Өз қалаңды таңда: X
Намаз уақыты:
  • 17
  • маусым

    дүйсенбі

  • 13
  • Шавва́ль

    1440

Қамбаров Руслан Миятбекұлы

«Нұр Астана» орталық мешітінің наиб-имамы.

  • 9906
  • 62
  • 30.12.13

Қамбаров Руслан Миятбекұлы 1978 жылы 10 тамызда дүниеге келген. Мамандығы «Араб тілі және әдебиеті». Оңтүстік Қазақстан Гуманитарлық академиясында араб тілінің оқытушысы, ҚМДБ, мешіт істері бөлім қызметкері, оқу-ағарту бөлім қызметкері, Астана қалалық «С.Ғилмани» мешітінің наиб-имамы болған. Қазір «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб-имамы.

Құрметті жамағат! Мүмкіндікті пайдаланып интернет-конференция барысында көкейлеріңізде жүрген сұрақтарыңызға толыққанды жауап беруге бар күшімді саламын. Сіздер тиісінше белсенділік көрсетіп, сұрақтар легі толастамас деген сенімдемін.

Алла Тағаланың сіздерге деген шапағаты мол болсын!

Ізгі тілекпен, Қамбаров Руслан.

Пікірлер (62)

  • Ассалаумалейкум Руслан аға осы айтыңызшы түске сенуге және онымен амал жасауға бола ма?

  • Түс – ұйқыдағы адамның өткен өмірінен немесе келешекте болуы мүмкін оқиғалар көрінісі. Егер жағымды түс болса, оны алып келуші періште, жағымсыз болса шайтан алып келгені. Бұл жайлы хадисте: «жақсы түс – Алла тағаладан, ал жаман түс- шайтаннан»,-деп айтылған.


    Демек, түс екіге бөлінеді. Сонымен қатар, түстің барлығын жаппай жори беруге және аса қатты сене беруге де болмайды. Өйткені, адам түсінде өзінің уайымдап жүрген немесе осылай болса екен деген ойының көрінісін көруі де әдбен мүмкін. Жағымды түсті жақын досқа айтып бөлісуге болады. Ал, ұнамсыз түсті ұмытып кеткен абзал.


    Әбу Сағид (р.а.) риуаят етеді: Сендерден біреуің жақсы түс көрсе, бұл Алла тағаладан. Алла тағалаға мақтау айтып, түсін (білімді адамға немесе досына) айтып берсін.Ал, ұнамайтын жағымсыз түс көрсе, ол шайтаннан. Оның жамандығынан Алла тағалаға сиынып, ешкімге тіс жармасын, түстен ешбір зиян болмайды. (Бұхари).


    Жалындаған отқа түсу, құздан құлау секілді жантүршіктірер түс көргенде шайтанның жамандығынан Алла тағалаға сиынып, сол иығына үш рет түкіріп, ешкімге айтпай түсті сыр сақтау керек.


    Ал, жақсы түсті өзіңізбен ниеті бір досыңызға немесе діндар білімді кісіге айтқан жөн. Ниеттес досыңыз түсіңізді жақсылыққа жорып, «жақсы сөз жарым ырыс» дегендей көңіліңізді марқайтып қояды.


    Пайғамбарлардың түсі жай адам түсінен жөні бөлек келеді. Олардың түсі – уахи. Құранда да Ибраһим (ғ.с.) өз баласы Исмаилді (ғ.с.) құрбандық етіп жатқанын үш қайтара көрген соң, Алла тағаланың әмірі деп қабылдағаны мәлім. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз да өз түстерін уахи ретінде сахабаларға баяндап отырған. Сондай-ақ, сахабалардың түстерін жорып беретін. Абдулла бин Салам яһуди дінінің ғұламасы болған тұлға. Ол ғұламалар әулиетінен шыққан кісі. Хақ дін Исламды қабылдап, сахаба болған. Ол кісі мынадай әңгімені баян етеді: Түсімде бір бауда жүр екенмін. Баудың ортасында бір бағана бар екен. Ал, бағананың жоғарғы жағында арқан. Маған біреу: шық,-деді. Мен: шамам келмейді,-дедім. Кенет бір адам келіп киімімнен тартып, демеп жіберді. Мен арқанды ұстап ең жоғарғы жағына шығып, мықтап ұстап тұрдым. Бұл түсімді пайғамбарға (с.ғ.с.) айттым, ол кісі: бауың – Ислам діні, бағанаң – дін негізі, ал арқан – (Құранда иманды суреттеген) берік арқан. Сен бұл арқанды дүниеден өткенге дейін мықтап ұстайтын боласың,-деп жорып берді.

  • Құран қашан және кім тарапынан жазылған? сол уақыттағы нұсқалары сақталғанба? жазғандар Құранды толық жаздыма? толық болмаған жағдайда Алладан уақи алатын Пайғамбар болмаған ғой. 

  • Алла тағаланың жер бетіне жіберген соңғы кітабы Құран бір сәтте түспеді. Бұл кітап белгілі оқиға және жағдайға байланысты пайғамбарға 23 жыл бойына уахи боп түсіп отырды. Аят-сүрелер уахи етілген шақта оны хатқа түсіріп отырушы сахабалар болды. Олар куттабул-уахи, яғни уахиді жазушылар деп аталды. Олардың ұзын саны қырық кісі еді. Сонымен бірге, Құранның түскен аяты мен сүрелерін лезде жаттап отыратын сахабалар саны көп еді.


