Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • 22
  • қазан

    сейсенбі

  • 22
  • Сафар

    1441

Жұмағұлов Қанат Әділханұлы

"Нұр-Астана" мешітінің наиб-имамы

  • 4855
  • 45
  • 28.10.12

Өмірбаян

Құрметті жамағат! сіздермен «sunna.kz» порталы бетінде кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Интернет-конференция барысында сіздерді толғандырып жүрген сұрақтарыңызға қолымнан келгенше жауап беруге әрқашан дайынмын. Сондықтан да, өз ойларыңыздағы сұрақтарыңызды тартынбастан қоя беріңіздер. Сіздермен осында интернет-конференция өткізуге  жағдай туғызған портал қызметкерлеріне ыстық ықыласымды білдіремін.

 Құрметпен Қанат  Әділханұлы 

Пікірлер (45)

  • Ислам дінінде, кінәсіз бір адамның өліміне себеп болудың үкімі не ?

  • Ислам дінінде адам өлтіру – үлкен күнә. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): Күнәлардың ең үлкендері – Аллаға серік қосу (Алладан басқаға табыну), адам өлтіру және әке-шешенің көңілін қалдыру." – дейді. Адам өлтірудің жазасы – өлім немесе құн төлеу. Әрине өлім жазасы зайырлы елде қолданылмайды. Адам өлтірген адам мемлекет заңы кескен жазаны өтеумен қатар тәубе етуге де міндетті. Исламда өлтірілген кісінің жақындары шариғатпен басқарылатын елде қылмыскердің өлтірілуін немесе оған құн төлетуді талап ете алғаны сияқты кешірім беруге де құқылы. Қылмыскер марқұмның туыстарының кешірімінсіз не жазасыз, о дүниелік болса, тозақта азапталады. Ниса сүресінің 93-аятына қараңыз. Имам Бұхари мен имам Нәсаи келтірген хадисте адам өлтірген кісі жәннаттың иісін де иіскей алмайды, делінген.

  • Құрметті Қанат Әділханұлы сізге қояр сауалым. Еһли сүннетте 4-мәзһаб бар. Бұл мәзһабтар өзіндік пікірлердің және жер ұзақтықтың салдарынан шыққан. Қазіргі заманымызда технология өте қатты дамыған, әлемнің қай жерінде не болып жатыр бәрін білу және сол ақпаратты қолжеткізу оңай. Осыған орай, дұрыс деп білетін 4-мәзһабтың үкімдерін қайта қарастырып 1-мәзһаб етіп шығарса болмайма ?

  • Мәзһабтардың өзара ерекшелігінде, өзгешелігінде географиялық фактордың ешқандай ролі жоқ. Яғни, жер, аймақтың ұзақтық не жақындығына байланысты емес. Ол аймақтарға жіберілген білімді сахабалардың таратқан ілімдеріне және сол ілімдердің негізінде қалыптасқан шариғи-құқықтық мектептердің айырмашылығымен тығыз байланысты.
    Екіншіден, 4 мәзһабты бір мәзһабқа біріктірудің еш қажеті жоқ, әрі ол мүмкін де емес. Себебі, бұл – хикмет иесі Алланың қалауы.
    Қарапайым мысал – Құранда Алла тағала: "Талақ етілген әйелдер үш қуру күтеді" деген. Қуру сөзі араб тілінде әрі тазалық, әрі хайыз (етеккір) деген мағынаны береді. Ханафи мәзһабы: талақ етілген әйел үш хайыз күтеді десе, шафии мәзһабы: үш тазалық уақтын күтеді, дейді. Алла тағала мұсылмандардың мұндай қайшылыққа түсетінін білмеді дей алмаймыз, Алла бәрін біледі. Алла қайшылық болатынын біле тұра неге нақтылықты білдірмейтін "қуру" сөзін пайдаланды, неге "хайз" не "тазалық" деп айтпады. Демек, Алла мұсылман үмметінің ішінде осындай айырмашылықтың болғанын қалады.
    Алла тағала айтады: Сендердің әрбіреулерің үшін бір жол-жоба қойдық. Егер Алла қаласа еді, барлығыңды бір-ақ үммет қылар еді. Алайда сендерге берген жол-жобаларында сынамақшы. Ендеше жақсылыққа жарысыңдар. Біртұтас барар жерлерің Алла жақ. Ол сендердің таласқан нәрселеріңді білдіреді. (Мәида сүресі, 48-аят)
    Сондай-ақ, мәзһабтардың айырмашылығы кемшілік емес, кеңшілік, бір жағынан байлық.
    Технологияның дамуы да бұған әсерін тигізе алмайды. Бұл 4 мәзһабты біз қалай біріктіреміз, мужтаһид ғалымдардың өзі біріктіре алмағанда?
    Қазір бізге артылатын ең бірінші мендет – ханафи мәзһабын дұрыстап, толыққанды үйрену.

  • «Аллаһ Тағала дінді залымдардың қолымен күшейтеді» деген Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадисін қалай түсінсек болады. Яғн қазіргі тероризм, ланкестік істердің барлығы дінімізді күшейту үшін жасалып отырған іс па қалай сонда ?

  • Бұхари мен Муслимнің "ас-Сахих" атты кітаптарында "Алла тағала бұл дінді залым адамның қолымен қолдайды" делінген.

