    Ұсынысыңыз өте орынды, Имамдардың жылдық жұма уағызының тақырыптарына кіргізілген, белгілі уақыттарында айтуыда міндеттелген.

  • Ассалаумағалейкум Балғабек аға! Сізден өзімді мазалап, көкейімде шешімін жүрген мәселені сұрамақшы едім. Өзім Алтайдың қазағы едім (ҚХР). Менің інім тақауда көршіміздің терең қылып қазып тастаған шұңқырына түсіп қайтыс болды. Бұл да Алла Тағаланың бізге жіберген сынағы шығар, маңдайға жазғаны шығар. Қытай заңы көршімізді кінәлі деп тауып, жәбірленуші тарапқа (бізге) үлкен көлемде ақшалай қаражат өтеуді жүктеді. Көршім өзге дін өкілі, әрі ұлты қытай.  Өзіміз жоқ-жітік жандар емеспіз. Дініміз бойынша көршіміздің қайғымызға өтем ретінде ұсынған қаржысын алып, алмау тұрғысында ислам дінінде қандай үкімдер бар?  яғни алсақ бола ма?

  • Сәлеметсіз бе Бағлан. Ислам Ғұламаларының пікірінше «Бір адамның өліміне себеп болған кісі сол елдің үкімі бойынша жаза беріліп, жәбір көрген отбасыға «кафарат» яғни өтем төлеуі және мұсылман болса қосымша 60-күн ораза ұстауы міндеттелген». Яғни сіздің ол өтем ақыны алуыңызға болады.

  • Үлкен қарт кісілерге құрметті «қолын сүю» арқылы көрсетуге бола ма?

  • Дін бұл құрметті міндеттемейді. Сонымен қатар, бұған байланысты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бізге жеткен ешбір хадисінде тікелей бұйрығы жоқ.
    Қол сүйіп, құрметтеуге байланысты Сахабалардың бір-бірінің қолын сүю арқылы құрмет көрсеткенін ислам тарихынан білеміз. Бұл жердегі ең басты мәселе үлкендер қолдарын сүйілуін, өздеріне солай құрмет көрсетілуін іштей қаламауы тиіс.
    Нақты бір мысал келтірер болсақ.
    Аммар ибн Әби Аммар Зәйд ибн Сәбит пен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) туысы Ибн Аббас арасында болған мына бір оқиғаны риуаят етті. Бір күні Зәйд ибн Сәбит көлігіне мінейін деп жатқан кезде Ибн Аббас үзеңгісінен ұстап (мінгізуге көмектескісі келді). Зәйд ибн Сәбит болса оған: «Әрірек тұр! Уа, Алла елшісінің немере ағасының баласы»,-деп (кішіпейілділік танытты.) Ибн Аббас болса, оған: «Бізге үлкендеріміз бен ғұламаларымызға осылай құрмет көрсетуге бұйырылдық», – деп жауап қайырды. Зәйд ибн Сәбит оған: «Қане, қолыңды көрсетші», – деді. Ибн Аббас қолын көрсетіп еді, Зәйд ибн Сәбит дереу оның қолын сүйіп алды да: «Біз де пайғамбарымыздың туысқандарына осылай істеуге әмір етілдік», - деді.
    Демек, қол сүю арқылы құрмет көрсетуде кісінің ішкі ниеті өте маңызды. Сүйгізуші мен сүюшінің ниеттері бұл мәселенің үкіміне тікелей әсер етеді. Яғни, кісіні дүниелік мақсаттар үшін, яки оның мансабы мен байлығы үшін сүю дұрыс емес. Ал қолы сүйілетін кісі өзгелерден әрдайым өзінің қолының сүюілуін іштей күтсе, тәкаппарланып паңданатын болса, ол да дұрыс емес. Қол сүйіп құрметтеуге байланысты осы нәзік қағидалар сақталған жағдайда қол сүйіп құрметтеуге шариғатымыз рұқсат етед

  • Ханафи мәзһабын ұстанатын халықтың ішінде «жылқы еті харам» дегендері де бар. Ал Қазақ халқы ежелден жылқы етін жейді, жепте жүрміз. Ханафи мәзһабын ұстанатын біздерге «харам» ба «халал» ма? Нақты қысқа нұсқа дәлелдермен жауап берсеңіз.