    Ал, құранды бір топқа жинақтап, кітап ретінде жаздырған алғашқы халифа Әбу Бәкір еді. Оған бұл ұсынысты сахаба Омар білдірді. Өйткені, дінсіздермен болған бір шайқастың өзінде 70-ке тарта құранды жатқа білетін, қари-сахабалар шейіт болған еді. Халифа бұйрығымен Құранды жатқа білетін және мал терісіне, жалпақ тасқа, енді сүйекке және т.б. затқа жазып алған аятын әрбір кісі сахаба Зайд бин Сабитке табыстау керек еді. Сонымен қатар, ол аятты кем дегенде екі адам растауы қажет. Бұл Құранның алғашқы жазылуы.


    Екінші рет халифа Осман дәурінде жаздырылды. Құран жаздыру жұмысы төрт сахабаға тапсырылды. Үшеуі құрайыштан және біреуі ансар сахабалардан еді. Құрайыштық сахабалар: Абдулла бин Зубайр, Сағид бин Ас және Абдурахман бин Харис. Ал, ансарлық сахаба Заид бин Сабит.


    Бұл құран хазіреті Осман халифалығында жазылғандықтан османи құран деп аталды. Құранды қайта жазу жұмысы аяқталған соң ең үлкен ислами қалаларға бір-бір данадан жіберілді. Халифа бұл нұсқаларды жіберумен шектелмей, құранды толық білетін ұстаз сахабаны қоса тағайындады. Осылайша Мадина қаласына ұстаз ретінде Заид бин Сабит, Мекке қаласына Абдулла бин Саиб, Шам жеріне Муғира бин Шиһаб, Басра шаһарына Амир бин Абдулқаис және Куфа қаласына Абдурахман әс-Сулами жіберілді. Халифа өз құзырында құранның алтыншы данасын алып қалды. Бұл алтыншы құран данасы «мусхаф имам» деп аталды.

  • Ислами терминдер біздің тілімізде Араб тіліндегі нұсқасымен қолдана ма Қазақ тілінде ол сөздердің баламасы бар ма?

  • Кейбір терминдер қаз қалпында қолданылады. Мәселен Құран, сүре, аят, иман, дін, зекет, қажылық, мешіт, мінбер, михраб, парыз, уәжіп, сүннет, макрух және т.б. Ал, бағзы шариғи сөздер қазақиланып қолданысқа енген, мысалы: ораза, намаз, жайнамаз, ауызашар, құрбан айт, ораза айт, молда.


    Қазақ халқы мұсылманшылықты ертеректен ұстанғандықтан көптеген тұрмысы мен тіліне дін және араб тілі еніп кеткен. Сондықтан да дін сөзінің басымы араб тілінде болғанымен қазақ халқы оны аудармасыз-ақ түсіне береді.

  • Соңғы жылдары сіркедей жауған секталардың қармағына ілінген қандастарымызға дұрыс жолды көрсетіп олардың сұранысына жауып беретін дін психологы бар ма мешіттерде.

  • Мешітте арнайы психолог маманы жұмыс істемейді. Бірақ, мешітке ақыл-кеңес сұрап келген адамдармен бас имам және оның орынбасарлары сөйлеседі. Көп жағдайда келушілер жеке басын мазалап жүрген сұрақтарымен, отбасылық мәселе және жанкүйзелісіне қатысты проблемасымен бөліседі. Имам әңгіме барысында діни кеңес пен ғибраттарды айта отырып, адамды жігерлендіріп, өз бойына сенімділік ұялатады. Әрбір қиындықты Алла тағаланың сынағы деп қабылдап, жәрдем мен медетті Жаратқаннан сұрауды және тығырықтан шығар жол адамның жүрегінің түбінде жатқанын есіне салады. Алла тағала пенде көтере алмайтын жүк, төзе алмайтын сынақты арқалатпайды. Сынақ берсе сабырын қоса береді. Қиыншылық берсе, оның шешімін табу үшін ақыл мен парасатты да береді.

  • Өткен жолы бір досым үйленді дегенін естіп тойға дайындалып барсақ, беташар да болмады, содан сол жерде әлгі досымыз алтын неке жүзікті тағуға болмайды. Алтын еркектерге харам деді. Мен бұрынырақ үйленгем қолымда алтын неке жүзігіме қарап ыңғайсыздандым. Алтын неке жүзік тағуға бола ма болмай ма?

  • Ер кісіге алтын жүзік тағуға болмайды. Тиым салынған. Әли (р.а.): мен Алла елшісінің (с.ғ.с.) жібекті оң қолына, ал алтынды сол қолына ұстап тұрып: «мына екеуі менің үмбетімдің ер кісілеріне харам»,-деп айтқанын көрдім,-дейді (Әбу Дауд). Үлкен күнәлар кітабында қырық алтыншы күнә ретінде «ер кісілердің жібек киім киюі және алтын тағуы» деп көрсетілген. Бұл екі бағалы зат әйел затына тән. Ал, ер кісіге күміс жүзік тағуға рұқсат етіледі.

  • Ассалаумалейкум!!! Сонгы кездери нарды және Шахмат ойнау коптеп кездеседи.Осы туралы не айталасыз?