    Негізі бұл хадис пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманында соғыста ерлік көрсетіп, мұсылман әскеріне әжептеуір қолдау көрсетіп, ақыры жараланып, жарақатына шыдай алмай, өз-өзіне қол жұмсаған кісі жайлы еді. Оны сахабалар барлығы тегіс жәннаттық десе, Алла елшісі әлгі адамның тозаққа түсетіні жайлы алдын ала хабар берген. Алғашында кейбір сахабалар пайғамбардың (с.ғ.с.) бұл сөзіне күдіктенген-ді. Әлгі бейбақ өзін-өзі өлтірген соң, белгілі болды. Міне осы кезде Алла елшісі: "Алла тағала бұл дінді залым адамның қолымен қолдайды" деді. Яғни, әлгі адам өзіне-өзі қол жұмсаған залым бола тұра, Алланың дініне көмегі тиді.

    Әрі бұл хадис мұсылман болсын, кәпір болсын жалпы залым адамның қолымен де діннің қуатталатынын білдіруде. Кезінде Эфиопияның патшасы Нәжашидің еліне пана іздеп келген сахабаларға көмек қолын созғаны бар еді. Ол кезде ол дінді қабылдамаған кезі. Яғни, Аллаға серік қосып жүрді. Ал ширк – ең үлкен ЗҰЛЫМДЫҚ. Солай бола тұра сол Нәжашидің де көмегі тиді.

    Ал Исламның атын жамылған әлгі ланкестерге келсек, олар Исламға көмек беріп жатқан жоқ, керісінше дінді жағымсыз етіп көрсетіп жатыр. Қалайша Ислам дұшпандарының көрігін үрлеп жүргендерін өздері де білмейді.

  • Дінде адасушылықты қалай түсінсек болады және оның қандай да бір дәлелдері барма ?

  • Дінде адасушылық – Алланың ақ жолынан, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетінен және әһлу-сунна уал-жамаға ғұламалары насихаттаған негіздерден ауытқу деген сөз.

  • Алғашқы діни некені кім қйдырған ?

  • Алла тағала Адам (а.с.) пайғамбарды жаратады. Ол кісі жәннатта өмір сүреді. Жалғыздық бір Аллаға жарасады демекші, ол жалғыздықтың тауқыметін тарқан соң, Алла тағала оның қабырға сүйегінен Хаууа анамызды жаратып, араларында неке қиылады. Олардың некелерін Жәбрейіл (а.с.) қиған. Осылайша Алла жіберген бүткіл елшілер, пайғамбарлар некеге насихаттап, өздері де өз некелерін қидырған. Пайғамбарлардың соңғысы Мұхаммед (с.ғ.с.): Неке қиып үйлену менің сүннетім. Кім де кім менің сүннетімнен бас тартса, ол менен емес (яғни, маған үммет болуға лайықты емес), – деген.

  • Түс және оны жорамалдау туралы Исламның қағидалары барма?

  • Құран кәрімде және пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде түс жору жайлы айтылған. Құран аяттарына сүйенсек, Юсуф (а.с.) әуелі зындандағы екі адамның, сосын Мысырдың патшасының түсін жорып береді. Ибраһим (а.с.) түсінде ұлы Исмаилді (с.ғ.с.) құрбандыққа шалып жатқанын көріп, дәл солай жорыған.
    Түсті әркімге жорытпау керек. Ізгілікті ту еткен тақуа жандарға жорытқан жөн. Бұл жайлы Алла тағала Құран кәрімде былай дейді:
    Юсыппен бірге екі жігіт бірге абақтыға кірді. Ол екеуінің бірі: Мен түсімде арақ сыққанымды көрдім деді. Екіншісі: Мен төбеме нан көтеріп жүр екенмін. Одан құс жегенін көрдім. Бізге бұл түстердің жоруын айтып бер. Күдіксіз, біз сені жақсылық жасаушы адам деп білеміз деді. (Юсуф, сүресі, 36-аят)
    Бұл аятта Юсуфқа (а.с.) әлгі екі адам "Күдіксіз, біз сені жақсылық жасаушы адам деп білеміз" деп, оның ізгі, тақуа адам екенін ескеріп, одан түстерін жоруын өтінді. Демек, діннен ұзақ, күнәһар және тәуіп, балгер, көріпкелдерге түс жорытуға болмайды. Хадистерде Әбу Бәкір (р.а.) түсін пайғамбарымызға (с.ғ.с.) жорытқаны айтылады.
    Сондай-ақ, түсті жақсыға жору да пайғамбарымыздың сүннетіне сай амал болып табылады. Себебі, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) түстерді жақсылыққа жорып, сахабаларына да осылай етуге бұйырған.
    Тағы айта кететіні түс жору тақырыбында жазылған кітаптардың бәріне сене бермеген жөн.

  • Мұсылман айелге машина айдауга балады ма?