  • Жылқы еті туралы Қ. Жолдыбайдың Дін мен Діл атты кітабында толық көрсетілген. Сіздің сұрағыңызға қысқа әрі нұсқа жауап берер болсақ.

    1- Әбу Ханифа: Жылқы еті «мәкрүһ» деген. Себебіне келер болсақ «Нахл» сүресінің «Жылқыны, қашырды және есекті мінулерің үшін және сән мақсатында жаратты» деген аятты дәлел келтіреді. Бұл жерде Әбу Ханифаның мәкрүһ дегені «мәкрүһ тәнзиһан» адалға жақын мәкрүһ па, жоқ әлде «мәкрүһ тахриман», яғни харамға жағын мәкүһ па ғұламалар арасында екі ұшты пікір бар.

    2- Мұхаммед пен Әбу Юсуфтің пікірі бойынша «халал» Өйткені әл-Бухариде және Муслимде риуаят етілген мына хадистерді келтіреді:
    Біріншісі: Сахихул-Бухариде. «Пайғамбарымыз (с.а.у.) хайбар күні есек етін жеуге тыйым салып, жылқы етін жеуге рұқсат берді»
    Екіншісі, Сахих Муслим де - Әбу Бәкір қызы Әсманың: «Пайғамбар (с.а.у.) заманында жылқыны сойып, етін жедік»
    Әбу Ханифаның жылқы етін жеудің мәкрүһ санауының басты себебі жылқы малының сол заманда соғыстың негізгі құралы болуында. Ал қазір соғыс құралы самолет, танкі секілді заманауи күшті техникаларға ойысқандықтан Әбу Ханифаның жылқы етіне байланысты берген «мәкрүһ» деген үкімі де өздігінен өзгеретіні мәлім.
    Сонымен қатар, Ханафи мәзһабында Әбу Ханифаның екі үлкен шәкірті Мұхаммед пен Әбу Юсуфтың берген фәтуалары да көп жағдайда негізге алынады. Міне сондықтан жылқы етін жейтін ханафи мәзһабын ұстанатын мұсылмандар бұл мәселеге байланысты Мұхаммед пен Әбу Юсуптың берген фәтуларын негізге алады. Сондықтан Жылқы етін адал деуімізге әбден негіз бар.

  • Бір группаласым дүниелік істерді де, діни істерді де сынай береді, осы қылығымен басқаларын ренжітеді, әрдайым өзініңкін дұрыстай береді. Осындай сын ауруы неден пайда болады?

  • Өзін ең ақылды, өзінен асқан адамның болмағанын және осы дүниеде ол болмаса құлап қалатындай көрсететін жандардың бойында «тәкәппарлық» деген жаман қасиет пайда бола бастайды. Осы уақытта адам басқалардың кемістігін іздеп, ыңғайын тауып бетіне басып отырады мұндай іс-әрекетке ислам тиым салады. Адамдардың қателіктерін іздеу күнә. Ал Әмри маруф жасау басқа, оны жылы шыраймен, ешкімді ренжітпей, жалпылама түрде айтылады. «басқасының күнасын жасыруда «ай» сияқты, жақсылығын көрсетуді «күн» сияқты болыңдар деген Мевлананың сөзі еріксіз ойға түседі.
    Сынның барлығы дұрыс емес деген қате пікір. Мысалы сырға тағып жүрген жас жігітті көрген кезде «Әйелдерге ұқсап қалыпсың» деп оны бұл қоғамға теріс қылығынан қайтару мақсатына сын айтылса ештеме болмайды.

  • Бір заттың көлемі аз болса да өзі берекелі болды және Берекесін көрсін не болмаса берекелі болсын деп жатады. Береке Адамның ынсабынан болама әлде Алланың бергенінен болама жалпы береке жайында дініміз не дейді?