  • Уа алейкум ассалам! Құмар ойындары харам болып табылады. Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Арақ ішу, құмар ойнау, бұттарға табыну және бал ашатын оқтар – ластық, шайтанның iстерi. Мұратқа жетем десеңдер олардан аулақ болыңдар», - делінген («Маида» сүресi, 90-91 аяттар). Нард жайлы имам Маликтің «Муаттасында» және имам Ахмедтің хадис жинағының «зуһд» тарауында Әбу Мұсадан (р.а.): «Кімде-кім нард ойнаса, Алла тағалаға және Оның елшісіне күнә жасағаны»,-деген хадис бар. Және Муслим, Әбу Дауд және Ибн Мажаһта «Кімде-кім нард ойнаса, қолын доңыздың еті мен қанына былғағаны»,-деген хадис бар. Осы хадистерді ханафи ғұламалары фиқһ кітабында дәлел ретінде келтіре отырып, құмар ойны саналатын нардты харам деп пәтуа айтқан. Шахмат ойынын харам дейтін хадистер бар. Әбу Һурайрадан (р.а.): Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шахмат ойнап отырған адамдардың жанынан өтіп бара жатып: мына мүсіндер не? Бұдан тыйған жоқ па едім? Мұны ойнағанға Алла тағаланың қарғысы болсын,-деген. Алайда, шахматты құмар ойнынан бөлек спорттық ойын деп бағалаған ғұламалар да бар. Расында, нард тек сәттілікке сүйенетін, адамның белебесін қоздыратын құмар ойны. Әдетті, бұл ойынды арақ-шарап ішіп отырған ортада сүйіп ойнайды. Бұл ойынның құмар қатарына жатарында сөз жоқ. Ал, шахмат ақыл ойыны. Адамның ойлау қабілетін шынықтыратын ойын түрі. Сонымен қатар, кез келген футбол, баскетбол, шахмат секілді ойын түрі адамның негізгі уақытын босқа өткізуге және намаз сияқты құлшылықтан шалғытатын болса, ол ойынға тыйым салынады.

  • Мұсылмандар басқа дін өкілдеріне қыз бермейді, ал қазіргі дәстүрлі болып табылмайтын дін өкілдері мен ұстанушыларына қыз беруге не болмаса қыз алуға бола ма?

  • Сәлеметсізбе!!! Шешемнің жылдығы ораза айына түсіп тұр. Ораза айында жылдығын беруге бола ма?

  • Рамазан айында күндіз той-томалақ немесе марқұмдарға арнап Құран оқып, сауап бағыштау үшін дастархан жаю күнә. Себебі белгілі. Ислам діні негізінің бірі ораза құлшылығын орындамау. Сондықтан, сауап бағыштаймын деп күнәға кіріптар болу жағы басым. Мүбарак рамазан айында марқұмдарға арнап жайылған дастарханды ауызашар ретінде өткізу нұр үстіне нұр болатын амал. Һәм сауабы еселеп беріледі

  • Үйлену, Исламда парыз ба Құранда қай жерінде әмір етілген? Әлде Сүннет па үйлену өз қалауымызбен ба, яғни үйленсек те үйленбесек те болама?

  • Неке – ер жеткен азаматтың ерікті ісі. Алайда, жағдайға қарай некелесу кейде мұстахаб, кейде уәжіп, кейде харам, кейде макруһ болады. Некелесу мұстахаб болған топ: мұстахаб шариғатта айтылған, міндеттеу үкімінсіз ынталандыру амалы. Жанұяны асырай алатын, мүмкіндігі бар, бірақ зинаға және оған алып баратын жаман іс-әрекеттерден өзін тия алатын кісілерге үйлену мұстахаб. Некелесу уәжіп болған топ: Бұл топқа жанұясын асырай алатын және мүмкіндігі бар, бірақ өзін зина мен оған алып баратын жаман іс-әрекеттерден тия алмайтын кісілер жатады. Үйлену арқылы дінін қорғап, өз ар-намысын сақтайды. Шүбәсіз дінін және ар-намысын қорғау – ең маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан да адам өз дінін және намысын тек үйлену арқылы қорғау мүмкін болса, ол кісіге үйлену уәжіп үкімінде болмақ. Некелесу харам болған топ: отбасын асырауға шамасы жетпейтін және де үйленуге ешбір себебі жоқ, сонымен қатар үйленсе шариғат тиым салған жолмен күнелту сияқты харам іске баруға мәжбүр болса, некелесу харам болады. Мұндай жағдайда, дінін сақтау үшін мүмкіндігі мен