  • Әйел кісі жолға қатысты шариғат және жол ережесі талаптарын толық орындаса көлік жүргізуіне болады. Қысқаша жол ережесі талаптары: Көлік жүргізуді жақсы білуі, жүргізуші куәлігі және т.б. құжаттарының дұрыс болуы, кәмелет жасқа толуы, ақыл-есінің дұрыс болуы т.б. Шариғат талаптарына келсек, әйел кісі көлікте жалғыз өзі болса, күйеуі және махрам (үйлене алмайтын ет жақыны) туысы емес бөгде ер адамды отырғыза алмайды. Сондай-ақ, жанында күйеуі не махрам туысы болмай, әйел кісі жалғыз өзі ұзақ сапарға (кемі 90 шақырым) көлікпен шыға алмайды. Сонымен қатар жүргізуші әйел әурет жерлерін жабуға тиіс. Жол полициясы қызметкерлерімен көліктен түспей және дауысын құбылтпай қалыпты сөйлескені жөн.

  • Ассаламуналикум! Ыбрай Алтынсарин атамыздың жазған «Бір Аллаға сиынып, кел балалар оқылық» деген өлең жолдарында тәухит жайлы айтылып жатырма және бұл жерде дінді ықыласпен тоқылық дегенді білдірема ?

  • Бір Аллаға сиынып, кел балалар оқылық.
    Оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық.
    Оқысаңыз, балалар, шамнан шырақ жағылар.
    Тілегенің алдыңнан іздемей-ақ табылар.
    Иә, бұл өлеңде Алланың барлығы мен бірлігі қамтылған.

  • Өлген адамның атынан қажылық өтеуге болады ма?!

  • Иә, болады. Марқұмның атынан қажылық өтеген адамның өзі ауқытты болса, онда өзі де қажылық парызын орындауы тиіс

  • Кайырлы кун! Менин мынадай сурагым бар. Намаз окып уйренгим келеди, намазда окитын дугаларды казакша магынасымен айтуга болады ма алде сол жазылган турде айту миндетте ме? Рахмет.

  • ниетиниз кабыл болсын... менин ойымша казакша жаттаган дурыс емес, караныз Араб тилимен Казак тили бирдей ме?! жок арине. индетти деп айта алмаймын, бирак арабша окып,жаттаган абзал ари сауабы кобирек. альхамдулилля басында киын болады, бирак Аллага шукир озим 3-4 аптада арабша окып кеттим, 3 айда намазга жыгылдым, озим 15 жастамын. альхамдулилля киын болды, бирак ниетиниз болып Алланын разылыгы ушин десениз карамайсыз... арабша окып, жаттаган абзал!

  • Иә, намазда оқылатын Құран сүрелері мен дұғаларды міндетті түрде арабшалап оқу керек. Намазда басқа тілде Құранның мағынасын оқыса намаз дұрыс болмайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Менің қалай намаз оқығанымды көрсеңдер, дәл солай намаз оқыңдар" деген. Ал Алла елшісі (с.ғ.с.) намазда Құранды және дұғаларды араб тілінде оқыған. Демек, біз де солай етуге тиіспіз.
    Намаз сүрелері мен дұғаларды әзірге кирил (қазақша) әріптермен оқып, жаттасаңыз болады. Алайда көп кешіктірмей арабша әліппе үйреніп, Құранға түскеніңіз жөн. Құранды оқып үйрену - парыз айн, яғни әр мұсылманның міндеті. Қазақша әріптермен жаттар жүре беру дұрыс емес.

  • Имам Матрудидің өмірі және білімі туралы айтасызба?

  • Имам Матуриди өмір сүрген кезең Аббаситтер мемлекетінің әлсіреп, соның нәтижесінде бірқатар Ислам мемлекеті пайда болған уақытпен тұспа-тұс келді.Сондай-ақ, имам Матуриди ислам әлеміндегі сенімге байланысты арпалыстың ең өршіген уақытына тап келген. Бұл кезде Ислам халифаты күн өткен сайын ұлғайып, көптеген халықтар Ислам дініне кіріп жаттқан уақытта дүниеге келген.
    Ислами біліміне келер болсақ, Имам Мұхаммед аш-Шайбани мен Әбу Иусуфтың шәкірттерінен ілім алған Матуриди ғұмырының соңына дейін діни тақырыптарда зерттеулер жасап өткен. Тәпсір, калам, фиқһ және фиқһ әдістемесі салаларында маңызды еңбектер қалдырып, көптеген шәкірттер тәрбиелеген. Ханафи мәзһабын еңбектері мен шәкірттерінің дәнекерлігімен жайған. Осы тұрғыда, ол Ханафи мәзһабының имам Ағзамнан кейінгі екінші үлкен ғалымы деп танылға.

  • Әйелім төркініне барған кезінде жолаушы намазын оқйма әлде өз отбасы болып есептеле ма ? менін ата анам Алматыда, Ал мен Атырауда. Мен алматыға барғанымда жолаушы боламба әлде болмаймынба ? Әйелім менін үйіме барғанда олда жолаушы намазын оқима ? Осы жолаушы намазын толық түсіндіріп беруіңізді сұраймын.

  • Жолаушы намазын, қалыпты, орташа жүріспен 18 сағаттық (шамамен 90 км) бір жерге бару үшін үйінен шыққан адамдар жолаушы болып саналады. Жолаушы адам баратын жеріне дейін жолаушы болғаны сияқты, барған жерінде 15 күннен аз уақыт қаламын деп жолға шықса, бірақ 15 күн немесе одан көп қалса жолаушы болып есептеледі. Ал 15 күн немесе одан көп қаламын деген оймен жолға шықса, бірақ барған жерінде бір күн қалса да жолаушы болып есептелмейді. Тұрақты мекенінен сырттағылардың барлығы жолашы болып есептеледі.