  • Берекеге қатысты хадис шәрифтерде былай делінген:
    «Саудада береке бар, саудаға өтірік, қиянат араласқан кезде берекесі кетеді.» (Бұхари)
    «Үйінен ерте шыққан адамның ісі берекелі болады.» (Бәззар)
    «Несие сауда-саттықта, қарыз беруде және арпалы нанда береке бар.» (Ибн Мажә)
    «Ризығына разы болған адамның берекесі артады, разы болмаған адамның ризығы берекесіз болады.» (Ахмед)
    Жоғарыда Пайғамбарымыздың хадистерінде айтылғанындай береке – аз табыстан көп пайданың әкелуі, көп іске жарауы деген сөз.
    Аз нәрсе берекелі болса көп адамның ісіне жарайды, көптеген жақсы істер жасалуына да септігін тигізеді.
    Сонымен қатар, берекесіз нәрселер де бар, олар иесіне бұл өмірде де, ахыретте де пәлекет әкеледі. Сол үшін дүние-мүліктің көп болуын емес, берекелі болуын тілеу керек. Жаратушы жаппар иеміз істеген әр ісіміздің берекесін берсін деп тілейік.

  • «Көп күлсең өмірің ұзақ болады» деген сөзді ауылда көп еститінмін. Қалаға келіп жоғарғы оқу орнында оқып жүргенімде пән мұғалімдерімізден бірі менің бұл сөзімді естіп «сен неге олай дейсің, қарқылдап күлу өмірді ұзарпайды қайта ол адамға зиян» деп аздап дауыс көтергені әлі есімде қалып қойыпты. Осыған байланысты Көп күлудің зияны бар ма, дініміз тұрғысынан жауапберсеңіз?

  • Алла біздің өмірімізді күлгеніміз үшін емес садақа бергеніміз үшін ұзартады. Пайғамбарымыз бір хадисінде «күлімдеу де садақа» деген. Қазақтың «Көп күлсең өмірің ұзақ болады» деген мақалы да осыған сәйкес айтылса керек. Ислам дінінде мұсылмандардың күлімдеп, жылы жүзді болуы өте сауапты іс. Керісінше, қарқылдап күлу мәкрүх болып саналады.


    Пайғамбарымыздың: Көп күлу жүректі өлтіреді және мүминнің қадірін түсіреді» /Тирмизи/; «Мешітте күлу – қабірде қараңғылық болмақ» /Дәйләми/; «Егер Жаннат пен Жаһаннамды көргендеріңде, аз күліп көп жылайтын едіңдер» /Мүслим/; «Егер менің білгендерімді білгендеріңде, аз күліп көп жылайтын едіңдер» /Бұхари/ деген т.б. хадистері бар.


    Күлуге байланысты Яхийа бин Муаз мүмин күлуден төрт жағдайда бас тару керек дейді. Олар: ахирет істері, күнкөріс дерті, күнәлар беретін қиындық, апаттардан келетін қасірет. Осы төрт оқиға орын алғанда күлуден бас тарту керектігін өсиет еткен екен.

  • «Пейішке Аллаға берілген яғни бас иген адамдар ғана кіреді» деген мағынада Аят және хадис барма, болса түсіндіріп берсесізба?

  • Алла Тағала Қасиетті Құран Кәрімде: «Алла құзырында дұрыс дін, Ислам діні» /Әли Имран 3/19/,  «Кім исламнан басқа бір дін іздесе, білсін ислам діні одан қабылданбайды және ақыретте зиянға ұшырағандардан болады» /Әли Имран 3/85/ деп бұйырады. Пайғамбарымыз бір хадисінде «Пейішке тек қана мұсылман болған адамдар ғана кіреді» дейді. Күмәнсіз Исламды қабылдау, мұсылман болумен тең. Мұсылман дегеніміз Аллаға бас ию деген ұғымға келеді. Бұл жердегі бас ию – Алланың адал дегенін алып, арам дегенінен арылу, яғни, ислам дінінің шарттарымен жүріп тұру деген мағынаға келеді.