шамасы жететін мерзімге дейін үйленуді кейінге қалдыру қажет. Некелесу макрух болған топ: жанұясын асырауға мүмкіндігі жоқ. Алайда, бірақ зина және сол сияқты күнә іске барып қоямын деп қорықпайтын, яғни материалдық тұрғыдан жағдайын түзегенге дейін өзін-өзі ұстай алатын кісіге үйлену макрух. Нұр сүресі 32-аятында: «Үйленуге шамасы келмегендер Алланың рақымы түсіп, байығанша өздерін бекем ұстасын (суық жолдан сақ болсын)»,-деп әмір етілген. Сондай-ақ, отбасын материалдық жағынан қамтамасыз ете алатын, бірақ белсіз ер кісіге үйлену макрух. Алайда, харам емес, яғни тиым салынбайды. Өйткені отбасылық өмір тек жыныстық қатынаспен өлшенбейді. Ерлі-зайыптылар бір-бірінің жылуына, отбасының берекесіне және жәрдеміне мұқтаж. Сондықтан, осы топтағы кісілер егер үйленбек болып шешсе, айттырып отырған әйелге өз жағдайын жасырмай толық хабардар етуге міндетті. Әйел келіссе, Аллаһтың берекетімен отбасын құруына болады. Әбу Аюб (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): أربعٌ من سنن المرسلين: الحياء و التعطُّر و السواك و النكاح. Мағынасы: «Төрт амал елшілердің сүннетінен: ұят, иіссу қолдану, мисуак пайдалану және үйлену»,-деген екен. Аллаһ елшісінің (с.ғ.с.) бір хадисінде: مِنْ سعادة ابن آدم ثلاثة, و من شقاوة ابن آدم ثلاثة, مِنْ سعادة ابن آدم: المرأة الصالحة, والمسكن الصالح, و المركب الصالح. و من شقاوة ابن آدم: المرأة السوء, والمسكن السوء, و المركب السوء. Яғни: «Адам баласын бақытты ететін де үш нәрсе, сондай-ақ адам баласын бақытсыз ететін де сол үш нәрсе. Адамды бақытты ететін, бұл: Ізгі әйел, жайлы үй және жақсы көлік. Адамды бейбақ ететін: жаман әйел, жайсыз үй және жаман көлік»,-деп айтылған (имам Ахмад кітабынан). Сахаба Ибн Аббас (р.а.) риуаятында: أربع مَنْ أعطيهنّ فقدْ أعطي خير الدنيا و الآخرة: قلباً شاكرا, و لسانا ذاكرا, و بدنا على البلاء صابرا, و زوجةً لا تبغيه حوبا في نفسها و ماله. Яғни: «Төрт нәрсе бар, кімге бұл төртеуі берілсе, оған екі дүниенің жақсылығы берілгені, олар: шүкір етуші жүрек, зікір етуші тіл, қиыншылыққа төзімді тән және өз ар-намысы мен күйеуінің мал-мүлкіне қиянат етпейтін әйел»,-деген екен. Табарани және Хаким риуаяттарында مَنْ رزقه الله امرأةً صالحةً فقدْ أعانه على شطر فليتّقِ الله في الشطر الباقي. Яғни: «Кімге Аллаһ ізгі әйел нәсіп етсе, (дінінің) жартысына жәрдем еткені. Қалған жартысына сақ болып, Аллаһқа тақуалық етсін»,-деген екен. Расында ізгі әйел тек шаңырақтың берекесі емес, сонымен бірге ер азаматтың тақуалығына да үлкен үлес қосатынын осы хадис айтып тұр. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» дегендей отау тігіп, шаңырақ көтеру ризық-несібенің молаюуына және жақсылық есіктерінің ашылуына бірден-бір себеп болады. Бұл жайлы хазіреті Әбу Бакір (р.а.): Аллаһтың сендерге неке жайлы айтқан әміріне бойсыныңдар, сонда Аллаһ сендерге уәде еткен кеңшілігін (молшылығын) береді,-деп: «Егер олар кедей болса, Аллаһ өз кеңшілігімен оларды байытады. Аллаһ, аса кеңшілік иесі, толық білуші» деп Нұр сүресінің 32-аятын оқыған (Ибн Әбу Хатим риуаяты). Жабир (р.а.) баяндайды: «Аллаһ елшісіне (с.ғ.с.) бір кісі келіп кедейлігін, жоқшылығын айтып шағымданды. Пайғамбар оған үйлен,-деді». Тағы бір кең тараған хадисте ثلاثة حقّ على الله إعانتهم: المجاهد في سبيل الله, و الناكح يريد أن يستعْفِفَ, و المكاتب يريد الأداء. Яғни: «Үш түрлі адамға Аллаһ міндетті түрде жәрдем етеді: Аллаһ жолында күресіп (яғни қызмет етіп) жүрген жанға, пәктікті қалап үйленбек болған кісіге және қожайынынан өз бостандығын сатып алушы құлға»,-деген екен.