  • Бойдәреті жоқ жүніп адам Құранды жадынан да оқи алмайды деп жатады. Бұның ханафи мәзһабында қандай дәлелі бар?

  • Хайыз (етеккір көріп жүрген) халіндегі әйел жүніп (бойдәреті жоқ) пен нифас (жаңа босанып әлі тазармаған) әйел сияқты Құранды (жадындағыны немесе кітапқа қарап) оқымайды. Ал дәретсіз адам оқи алады.[i]

    عَنْ جَابِرٍ أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: “لاَ يَقْرَأُ الْحَائِضُ وَلاَ الْجُنُبُ وَلاَ النُّفَسَاءُ مِنَ الْقُرْآنِ شَيْئًا” رَوَاهُ الدَّارَقُطْنِيُّ ثُمَّ الْبَيْهَقِيُّ وَقَالَ إِسْنَادُهُ صَحِيحٌ.

    Жәбирден (р.а.) риуаят етілуі бойынша Аллаһ елшісі (с.а.у.) былай деген: «Хайыз әйел, жүніп кісі (бойдәреті жоқ ер немесе әйел), нифас қанын көруші әйел Құраннан ешнәрсе оқымайды.» Хадисті Дарақұтни, сосын Бәйһақи риуаят етті. Бәйһақи: Бұл хадистің иснады сахих. – деді.[ii]

    [i] Убайдуллаһ ибн Мәсғұт, «Мухтасарул-уиқая» маға шархихи «Ихтисарур-риуая» ли Нәжмиддин Мұхаммет әд-Даркани, І том, 73-бет, Дарул-кутубил-илмийя баспасы, Бейрут, 2005 жыл.

    [ii] Бадруддин Әбу Мұхаммед Махмуд ибн Ахмет әл-Айни, «Умдатул-Қари шарху сахихил-Бухари»,

  • Құранды дәретсіз ұстауға бола ма?

  • Хайыз әйел, жүніп, нифас әйел және дәретсіз кісі Құранды ұстамайды. Олар Құранды тек одан ажырап тұратын тыспен ғана ұстай алады.[iii]
    Бұл үкімге төрт мәзһап имамдары келіседі. Олардың дәлелдері – Құран аяты, сүннет және ижма (ғұламалардың бір ауыздан келісімі).
    1. Құран аяты:
    “إِنَّهُ لَقُرْآنٌ كَرِيمٌ فِي كِتَابٍ مَكْنُونٍ لاَ يَمَسُّهُ إِلاَّ الْمُطَهَّرُونَ تَنْزِيلٌ مِنْ رَبِّ الْعَالَمِينَ”.
    «Расында ол қасиетті Құран жасырын кітапта. Оны тап-таза болғандар ғана ұстайды. Әлемдердің Раббысы тарапынан түсірілген.» (Уақиға сүресі, 77-80 аяттар.)
    2. Сүннеттен дәлел:
    عَنْ حَكِيمِ بْنِ حِزَامٍ _ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ – قَالَ : لَمَّا بَعَثَنِي رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِلَى الْيَمَنِ قَالَ: “لاَ تَمَسَّ الْقُرْآنَ إِلاَّ وَأَنْتَ طَاهِرٌ) . رَوَاهُ الْحَاكِمُ فِي الْمُسْتَدْرَكِ ، وَقَالَ: صَحِيحُ الإِسْنَادِ، وَلَمْ يُخْرِجَاهُ، وَوَافَقَهُ الذَّهَبِيُّ.

    Хаким ибн Хизам (р.а.) айтады: «Аллаһ елшісі (с.а.у.) мені Иеменге жіберерде маған: «Құранды тек таза кезіңде ғана ұста» – деді.»
    Хадисті Хаким «әл-Мустадракта» риуаят етіп, «Бұл сахих иснатты хадис, алайда Бұхари мен Муслим бұл хадисті өз кітаптарында келтірмеген» – деді. Имам Зәһаби Хакимнің берген бұл бағасына келіскен.

    عَنْ عَبْدِ اللهِ بْنِ عُمَرَ – رَضِيَ اللهُ عَنْهُ – قَالَ : قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: “لاَ يَمَسُّ الْقُرْآنَ إِلاَّ طَاهِرٌ “. رَوَاهُ الدَّارَقُطْنِيُّ فِي سُنَنِهِ، وَقَالَ فِي مَجْمَعِ الزَّوَائِدِ: ” رَوَاهُ الطَّبَرَانِيُّ فِي الْكَبِيرِ، وَالصَّغِيرِ، وَرِجَالُهُ مُوَثَّقُونَ “.
    Абдуллаһ ибн Омар (р. анһума) былай айтады: Аллаһ елшісі (с.а.у.): «Құранды тек таза адам ғана ұстайды» – деді.
    Хадисті Даруқұтни «Сунан» кітабында риуаят етті. Әл-Һәйсәми «Мажмаъуз-зауаид» атты кітабында «Бұл хадисті Табарани «Кабир» және «Сағир» атты хадис кітаптарында риуаят етті. Рауилері сиқалар (сенімді).» – деп келтіреді.
    3. Ижма:
    Сахабалар (р.анһум) дәреті жоқ адамның Құранды ұстай алмайтындығы жайында бір ауыздан келіседі (ижмаъ). Құранды дәретсіз ұстауға болмайды деген көзқарасты ұстанған сахабаларға келсек, олар – Омар ибн әл-Хаттап, Абдуллаһ ибн Омар, Сәлман Фариси, Амр ибн Хазм, Хаким ибн Хизам және Осман ибн Әбил-Ас (р.анһум). Сол заманда аты аталған сахабаларға осы мәселеде қарсы шыққан бір де бір сахаба білінбеген.[iv]