  • Өзіңізге де белгілі 2012 жылдың 21-желтоқсанында ақырет болады екен деген хабар әлемді дүр сілкіндіргені. Ислам дінінде де ақыр заманның болатыны айтылады және оған иман етеміз. Келешекке байланысты ислам дінінде айтылуы тиым салынған «келешекті тек Алла ғана біледі» деп имамдардан естіп жатамыз. Алла Құран кәрімде келешектен хабар берген ба, оқиғалар туралы жазылмағанба? Нақты айтар болсақ Құран Кәрімде келешек жайында айтылған хабарлар барма және олар қайсылар?

  • Зәру жағдайларға байланысты құлшылықты тоқтата тұруға бола ма?

  • Дінімізде Отан мен өз жаныңызды және өзгелердің де жанын қорғау мұсылмандардың ең басты міндеттерінің бірі. Ислам дінінің шариғат үкімдерінде адам өмірін сақтаудың орны өте жоғары. Мұсылман адамның діни міндеттерді (намаз, жұма намазы, ораза т.б.) себеп етіп қызметке салғырт қарауға немесе көлеңке түсіруіне болмайды. Құлшылықты қызметке кедергі келтірмейтін уақытты жасаған абзал болады. Тек аса зәру жағдайда ғана намазды қаза қылуға немесе бұзуға рұқсат. Бұған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Хайбар» соғысында майдан алаңындағы жағдайдың өте қатты ушыққаны себепті намазын кейінге қалдырып, қазасын өтегендігі мысал бола алады.

  • Бір аятта Жындардың ғайыпты үйрену үшін аспанға ұшанатынын жазады, басқа бір аяттада адамдардың және жындардың аспанға шығуы үшін өте күшті бір күштің қажеттілігі болмай шыға алмайды дейді. Яғни ғайып хабарды жындар мен адамдардың білуі мүмкінба ?

  • «Әй жын мен адамзат тобы! Көктер мен жердің шектерінен өтуге шамаларың келсе, өтіңдер. Өте алмайсыңдар! Бірақ бір қуатпен өте аласыңдар» /Рахман, 33 аят/. Бұл аяттың тәпсірінде жындар мен адамдардың физикалық күштен өзге күштері болмайтынын, ол жерге жетулерінің мүмкін емес екендігі және ол күштің Аллада ғана бар екенін білдіреді.

    Қасиетті Құран Кәрімде «Әлбетте тыңдау үшін; аспанның кей орындарында отыратын едік. Енді біреу тыңдамақшы болса, оны көздеген оттан жасалған жұлдызбен қарсыласатын» /Жын, 72-9/.
    Періштелердің сөзін тыңдау үшін аспанның ең жақын болған бөліміне шығып жындардың тыңдау үшін әрекет жасағандары Құран кәрімнің алты жерінде білдіреді. Алайда адамдар мен жындар ғайыптан хабарларды алуы мүмкін емес. Жындар мен тілдесетін адамдардың болғаны білдіріледі. Бір риуаятқа қарағанда жындар адамдардан ұзақ жыл өмір сүретін көрінеді, сол жындар адамдарға сенің атаңды және отбасыңды суреттеп беріп жатады. Ондай әрекеттерді ғайыптан хабар деуге келмейді. Жындар да адамдар секілді мұсылмандар және мұсылман еместер болып екіге бөлінеді. Мұсылман болған жындардан мұндай іс-әрекетке бармайды.
    Аят хадистердің барлығын бірлестіргенде мынадай қортынды шығады. Адамдардың пейіштен қуылғанындай жындардыңда аспанның жоғарғы сатыларынан қуылғанын байқаймыз. Осы уақыттан бастап адамдар болсын, жындар болсын ғайып хабарды нақты білуі мүмкін емес. Тек өткен тарихқа қарап келешекті болжауымен ғана шектеледі.

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.