  • Біз жұбай таңдағанда көңіл аударуға тиісті болған нәрселер нелер ? Құран Кәрімнің бұл жөнінде шектеулері барма ?

  • Отқа сиынатын және сол секілді дінді ұстанатын әйелмен шаңырақ көтеруге қатаң тиым салынады. Сондай-ақ, мұсылман қызды мұсылман өкілінен басқа дінді ұстанатыын адамға мүлдем беруге болмайды. Ал, жар таңдауға келсек, мұсылманның бұл дүниеде таухид сенімнен кейінгі тапқан ең қымбат олжасы иманды әйел. Насаи мен Муслимде: إنّ الدنيا كلّها متاعٌ و خير متاعِ الدنيا المرأة الصالحة. Яғни: «Мына жалған бүтіндей өткінші дүниеден құралған. Бұл жалғанның ең қайырлы дүниесі ізгі әйел»,-деген хадис бар. Әйел ер азаматтың үй бикесі, өмірік жолдасы және перзенттерінің анасы. Сонымен қатар мұсылманның ар-намысы мен мал-мүлкін сақтаушы да сол әйелі. Егер ер жігіттің таңдап қосылған қосағы ізгі болса дүниеде берілген жақсылықтардың бірі осы болмақ. Және де Аллаһтың берген нығметтерінің ішіндегі ең үлкені де осы иманды әйел. Ибн Мажаһ жинағында мынадай хадис бар: ما استفاد المؤمن بعد تقوى الله عزّ و جلّ خيراً من زوجة صالحة إن أمرها أطاعته, و إن نظرإليها سرّته, و إن أقسم عليها أبرّتْه, و إن غاب عنها نصحتْه في نفسه و ماله. Яғни: «Аллаһқа деген тақуалығынан кейін мумин үшін ізгі әйелден артық қазына жоқ. (Ізгі әйел) күйеуінің тілін алады, күйеуі мұндай жарының жүзіне қараса, жаны жадырайды. Күйеуі істе деген шаруаны орындап, істеме дегенге жоламайды. Сондай-ақ, күйеуінің сырын, ар-намыс мен абыройын сақтайды. Күйеуі жоқ кезде қиянат етпейді»,-деген. Шынында, әйел заты өзі таңдап, етегінен ұстаған азаматтың көңілінен шыға білмесе отбасылық өмірдің мәні құрып, шырқы бұзылары анық. Шаңырақтың шайқалмауына екі жастың шынайы сезімінен бөлек имани қарым-қатынастың қосар үлесі мол. Хадис ғылымының атасы Әбу Һурайра (р.а.) таңдау жасағанда жаңылыспай жақсы жар табу туралы мынадай хадис жеткізген: تنكح المرأة لأربعٍ: لمالها و لحسبها و لجمالها و لدينها, فاظفرْ بذات الدين تربتْ يداك. Яғни: «(Әдетте) әйелге төрт қасиетінің бірі үшін (қызығып): байлығы, тектілігі, сұлулығы және діні үшін үйленеді. Діндарын (яғни имандысын) таңда, әйтпесе құтың қашып, қадірің кетеді»,-деген. Бұл хадисте еркекті әйел бойында қызықтыратын көркі, мал-дүниесі, тегі және діндарлығы секілді сипаты екендігі айтылған. Егер әйел иманды болмаса, қалған үш қасиетінен пайда шамалы екендігін ескертеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жар іздеген жігіттердің әйелдің бойындағы сиқырлаушы сұлулығына, мол дүниесіне және танымалы тегіне қатты қызығатынын көрген. Әйелдің діндарлығы мен имандылығына аса мән бермейтіндігін байқаған. Алайда, жақсылықтың барлығы иманда. Имансыз әйелдің сұлулығы, тегі тіпті дүниесі де ешбір пайда бермейді. Ибн Мажаһ хадис жинағында жар таңдауда жаңылысқан жігіттерге қатысты айтылған мынадай хадис бар: «Әйелдерге тек сұлулығы үшін ғана үйленбеңдер, сұлулығы оларды тәкаппар етуі мүмкін. Әйелдерге дүниесі үшін ғана үйленбеңдер, мал-мүлкі оларды шектен шығаруы мүмкін. Расында қара тәнді иманды әйел текті де дәулетті және көрікті бірақ дінсіз болған әйелден абзал». Ал, Анас (р.а.) жеткізген хадисте: «Кім әйелді оның абыройы үшін алса, Аллаһ ол еркекті қор етеді. Кім әйелді дүниесі үшін алса, Аллаһ ондай еркекті жерге ұрады. Ал, кім әйелге көзін күнәдан, мүшесін зинадан сақтау үшін және туыстарымен жақсы қатыс-қатынаста болу үшін үйленсе Аллаһ ол кісіге әйелін берекелі, ал әйелге күйеуін құтты етеді»,-деген екен. Мұндай жігіттер маңдай терін төкпей қыз төркіні есебінен тұрмысын түзеп, бай болам деп жүріп бейшара кейіпке енеді. Қазақта «Кедейлік ұят емес, байлық мұрат емес» дегендей әрбір ер азамат ризық-несібесін өз еңбегімен тапқанға не жетсін?! Ал, жар таңдауда үлкен болашақты ойлау қажет. Таңдап тұрған қыздың ертеңгі күні әке-шешеге ибалы келін, перзенттерге перизат ана, ал өзіне адал жар болуын ойлағаны жөн. Ең дұрыс таңдау да осы. Абай Хакімнің: Жасаулы деп, малды деп байдан алма. Кедей қызы арзан деп құмарланба. Ары бар, ақылы бар ұяты бар Ата-ананың қызынан ғапыл қалма,-деген сөзі де осы хадистің түсіндірмесі іспетті.

  • Дәрет аяты Мәдинаға қоныс аударғанда уақи етілді. Сонда Меккеде намазды дәретсіз оқыды ма?

  • Ия, дәрет жайлы аят айтылған Маида сүресі Мадинада түскен. Алайда, бұл Меккеде намаз дәретсіз оқылды деген сөз емес. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Маида сүресінің дәрет аяты түскен соң қалай дәрет алса, Меккеде де сол дәрет еді. Тек, Меккеде пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті болса, Мадинада бұл парыз болып бекіді.

  • Қабірдегі сұрақ мұсылманға да, кәпір мен мұнафықтарға да бірдей ме?

  • Ия, қабір сауалы барлық адамға бірдей. Бұл жайында Тахауи ақида кітабында: «Біз лайық болған адамға қабір азабы мен рақаты бар екендігіне сенеміз. Мункар мен Накир періштелері өлген кісіге қабірде: Раббысы, діні және пайғамбары жайлы сұрақ қоятындығына да сенеміз. Алла елшісінен (с.ғ.с.) жеткен деректе: қабір – жәннат бақшаларының бірі немесе тозақ шұқырларының бірі,-делінген»,-деп жазылған

  • Сәлеметсізбе!!! Менің сіңілімнің аяғы ауыр. Сұрайын дегенім, оған ораза ұстауға бола ма?

  • Жүкті әйел өзінің және құрсағындағы баланың денсаулығы үшін ораза тұтпағаны дұрыс. Жүкті және емізулі баласы бар әйелдер, баласына қауіп болса ораза тұтпайды. Баланы дүниеге алып келіп, сүттен шығарған соң оразаның қазасын өтеп беруге болады. Ең бастысы ана мен баланың денсаулығы.

  • Руслан аға!!! Сізге қояр сұрағым… мен бес уақыт намаз оқимын және хиджаб киемін. Әке шешем хиджабқа қарсы. Хиджаб біздің салт емес, ирандардікі, қазақ бұрын хиджаб киген емес дейді. Тек ашық-шашық киінбей жүрсеңде болады және намаз оқығанда орамал тағып, ал сыртқа шыққанда тақпай жүруге болады дейді. Осыны ашып айтып берсеңіз?