    وَرُوِيَ عَنْ عَلْقَمَةَ قَالَ: كُنَّا مَعَ سَلْمَانَ الْفَارِسِيِّ فِي سَفَرٍ، فَقَضَى حَاجَتَهُ، فَقُلْنَا لَهُ: تَوَضَّأْ حَتَّى نَسْأَلَكَ عَنْ آيَةٍ مِنَ الْقُرْآنِ، فَقَالَ: سَلُونِي، فَإِنِّي لَسْتُ أَمَسُّهُ، فَقَرَأَ عَلَيْنَا مَا أَرَدْنَا، وَلَمْ يَكُنْ بَيْنَنَا وَبَيْنَهُ مَاءٌ) وَفِي لَفْظٍ آخَرَ أَنَّهُ قَالَ: ” سَلُونِي فَإِنِّي لاَ أَمَسُّهُ، إِنَّهُ لاَ يَمَسُّهُ إِلاَّ الْمُطَهَّرُونَ”. (سُنَنُ الدَّارَقُطْنِيِّ ، 1/123 وَقَالَ أَبُ الطَّيِّبِ مُحَمَّدٌ شَمْسُ الْحَقِّ الْعَظِيم آبَادِي فِي التَّعْلِيقِ الْمُغْنِي عَلَى سُنَنِ الدَّارَقُطْنِيِّ : هَذَا إِسْنَادٌ صَحِيحٌ مَوْقُوفٌ عَلَى سَلْمَانَ.) .

    Алқамадан риуаят етілуі бойынша ол былай дейді: «Біз Сәлман Фарисимен бір сапарда тұғынбыз. Ол тысқа шығып келді. Біз оған «Дәрет ал, сенен Құранның бір аяты жайлы сұрайық.» – дедік. Ол «Сұрай беріңдер, мен оны (Құранды) қолыммен ұстамаймын ғой» – деді де, біз сұраған аятты оқып берді. Сол мезетте қасымызда су жоқ еді.» Хадистің басқа бір риуаятында ол былай деген: «Менен сұрай беріңдер, мен оны (Құранды) қолыммен ұстамаймын ғой. Себебі, «Оны тек тазалар ғана ұстайды.» (Уақиға, 79-аят)». (Дарақұтни «әс-Сунан», І том, 123-бет. Бұл кітапқа шарх (түсіндірме) жасаған Әбут-Тайиб Мұхаммет Шамсул-хақ әл-Азим Әбади түсіндірмесі – «әт-Таълиқул-Муғни ъалә сунанид-Дарақұтниде» айтады: «Бұл (хадистің иснады) сахих иснат, әрі сахаба Сәлманның мауқуф хадисі.»)
    Шайхул-ислам Ибн Тәймия осы және басқа да хадистерді келтіріп былай дейді: «Бір топ табиғиннен талассыз тұрғыда міне осылай жетті. Әрі бұл (Құранды дәретсіз ұстамау жайындағы) пікір табиғиндер мен сахабалардан білінеді. Ал бұл жайт аталмыш ұстанымның олардың арасында белгілі болғанын айғақтайды».[v]
    iii] Убайдуллаһ ибн Мәсғұт, а.а.е., І том, 73-бет.
    [iv] Ибн Қудама, «әл-Муғни», І том, 147-бет; Имам Нәуауи, «әл-Мәжмууъ», ІІ том, 80-бет; Ибн Тәймия, «Мажмууъу фәтәуә», ХХІ том, 266-бет.
    [v] Ибн Тәймия, «Шархул-ъумда», І том, 383-бет.

  • Намаздың сыртқы парыздарының бірі әуретті жабу екені белгілі. Ал енді сол әуреттің мөлшері қандай?