  • Орамал тағамын, Алла тағаланың парызын орындаймын деген талабыңызға Жаратқанның нұры жаусын! Алла тағала Құранда: «Әй, пайғамбар! Жұбайларыңа, қыздарыңа және мүмін әйелдерге айт: Үстілеріне бүркеншіктерін орансын. Бұл, олардың танылуларына, сондай-ақ кейітілмеулеріне жақынырақ. Алла аса жарылқаушы, тым мейірімді»,-деп (Ахзаб, 59-аят) әмір еткен. Әйел баласының тар әрі жұқа емес және ұзын киім киінуі парыз. Қыз-келіншектер киімге қатысты осы үш шартты басшылыққа ала отырып киінгені жөн. Сондай-ақ, ұзын киініп орамал тағу ең бірінші Алла тағаланың парызы болса, екіншіден бұл қыз-келіншектің ар-намысы мен ұят-абыройын қорғау болып табылады.

  • Ассалаумалейкум! Інім армияға кетті. Негізінде намаз
    оқиды. Қазір ол жақта намаз оқитын орындардың бәрін жауып тастапты. Намаз оқи алмай жүр. Сонда інімнің намазы қаза бола ма? Егер қаза болса кімдер оған жауапты болады?

  • Алла тағала: «Намаз мүміндерге белгілі уақытта парыз қылынды» (Ниса, 103-аят),-деп әмір еткен.


    Намаз дініміздің бес негізінің бірі. Әрбір балиғат жасына жеткен және психологиялық денсаулығы дұрыс мұсылман баласы намаз оқуы пенделік парызы. Сондықтан, шамасы келгенше бұл Алла тағаланың әмірін орындауға әрекет ету қажет.


     

  • Алла разылығы үшін істеп жатқан сауаптарыңыз қабыл болсын.
    Балам сақал өсірем деп қоймай жүр, соны қалай тоқтатсам болады?

  • Сақал қою сүннет. Қазақта да «сөздің көркі мақал, ердің көркі сақал» деген сөз бар. Сақал қою салиқалықтың және мұсылмандықтың бір нышаны. Алайда, мұсылманшылықты тек осы сүннетпен өлшеуге болмайды. Басқаша айтқанда, сақалы жоқ бауырларға қиғаш қарау жөн емес. Сақалды қойған соң, соған жараса адам бойында салмақтылық пен байсалдылық қалыптасуы қажет. Сақал қойып, сырты мұсылманға ұқсағанымен, ішкі жан дүниесі одан әлде қайда алшақ болса тағы жараспайды. Сондықтан, сіз «қалай тоқтатсам екен» деп емес «қалай дұрыс бағыт-бағдар берсем екен» деп ойлансаңыз. Ұлыңыз сақал қою үшін мінез-құлқы мен нәпсінін тәрбиелеуді және асыл дініміз бен мұсылманшылықтан бастау алатын ата салт-дәстүрлерді үйрене отырып, осы сүннетті амалға асыру керектігін кеңес беріңіз. Ұлыңыз шын мәнінде де сүннетке сыйластықпен қараса, ең бастысы Құранның әмірі ата-ананы тыңдаса, кеңесіңізге құлақ салады.

  • Соңғы кездері ұялы телефондарға түрлі смс хабарламалар келіп жатыр, онда діни сүрелерді 7 немесе 10 адамға тарат, таратпасаң Алланың қаһарына ұшырайсың деп жатады. Бұл жас буынның психологиясына әсер етпей қоймайды. Осы жайт діни заңдылықтарға қаншалықты қайшы келеді, осы жөнінде түсіндірме айта өтсеңіз.

  • Мұндай мағынадағы смс адам психикасына кері әсер етуі әбден мүмкін. Бірақ, Алла тағалаға және жақсылық пен жамандық тек Алладан деп кәміл сенетін адамның санасына селкеу түсіре алмас. Қазіргі таңдағы көптеген үрей мен қорқыныштар иманшарттарын білмеуден келіп туындайды.

  • Көпшілік адамдар әруақ аралап, олардан демеу сұрап жатады. Сонда оның шын пайдасы бар ма әлде жаңылыс түсінік пе?

  • Сырқаттанып ем іздеген адам дәрігерге көрінуі қажет. Елімізде адамның денсаулығы жақсартуға бағытталған көптеген оңды шаралар жүзеге асырылған. Заманауи ең озық медициналық технологиялар, ең жетік елдерде денсаулық сақтау саласының мамандары білім алуда, тәжірибе алмасуда. Осыншама жетістігі бар елде, әлі де болса сәуегейлерге барып, денсаулықты түзеймін деушілер болуы өкінішті.


    Ал, дін мен елге еңбегі сіңген тұлғалар басына көтерілген кесенелерді аралау тек ғибрат алу үшін болмағы керек. Сол жерде жатқан тұлғалар рухына дұға бағыштау үшін болмағы керек.


     

  • Мен танитын хиджап киетін қыздар былай дейді: біз хиджап тағатындар жұмақтың гүліміз деп, бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Сіздің ойыңыз қандай? Себебі кім жұмақтық, кім тозақтық екені тек Аллаға аян емес па?

  • Қыз-келіншектерге орамал тағып, ұзын киіну парыз. Құранда айтылған Жаратқанның жарлығы. Қыз баласының киімі тұла бойын жауып тұратындай ұзын болуы қажет. Сонымен қатар, дене терісінің түсі көрінетіндей жұқа және дене-пішімін айшықтап тұратындай тым тар болмауы қажет.


    Ал, «мен орамал тақтым жәннаттықпын, сен тақпадың жәннаттық емессің» деп төрелік айтуға тағы болмайды. Бірақ, мұсылман болған соң Алла тағаланың әмірін орындауымыз парыз. 


     

  • Қазақ салт-дәстүріміздегі беташар шариғатқа қайшы келе ме? Осы салтымыздың діни түсініктерге сай келмейтін тұстары бар ма?