  • Ер кісінің әуреті кіндігі мен тізесінің арасы. Кіндік әурет емес, ал тізе әурет. Бұған дәлел пайғамбарымыздың мына бір хадисі:
    رُوِيَ عَنْ عَمْرِو بْنِ شُعَيْبٍ عَنْ أَبِيهِ عَنْ جَدِّهِ أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: … “فَإِنَّ مَا تَحْتَ السُّرَّةِ إِلَى الرُّكْبَةِ مِنَ الْعَوْرَةِ”. رَوَاهُ أَحْمَدُ وَالدَّارَقُطْنِيُّ وَرِجَالُهُ ثِقَاتٌ.
    Амр ибн Шұғайыптан, оның әкесінен, оның атасынан риуаят етілуі бойынша пайғамбар (с.а.у.): «Расында, кіндіктің астынан бастап, тізеге дейін әурет саналады.» – деп айтқан-ды. Хадисті Ахмет және әд-Дарақутни риуаят етті. Рауилері (сиқа) сенімді (яғни, хадис сахих).[ii]
    Әйел адамның әуреті беті, қолы (саусағынан білезігіне дейін) және аяғынан (тобығынан төмен) басқа бүткіл денесі әурет болып есептеледі. Хадис шәріпте былай делінеді:
    عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهَا أَنَّ أَسْمَاءَ بِنْتَ أَبِي بَكْرٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُمَا دَخَلَتْ عَلَى رَسُولِ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَعَلَيْهَا ثِيَابٌ رِقَاقٌ فَأَعْرَضَ عَنْهَا رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَقَالَ “يَا أَسْمَاءُ إِنَّ الْمَرْأَةَ إِذَا بَلَغَتِ الْمَحِيضَ لَمْ يَصْلُحْ أَنْ يُرَى مِنْهَا إِلاَّ هَذَا وَهَذَا” وَأَشَارَ إِلَى وَجْهِهِ وكَفِّهِ. رَوَاهُ أَبُو دَاوُدَ.
    Айшадан (р.анһа) риуаят етілуінше Әбу Бәкірдің қызы Әсма (р.анһума) Аллаһ елшісінің (с.а.у.) құзырына келеді. Оның үстінде (тәнін көрсететін) жұқа киімдер бар еді. Расулүллаһ (с.а.у.) дереу жүзін басқа жаққа бұрды дағы былай деді: «Ей Әсма, әйел адам балиғатқа толғанда оның мына жері мен мына жерінен басқасы көрініп жүруі дұрыс емес.» – деп жүзі мен қолын көрсетті. Хадисті Әбу Дәуіт риуаят етті.
    Бұл хадис әйелдің жүзі мен қолының әурет емес, ал басқа жерінің әурет екенін дәлелдеп тұр. Бұған ханафи мәзһабы тобықтан төмен аяқты да қосады. Себебі, жүрген кезде аяғының тобығынан төменгі жағын көрсетпей жүруі қиын.[iii]



    [ii] Абдулхамит Махмут Таһмаз, «Әл-Фиқһул-ханафи фи сәубиһил-жәдид», 177-бет, Дарул-қалам баспасы, Димашқ (Дамаск), 2009 жыл.

    [iii] Қараңыз: Убайдуллаһ ибн Мәсғұт, «Мухтасарул-уиқая» маға шархихи «Ихтисарур-риуая» ли Нәжмиддин Мұхаммад әд-Даркани, І том, 113-бет, Дарул-кутубил-илмийя баспасы, Бейрут, 2005 жыл.

  • Намазда күлу намаз бен қоса дәретті де бұзады деп жатады, осы рас па?

  • Иә рас, бірақ, бұның шарттары бар: Балиғат жасқа толған, ояу адамның рукуғ, сәждесі бар (мутлақ) намазда дауыстап күлуі дәретті бұзады.[iv] Намаз үстінде күлгендіктен намаз бен қоса дәрет те бұзылады. Бұған дәлел мына бір хадис шәріп:
    رُوِيَ عَنْ مَعْبَدٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: بَيْنَمَا هُوَ فِي الصَّلاَةِ إِذْ أَقْبَلَ أَعْمًى يُرِيدُ الصَّلاَةَ، فَوَقَعَ فِي زُبَيَّةٍ فَاسْتَضْحَكَ الْقَوْمُ حَتَّى قَهْقَهُوا، فَلَمَّا انْصَرَفَ النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: “مَنْ كَانَ مِنْكُمْ قَهْقَهَ فَلْيُعِدِ الْوُضُوءَ وَالصَّلاَةَ.”
    Мағбаттан (р.а.), ал ол пайғамбар (с.а.у.) жайында былай деп риуаят етеді: Ол (артындағы жамағатпен) намаз оқып тұрғанда бір зағип (көр) кісі намаз оқығалы келді де, бір шұңқырға (аяғы) түсіп құлады. Осы кезде көпшілік дауыстап күліп жіберді. Пайғамбар (с.а.у.) намазын аяқтағаннан кейін «Іштеріңдегі дауыс шығарып күлгендерің дәреттері мен намаздарын қайталап орындасын» – деді. (Даруқутни, «әс-Сунан», І том, 167-бет.)
    Хадистегі пайғамбарымыздың (с.а.у.) “… дәреттері мен намаздарын қайталап орындасын” деген сөзі намаз оқып тұрып жанындағыға естілетіндей дауыстап күлген адамның намазымен қоса дәретінің де бұзылатынына ашық дәлел болмақ.

  • Кұрбан айт мерекесі куні баланың тұсауын кесуге, және құда жолыны істуге болама??

  • Құрбан айт дініи мереке. Ислам дінінің шарттарына қайшы келетін іс-қимыл жасамаған жағдайда бола береді. Алайда ішімдік не болмаса басқада шариғатқа қарсы келетін тұстары болған жағдайларда мұндай дәстүрлі мерекелерді атап өтпеген абзал.

  • Ата бабамыздан келе жатқан келіннің сәлем салуы мұсылманшылыққа әсері барма? соған жауап беруіңізді өтінем

  • Ата-бабабызда мұсылман болған. ұстанған әдет ғұрпы да ислами үкімдерге теріс емес. Келіннің сәлем салуы да исламға кері әсері жоқ.