  • Қайшы келмейді. Ұлын үйлендіріп, келін түсірген үй алыс-жақын туыстары мен көрші-қолаңды шақырып беташар өткізеді. Келінің құтты болсын!,-деп тілек айтып, келіншекке көрімдік беріп, сәлем салдырып қайту қазақи дәстүр. Ақын жігіт келінге қайын атасы және енесінен бастап түгел қайын жұртымен таныстырып, барлығына сәлем салғызады. Келін басын иіп, сәлем береді.


    Мұхаммед бин Хатыб (р.а.): «Харам мен халал арасын бөліп тұрушы дабыл мен дауыс»,-деген хадис риуаят еткен. Демек, домбыра секілді аспаппен ән айтып той тойлау шариғатта рұқсат етілген амал.


    Үйлену тойын жасау мұстахаб. Музыкалық аспаптармен ешбір бұзықтыққа шақырмайтын және әдептен шықпайтын өлеңдермен тойлауға болады. Бұл қуанышты сәтке байланысты. Бұл некені жариялау және жастарды үйленуге үндеу болып табылады.


    Айша (р.а.) анамыз Асъадқызы Фариъаны ұзатып, күйеу жігіттің (Нубайт бин Жабир әл-Ансари) үйіне алып барады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «ей, Айша! Қандай ойын-сауық болды? Ансарлықтар ойын-сауықты ұнататын халық»,-деп той-томалақ жасаудың дұрыс екендігін аңғартқан. 


     

  • Кімде-кімнің жұмысы алға баспаса, жағдайы ауыр болып, әр түрлі қиыншылықтарға ұшырағанда «Нұрнама» дұғасын оқыса, ол пенденің ісі оңға басады дейді. Яғни бұл рас па? Нұрнама дұғаларына сенуге болады ма?

  • Ассалаумалейкум !!! Мен Атырау облысы Махамбет ауданынан болам. Қазір біздің ауданда Вахабиттер көбейіп кетті. Сыртқа балаларымызды шығаруға қорқамыз…. Осы вахабиттермен күресу немесе оларға шара қолдану сияқты жұмыс жүргізесіздер ме?

  • Хазреті Әли (р.а.): «Адам баласы өзі білмеген жайтқа жау келеді» деп айтқан. Қазіргі кезде кейбір жастар өз ата-бабасы ұстанған мұсылманшылықты мінеп жүр. Бұл негізсіз және дәлелсіз. Осы күйде жүрген жастар өз бабаларының дінді қалай өз тұрмыстарына сіңдіргенінен бейхабар. Білмейді. Аз болсадағы қазақи салт-дәстүрдің мән-мағынасын ұғынса, оның сүннеттен бастау аларына көзі жетер еді. Алайда, өкінішке орай «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» дегендей күйде.


    Дін мамандары даярлайтын он бір медресе қызмет етуде. Олардың алғашқы түлектері еліміздің түкпір-түкпірінде дін қызметіне кірісіп те кетті. Жыл санап, дін қызметкерлерінің білім мен біліктілік деңгейі қарқындап өсуде. Жас діндар ғалымдар ортасы қалыптасып келеді. Осы жас ғалымдар қаламынан туындаған түрлі тақырыпта діни әдебиеттер көп-ақ.


    Дініміздің асыл құндылықтарын елге насихаттауда ҚМДБ тарапынан көптеген игі істер атқарылуда. Әлі де көп жұмыстар жүзеге алады. Алла тағала қаласа.


     

  • Сәлеметсіздер ме, Қасиетті Рамазан айы мүбарак болсын! Сұрағым келгені: сәресінде таң намазына дейін үлгермей (уйықтап қалған жағдайда), біраз уақыт кешігіп ауыз бекітілген болса қабыл бола ма???

  • Сәресі ішу ораза тұтудың басты талабы боп саналмайды. Сәресі іше алмаған кісінің оразасы бұзылмайды. Сәресіге тұра алмай ұйықтап қалған адам тұрған соң ешбір нәр тартпай оразасын жалғастыруы керек.

  • Баршанызга ораза кабыл болсын! Казіргі танда жастар арасында шолак киіну және сакал кою, имамга багынбау кобеюде, ягни баскаша оздерінше намаз оку, буган калай тиым салуга болады

  • Жат ағымның жетегінде кетудің бірден бір себебі сауатсыздық. Ұлттық-рухани болмыстың бостығынан. Бұған ана тілді, ата салт-дәстүрді және өз ұлтының ділін білмеуді қосыңыз. Қазақ «адасқанның алды жөн, арты соқпақ» дейді. Жалған ұран жетегінде жүрген ұландарымыз сәл кідіріп, қазақтың парасаттылығына зер салса, ағымдарға мұншама алданбас еді. Шіркін, керіағым құрсауына түскендер біздің ана тілімізде діннің қаншалықты терең бойлағанын білсе ғой. Ал, салт-дәстүріміз бен ділімізде діннің алар орнны қаншалықты маңызды екенін сезінсе, ұғынса.

  • Былтырғы оразадан қалған қаза күндер осы оразаға дейін ұстамаса қабыл бола ма?

  • Алдынғы жылғы оразаның өтелмей қалған қаза күндерін тұту парыз. Ал, парызды мейлінше кешіктірмей орындау қажет. Алайда, түрлі себеппен оразаның қазасы келесі рамазанға дейін өтелмей қалған болса, оны рамазан айынан кейін өтеп беру парыз. Бірақ, бұл оразаның қазасы өтелмейінше, келіп тұрған рамазан оразасы қабыл болмайды деген сөз емес.

  • «Құран айы деп де аталатын Рамазан айында, Алла Тағаланың сөзі Құран Кәрімге деген сұраныс өте көп болады, Осы және рамазан айының басқада сұраныстарды ең дұрыс қалай қолданамыз? Пікіріңізді айтып кетсеңіз?

  • Он екі айдың сұлтаны рамазан – Құран, құлшылық, дұға-тілек және пенденің нәпсісін тәрбиелейтін мүбарак ай. Бұл айда жасалған ғибадат сауабы басқа айлардан әлде неше есе көбірек.

  • Құран Кәрімге құрмет қалай болу керек? Оны арнайы сандықта не болмаса жібек матадан қалта тігіп сақтаудың және сүю, бетіне сипаудың бір маңызы барма ?

  • Құран кітабын тек дәретті күйде қолға алуға рұқсат етіледі. Уақиға сүресінің 79-аятында: «Оны (Құранды) тек пәк (дәретті) адамдар ұстайды», деп бұйырылған. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Құранды тек таза адам ұстайды», деп айтқан. Ал, жүніптік жағдайда тіпті құранның сүресін немесе бірер аятын да жатқа оқуға болмайды. Тек, күнделікті дұға ретінде қолданылатын құран аяттарын оқуға рұқсат етіледі. Мысалы: тамақтану алдында және бір істі бастамас бұрын «бисмиллаһ» айту, көлікке мінер кезде «Субханал лази саххара лана һаза уа ма кунна лаһу муқринин» (Зухруф сүресі аяты) дұғасын оқу, үйде кіріп жайғасқан соң «уа қул Робби анзилни мунзалан мубаракан» (Муминун сүресі аяты) дұғасын оқу секілді. Сонымен қатар, Құран биік сөреде тұруы қажет. Құран кітабын қолға алғанда немесе оқып болып орнына қоярда сүйіп, маңдайға тигізу әдептілік.

  • Әлемнің бетке тұтар Пайғамбары мен Жәбірейілдің қарама қарсы Құран Кәрімді оқуларына «Мұқабала» деген. Әр қасиетті рамазан айында Құран Кәрімнің бастан соңына дейін Тәрауих намаздарында оқуды және жеке қатым түсіруді мұсылмандар әдетке айналдырған. Бұл қаншалықты дұрыс ? неге әрдайым оқып жүрмейді.

  • Құран – мұсылманның күнделікті оқитын кітабы. Намазда, күнделікті дұға ретінде және бір мезгіл таңертең немесе кешке қолына алып тиләуат етеді. Ал, ораза айы кіргенде әдеттен көп оқи бастайды. Өйткені, рамазан – Құран түскен ай. Бұл айда әрбір мұсылман баласы қолына құранды алып фатихадан бастап Құранды толық оқып шығуға тырысады. Өйткені, сауабы мол. Сонымен бірге, тарауих намазында қари-имаммен бірге хатым-құран жасалады.

  • Құран Кәрімді түсіну тұрғысында, аудармалардан және тәпсірлерден қалай пайдалана аламыз? Құран Кәрімнің аудармасын оқуды адамдарға кеңес беруімізге болама ?

  • Қазақтың көрнекті ғұламасы Халифа Алтайдың құран аудармасын пайдалануға болады. Құран аудармасы басқа діни әдебиеттерден қарағанда әлде қайда күрделі. Сонымен қатар, әлі құранның көпшіліктің көңілінен шығатын аудармасы жасалады деп сенемін. Алайда, құранның кез келген аятының мән-мағынасын, тәпсірін мешіт имамдары мен ұстаздарынан сұрап білуге болады.

  • Қазіргі таңда, Құран Кәрімнің қарсылықты және жеке оқу қалай болу керек?

  • Құран отыз бөлімнен тұратыны белгілі. Рамазан айының күндері де отыз немесе жиырма тоғыз боп келеді. Сондықтан, әр күні бір бөліктен оқып отырса, рамазан соңына дейін құранды толығымен тилауат етіп шығуға болады. Ол үшін таңертең және кешке бір сағат уақыт бөлсе жеткілікті. Сонымен бірге, құранды хатым етуді қадір кешінде бітірген де жақсы.

  • Құран Кәрімде адамдарға қатысты барлық нәрсе жазылған ба; әйтпесе бұдан кейін де Алладан жаңа хаттар келуі мүмкін ба ?

  • Құраннан кейін жер бетіне басқа иләһи кітап келмейді. Құран қияметке дейін иләһи үкімі жойылмайтын дара кітап. Ең бірінші кезекте құран адамзатқа Алла тағаланың әмірін, Жаратқанның пендесіне деген пәрменін білдіруші кітап. Сондай-ақ, барлық ғылым атауының негізін қалаушы. Анғам сүресі, 59-аят.

  • Салифи Салихин Құранға байланысты том-том тәпсірлер, жорамалдар жазып қалдырған. Кейінгі ұрпаққа осы тақырыпта айтылатын сөз, ойланатын пікір қалдырмаған. Деген түсінік дұрыс па?

  • Ия, ғұламалар Құранның барлық аяттарын талдап тәпсірлеген. Сенім, ғибадат, қарым-қатынас секілді негізгі тақырыптар төңірегінде беймәлім және мағынасы ашылмаған аяттар жоқ. Расында да кейінгі мұсылмандар «жаңалық» етіп ашатындай сенім мәселесінде тақырып жоқ. Болуы мүмкін емес. Ал, дүниауи ғылым бойынша ғұламалар құранның түрлі қырларын аша алады. Бұған мысал көп, мұндай жаңалыққа көпшілік куә. Оған өз саласында үлкен жаңалық ашып, нәтижесінде ол құранда айтылғаны жайлы білген соң шынайы түрде мұсылманшылықты қабылдаған медицина, физика, география және де басқа ғылым мамандарының оқиғасы айғақ.

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.