  • Ассалаумалейкум, келе жаткан курбан айт кабыл болсын!!!
    Сізге кояр сурагым, осы жакында Түркиядан бір делегат келгенде оларды мешіттін жанындагы "Избушка" деген асханага алып бардым шыккан сон олар мешітті коріп, мына мешіт шииттердікі ме деп сурады. Мен неге олай дедініз дегенде.... "Өйткені мешіттін күмбезі алтынмен жалатылган" - деді. Сонда шииттер гана мешіттін кумбезін алтынмен жалатады ма? Бұл калай болганы? Сунниттердікі кандай сонда?

  • Мешіт Алланың үйі, Мұсылмандардың жиналып Аллаға мінәжат ететін орны сондықтан бөліп жаруға болмайды.

  • Намазды бастарда қолды қай жерге дейін көтереміз?

  • Ифтитах тәкбірінде екі қол құлақ дейгейіне дейін көтеріледі. Бұған байланысты көптеген хадистер бар. Солардың бірі: عَنْ مَالِكِ بْنِ الْحُوَيْرِثِ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ -صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ- كَانَ إِذَا كَبَّرَ رَفَعَ يَدَيْهِ حَتَّى يُحَاذِىَ بِهِمَا أُذُنَيْه. Малик ибн әл-Хуайристен (р.а.) риуаят етіледі: «Аллаһ елшісі (с.а.у.) тәкбір алғанда екі қолын құлағының дейгейіне жеткенге шейін көтеретін еді.» Хадисті имам Муслим риуаят етті.[1] Иә, қолды иық деңгейіне дейін көтерді деген риуаяттар да, жоқ емес. Алайда, ханафи ғалымдары бұлайша екі ұшты жеткен хадистердің бір-біріне қайшы еместігін, олардың арасын жамъ етіп, яғни біріктіріп түсінуге болатынын айтады. Мәселен, шейх мулла Әли әл-Қари өте танымал «Мухтасар» атты кітапқа жазған шарх-түсіндірмесінде тақырыпқа қатысты екі түрлі хадистерді келтіріп, былай дейді: «Құлақ деңгейінде немесе иық деңгейінде көтеруге қатысты риуаяттардың арасында қарама-қайшылық жоқ. Бұған негіз мына хадис: رَوَى أَبُو دَاوُدَ عَنْ وَائِلِ بْنِ حُجْرٍ: “أَنَّهُ أَبْصَرَ النَّبِيَّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ حِينَ قَامَ إِلَى الصَّلَاةِ رَفَعَ يَدَيْهِ حَتَّى كَانَتَا بِحِيَالِ مَنْكِبَيْهِ وَحَاذَى بِإِبْهَامَيْهِ أُذُنَيْهِ”. Имам Әбу Дәуіт сахаба Уаил ибн Хужрдың Пайғамбарды (с.а.у.) намазға тұрғанда екі қолын иығының деңгейіне жеткенше және екі бас бармағы құлағына жеткенше көтергенін өз көзімен көргендігін риуаят етеді.[2] Екі басбармақтың құлақтың жұмсақ етіне жеткізілуі қажеттігін айтқан адам анығында екі риуаяттың арасын ұштастырып, екеуін бір мағынада түсінген болып табылады. Осылайша, бұны негізге алу тағы да нақтыланып тұр. Себебі, «екі басбармақты құлақтың жұмсақ етіне теңестіру керек» деген сөз екінші бір жағынан «қол иық пен құлаққа дейін көтеріледі» деп айтуға да ыңғай береді. Өйткені, қолымыздың білезікке дейінгі бөлігі иығымызбен теңескенде немесе оған жақындағанда қолдың білезіктен бастап саусақ ұшына дейінгі бөлігі құлақпен теңеседі».[3] Мұнымен қоса қолды құлақ деңгейіне дейін көтеруді міндеттейтін мына бір риуаятқа назар аударуларыңызды өтінеміз: رَوَى الْحَكَمُ بْنُ عُمَيْرٍ قَالَ كَانَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يُعَلِّمُنَا : “إِذَا قُمْتُمْ إِلَى الصَّلَاةِ فَارْفَعُوا أَيْدِيَكُمْ وَلَا تُخَالِفْ آذَانَكُمْ … “. رَوَاهُ الطَّبَرَانِيُّ وَرَوَاهُ الدَّارَقُطْنِيُّ فِي سُنَنِهِ بِإِسْنَادٍ رِجَالُهُ ثِقَاتٌ. Хакам ибн Умайр айтады: Алла елшісі (с.а.у.) бізге былай деп үйрететін: «Намазға тұрғандарыңда қолдарыңды көтеріңдер, әрі қолдарың құлақтарыңнан айнымасын (міндетті түрде құлақ деңгейінде болсын)». Хадисті имам Тобарани және имам Дарақұтни өзінің «әс-Сунан» атты кітабында сенімді рауилер тізбегімен риуаят етеді. Яғни, бұл хадис сахих. Ханафи мәзһабында намазды бастағанда қолды құлақ деңгейіне дейін көтеру сүннет, ал басбармақты құлақтың жұмсақ етіне тигізу – мустахаб (жақсы) амал болып табылады. Әли әл-Қари басбармақты құлақтың жұмсағына тигізу ісінің қолды құлақ деңгейіне дейін көтерілгеніне сенімді болу үшін орындалатынын айтады.[4] Яғни, «басбармақты құлақтың жұмсақ етіне тигізу» ісі «қолды құлақ деңгейінде көтеру» сүннетін орындауға көмекші құрал болып табылады.


     


    [1] Зафар Ахмад әл-Усмани әт-Тәһанауи, «Иъләус-сунан», І том, 670-бет, Дарул-фикр баспасы, Бейрут, 2001 жыл.


    [2] Әбу Дәуіт, «әс-Сунан», 624.


    [3] Әш-Шейх, әл-Алләма, әл-Муллә Али әл-Қари, «Фәтху бәбил-ъиная фи шархин-Нуқоя», І том, 220-бет, Дәрул-кутубил-ъилмия» баспасы, Бейрут, 2009 жыл.


    [4] Әш-Шейх, әл-Алләма, әл-Муллә Али әл-Қари, аталмыш еңбек, 219-бет.

  • Әйел адам намазда қолын қай жерге дейін көтереді?

  • Әйел адамның қолын иық деңгейіне дейін көтеруі сүннет. Себебі, бұл әйелдің әуретін жасыруға ең қолайлы амал.[1] Сондай-ақ, бұған мына төмендегі хадис және басқа да хадистер дәлел бола алады: عَنْ عَبْدِ رَبِّهِ بْنِ زَيْتُونَ قَالَ « رَأَيْتُ أُمَّ الدَّرْدَاءِ تَرْفَعُ كَفَّيْهَا حَذْوَ مَنْكِبَيْهَا حِينَ تَفْتَتِحُ الصَّلَاةَ » Абду Роббиһ ибн Зәйтун айтады: «Мен Уммуддарданың (р.анһа) намазға бастағанда екі қолын (білезік пен саусақ ұшы аралығындағы бөлігін) иығына дейін көтергенін көрдім».[2]


    [1] Абдулхамид Махмуд Таһмаз, «әл-Фиқһул-ханафи фи сәубиһил-жадид», І том, 215-бет, Дарул-қалам баспасы, Димашқ (Дамаск), 2009 жыл.


    [2] Абдуллаһ ибн Мухаммад ибн Әби Шәйбаһ, «әл-Мусаннаф», І том, 239-бет.

  • Намазда қолды қанша рет көтереміз?

  • Қолдар намазда тек ифтитах тәкбірінде ғана көтеріледі. عَنْ عَلْقَمَةَ قَالَ “قَالَ عَبْدُ اللهِ [ بْنُ مَسْعُودٍ ] : “أَلَا أُصَلِّي بِكُمْ صَلَاةَ رَسُولِ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ؟” فَصَلَّى فَلَمْ يَرْفَعْ يَدَيْهِ إِلَّا فِي أَوَّلِ مَرَّةٍ“. [ قَالَ ] وَفِي الْبَابِ عَنِ الْبَرَاءِ بْنِ عَازِبٍ. قَالَ أَبُو عِيسَى حَدِيثُ ابْنِ مَسْعُودٍ حَدِيثٌ حَسَنٌ وَبِهِ يَقُولُ غَيْرُ وَاحِدٍ مِنْ أَهْلِ الْعِلْمِ مِنْ أَصْحَابِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَالتَّابِعِينَ وَهُوَ قَوْلُ سُفْيَانَ [ الثَّوْرِيِّ ] وَأَهْلِ الْكُوفَةِ. Алқамадан риуаят етіледі. Ол айтты: «Абдуллаһ ибн Масғұт (р.а.) былай деді: «Мен сендерге Аллаһ елшісінің (с.а.у.) намазындай намаз оқып берейін бе?» – деп, намаз оқыды, әрі қолын тек намаздың басында ғана көтерді.» Бұл хадисті Тирмизи риуаят етіп, былай деді: Бұл тақырыпта әл-Бара ибн Азиптен де бір хадис жетті. Әбу Иса (Тирмизи) айтты: «Ибн Масғұттың бұл хадисі хасан (жақсы) хадис. Бұл ойды (яғни, қол тек намаздың басында ғана көтеріледі деген ойды) Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сахабалары және табиғиндерден көптеген адам айтқан. Сондай-ақ бұл Суфян мен Куфа ғалымдарының да сөзі.» Ғұлама ғалым Зафар Ахмет әл-Усмани: Бұл хадистің рауилері Имам Муслимнің рауилері болып табылады (яғни, хадис сахих).[1] – дейді. Өздеріңіз байқағандай аталмыш хадиске имам Тирмизи «хасан» деген баға бергенімен, оны сахих деп бағалауға да болады. Себебі, бұл хадисті жеткізуші рауилер Муслимнің «әс-Сахих» атты еңбегінде де кездеседі. Имам Муслим дәл сол рауилерден алған басқа хадистері сахих деп бағаланып, оларды өзінің «әс-Сахих» деп аталатын сахих хадистер жинағына енгізген. Міне енді дәл сол рауилер жеткізген жоғарыдағы Абдуллаһ ибн Масғұттың хадисі де неге сахих болмасқа?! Сондай-ақ, ол хадисті хасан деп бағаласа да, ол кемшілік емес. Себебі, хасан хадис те шариғат амалдарына негіз бола алады.


    [1]Зафар Ахмад әл-Усмани әт-Тәһанауи, аталмыш еңбек, І том, 825-826 бб.

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.